Төлеби аудандық Мәдениет үйінде қоғам қайраткері Зейнеп Ахметовамен кездесу өтті. «Бабалар аманаты» тақырыбындағы кездесу кешінде жазушы өмір баспалдақтарында кездесетін жайттар, қазақтың салт дәстүрінің артықшылықтарын әңгімеледі.
Бауыржан Момышұлының келіні, «Шуақты күндер», «Бабалар аманаты», «Күретамыр» кітаптарының авторы, жазушы Зейнеп Ахметова кездесуде жастар бойына патриоттық тәрбие сіңіріп, оларды отаншылдыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелеу қажеттігін түсіндірді.
Кездесуде Зейнеп Ахметова ұлттық тәрбие, рухани құндылық, салт-дәстүр, ене мен келін арасындағы қарым-қатынас, бабалар аманатын жеткізіп, бала тәрбиесі туралы өзінің өмірден түйген тәжірибесінен кеңінен әңгімеледі. Бір сағатқа созылған кездесуде дін мен дәстүр жалғастығын түсіндіріп, жастарды игі іске жұмылуға, тарихты құрметтеп, өткенге салауат, келешекке сенім артуды үйретті.
Кездесу кешіне келген көпшіліктің толғандырған сұрақтарына жауап беріп, жарасымды әңгіме құрды. Кеш аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының әсем әнімен түйінделіп, көңілді тарқасты.