Арман Абдуллаев «Халықаралық отбасы күні» мерекесіне орай көпбалалы, үлгілі отбасыларды, көпбалалы аналарды сонымен қатар, жаңадан отау құрған жас отбасыларды арнайы құттықтады.
— Құрметті ағалар мен апалар,жас отбасылар!Баршаңызды «Халықаралық отбасы» күнімен шын жүректен құттықтаймын! Отбасы – еліміздің мызғымас тұрақтылығының, ауызбіршілігі мен болашағының қайнар көзі. Себебі тәрбиелі ұрпақтың ел мен жерге адал қызмет жасауы жанұядағы өнегеден бастау алмақ. Сондықтан да, «Отбасы» қашанда қоғамның іргесін ұстайтын маңызды тетігі, діңгегін қалаушы берік кірпіші.Қазақ халқы үшін отбасы ұғымы қашаннан қасиетті де киелі. Дана халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген керемет сөз бар. Отбасында жарасым, сүйіспеншілік, мейірім болса ғана шаңырақ биік құрылып, керегесі кең болып, түтіні түзу ұшады. Сіздер отбасы құндылығын берік ұстап, мәуелі бәйтеректей тамырын кеңге жайған өнегелі отбасысыздар. Өмір жолдарыңызда көптеген маңызды қызметтерді абыроймен атқарып, алдыңғы буын – ағаларымыздың тәлімді тәжірибесін лайықты жалғастырып келесіздер.Сіздерге отбасылық бақыт, дендеріңізге саулық тілеймін,- деп аудан басшысы Арман Абдуллаев жиналған үлгілі отбасыларға арнайы сыйлықтар, алғыс хаттар мен гүл шоқтарын сыйлады.
Сондай-ақ аудан басшысы мерекеге орай жаңадан отау көтерген жас отбасыларға неке куәлігі мен көпбалалы аналарға «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» төсбелгілерімен өз сыйлығын табыстады.
Кездесуге қатысқандар ағалардың атынан Қызылжар ауылдық округінің тұрғыны, 10 ұл-қызды тәрбиелеп өсірген үлгілі, мерейлі отбасы Ахметов Салқынбек атамыз бен аналар атынан Ахметова Бейсенкүл апамыз сөз алып, өздеріне көрсетілген құрмет үшін аудан әкімі Арман Абдуллаевқа алғыстарын айтып, ауданның өсіп-өркендеуіне жемісті қызмет етуін тіледі.