Түркістан облысында қазақ ауыз әдебиетінің эпостық жырлары мен қисса дастандарын жатқа айтудан жасөспірімдер мен балаларға арналған «Бабалар мұрасы – ұрпаққа ұлағат» облыстық байқауы өтті. Облыстың барлық аудан, қалаларының дарынды мектеп оқушылары «Мұңлық — Зарлық» жырын жатқа айтудан бақтарын сынады.
Сайыстың мақсаты қазақ халқының сан ғасырлар бойы бастан кешкен тарихын, батырлардың ерлігін, қазақ ауыз әдебиетінің тарихи, эпостық жырларын дәріптеу, балалар мен жасөспірімдердің туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру және ұлттық шығармаларды халық арасында кеңінен насихаттауға бағытталған.
Байқауда Қазақстан журналистер одағының мүшесі, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Асылхан Темірхан, жыршы, термеші Әбдіғаппар Айдаров төрелік етті.
Қазылар алқасы үміткерлердің эпостық жырдың айту мәнеріне, жаттау қабілетіне, дауыс тазалығына, сахна мәдениеті мен киім үлгісіне баса назар аударды.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Түркістандық Сембай Айару иеленді. Жүлделі I орын Отырар ауданынан келген Бабахан Кәусарға бұйырды, II орын иегерлері Қазығұрт ауданынан Исахбай Әсет, Түркістандық Өтебек Аяулым атанды, жүлделі III орынды қанжығасына байлағандар Арыс қаласынан Сапарәлі Айым, Жетісай ауданынан келген Пердебай Інжу және Дүйсенбай Диана болды.
Бұдан бөлек байқауда «Мұңлық — Зарлық» жырын жатқа айтудан үздік деп танылған қатысушы үміткерлерге арнайы жүлделер табысталды.