Биыл қазақтың дәстүрлі әншілік өнерін, халық музыкасын жаңа белеске көтеріп, өз шығармаларымен толықтырған ірі тұлға, ақын Біржан сал Қожағұлұлының 190 жыл.
Біржан сал Қожағұлұлы – Қазақ халқының әйгілі әнші-композиторы, ақын. Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданына қарасты Жаңажол ауылында 1825 жылы дүниеге келіп, 1897 жылы Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданына қарасты Қожағұл бүркеуі деген жерден топырақ бұйырған.
Біржан сал алғашқыда Қызылжардағы екі жылдық орыс-қазақ мектебін оқып бітірген. Сонсоң, осындағы медресеге оқуға түседі. Оның өнер жолына біржола бет бұруы осы медреседен басталады. Өйткені, медреседе ұстаздық еткен Имағамбет Ырғызбекұлы, Көрпеш Бахрамұлы деген кісілер төңірегіне аттары мәлім, өнерпаз адамдар болған.
Біржан сал қазақ халқының әншілік өнерін толыстырып, байытып, соны белеске көтере алған әйгілі композитор. Әрбір үлкен дарын иесі сияқты, ол қазақ ән өнеріне өзіндік өрнек салып, өзіндік дара ән мектебін орнықтырып кетті. Өзі ғұмыр кешкен заманның тарихи-әлеуметтік ахуалы, салт-дәстүрі, адамгершілік-ізгілік қасиеттері, әсіресе, адам сезімінің алуан толқыныстары оның әндері арқылы сұлу сазбен, асқақ рухпен бедерленіп отырады. «Ақтентек», «Біржан сал», «Айбозым», «Алтын балдақ», «Айтпай», «Көкек», «Жоныпалды» сияқты әндері қазақ ән өнеріне шырай беретін, шоқтығы биік асыл туындылар.
Біржан салдың сан-сала өнерпаздық қырының бірі – оның айтыскерлігі. Біржанның айтыс ақыны ретіндегі тегеурінді дарыны ақын Сарамен айтысында жарқырай көрінеді. «Біржан-Сара» айтысы қазақ сөз өнеріндегі қанатты шабыттың, эстетикалық биік өренің жарқын үлгісі болып табылады.
Біржанның үлкен әкесі — Қожағұл, өз әкесі Тұрлыбай қарапайым шаруа болған. Біржан алғаш ауыл арасында ән салып, өнер куған, бертін келе өз жанынан да ән шығара бастайды. Ол — қазақтың әншілік-орындаушылық өнерін дамытып, халық музыкасын өз шығармашылығымен биік белеске көтерген аса дарынды халық композиторы. Біржан сал әндері өзі өмір кешкен заманның неше алуан окиғаларын, адамгершілік, ізгілік мәселелерін толғап, адам жанының нәзік сезім күйлерін лирикалық әсем сазға бөлейді. Біржанның алғашқы әндерінің бірі — «Біржан сал» әні. Мұнда жастық шақтың от-жалыны да, салдық, серілік салты да, сұлулык атаулыға қызығу да көрініс береді. «Айтбай», «Ақтентек», «Алтын балдақ», «Бірлен», «Ғашығым», «Мәті-Дәулен» сияқты әндер Біржан сал шығармашылығындағы шоқтығы биік, сыршыл шығармалар. Мысалы «Ләйлім-Шырак» немесе «Көлбай-Жанбай» әнінде жоғалған шідерін тілге тиек ете отырып, өзі қонып шыққан үйдің сұлу қызы Ләйлімге деген ішкі жан толкынысы, көніл күйі паш етіледі. Біржан сал патриархалды-феодалды заманның етектен тартқан ескілігіне, қарадүрсін заңжосығына, зорлықшыл ісіне, әлеуметтік әділетсіздігіне асқақ әндерімен, уытты жырларымен қарсы тұрған суреткер. Оның «Жанботасы» тек Азнабай болыстың ғана зорлықшылдығын әшкерелеп қоймайды, сол сияқты озбыршыл Жанботаларға деген акынның ашу-ызасын білдіреді. Ал «Адасқақ» атты әнінде осы ойын, шонжарларға деген іштегі ыза-кегін одан әрі айқындай түседі. Заманының әділетсіздігіне, зорлық-зомбылығына деген Біржан салның наразылығы, өкініш үні тіпті оның өмірінің соңғы кезеңінде шығарған «Жамбас сипар», «Теміртас», «Қарасу есік алды» деп аталатын трагедиялық әндерінен де айқын сезіледі.
Біржан сал әншілік, ақындық, орындаушылық өнерде де өз үн-бояуымен, өз әуенімен жеке-дара өнерпаз болғандықтан, оның айналасына халықтың таңдаулы ақын, әншілері, өнерпаздары топталып, ақынды ұстаз тұтқан. Бұлардың бір тобы Біржан салның әншілік, ақындық, композиторлық өнерін өздерінің шығармашылығы арқылы дамытса (Жаяу Мүса, Акан сері, Қанапия, Балуан Шолақ, Үкілі ЬІбырай т. б.), енді бірқатары оның ән шығармашылығы, орындаушылық өнерін, халық арасына кеңінен таратушы, насихаттаушы болды (Құлтума, Жарылғапберді, Ғазиз т. б.). Біржан салның ізін қуған осындай өнерлі адамдар арқылы біздің заманға оның 44-ке жуық әні жетті. Кеңес заманында Ғ. Айтбаев, К, Байжанов, Ә. Кашаубаев, К. Бабаков, Қ. Лекеров, Ж. Елебеков, М. Ержанов сынды әншілер Біржанның өз шығармашылығын, оның әншілік-орындаушылық ерекшелігін бүгінгі ұрпаққа жеткізген. Біржан сал әнші-композиторлығымен қатар талантты әрі дарынды суырыпсалма ақын да болған (Біржан мен Сара айтысы т. б.). Оның ақындық өнерін кейінірек Сара Тастанбекқызы, Әсет, Доскей сияқты ақындар жалғастырды. Біржан сал өмірінің сонғы кезеңі трагедиялық жағдайда өтті. Ел ішіндегі руаралық талас-тартыстың салдары Біржанға да соқпай кеткен жоқ. Біржанды «жынданды» деп ел арасына жалған лақап таратып, қол-аяғын байлап, жан азабын тартқызады. Кеңестік заманда әдебиетшілер мен музыка этнографтары Біржаның жырларын, сыршыл әндерін жинап, бірнеше рет жинақ етіп бастырды. Оның әдеби және музыка шығармашылығы туралы бірқатар зерттеулер де жазылды. Біржан мен Сараның айтысы негізінде КСРО халық артисі, композитор М. Төлебаев қазақ опера өнерінің классикалық туындысы болған «Біржан—Сара» операсын жазды (либреттосы Қ. Жұмалиевтікі). Ал академик А.Қ. Жұбанов «Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы» (1942) атты кітабының үлкен бір тарауын Біржанға арнады.
Біздің заманға Біржан салдың алпысқа жуық әндері жеткен. Оның әндері нәзік сезімді, сұлулықты жырлаған сыршылдығымен қоса («Ғашығым», «Қаламқас», «Ләйлім шырақ», «Айтбай», «Ақтентек», т.б.), әлеуметтік мән-мазмұнымен де («Жанбота», «Адасқақ», «Көлбай – Жанбай», «Шідер», т.б.) құнды. Сара ақынмен айтысы оны дарынды, суырыпсалма ақын ретінде дүйім елге танытты. Біржан салдың ақындық өнерінің өріс ашып, өрби түсуіне Сара, Әсет, Доскей, т.б. қатарлы тұтас бір сала буын игі әсерін тигізген.
Өмірінің соңғы кезінде ру арасындағы талас-тартыстар, ағайын ішінің кикілжіңі Біржан салдың жеке басына да қатты әсер еткен. Қиянатшылар тіпті оны «жынданды» деген лақап таратып, қол-аяғын байлап тастауға дейін барады. Аталмыш оқиға Біржан салдың «Теміртас» әнінде үлкен қасіретпен айтылады. Оның «Айтбай», «Адасқақ», «Жамбас сипар», «Жонып алды», «Алтын балдақ», «Көкек», «Жанбота», «Теміртас» сияқты әндері дәстүрлі қазақ әндерінің классикалық үлгілері ретінде қазақ мәдениетінің алтын қорынан орын алды. Олар Ғаббас Айтбаев, Қали Байжанов, Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Қосымжан Бабақов, Қуан Лекеров, Мәжит Шалқаров, Темірбек Арғынбаев, Қайрат Байбосынов, т.б. әншілердің орындауында ел арасына кең тарап, халық игілігіне айналды. Біржан салдың музыкалық мұрасы бірнеше рет жинақ болып басылып шықты. Мұқан Төлебаев «Біржан – Сара» операсын жазды.
Біржанды өз құлағымен тыңдаған данышпан Абай:
Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең — менше сүй, -деген мәңгілікке жетерлік сөз қалдырған.