Home Жаңалықтар ШӘМШІ ҚАЛДАЯҚОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛАРМОНИЯНЫҢ «ӨНЕРІ ӨРГЕ ШАЛҚЫҒАН ОРДА» АТТЫ КОНЦЕРТІ ӨТТІ

ШӘМШІ ҚАЛДАЯҚОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛАРМОНИЯНЫҢ «ӨНЕРІ ӨРГЕ ШАЛҚЫҒАН ОРДА» АТТЫ КОНЦЕРТІ ӨТТІ

Daismedia.kz

Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» кешенінде Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның «Өнері өрге шалқыған орда» атты концерті өтті. Концертке облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Шәмшінің қарындасы Райхан Қалдаяқова және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ханбибі Есенқарақызы, Шәмші мұрасын зерттеп жүрген композитор Қалдыбек Құрманәлі бастаған зиялы қауым өкілдері қатысты.

Кеш шымылдығы Сабырхан Асановтың сөзіне жазылған Шәмшінің «Отырардағы той» әнімен бастау алды. Салтанатты шараны облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ашып беріп, өнер ұжымын құттықтады. Филармония шаңырағында аянбай еңбек еткен бір топ мәдениет майталмандарын марапаттады. «Еңбек ардагері» медалі мен ҚР Мәдениет саласының үздігі төсбелгісі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің және Түркістан облысы әкімінің құрмет грамотасы, сонымен қатар филармонияның 60 жылдығына орай алғаш рет дайындалған Шәмші Қалдаяқовтың мерекелік төсбелгісі табысталды.

Мерекелік кешті Жандос Өсербаев пен Аяжан Ештаева тізгіндеді. Кіре берісте ойнап тұрған скрипкашылар, Шәмші Қалдаяқовтың жеке заттары қойылған көрме мен филармония тарихы таспаланған фотокөрме көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Концерт барысында филармония әншілері дарынды композитордың халық жүрегінен орын алған таңдаулы шығармаларын оркестрдің және ВИА-ның сүйемелдеуімен жанды дауыста орындады. Сонымен қатар классикалық әндер шырқалды. Арнайы караоке ұйымдастырылып, әнсүйер қауым сазгердің өміршең әндерін қосыла шырқады. Сонымен қатар көрермен бишілердің мың бұрала билеген биін тамашалап, күмбірлеген күй тыңдады.

Кеш барысында қазақ эстарадасының жұлдызы, кеш қонағы Асқар Жүнісбеков, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Наркенже Серікбаева, Гүлнұр Нұратаева, Құралай Қасымова, «Сарын» тобы, Айнұр Әбілдаева, Фариза Беймаханбет, Нұрислам Қылыш, Әсел Қожанова, Алуа Мерген, Әли Сұлтан, Ерлан Дәуренбеков және Оразәлі Жаңабаев, Руслан Ақынбеков, «Қазақстан дауысы» жобасының финалисі Данияр Барыс сынды таланттар өнер көрсетті. «Сүгір» атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, «Алаш» вокалды аспаптар ансамблі, «Қаған» этнофольклорлық ансамблі, «Фараб», «Яссы» би ансамбльдері де кештің сәнін кіргізді. Осылайша филармония ұжымы Шәмші әндеріне сусап келген түркістандық тыңдарманның көңіліне керемет сезім сыйлап, көптің ықыласына бөленді.

Айта кетейік, біртуар азаматтың есімі берілген өнер ордасының құрылғанына 60 жыл толып отыр.
Шәмші Қалдаяқов артынан 300-ге жуық ән жазып қалдырды. Сырға толы, мұңға толы нәзік, ырғақты әндері қазақ даласын алақанына салып аялап, әлі де тербетіп келеді.

1930 жылдың 15 тамызында Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында ата-анасының зарыға күткен перзенті дүниеге келді. Әкесі Қалдаяқ (шын аты — Әнәпия) ұл туса Жәмшид патшаның атын қоям деп жүргенде түс көреді. Түсінде ұлының айдын көлде аққу құс болып жүзіп жүргенін көріп, жақсыға жориды.Созақтың той-думанының көркі де Қалдаяқ пен Сақыпжамал еді. Олар әуелетіп ән салғанда жиылған жұрт бірге қосылып, ортақ қуаныштың көрігін қыздыратын. Өз кезінде Шәді төренің ұстаханасы болған жерде Қалдаяқ ауыл шаруашылығына қажет құрал-саймандарды жасап, шеберлігімен ауылдастарының сый-құрметіне бөленген жан еді.Сөйтіп, айы-күні жетіп Сақыпжамал босанып, сәби жарық дүниеге келіп есімін Жәмшит қояды.Бала анасының әлдиін тыңдамаса ұйықтамайды. Анасы Естайдың «Қорланын» ыңылдап айтып отырып тербеткеннен бе, Шәмшінің өмір бойы сүйіп айтатын әні «Қорлан» болыпты…

Саналы ғұмырында Шәмші Қалдаяқов Мұхтар Шаханов, Сабырхан Асанов, Қадыр Мырза Әли, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Төлеген Айбергенов, Зәкір Шүкіров, Тұманбай Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков сынды қазақтың дарынды ақындарымен жұмыс істеді.

Сазгер әндері 60-70-жылдардагы жастардың аузында жүрді. Шәмшінің лирикалық әндері тыңдаушы жүрегіне нәзік сезім ұялатып, өткенін аңсатып, келешекке үмітпен қарауға көп септігін тигізді. Шәмші іссапармен Қазақстанның әр облысында болып халқымен қауышты. Жайыққа барғанда «Ақерке Ақжайық», Сырға барса «Сыр сұлуы», Арысқа барса «Арыс жағасында», Жамбылға барса «Мойынқұмда» сынды тақырыптық әндерді шығарған. Ал Шәкеңнің патриоттық әндері қаншама!?..
Халық арасында әсіресе отаншылдық, елшілдік туралы «Менің Қазақстаным» туындысы айрықша болды. 1986 жылы желтоқсан көтерілісіне қатысушылар Алматы алаңы мен көшелерінде Шәмшінің осы әнін ұран етіп шырқап шықты. 2005 жылы «Менің Қазақстаным» әні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны болып бекітілді.

«Ол тұс – Ақмоланы «Целиноград» атап, сол жақтағы бес облысты бір өлке етіп, оны Ресей жаққа бермекші болып жүрген кез еді. Осының алдында ғана Оңтүстік Қазақстанның нағыз қазақи үш ауданы Өзбекстанға берілген болатын. Қазақ жері осылайша бөлшектелгелі жатқанда, оның асқақтығын жырлайтын әнұран қажеттігін сезіндім. «Менің Қазақстаным» солай туды. Өлеңін Жұмекен Нәжімеденов жазды. Әнді радиоға Жамал Омарова жаздырды да, ол ән біздің өтінішіміз бойынша күніне бірнеше рет беріліп тұрды. Бұл менің қасиетті қазақ жерін бөлшектеуге білдірген қарсылығым еді», — дейді Шәмші Қалдаяқов естелігінде.

Шәмші атақ-даңқ қуып, есік тоздырмаған адам. Тумысынан қарапайым да қажырлы, аса еңбекқор жанды қай ауылға барса да құшақ жая қарсы алды. Одан асқан бақыт бар ма?Ол кісінің өз ұстазы Василий Великанов «біздің Шәмші полифониялық көп дауысты әндердің шебері» деуші еді. Оның «Шынарым», «Арыс жағасында», «Ол жалғыз, біз екеуміз» әндері қос дауысқа арналып жазылған.Шәмші Тұманбай Молдағалиев, Мұзафар Әлімбаев, Нұтфолла Шәкенов, Қадыр Мырзалиев және Сабырхан Асанов сынды ақындармен бірге шығармашылық байланыста болды. Өмірінің соңғы кезінде біраз уақыт елде тұрды. Тұрмыс тауқыметін көрді. Ол атақтылар қатарында дүниенің молшылығын көріп, зор құрметке ие бола алмады. Қайта қарапайым халықпен терезесі тең, қоян-қолтық араласып адами қасиетімен өмір сүрді.Шәкеңе атақ та тым кеш келді. Ол өмірінің соңғы айларында Қазақстанның халық әртісі деген атаққа ие болды.Шәмші Қалдаяқовтың көптеген әндері Роза Бағланова, Ришад Абдуллин, Бибігүл Төлегенова, Рашид Мұсабаев, Зейнеп Қойшыбаева сынды әншілердің ән бағдарламасынан берік орын алды. Шәмші 1965 жылы Республика жастар сыйлығының лауреаты болды. 1991 жылы Шәмші Қалдаяқов жайлы «Жылдарым менің, жырларым менің» (реж. Т.Ахметов) атты ғұмырнамалық деректі телефильм түсірілді. Артына музыкалық мол мұра қалдырған Шәмші Қалдаяқов 1992 жылы 29 ақпанда Алматы қаласында қайтыс болды.«Қолда барда алтынның қадірі жоқ, қолдан шығып кеткен соң өкіндім-ай» деп жыр жолында айтылғандай, алтынымызды дер кезінде тани алмай өткеннен соң аяулы болып, алтын сөзімізді қиып жататынымыз рас.Шәмші Қалдаяқов жайлы жазушы Құттыбек Баяндин «Ән-ғұмыр» деген естелік кітап жазды.2002 жылы «Шәмшіғұмыр» атты естеліктер мен мақалалар жинағы жарық көрді.1992 жылдан бастап Шәмші Қалдаяқов атындағы небір ән байқаулары өтіп, Шәмшінің рухын асқақтатып жатырмыз. Шымкент қаласындағы облыстық филармония, Шымкентте, Алматы қалаларында көше аты, Шәуілдірдегі аудандық музыка мектебі Шәмші Қалдаяқовтың есімімен аталады. Шымкент филормониясының алдына сазгердің ескерткіші орнатылған. Ең бастысы — Шәмшінің «Қазақстаным» әні гимнге айналды. Ендігі жерде вальс патшасы атанған Шәмшінің қолжазба түрінде қалған ән-романстарын жинақ етіп шығарып, Қазақ радиосындағы әсем әндерін, дискі, кассета арқылы толық шығарып, халыққа ұсынсақ, Шәмші әні ескірмейтін халық әндерімен пара-пар, халықтық әуенге айналған құндылығымен ерекше. Шәмші әндері келер ғасырға өзінің мәнімен, әсерімен жетіп, жыл өткен сайын жаңғырта берері сөзсіз.

You may also like

Leave a Comment