Home Жаңалықтар АҚЫН, ӘНШІ, КОМПОЗИТОР, АТАҚТЫ ПАЛУАН БАЛУАН ШОЛАҚТЫҢ ТУҒАНЫНА 160 ЖЫЛ

АҚЫН, ӘНШІ, КОМПОЗИТОР, АТАҚТЫ ПАЛУАН БАЛУАН ШОЛАҚТЫҢ ТУҒАНЫНА 160 ЖЫЛ

Daismedia.kz

Биыл, қазақ халқының болмысындағы ең жарқын тұлғалардың бірі, атының өзі-ақ жасығанды жігерлендіретін, тасығанды тәубесіне келтіретін қаһарман сері Балуан Шолақ атамыздың мына дүниеге келгеніне 160 жыл. Сан қырының біреуде кездескенімен, өзгесі табылмайтын нағыз бір туар тұлға!

Балуан Шолақ Баймырзаұлы – қазақтың халық композиторы, ат ойынының түрлі тәсілін меңгерген өнерпазы, күш өнерін көрсеткен спортшысы, жауырыны жерге тимеген балуаны. Оның есімін де халық осы соңғы өнеріне сүйсінгендіктен еркелетіп, жас күнінде саусағын үсітіп алуына байланысты «Балуан Шолақ» деп атаған, әйтпесе өзінің азан шақырылып қойылған шын аты – Нұрмағанбет.

Балуан Шолақтың шыққан тегі – Ұлы жүздің Дулат руының Сәмбеті. Бірақ аталары ерте кезде Арқаға қоныс аударғандықтан, оның бар өмірі Көкшетау өңірінде Атығай, Қарауыл руларының арасында өткен. Әкесі Баймырза ағаш шебері екен. Шешесі Қалампыр әкесіне қарағанда өте қарулы әйел болған көрінеді. Балуан Шолақтың алып атануы да анасынан. 14 жасынан бастап күреске түсіп, ат құлағында ойнап, ат үстінде әртүрлі күрделі жаттығуды аса шебер орындаған. Бұл оның қазақтың дала циркі іргетасын қалағанын айғақтайды.

Бүгінде біз ауызымыздың суы құрып, тамсана қарайтын каскадерлердің өзі орындай алмайтын трюктерді Баймырзаның өнерлі баласы бозбала шағында-ақ ел алдында көрсеткен. Шауып бар жатқан аттың үстінде тіксінен тік тұру, ердің үстінде басымен тұрып, аяғымен көк тіреу, аттың бауырынан жылдам өту сынды цирк өнерін шебер меңгеріп, көпшілікті тәнті еткен палуанның биылғы 160 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Балуан Шолақ орыстың атақты палуаны Иван Кореннің жауырынын жер иіскетіп қана қоймай, қабырғасын күтірлетіп сындырып жіберген. Оны өзінің «Сентябрь» атты өлеңінде былай баяндайды:
«Бұл күнде отыз бесте менің жасым,
Қамалдың бұзар кезді тау мен тасын.
Кешегі сентябрьдің базарында,
Көтердім елу бір пұт кірдің тасын.
Жиылып орыс, қазақ таң қалысты,
Болды деп қаһарманнан мынау басым.
Залог сап жетпіс бес сом күрескенде,
Сындырдым Корен палуан қабырғасын…».

Балуан Шолақ тек өнерпаз, туа біткен күш иесі ғана емес, сонымен бірге қазақ халқының әлеуметтік өміріне араласып, бай – феодалдарға, сондай – ақ патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы шыққан тұлға. Балуан Шолақтың туып – өскен, ат жалын тартып мінген, дүние салған жері Ақмола обылысының Макин ауданы. Бурабайға шығатын теміржол бойында Ақкөл, Елтай, Макинка атты станциялар бар. Шолақтың атамекені – Елтай станциясы, зираты да осы арада. «Орны» деуіміздің мәнісі – кезінде ақ тастан орнатқан Шолақтың бейітін ол тірі күнінде өзімен көп жауласқан отаршыл бай құлақтар қиратып кеткен. Олар тіпті оның мәйіт — сүйегін де жоқ қылып жібермек болған. Сондықтан да, Балуан Шолақтың ағайындары кезінде Шолақтың зираты деп Қайрақты өзені маңынан жалған бейіт те салған. Осы Тастыөзекке жаяу алты-жеті шақырым жерде Қызыл кордон селосы бар (кордон – күзет, бекініс, шекара мағынасында). Мұнда революциядан бұрын отаршыл үкіметтің қарулы отряды тұрды, кейін орман қорғаушылардың орталығы болды. Шолақтың шаңырағының орны – осы Қызыл коронда. Балуан Шолақтың ауылын бұл аймақтағы керей елі «Үйсін ауылы» деп атаған. Бурабай мен Ақкөл арасында ертеден Үйсін, Жағалбайлы Жалайыр, Алшын, Естек деп аталып кеткен жеке – жеке ауылдары болған. Шамамен бұдан 200-250 жылдай бұрын Шолақтың арғы атасы Есентай – Шу өзені бойынан, қалың Дулат елінен келген кісі. Есентайдан Қазанғап, одан Жарықшақ, одан Баймырза туады. Баймырзадан Шолақ туады. Сөйтіп, екі ғасырдан аса уақыт ішінде үрім — бұтақты, жан-жақты үлкен ауыл өседі. Шолақтың нағашысы тарихтан белгілі Абылайдың атақты Қанай биінің өте тапқыр да шешен баласы Бекболаттан тарайды. Бұл ауылдан өз кезінде Тулақ дейтін батыр шыққан. Балуан Шолақ онша ұзақ жасамаса да, он сегіз баланың әкесі болған. Үлкені Исажарды кезінде Шолақпен өштескен, палуанның айтуынша, «Мұжық қол батқан екен тақымына» дейтін бұрынғы жаулары 30 — жылдардың бас кезінде орман ішінде атып кеткен.

Балуан Шолақ ән-күйге жасынан құмар болады. Бертін келе, жігіт шағында Балуан Шолақ осы екі өнерді қатар дамытады. Әке-шешесі қайтыс болған соң, Ғаникей деген қызға үйленген Балуан Шолақ ел аралап, салдық құрады және жалғыз-жарым жүрмей, маңына әнші-күйші, палуан, өнерлі жастарды жинайды. Топ құрып, «ансамбль» болып сауық құру Балуан Шолақтың дәстүріне айналған.
Өзі ұстаз тұтқан Біржан сал, Ақан сері әндерінің тамаша орындаушысы, әрі насихатшысы. Олардың әнші – композиторлық дәстүрін берік ұстап, кейі өзі де ән шығарды. Балуан Шолақтың қазақтың әншілік өнерін өрістетуге қосқан үлесі орасан зор.

Балуан Шолақтың «Ащылы-айырық», «Балуан Шолақ», «Желдірме», «Дікілдек», «Көкшетау», «Қосалқа», «Қос барабан», «Қос перне», «Құлан кісінес», «Кенже қоңыр», сияқты әндері бар. Оның халық арасына кеңінен тараған әндері – «Ғалия» мен «Сентябрь». «Ғалия» нәзік сезім дүниесін, мөлдір махаббатты шеберлікпен сыршыл әуенде жырлаған ғашықтық лирикасы болса, Балуан Шолақтың әндерін шебер орындаушылар Ж.Елебеков, М.Көшкімбаев, М.Тырбаев, Ж.Кәрменов, Қ.Байбосынов, т.б. болды.
Белгілі музыка зерттеушісі А.В.Затаевич ел арасынан Балуан Шолақтың бірнеше әнін жазып алып, оны «Қазақ халқының 1000 әні» және «Қазақтың 500 әні мен күйі» жинақтарына енгізген. Балуан Шолақтың кіші баласы Құдайберген Шолақов 1975 жылы Қызыл коронда 73 жасында қайтыс болды.

Балуан Шолақ дүние салғанда сол кезде әкесін өз қолынан соңғы сапарға аттандырған он жетідегі Құдайберген ақсақалдың айтуынша, Шолақтың мінезі мақтадай жұмсақ, үлкенмен үлкен, кішімен кішідей сыйласатын кісі болған екен. Ғалияға ғашық болып, «Сексен қыз серуенге шықсадағы, ілмеймін Ғалияның кірпігіне» деп Қараөткел, Атбасар жәрмеңкелерінде әндетіп, шалқып жүрсе де, он сегіз баланың анасы, кешегі Отан соғысы кезінде қайтыс болған Қаныкей анамызды Шолақ отбасында қатты сыйлаған екен. Балуан Шолақ қасына ағайындарын бес кісі ертіп, 1914 жылы жыз шыға Ұлы жүзге саяхатқа аттанады. Арғы атасының сол жақтан келген шежіре-соқпағын қуалап, ол Шу өзені бойына, Алатауға сапар шегеді. Бұл жылы Құдайберген 12 жаста болады, Шолақтың атқосшыларының бірі – ағайыны, ел ішінде қадірлі Тәуекел, енді бірі — Әубәкір молда, тағы бірі – Қасым, енді бірі – Сыздық дейтін кісі. Шолақ Шу өзені бойын, бұл өңірдегі Үйсін, Дулат елін аралайды. Ән салады, ат ойынын көрсетеді. Ел ақсақалдары мықты жігіттерге көкпар тарту үшін бір тайыншаны бауыздап тастайды. Оны ат үстінен бір қолымен көтеріп әкете алмайды. Шөкең сонда астындағы қара атын бауырлап тастап, жердегі тайыншаны лақтай көтеріп әкеткен екен.

Балуанның өмірден өтер шағын өлкетанушы Ақшатай Сәдуақасқызы апамыз балуанның көзін көрген, өмірінің соңғы жылдары Шортан қаласында тұрған Сәкен Малдыбаев деген қариядан ертеде жазып алған естелікте төмендегідей оқиға баяндалады:

– Барлығы дәл бүгінгідей есімде, 19-шы жылдың (1919 жылды айтады) қыс айының соңы болатын, талма түсте біздің үйге Балуан Шолақ келді. Қасында баласы Құдайберген бар. Шөкең атама қарап: «Молдеке, менің қатты қиналып сырқаттанып келе жатқан бетім, сізбен бақұлдасайын деп әдейі бұрылдым», деді. Атам қазан көтертті. Шөкең жарықтық майлы еттен бір жапырақ аузына салды да, «Сіздің үйден татқан соңғы дәмім осы шығар» деп, орнынан көтерілді. Шанаға отырарда атама қарап: «Молдеке, мені шанаға мықтап байлап, таңып тастаңыз, ауруым қозып қиналсам, Құдайберген ие бола алмай, сүйегім жолда қалар», деді. Біз қинала-қинала балуанның айтқанын орындадық. Үш күннен соң балуан дүниеден өтті деген суық хабар келді…

Ал тірідей шанаға таңылып үйіне қарай беттеген Балуан Шолақ атамыздың жайына келсек, үйіне аман жеткен күш иесі бәйбішесі Қаныкейге төсек салдырып жатып қалады. Таң атқан соң ағасы Төлеубайды шақыртады. Үйде үрпиісіп отырған екі ұлы – Исажар мен Құдайбергенді және Исажардың әйелі Үмітжанды, тіпті жанындай жақсы көретін немересі Ақжүністі (Исажардың қызы) қосып бәрін сыртқа шығарып жіберіп, жары Қаныкей мен ағасы Төлеубайға былай депті: «Алдыңғы жылы жазға салым даладан қатты ауырып келгенім естеріңде болар. Ақбалақтың ну орманынан шыға бергенімде қарсы алдымнан мылтық атылды. Оқ ердің қасына тиіп, әлсіреп барып кіндігімнің төменгі тұсына қадалды. Үйге келдім де ішімді таңып жатып қалдым. «Балуан Шолақ қойдың құмалағындай қорғасынды көтере алмай ауырып жатыр» деген сөзден қорықтым. Сол, міне, ажал болып жабысты. Сендерге айтар өсиетім: сүйегіме басқа адамды түсірмеңдер, ана Сабыр қажыны қасыңа алып, Төке, өзің атқар. Менің өлгенімді білсе, қара шекпенділер де қарап қалмас. Бұл найсаптар өлігімді қорлаудан тайынбайды. Зираттың бір жағына құпия үңгір жасап, бөлек жерлеңдер де, басқа жерге жалған зират тұрғызыңдар», депті.

Жарықтық жаны қиналып, өлім алқымына тіреліп тұрса да, баяу үнімен қоңырлатып мына бір шумақтарды айтқан екен:
Атандым Балуан Шолақ бала күннен,
Ту ұстап, ерлік етіп, тұлпар мінген,
Ешкімге опасы жоқ жалған дүние,
Өттің ғой талай-талай кемеңгерден.
Өлімнен құтылу жоқ батыр болып,
Сөзге шешен, әнге жүйрік, ақын болып,
Барамын алыс сапар қайтып келмес,
Қалыңдар, елім-жұртым, бақұл болып.
Көп сәлем жақсыларға болған сырлас,
Дәурені жігіттіктің қолда тұрмас,
Көз көріп, заманымда бірге жүрген,
Жүріңдер дұға қылып, құрбы-құрдас.

– Мен бұл әңгімені 1959 жылы нағашы атам Ғаббастан естіп жазып алдым, – дейді Ақшатай апа. – Нағашы атам балуанның жары Қаныкейдің туған інісі еді. Жарықтық дүниеден өтер алдында, яғни 1934 жылы бұл оқиғаны інісіне айтып кеткен екен. Сондай-ақ бұл әңгімені дәл осы мәтінде Төлеубай атамыз өлер шағында ортаншы ұлы Есенжолға да айтып кеткен екен. Есенжол өзінің ұлы Талғатқа әкесінен естігенін жеткізіпті.

Бірақ «ел құлағы елу» дегендей, елдің адамдары балуанға оқ атқан кімдер екенін артынан сұрастырып жүріп білген. Олар қазақ көрсе қаны қараятын Евтушенко, Беляков дегендер екен. Бұлар Шөкеңнің өлгенін жыл асқан соң бір-ақ білген. Зиратын таппай аласұрған көрінеді. Аз ғана үйсін ауылының үстіне ат ойнатып, балуанның ұлы Исажарды атып өлтіреді.

Балуан Шолақ 1919 жылы ақпан айының аяқ шеніне таман жауыздықпен атқан оқтың үш жылға тарта созылған зардабынан дәл 55 жасында дүниеден өткен.

Сөйтіп, Шөкеңнің жаны жай тапқан жер бертінге дейін белгісіз болып келді. Оның себебі жоғарыдағыдай. Шөкеңді жерлегенде бірге болған Секен Оспанов деген адам 1943 жылы Алаштың ардақты ұлының нақты жамбасы тиген жерді (Қызыл кордон ауылы) көрсетіп береді. 1999 жылы осы жерге балуанның немересі Шайдолда Шолақов атасына бағыштап ас беріп, азаматтармен бірге басын қарайтыпты.

Балуан Шолақ бабамыздың көтерген 816 келілік кір тасын әлемде ешкім көтере алған жоқ. Сондай бір жиында бәс тігіп кір тасын көтерген Балуанға мен деген мықтылардың өзі таң қалған. 51 пұт дегеніңіз — 837 келіге тең. Бұл тіпті әлі күнге дейін әлемде жаңартылмаған рекорд. Өкініштісі сол, қағазға түспеген.

You may also like

Leave a Comment