Home Жаңалықтар ӨНЕРДІҢ АНАСЫ-ӘМИНА ӨМІРЗАҚОВАНЫҢ ТУҒАНЫНА 105 ЖЫЛ

ӨНЕРДІҢ АНАСЫ-ӘМИНА ӨМІРЗАҚОВАНЫҢ ТУҒАНЫНА 105 ЖЫЛ

Daismedia.kz

Биыл Қазақстанның халық әртісі Әмина Өмірзақованың туғанына 105 жыл.

Өмірзақова Әмина Ерғожақызы 1919 жылы 8 наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қараауыл ауылында дүниеге келген. Әкесі ерте қайтыс болып, Қаптығай есімді ағасының қолында өседі. Кейін осы ағасының отбасы 1932 жылы Алматы қаласына қоныс аударады. Осылайша Әмина Өмірзақова оңтүстік астанада білім алып жүріп Борис Ерзакович жүргізетін хор үйірмесіне қатысады. Халық ақшадан қысылған қиын заманда радиода ән айтып, үйіне ақша жіберіп көмектеседі.
1934 жылы болашақ актриса Ленинград қаласындағы театр мен кино өнері институтының жастарды оқуға шақырған хабарландыруын көреді. Кейін жолы болып оқуға түсіп, актерлік шеберлік мамандығы бойынша білім алады. Небәрі 15 жастағы Әмина Өмірзақова КСРО халық әртісі Василий Меркурьев пен профессор Ирина Мейерхольдтан білім алып, актерлік техниканың қыры мен сырын меңгере бастайды. Институт қабырғасында жүріп «Ленфильмнің» көптеген туындысында екінші деңгейлі рөлдерді сомдап, кино әлеміне қадам басады.

1938 жылы Ленинградтағы мемлекеттік сахна өнері техникумының (кейін Ленинград театр, музыка және кинематография институты) қазақ студиясын бітірген.

Оқуды тәмамдағаннан кейін Әмина Өмірзақова 1938 жылы Василий Меркурьев шәкірттерімен бірге Шымкент қаласында ашқан қазақ драма театрына жұмысқа тұрады. Алғаш Мұсатай Ақынжановтың «Ыбырай Алтынсарин» атты тарихи пьесасында Шәуәлидің рөлін сомдайды. Пьесада бала іс-әрекетін, жүріс-тұрысын айнытпай салуы, оның дауысын нанымды келтіруі Әмина Өмірзақованы зор табысқа жеткізеді. 1958 жылы Мәскеудегі бүкілодақтық Жастар театрының фестивалінде Шәуели мен Дмитрий Фурмановтың «Бүліншілік» пьесасындағы Камал рөлі үшін лауреат атанып, І және ІІ дәрежелі құрмет дипломымен марапатталады.

Бұдан өзге ол 1938-1940 жылдары аралығында Жұмат Шанин атындағы Шымкент облыстық драма театры сахнасында Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш — Баян Сұлуында» басты рөлді, Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметшісінде» Смеральдинаны, Мұхтар Әуезовтің «Түнгі сарынында» Мөржанды сомдайды.
Кейін 1949-1999 жылдары аралығында Алматы қаласында орналасқан Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер мен балалар театрының сахнасында Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатында» Луизаның, Қапан Бадыровтың «Алтын сақасында» мыстан кемпірдің, Борис Горбатовтың «Әкелер жастығында» Ефимчиктің, Шахмет Құсайыновтың «Рабиға», «Біздің Ғани», «Күн шуақтасында» Рабиға, Сағадат және Қанзипаның, Шекспирдің «Екі верондығында» Джулияның, Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» Қалисаның, Тахауи Ахтановтың «Күшік күйеуінде» Гүлжамалдың, Шыңғыс Айтматовтың «Алғашқы мұғалімінде» Алтынайдың және т.б.-лардың рөлін сомдады.

Әмина Өмірзақованың Сәкен Жүнісовтің «Қызым саған айтам…» атты пьесасындағы рөлін ерекше атап өтуге болады. Себебі бұл қойылымда актриса алғаш рет жағымсыз рөлді сомдап, өнерінің жаңа бір қырын танытқан-ды. Қалың көрерменге әрдайым күлімсіреп, дана қыз-келіншектердің рөлін сомдайтын актриса бұл жолы жеңілтек әрі қу Шүйкетайды ойнады.

Әмина Өмірзақованың тағдыры бақытқа толы болды деп айту қиын. Себебі қазақтың зиялы қауым өкілдерімен бірге оның ағасы да репрессияға ұшырап, соғыс қарсаңында оны театрдан шығарып жібереді. Жақын адамдары теріс айналып, афишалардың барлығынан дерлік есімін алып тастайды.

Бұл – 1945 жылы түсірілген «Абай әндері» фильмі. Әмина Өмірзақованың кино әлеміндегі жұлдызын жаққан тұңғыш туынды. Басты рөлдің бірі – Ажардың бейнесін сомдайтын актрисаны сценарий авторы Мұхтар Әуезовтің өзі бекіткен.

«Мұхтар Әуезовтің «Абай әндері» шығармасына кино түсірілмек болды. Мұхаңның өзі сценарийіне қатысты. Басты рөл – Ажарға сұлулар іздеп, бәйге жариялады. Мен де суретімді өткізе салдым, бірақ үміттенбедім. Өйткені ол кезде сұлулар көп болатын. Мұхтар аға өзі келіп, сұлуларды таңдады. Мені алатын болып шешіпті. Ол кісіге бәрінен бұрын көзім ұнапты. Қуанғанымнан «Менің пұшық мұрным өтіп кетті», – деп айқайлап, күле беремін. Пұшық мұрынды қыр мұрын жасады, әп-әдемі Ажарға айналдым. Кинодағы тұңғыш рөлімді сәтті ойнап шықтым».

Алғашқы кино рөлінен соң аты асқақтай түссе де, Әмина Ерғожақызы сахнадан қол үзген жоқ. Сол жылдары бой көтерген Балалар мен жасөспірімдерге арналған театрға орналасып, өмірінің соңына дейін өнер көрсетті. Әуезовтің Мөржанынан бастап, Мүсіреповтің Баяны, Шиллердің Луизасы, Айтматовтың Алтынайы, Ахтановтың Гүлжамалы сияқты ондаған кейіпкерді сахнаға алып шығып, қазақ көрерменінің жүрегінен мықтап орын алды.

Гүлжамал Қазақбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі: – «Әмина – өнердің анасы. Бәріміз мақтанышпен еске аламыз. «Күшік күйеуде» мен қызын ойнап жүрсем, кейінгі кезде Әмина апам ойнаған рөлді мен ойнадым. Сол кісінің ізбасары болғаныма өзімді бақытты сезінемін»-дейді өз естелігінде.

«Абай әндерінен» соң Әмина Өмірзақова «Қыз жігіт», «Қанатты сый», «Жамбыл» сияқты бірқатар киноға түседі.
Ал 1963 жылы режиссер Александр Карповтың «Ана туралы аңыз» фильмінде басты рөлді сомдайды. Кейіннен картина қазақ кинематографиясындағы ең табысты туындының біріне айналады. Фильмге – «Мемлекеттік сыйлық», ал қазақ анасына тән қасиеттің барлығын бір бойына сыйдыра білген актрисаға Бүкілодақтық кинофестивальде «Ең үздік әйел рөлі» номинациясы табысталады.

Роза Әшірбекова, Қазақстанның халық әртісі: – Ол кісінің мимикасы ғажап болатын. Не ойлап тұрғаныңды көріп қалады. Бет әлпетінің өзі қандай керемет. Қандай жанрға салсаң да, шыңына жеткізіп ойнайтын. Қазақстанның халық әртісі Роза Әшірбекованың бұл сөзін «Тақиялы періште» картинасы растай түседі. Алдымен драма жанрының шырқау шегіне жеткен актриса өзін комедияда да мойындата білді.
Әсіресе, Шәкен Аймановтың «Тақиялы періштесіндегі» Тана рөлі-дейді.

Әлімғазы Райымбеков, ҚР мәдениет қайраткері: – Екі алыптың арасында жүріп мен қалай жаман ойнауым керек? Тырыстым. Сценарийді жаттаймын, оқимын, сіңіремін. Әмина апам кейде айтып қояды: «Әй, мына сөзді былай айту керек еді ғой», – деп. Сол екінші дубльда Әмина апамның айтқанын орындап, тумаса да туған анамдай болды. «Қазақ өнерінің анасы». Біз бүгін тілдескен театр және кино өнерінің майталмандары Әмина Өмірзақованы осылай атап, жарқын бейнесін сағына еске алды. Бұл оның фильмдегі рөлдеріне емес, өмірдегі аналық қамқорлығы мен мейірімділігіне байланысты дейді олар.

Мені халыққа танытқан кино» деп өмірін өнерге арнап, бар қиындықты табандылығымен жеңе білген Әмина Өмірзақова кино әлеміндегі образдары өз алдына бөлек әңгіме десе де болады. Бір кездері орыс режиссері Александр Карпов халық әртісінің шеберлігін жоғары бағалап, бүкіл ананың жиынтық образын бір адамның бейнесінде ұсынды. Расымен де, соғыс уақыты қазақ әйелінің болмысын түгелдей өзгертті. Себебі самайы ағарған аналар қайнатып отырған құрты мен күнделікті үйреншікті тіршілігін шетке ысырып, тылға еңбек етуге аттанды. Актриса әртүрлі образы арқылы осы қазақ әйелінің шынайы бейнесін көрсете білді. Кинотанушы мамандардың айтуынша, оның өнері бірінші кезекте осынысымен құнды.

30-дан аса картинаға түсіп, театрда 150-ге жуық бейнені сомдаған актриса қалың көпшілікке ана бейнесімен танылды. Қазақ киносының баға жетпес қазынасына айналған “Абай”, “Бір ауданда”, “Ана туралы аңыз”, “Арманым менің”, “Ақ шаман”, “Нан дәмі”, “Шанхай” фильмдерінде сомдаған бейнелері, әсіресе әйгілі “Тақиялы періштеде” ойнаған Тана апайдың рөлі қалың жұртшылықтың махаббатына әлі күнге дейін бөленіп келеді.
Кеңестік және қазақстандық кино және театр актрисасы. Қазақ КСР — нің Халық әртісі (1965), Қазақ КСР – нің Мемлекеттік сыйлығының иегері (1967). Қазақ кино және театр өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған дарынды артист.

1938 – 1940 жылдары Шымкент облыстық драма театрының актрисасы
1940 – 1942 жылдары қазіргі Қазақ мемлекеттік драма театрының труппасының актрисасы
1942 – 1949 жылдары “Қазақфильм” студиясында қызмет атқарды.
1949 жылдан Қазақ балалар мен жасөспірімдер театрының (қазіргі Қазақ мемлекетік академия жастар мен балалар театры) актрисасы болды.

1964 жылы Анатолий Карповтың «Ана туралы жыр» фильмі экран бетіне шықты. Фильм көпшіліктің көңілінен шығып, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығын жеңіп алды, ал Әмина Өмірзақова 1964 жылғы Жалпыкеңестік кинофестивальде «ең жақсы әйел рөлі» сыйлығын, К. Байсейітова атындағы ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығын жеңіп алды. 1968 жылы Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» комедиялық фильмі жарық көрді.

Актрисаның тағы бір есте ерекше қалған рөлі — «Тақиялы періштедегі» Тайлақтың анасы. Осы Тайлақты сомдаған кейіпкер Әбілғазы Райымқұлов актриса қайырылмас мәңгі сапарға аттанғанда бір қабырғасының қаусап, түсіп қалғандай күй кешкенін айтады. Бірде араға көп жыл салып актрисаның үйіне барғанында ол кісі «Келмегелі қанша болды? Неге бір шәушім шайға келмей жүрдің?» деп ұрысып, ілініп тұрған қамшымен әзілдеп ұрмақ болған екен.

Ал театр актрисасы Роза Әшірбекқызы өзін Әмина Өмірзақованың туған қызындай сезінгенін айтады. Өнерге алғаш қадам басқанында ерекше көңіл бөліп, рөлді қалай дұрыс сомдау керектігін үйреткен екен.
«Тақиялы періштеден» соң түскен «Мама Роза» фильміндегі рөлі үшін «Шоқжұлдыз» кинофестивальінің лауреаты атанды.

Жақындарының айтуынша, Әмина Өмірзақова дүниеден баз кешкен адамның есін жиғызып, олардың бойына сенім ұялататын ерекше қабілетке ие болған. 15 жасында Юлий Карасиктің «Жабайы ит Динго немесе алғашқы махаббат туралы повесть» фильмінде Фильканың рөлін сомдаған Талас Өмірзақов халықаралық фестивальде гран-приді иеленеді. Жасөспірім балаға танымалдылықты көтеру қиынға соғады. Себебі, Мәскеу, Ленинград, Кавказ, Моңғолия, Қытай, Франция, Англия сынды қалалар мен мемлекеттерде тұрып жатқан қыздардан көптеген хат келеді. Олардың барлығы да жас актерге ерекше қошемет білдіріп, дос болуды армандайтынын жазған.

Актриса небәрі 45 жасында жесір болып қалады. Күйеуі күтпеген жерден дүниеден озды. Бір күн бұрын қойылымға дайындалып, таңертең өкпе артериясы үзіліп көз жұмды. Жалғыз қалған Әмина Өмірзақоваға осыдан кейін ер азаматтар тарапынан көптеген ұсыныс келіп түседі. Алайда актриса өзі үшін әйел бақыты бір рет қана бұйырады деп шешіп, толықтай жұмысқа беріледі.

Көрермен көзайымына айналған актриса 2006 жылдың қыркүйегінде, 87 жасында көз жұмды.

Соңында мол мұра қалдырған актриса 1958 жылы Қазақ КСР Еңбек сіңірген әртісі, 1965 жылы Қазақ КСР Халық әртісі, 1967 жылы қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері, КСРО-ның жоғарғы марапаты «Еңбек Қызыл Ту» ордені, КСРО-ның «Ерен Еңбегі үшін» медалінің иегері атанып, КСРО-ның «Еңбек ардагері» медалімен, 1999 жылы Тәуелсіз Қазақстан Республикасының ең жоғарғы мемлекеттік марапаты Отан орденімен марапатталды. 2001 жылы Қазақстанның Тәуелсіз «Платинды Тарлан» сыйлығының иегері атанып, 2004 жылы «Ұлы Отан соғысына 60 жыл» мерекелік медалін алды.

You may also like

Leave a Comment