Шардара қаласында сазгер, әнші Лесбек Амановтың 70 жылдығына арналған «Қара бауыр қасқалдақ» атты облыстық ән байқауы өтті. Байқауға аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев, сазгердің бауыры мен ұл-қыздары қатысты.
Екі кезең бойынша өткен сайыста үміткерлер Лесбек Амановтың шығармаларынан бөлек, қазақ композиторларының әндерін шырқады. Байқау мақсаты – Лесбек Амановтың халық арасында кеңінен танылған әндерінен бөлек, сирек орындалып жүрген шығармаларын жарыққа шығару, жастарды отансүйгіштікке баулу, ән өнерін дамыту, ұлттық рухта тәрбиелеу, сазгердің әндерін кеңінен насихаттау, композиторды еске алу.
Өнер сайысында ҚР Мәдениет саласының үздігі, продюсер, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаров, күйші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Бөрі Иса, композитор, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Композиторлар одағының Түркістан облысы бойынша төрайымы Құралай Сәтмұхамбетова, ҚР Мәдениет қайраткері, жыршы-термеші Хадиша Мұсабекова, Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншісі, сазгер, халықаралық байқаулардың лауреаты Азамат Алиакбар қазылық етті.
Байқау қорытындысы бойынша Шардара ауданынан қатысқан «Мерей» ансамблі жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, Түлкібас ауданының «Арша» квартеті жүлделі І орынға, шардаралық Сәкен Бегманов пен Нұржан Жигалиев және Төлеби ауданының өнерпаздары Жорақұл Аңсар мен Бақтыбай Қадыров жүлделі ІІ орынға ие болды. Ал Созақ ауданынан келген Айдос Әлқуат, Мақтарал ауданынан келген Алмасбек Байсейітов және Жетісай ауданынан келген Саним Ермекбаева жүлделі ІІІ орын иеленді. Сонымен қатар, Сайрам ауданының «Жалын» тобы облыстық мәдениет және туризм басқармасының арнайы жүлдесімен, Келес ауданынан келген «Келес» тобы Шардара ауданы әкімінің арнайы жүлдесімен, Ордабасы ауданынан келген Елнұр Өскенбек облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының арнайы жүлдесімен, Бәйдібек ауданынан келген Қуат Қасен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің арнайы жүлдесімен, Қазығұрт ауданынан келген Нұрхан Байтұрсынов «Ж.Кеңесов атындағы арнайы жүлдесімен», Арыс қаласынан келген Нұржан Уалиев, «М.Жалаңбасов атындағы арнайы жүлдемен» және Түркістан қаласынан келген Нұрбек Абдрахман «Лесбек Аманов атындағы арнайы жүлдемен» марапатталды. Сондай-ақ ыынталандыру сыйлығы сарыағаштық Нұрлыбек Бұхарбаевқа, отырарлық Сейтқұл Төлешовке, шардаралық Мейірбек Ибадуллаевқа бұйырды.
Лесбек Аманов өткен ғасырдың орта шенiнде сұлу Сырдың жағасында Әжемсеңгiрдiң тұсында Көкиiрiм деп аталатын қойнауда дүниеге келдi. Лесбек Амановтың әкесi Анас ақсақал ұзын бойлы, қапсағай қара торы кiсi болған. Ол кiсi орман шаруашылығында қызмет еткен. Оқушылық өмiрiн Көксу ауылындағы С.Ерубаев мектебiнде бастаған Лесбек он жылдықты сол кездерi ашылғанына көп уақыт бола қоймаған «Октябрьдiң 50 жылдығы атындағы» совхозда бiтiрiп шықты. Ол ән жазуды Шымкентте институтта оқып жүрген кезiнде бастады. Ең алғашқы әнiн жазушы Әзiлхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» кiтабындағы «Қызыл көрпе» атты өлеңге жазған.
Лесбек Аманов сексенiншi жылдардың бас жағынан ән жазуға жан-дүниесiмен ықыластана ден қойды. Сол кездерде жастар арасында кеңiнен тараған әндерiнiң бiрi – «Тырналар» әнi болатын. 1983 жылы Келес ауданының Мәдениет бөлiмiнде iстеп жүрген жерiнен туып өскен жерi, киелi Көксу ауылына қайтып келдi. «Армандастар» вокалды-аспаптар ансамблiнiң көркемдiк жетекшiсi болды.
1985 жылдары Қуат Сәтiбековтың сөзiне жазылған «Ақторғын» әнi дүниеге келдi. «Ақторғынның» әнсүйер қауымның жүрегiн жаулап алғаны сондай, бұл әндi халық әлi күнге «Ән төресi – Ақторғын» деп дәрiптейдi. Кеңестiк дәуiрде Қызылқұмдағы өкiметтiң малын баққан шопан қауымның рухани көңiлiн көтеру мақсатында, аудан өнерпаздары гастрольдiк сапарларға шығатын заманның мамыражайлылығы ғой, қызды-қыздымен Өзбекстан, Қарақалпақстандағы қазақ ағайындарға да қаншама ән мен жырдан шашу шашты. Лесбектiң ақын Ақшагүл Төлегенованың сөздерiне жазылған «Шаңырағыңды шайқалдырмай сақтап қал», «Енелер» сияқты керемет әндерi туылды. Өлеңдегi айтылған ойға мән беру, жазған ақынның жан дүниесiне үңiле бiлу, ақын қиялын тербеген сезiмдi саралай бiлу – сазгердiң нағыз асыл қасиетi едi.
Лесбек Амановтың тұтас дерлік тамаша туындылары Шардара топырағында дүниеге келді. «Қара бауыр қасқалдақтан» бөлек «Ақторғын», «Жас келіннің сәлемі», «Біздер де ғашық болғанбыз», «Қызыл көйлек киген қыз» деп жалғасып кете беретін жүзге жуық жанға жайлы әндері бар. Киелі топырақта тұсауы кесілген кесек туындылар Шымкент, Алматы асып, исі қазақтың жүрегіне жол тартты. Жай ғана жол тартып қоя салған жоқ, құлаққа сіңіп, бойды алып, жүректен жай тапты.
Сазгердің сүйегі Мақтаарал ауданындағы Асық ата кентіне қойылды.