Home Қоғам ҚАЗАҚТЫҢ ӘЙГІЛІ ЖЫРАУЫ МАХАМБЕТ ӨТЕМІСҰЛЫНЫҢ ТУҒАНЫНА 220 ЖЫЛ

ҚАЗАҚТЫҢ ӘЙГІЛІ ЖЫРАУЫ МАХАМБЕТ ӨТЕМІСҰЛЫНЫҢ ТУҒАНЫНА 220 ЖЫЛ

Daismedia.kz

Биыл отарлау саясатына қарсы азаттық қозғалыстың жарқын өкілі, қазақ халқының біртуар тұлғасы, ақын, күйші Махамбет Өтемісұлының туғанына 220 жыл толып отыр.

Махамбет Өтемісұлы ішкі Бөкей Ордасының Бекетай құмында (қазіргі Батыс Қазақстан облысына қарасты қазіргі Жәнібек ауданында, Нарын құмында) 1803 жылы дүниеге келген. Бала кезінен Ұлы Далаға аты мәшһүр ақындар мен жыраулардың шығармаларына қанық болып өскен. Заманына сай мұсылманша сауатын ашып, орыс тілімен қатар татар және араб тілдерін меңгеріп алды.
Махамбеттің әкесі Өтеміс ықпалды билердің бірі болған. Старшина болып ел басқарды. Ондай қызмет Махамбетпен бір туған Тоқтамыс, Бекмұхамбетке де бұйырған. Өтеміс Беріштің 19 биінің бірі, аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермейтін, орақ ауызды шешен, би болған. Халық мүддесін жоғары қойған.
1816 жылы сұлтан өз адамдарымен Өтемістің ауылын шапқан. Сұлтанға қарсы арызданғанымен одан еш нәтиже шықпайды, керісінше, Өтемістің өзіне қарсы айыптар тағылды. Ақыры Орынборда қамауға алынады. Ал 1817 жылдың 2 қарашасында қамауда қайтыс болған. Осылайша, Махамбет Өтемісұлы жастайынан әкесінен айрылып, анасының тәрбиесін көріп өседі.Өтемістен он ұрпақ тараған. Осы он ұлының ішінде Бекмұхамбет, Қожахмет, Сүлеймен, Қасен, Есмайыл, Досмайыл, Ыбырайым атты ұлдары Махамбеттің жанынан табылып, азаттық қозғалысының белді қатысушылары болды.
Махамбет өзінің барша болмыс қасиеттерімен көшпелілер арасындағы көсем тұлғалардың бірі. Ол өзі туып өскен өңірдің Қамбар батыр, Ер Тарғын, Сыпыра жырау, Асанқайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Жиембет, Доспамбет сияқты біртуар тұлғаларының өлмес мұраларын көкірегіне тоқып өсті. Өзі өмір сүрген заманның ағымына жүйрік, қыр сырын жетік меңгерген, көзі ашық, көкірегі ояу, білімдар адам болған. Орыс, татар, араб тілдерін тәуір меңгерген. Мұны ол жазған хаттардан айқын аңғаруға болады.

1824-1828 жылдары Махамбет Өтемісұлы Орынборда оқып жатқан Жәңгір ханның ұлы Зұлқарнайынның тәрбиешісі болды. Алайда Махамбет Зұлқарнайынның жанында ұзақ уақыт жүрмеген. Себебі 1834 жылдары Бөкей Ордасындағы саяси шиеленістерге белсенді атсалысты. Тіпті, сол жылы старшын болып тағайындалады. Осылайша, Жәңгір хан Исатай бастаған азаттық қозғалыстың басты дем берушісі Махамбетке шен беру арқылы оның саяси көзқарастарын өзгертуді көздеген. Бірақ одан еш нәтиже шықпады. Оған дейін батыр Жәңгір ханның жақыны саналған. Алайда уақыт өте келе, наразы халықтың жағына шығып, азаттық қозғалысты ұйымдастырушылардың қатарына қосылды.

1829 жылы Махамбет Өтемісұлы Ішкі Ордаға заңсыз өтті деген айыппен Калмыков бекінісіне бір жылдай уақытқа қамауға алынады. Алайда жаппай індет тараған кезде қашып шықты. Артынан әскери губернатор, граф Сухтеленнің шешімімен ақталды.

1836 жылдың 24 наурызында Қарауылқожа Бабажанов пен Исатай Тайманұлы арасындағы қақтығыстан басталды. Алғашында Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы Жәңгір ханмен соғысу арқылы емес, мәміле арқылы мәселені келісуге тырысты. Алайда келіссөздер тығырыққа тіреліп, іс жүзінде іске аспай қалады. 1836 жылдың 17 наурызында Жәңір хан билер мен старшындарға Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлын бүлікші ретінде ұстауға бұйрық береді. Ал мамырда Махамбетке Күшік Жапаровты өлтірді деген айып тағып, үстінен Орынбор шекара комиссиясына шағымданды. Бірақ комиссия Күшік Жапаровтың өліміне Махамбеттің де, Исатайдың да қатысы жоқ деген шешімге келді.
1937 жылы көтерілісшілердің саны артты. Олардың Жәңгір ханға жақтастарына ғана емес, тікелей өзіне қарсы шықты. 1837 жылы 15 қарашада Тастөбе деген жерде 700 казак-орыс, екі зеңбірек, ханның 400 сарбазы мен көтерілісшілер арасында шайқас болды. Зеңбіректен оқ атылғаннан кейін көтерілісшілер топ-топқа бөлініп кетеді. Исатай жаудың қолына түспеу үшін аз ғана жігіттерімен шегінуге мәжбүр болды.
1838 жылы 12 шілдеде Ақбұлақ шайқасында көтерілісшілер полковник Гекке бастаған әскерге қарсы шықты. Қайтадан зеңбіректерден оқ атылды. Махамбет Өтемісұлы бастаған жасақ оқты қардай боратқан патша әскерлеріне қарсы тұра алмай, шегінуге мәжбүр болды. Шегінген көтерілісшілерге сұлтан Баймағамбет Айшуақұлының жасақтары күтпеген жерден тап берді. Махамбеттің сарбаздарды сұлтанның жасақтарына тойтарыс берді. Осы кезде казак-орыс жүздіктері келіп, көтерілісішілерді қоршауға ала бастады. Олар тағы шегінуге мәжбүр болды. Ал азаттық қозғалыс жетекшісі Исатай Тайманұлы осы шайқаста қаза тапты.
Исатай қаза болғаннан кейін көтеріліс біршама бәсеңдеді. Алайда белсенді ұйымдастырушысы әрі идеологы Махамбет Өтемісұлын қуғындау саясаты тоқтамады.

1839 жылдың қазан айында Махамбет Өтемісұлы Бөкей Ордасына келеді. Жәңгір хан Әділ Бөкейханов сұлтанға батырды тауып, тұтқындауға бұйрық береді. Бірақ еш нәтиже шықпаған.
1840 жылдың желтоқсан айында Махамбет өз жақтастарымен бірге Беріш руының старшыны Ақтай Мұнаевтың 35 жылқысын барымталап, Орал арқылы Сарыкөл елді мекеніне қоныс аударады. Ал шілде айында генерал-майор Жемчужниковтың жасағына шабуыл жасайды. 1841 жылдың қаңтар айында әскери генерал-губернатор Орал жасақтарының атаманына Махамбет Өтемісұлын тұтқындауға бұйрық береді.
Наурыз айында Мұртаза Өзбекқалиев Махамбет Өтемісұлының теңіз жағалауындағы ауылдарда жасырынып жүргендігін жеткізеді. Сол кезде Голунов, Ведерников және Хохлов сынды жасақ басшылары батырды қолға түсіріп, Орынбордағы әскери-далалық сотқа тапсырады. Махамбет Өтемісұлын Орынбор түрмесіне жібереді. Ал ісі Орынбор әскери сотына тапсырылады.
1846 ж. ақпанда Махамбет Орынборға келді. Шекарадан өтуіне байланысты генерал-губернатор істі қайта қозғады, Кіші жүздің батыс бөлігінің әкімі Б.Айшуақов та Махамбетті қудалауын қоймады. Ол ақынның басына 1000 сом тігіп, оны ұстау үшін арнайы адамдардан (құрамында хорунжий Ықылас Төлейұлы, беріш руының биі Жаңаберген Боздақұлы, Табын Төрежан Тұрымұлы, беріш руының қазақтары Мұса Нұралыұлы, Жүсіп Өтеуліұлы бар) құралған қарулы жасақ жіберді. Махамбет хорунжий Тұрымұлының қолынан қаза тапты.
Махамбет шығармалары — бұқара өмірінің рухани-поэтикалық шежіресі, шаруалар қозғалысының шынайы бейнесі. Ол жыраулық поэзияның көркемдік әлемін байытып, шығармаларында ұлт-азаттық идеяларын көтерді, елдікті сақтап қалуға тақырлы. «Мұнар күн» жырында ол ел басына түскен ауыртпалықты ашына айтты. «Ереуіл атқа ер салмай», «Ұлы арман», «Жайықтың бойы көк шалғын», «Атадан туған ардақты ер» жырларында ақын алдағы күндеріне үмітпен, зор сеніммен қарады. «Біртіндеп садақ асынбай», «Арғымақ, сені сақтадым», «Арғымақтың баласы», «Азамат ердің баласы», «Қара нар керек біздің бұл іске», «Еменнің түбі — сары бал», «Жалған дүние», «Еріскедей ер болса», т.б. шығармаларында ұлт-азаттық қозғалыс рухы, ел тағдыры мен арман-мүддесі терең әрі шынайы суреттелген. «Халық қозғалса, хан тұрмайды тағында» дейді ол отты жырларында. Ақын өлеңдерінің басты қаһарманы Исатай батыр. «Исатай деген ағам бар», «Исатай сөзі», «Арғымаққа оқ тиді», «Тарланым», «Соғыс», т.б. өлеңдерінде Исатай батырдың көркем тұлғасы, адамгершілік, қайсарлық, тапқырлық қасиеттері жан-жақты сипатталды. Оның «Жәңгірге», «Баймағамбет сұлтанға» арнаған 106 өлеңдері патшаның жергілікті билеуші өкілдері — хан-сұлтандарға қарсы жазылған, олардың бет пердесін ашатын жырлар болды. Ақын өлеңдерін дәстүрлі үлгіге негіздей отырып, түр, мазмұн жағынан байыта, жетілдіре түсті. Махамбеттің лирикалық өлеңдері, көбіне, толғау, жыр, терме үлгісінде жазылды. Исатайға арнаған өлеңдерінде жоқтау сарыны басым. Махамбет шығармашылығы қазақ поэзиясы жанрларының қалыптасуына (сатира, элегия, монолог, арнау, т.б.), стилінің дараланып, поэтикалық тіл құралдарының артуына, философиялық тереңдіктің орнығуына үлес қосты. Халық нақылына құрылған философиялық толғаулары мен жігерге толы ерлік жырлары, жауынгер рухты биік өлеңдері ақын шығармашылығын жоғары деңгейге көтерді. Махамбет жырлары дәуір шындығын бейнелеп, көтеріліс айнасы болып қана қойған жоқ, асқақ рух пен болашаққа деген сенімнің ерекше үлгісін көрсетті («Мұңайма», «Желп-желп еткен ала ту», «Жайықтың бойы көк шалғын», «Ұл туса», «Толарсақтан саз кешіп»). Ақын жырларында орыс, араб, парсы сөздері көп кездесіп, шағатай тілінде жазылуымен ерекшеленеді. Махамбет жыраулық поэзия дәстүрін шебер дамыта отырып, қазақ өлеңінің табиғатын жаңартты. Махамбет шебер күйші де болған, оның 11 күйі «Шашақты найза, шалқар күй» деген атпен жарық көрді (1982). Ақын өлеңдерінің халық арасына тарауына Ш.Жарылғапұлы, Қуан ақын, кішкене Кобыланды, Қубала, Лұқпан, Мұрат, Ығылмандар әсер еткен. Алғаш «Мұрат ақынның Тұмар қажы оғлына айтқаны» деген жинақта (Қазан, 1908) Махамбеттің 100 жолдан астам екі толғауы басылды. Ғ.Мүштақ құрастырған «Шайыр яки қазақ ақыңдарының басты шығармалары» жинағында (Орынбор, 1911) Махамбет толғауынан үзінділер берілді. 1939 ж. Қ.Жұмалиев Махамбет өлеңдерінің жинағын шығарды. Ақынның 200 жылдық мерейтойы аталып өтіп (2003), 4 томдық жинағы жарық көрді.
Махамбетұлының қай шығармасын алсақ та, отаршылдыққ саясат пен Жәңгір бастаған ханның қысымына шыдамаған халықтың мұң-зарын, арман аңсарын суреттеледі. Қарапайым халық пен ханның арасына араздық тудырған патша үкіметінің отарлауы турлы ашына жазады. Ол өмірінің соңына дейін еліміздің қасиетті Тәуелсіздігін аңсап өтті. Бүгінгі біздің Тәуелсіздігіміз сол бабаларымыздың төккен қанымен келгенін ұмытпайық

You may also like

Leave a Comment