Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық артисі, композитор, жоғары тынысты тенор әнші, педагог Ғарифолла Құрманғалиевтың туғанына – биыл 125 жыл.
Қазақ даласына есімі ерте белгілі болған әнші Ғ.Құрманғалиев – Мұхит әндерін жеткізуші және бірден-бір орындаушысы ретінде өз сүрлеуін салып, сол жіңішке соқпақты даңғыл жолға айналдыра алған дәстүрлі өнердегі сойы бөлек саңлақ. Ғарифолла Құрманғалиев – қазақ ән өнерінің ірі тұлғасы, тамаша домбырашы, жарқылдаған терме мен желдірменің қайталанбас орындаушысы. Батыс Қазақстанның вокалдық-аспаптық дәстүрлерінің бірден-бір сақтаушысы мен ізін жалғаушы.
Ғарифолла Құрманғалиев халықтың өз арасынан шыққан, дәстүрлі ән өнерінің дүлдүлдерінен сабақ алған, өзі де аса айырықша дауысының арқасында даңққа бөленген ғажайып әнші. Халық өнерін батыстың классикалық шығармаларымен де байланыстыра алған дарын иесі.
1934 жылы Алматыда өткен халық көркемөнерпаздарының бірінші Бүкіл Қазақстандық слетіне қатысты. Сол жылы Қазақтың музыкалық драма театрының (қазір Қазақтың опера және балет театры аталады) құрамына қабылданды.
1967 жылдан бастап Республикалық өнер және цирк студиясында сабақ берді. Құрманғалиев Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғын», «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек», Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операларында күрделі партиялар мен рөлдерді ойнады.
Сондай-ақ, кемеліне келтіре орындаған «Айнамкөз», «Үлкен айдай», «Ақ кербез», «Ісмет», «Боз жорға», «Он алты кыз» т. б. халық әндері жұртшылық көңілінен берік орын алды. Ол орындаушылық өнерімен катар, өзі де көптеген әндер («Ақ Жайық», «Сүйген жар», «Нұржамал», «Жан еркем», «Аққу», «Сүйемін туған өлкемді») шығарды.
ХХ ғасырдағы қазақ операсының көрнекті әртісі түрлі бейнелердің бірқатар галереясын жасаған. Оның ішінде «Қыз Жібектегі» Шеге, «Ер Тарғындағы» Сақан батыр мен жырау, «Жалбырдағы» Елемес, «Дударайдағы» молда мен Долды, «Біржан – Сарадағы» Естай, «Абайдағы» Нарымбет, «Даисидағы» Тито, «Нарғыздағы» Латиф және тағы басқа рөлдері Ғарифолланың шарықтаған дауыс диапазонын көрсететін кең тынысты драмалық бейнелер. Ол 1966 жылға дейін Опера және балет театрының әншісі болды. Шетелдік сапарларға жиі шықты. Шетелдік тыңдармандар Ғарифолланың дауысының бірегейлігіне және қайталанбас орындаушылық мақамына тамсанып, оның дауысын үнтаспаға жазып алған екен. Бірде бірегей құбылысқа сүйсінген италиялықтар Ғарифолла Құрманғалиевтің көмейінің көшірме бейнесін жасауды ұйғарады. Бұл көшірме қазір Генуя мұражайында сақтаулы. Ол ұшы-қиырсыз даланың кеңдігімен ғана өлшенетін аңызға айналған дауысымен Ресей, Қытай, Пәкістан, Иран, Германия жұртын да бір тыңдағаннан баурап алған.
Қазақтың қара өлеңі мен жыр-термесінің бүгінгі күнге жетуіне өзіндік ұшан-теңіз үлесін қосқан, ғасырлар бойы ауыздан-ауызға көшіп сақталып келе жатқан рухани қазынамыз дәстүрлі әншілік-жыршылық үрдісті жалғастырған алтын көпір – Ғарифолла Құрманғалиевтың музыкалық фольклор шежіресінде атқарған қажырлы еңбегі осы уақытқа дейін арнайы зерттеу нысанасына ілікпей қағыс қалды. Көбіне-көп әнші ретінде ғана таниды. Фольклор тарихындағы орны ғылымда әлі ескерусіз, осы қыры терең зерделенуі керек-ақ.
Өнертанушы Владимир Мессман «Гарифулла – сал» деген зерттеу еңбегінде: «Гарифулла сал известен и как этнограф», – деп жазады (Қараңыз: Мессман В. Гарифулла-сал. // Вечерняя Алма-Ата. 27.07.1970 г.).
Ғарифолла Құрманғалиев этнография саласының арнайы маманы болмаса да оның жұртымыздың тұрмыс-ғұрпы, шежіресі, философиялық ойлары, тұжырымдары т.б. бейнеленген ән-жырымызды ел ішінен жинап, олардың кем-кетігін түзеп, толықтырып, жүйелеп, фонотекалық қорға тапсыруы, ноталарға түсіртуі, сондай-ақ сахнада насихаттауы, білім саласында шәкірттеріне үйретуі – этнографқа тән іс-әрекеттермен ұштасқан еді. Олай болса, В. Мессманның: «Гарифулла сал известен и как этнограф», – дегені әділ сөз.
70-жылдары Қазақ радиосының «Балалық шаққа саяхат» атты тұрақты жүргізіліп тұрған бағдарламасына қатысқан бір сәтінде Ғарифолла ата Құрманғалиев: «Репертуарымдағы жетік меңгерген әндерім 300-400, ал шала білетінім 500-дей (қайталап пысықтауды қажет ететін) деген екен.
«Бабалар сөзі» сериясымен жарыққа шыққан жинақтардың бірінде түзілген мына сөздер де – Ғарифолла Құрманғалиевтың этнограф яғни, фольклор жинаушысы екенін дәлелдейтін нақты айғақ, онда былай делінген: «Батыс Қазақстан облысының қырық халық әні. Орталық мұрағаттың жеке қорында көк түсті 20 беттік оқушы дәптеріне әнші Ғ.Құрманғалиевтің айтуынан жазылған (ҚР ОМА, Ғарифолла Құрманғалиевтің жеке қоры: №1700, №1 тізбе, №6 іс, 10 парақ. Сборник 40 народных песен Западно-Казахстанской области / Сборник нот казахских народных песен. Рукопись на казахском языке. Сообщил: Заслуженный артист Казахской ССР Гарифулла Курмангалиев. г.Алма-Ата. 3 октября 1947 г.) қолжазба жинағы сақталған. Онда әншінің жеке орындауындағы, әсіресе Батыс Қазақстан аймағына тән «Өзен бойы», «Сағындым, … жер», «Ал, Айнам», «Үміт сазы», «Білек», «Жұбай», «Шынар», «Қарға», «Бала жұбату», «Салауат», «Қайран да, халқым, жерім-ай», «Қайлаулай», «Әдемі-ай», «Ромтай», «Угай», «Қоныспай», «Әлібек», «Аралбай», «Көкжар», «Қожай», «Қоштасу», «Алпамыс», «Қалилау» сынды қырық жыр-термелердің, халық әндерінің нотасы мен мәтіндері жазылған (астын сыздық.-Б.К.). Мәтіндер қазіргі қазақ әрпінде көк қалам сиямен жазылып, бәріне тақырып қойылып, жеке-жеке нөмірленген…»
Ғарифолла Құрманғалиев: «Мен бала кезден құмарландым әнге. Ағаларым – Хамидолла, Ғұбайдолла мені сандықтың үстіне шығарып мақтап-мақтап ән салғызады. Кейде өздері әдепсіздеу өлеңдерді де үйретіп қояды, оны да айтқызып қыран-топан күлкіге бататын… Қаратөбе жақта Әбуғалидың Құмары, Сағымқожа, Сартай, Жарылқаған, Нұрмақан деген жыршылар болды. Халық соларды тамашалайтын той-топырда, олардың жырын, әуен-саздарын босағада тыңдап отырып-ақ қағып алатынмын», – деп еске түсіретін-ді өнердегі алғашқы қадамы турасында. Осы дерегінен әнге ғана емес, жыр айтуға жастайынан талаптанғанын аңдауға болады.
Ғарифолла Құрманғалиевтың жеке архивінен Ақпан ақын туындысының, «Құламерген» қиссасының, Бала Ораз (ХІХ ғ. екінші жартысы) айтыстарының табылуы, сондай-ақ репертуарына Махамбеттің (1804-1846), Аралбайдың (1854-1914), Сартайдың (1862-1922), Өмірдің (1887-1924), Құмардың, Сағымқожаның тағы басқа да эпик ақындардың терме-толғауларының молынан енуі – әншінің жыршылық қырын танытады.
Есімдері аталған осы жыршы-ақындардың түрлі нұсқадағы әуездерінің бүгінгі күнге жоғалмай жетіп, сақталып қалуында да Ғарифолла ата Құрманғалиевтың атқарған еңбегі – орасан. Ұлтымыздың мәдени генеофондына ол табыстаған сол жыр саздарының үлгілері – батыс өлкедегі жыршылық мектепті қайта түлетіп, жандандыруға нұсқа-жол, берік ұстын бола алатыны еш күмәнсіз ақиқат.
«Театрдағы алғашқы артистер ішіндегі жастауы едім. Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Темірбек Жүргенов сияқты үлкен кісілер бос уақыттарында бір жерге қыдырса мені де ерте жүретін. Барған үйлерінде карта ойнайды, онан қалды әңгіме-дүкен құратын. Маған ән салғызады арасында. Сондайда Тем-ағаң: «Әй, Ғарифолла, «Қыз Жібекті айт-
шы», – дейтін. Бастай жөнелем. «Жо-о-оқ, анаусын айт, анаусын», – дейді. «Анаусын айт» деп отырғаны «Қыз Жібектің» бұрмаланған анайылау шағын варианты бар-ды. Бұрынғы жыршылар сөздерін әдейі өзгерткен білем, күлкі тудырып, көңіл көтеру үшін. Енді соған көшем. Жарықтық, Темірбектер әйда кеп күледі. Төрден есікке шейін домалап қалатын ішектері қатып», – дейтін.
Әншінің осы дерегі жыршылық дәстүрді ұстанғанын куәландырып тұр. Әрі академик Ахмет Жұбановтың: «Репертуарының негізі Мұхит әндерімен қатар «Қыз Жібек», Бала Ораз ақынның айтыстарын айтып жүрді», – деген мәліметі де ойымыздың негізін айғақтайды.
Жыршылығы кезінде Ғарифолланың сөздік қорының молаюына, халық поэзиясындағы көркемдік соқпақтарды игеріп, бейнелеу өрнектерін ұғынуына, көне мұралардағы айшықтардың әсерін сезініп, бойына дарытып фольклорымыздың нәзік тұстарын, ұңғыл-шұңғылын біліп өсуіне, атақ-абырой дәрежесінің көтерілуіне көп жағдай жасағаны даусыз еді.
Оның жанынан шығарған «Сағыну», «Сүйген жар», «Өнерпаз», «Ақ Жайық» т.б. ән-термелерінің ел арасына кеңінен тарағаны мәлім. Ол ірі ақын болмаса да өзі жете меңгерген поэзиялық фольклорымыздың бай, құнарлы тілінің өрнектерімен ішкі күйініш-сүйініш сырларын шебер айшықтай білген. Әншінің қай шығармасында да ауыз әдебиеті үлгісінің көзге ұрып тұруы содан.
Ғ.Құрманғалиев ән сапарымен төрткүл дүниенің талай елдерінде болып, сан-сан сахналардан ұлттық музыкалық салт-дәстүріміздің байлығын паш етті. Оның Отандық мәдениетке сіңірген орасан зор еңбегі әлденеше мәрте мемлекеттік марапаттармен бағаланды.
Шоқтығы биік дарынның артына қалдырған мол мұрасы, басқа да қырлары байсалдылықпен, терең зердемен, жан-жақты дайындықпен, ізденіспен байыптауды қажет етеді.