Отырарда 9 мамыр – Жеңіс күні арналған шара өтті. Алдымен Кеңес Одағының батырлары Сейітқасым Әшіров пен Темірбек Ибрагимовтердің және майданда ерлік көрсеткен отырарлықтарлың есімі жазылған тақтаға гүл шоқтарын қойды. Гүл қою рәсімінде аудан әкімінің міндетін атқарушы Жансұлтан Сейтжанов, аудандық мәслихаттың төрағасы Уәлихан Ұзақов, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, подполковник Мұхтар Әуезұлы, Отырар ауданының Құрметті азаматы Мырзахмет Темірбековтер арнайы қатысты.
Шарада Жансұлтан Әділжанұлы сөз сөйлеп, Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі жолында теңдессіз ерліктер жасап, табандылық көрсеткен даңқты жауынгерлердің ерен еңбектері ғасырлар бойы жасай беретінін жеткізді. «Алдыңғы толқын ағаларымыздың ерлігі бүгінгі бізді жетістіктерге жігерлендіріп, жанымызға қуат беріп, қиындықтарды жеңіп, алға ұмтылуымызға жетелеп келеді. Біздің парызымыз – бұл алапат соғыстағы Жеңістің бізге қалай келгендігін ұғыну, қаза тапқандарды қадір тұту. Бүгінгі буын «Жеңіс солдаттары» алдында мәңгілік қарыздар» деп, даңқты сарбаздардың ерлік жолын насихаттады.
Ел есінде азаматтардың қатысуымен орын алған және жылнамада жазылған оқиғалар – бүгінгі ұрпақ үшін күн санап тарихи сәтке айналып келеді. «Тарихты елдің азаматтары жасайды» деген қанатты сөзді көптеп кезіктіреміз. Тарихтың толқындарында «Отан үшін» ұранымен ерлік жасап, от пен жалынға қарсы тұрып, ерлік жолын көрсеткендер де осы елдің азаматтары еді. Жеңіс жалауын көтеріп, ту тіккендер де осы елдің азаматтары еді. Өткенге құрмет көрсету, сын сәттерінде ерлікке шақырып, елдік мұратын айқын көрсете білген жандарды өскелең ұрпаққа насихаттау бүгінгі біздің азаматтық парызымыз.
Айта кетейік, сұрапыл жылдарда 3000-нан астам отырарлық майдан даласына аттанып, 2466 боздақ туған жерге оралмады. Олардың есімі мен ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Ал елге аман-есен оралған кешегі майдангер, бүгінгі ардагерлер еліміз бен туған өлкенің игілігіне адал еңбек етудің өнегесін керсете алды. Бұл күндері сол ескірмес естеліктер, көзі тірі ардагер – ақсақалдардың жүрегін мазаласа, сұм соғыс салған қанды қырғын жайлы тек ардагерлер аузынан естіп, білген кейінгі жастардың да жанын толқытады.