Биыл КСРО және ҚазКСР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәбира Майқанованың туғанына 110 жыл толды.
Өнер адамы әрқашан да жаны нәзік, жүрегі таза, сезімтал болып келеді. Ерекше жаратылыстың да өзіндік себептері жетерлік. Оның ішінде актерлік өнер қиын һәм күрделі. Сахнаға шығып сөйлегеннің бәрі талант емес. Тіпті жаратылысыңнан тума талант болсаң-дағы тәрбие, тәлім сабақтары қажет-ақ. Ананың сүтімен дарыған мұндай қасиет бірте-бірте дамып, сол баяғы аз-мұз талант шыңдала келе суреткерлік мінезге айналмақ. Сондай табиғаты дара суреткер, «Алыптар тобы» атанған актерлардың сарқыны, Сыр өңірінің перзенті – Сәбира Майқанқызы Майқанова. Ол Қызылорда облысы, Сырдария ауданында 1914 жылы күзге салым дүниеге келген екен (Құжат бойынша 1 қаңтар). Әкесі Майқан мейірімді, байсалды, көп сөйлемейтін, орта шаруалы адам болыпты. Шешесі Дәмегүл – өр мінезді, келісті-кескінді өз заманының сұлуы атанған Қыпшақ қызы.
Әкеден бір жасқа толмай, шешеден жеті жасында айырылған ол кішкентай сіңілісі Зағипа екеуі жетімдіктің машақатын көп тартып, Қызылорда қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленеді.
Жетімдік, қатал тағдыр ерте есейтті. «Өмір деген көк мұхиттың толқыны» маңдайынан сипамай, жағаға сан лақтырды. Пәтер жалдап, біреудің қорасында тұрып, өлместің күйін кешті.
1930 жылы Алматы Кооперативтік техникумына түседі, одан кейін біршама уақыт сауда саласында еңбек етеді. Алайда, өнерге деген махаббаты, театрға деген ынта-ықыласы жеңеді де, 1932 жылдың қаңтарында Қазақ Мемлекеттік драма театрына жұмысқа кіреді.
Әу баста сахналық қойылымдарға көпшілікпен бірге қатысып жүреді, ал, алғашқы рөлі Б.Майлиннің «Майдан» драмасындағы Алтынай еді. Кәсіби сахна өнерінің негізін қалаған аға ұрпақпен әріптес бола жүріп, мол тағылым алған С.Майқанова қара шаңырақ, театр сахнасында алпыс жылдан аса үзіліссіз еңбек етіп, жарқын да шоқтықты бейнелердің тұтас бір галереясын жасады; кәсіби театр өнерінің өркендеуіне бар жан-тәнімен қызмет етті.
С.Майқанованың сан қырлы дарыны әртүрлі жанрда жарқырап көрінді. Әсіресе, әйел-ана рөлдерін жан жүрегімен беріле, айырықша шынайылықпен ойнады. Актрисаның М.Әуезовтің «Абайындағы» Ұлжан, «Қарагөзіндегі» Мөржан, С.Мұқановтың «Шоқан Уәлихановындағы» Зейнеп, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуындағы» Мақпал, «Ақан сері-Ақтоқтысындағы» Дәмелі, Э.Раннеттің «Адасқан ұлындағы» Леэна Туйск, Н.Хикметтің «Фархад-Шырынындағы» Сүтана, Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-Анасындағы» Толғанай, В.Куприяновтың «Вьетнам жұлдызындағы» Тхань, О.Иоселианидің «Арбаң аман болсынындағы» Кесария, С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісіндегі» Формон бибі, Д.Исабековтің «Мұрагерлеріндегі» Салиха, Дельмардың «Өкінішті өміріндегі» Люси, т.б. рөлдерінде актрисаның талант қуаты, адами болмысы мен азаматтық тұлғасы айқындала түсті.
С.Майқанова шығармашылығының шыңы Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-анасындағы» Толғанай бейнесі болды. Осы еңбегі үшін оған 1967 жылы «Мемлекеттік сыйлық» берілді.
«Толғанайды мен рөлім демеймін, өзімнің тағдырым, өзімнің күйзелісім, өзімнің қуанышым деп есептеймін», – дейді актриса. Осы біраз ғана лебіздің өзінде қаншама астарлы сыр жатыр. Өз рөліне деген махаббат пен құрмет болмайынша тамаша образ жасалуы мүмкін емес.
Иә, Толғанай бейнесі актрисаның бағын ашты. Ш.Айтматов: «Айтсам мақтанғандай болмайын. Жазылуында жетіспеушіліктер болған шығар. Қазір жазсам басқаша жазар едім. Бірақ менің ойымды Майқанова толықтырды», – деп актрисаның зор талантын мойындаған. Осы сөз актрисаның шығармашылық өміріне шуағын шашып, қанат бітірді. Толғанай рөлі арқылы актерлік өнердің биік шыңына көтерілді.
Әртістің ұлттық және әлемдік классикадан орындаған рөлдері де бүгінгі таңда ұлттық сахна өнерінің алтын қорына енді. Бұл ретте М.Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыландысындағы» Көклән, Б.Майлиннің «Майданындағы» Мамық, Мольердің «Сараңындағы» Фрозина, Гогольдің «Ревизорындағы» Мария Антоновна, А.Островскийдің «Найзағайы» мен «Жазықсыз айыптыларындағы» Кабаниха мен Гальчиха, М.Фриштің «Дон-Жуанның думанындағы» Селестина, А.Чеховтың «Ваня ағайындағы» Марина, т.б. рольдері жас сахнагерлерге үлкен мектеп.
С.Майқанова қазақ кино өнеріне де елеулі үлес қосты. Оның орындауында «Махаббат туралы поэмадағы» Мақпал, «Қыз Жібектегі» Қамқа, «Шабандоз қыздағы» Гүлбарша, «Біз осында тұрамыздағы» Торғын, «Құймадағы» Дәметкен, «Үш күн мерекедегі» күзетшінің әйелі, т.б. рөлдері көрерменнен жақсы баға алды.
1936 және 1958 жылдары Мәскеуде өткен қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіне, М.Әуезов театры құрамында бірнеше халықаралық театр фестивальдеріне қатысып өнер құдіретін ел аймағында ғана емес, дүниежүзілік шеңберде мойындатқан сахна саңлағының ерен еңбегінің бүгінде театр шежіресінен алар орны айрықша.
Театр сыншысы Әшірбек Сығай өзінің «Ой төрінде – театр» атты зерттеу еңбегінде былай деп жазады: «Алымды сахнагердің қай қапталынан көз салсаңыз да, өркешті бейнелер легі, құдіретті кесек кейіпкерлер тобы жадыңызға оралып, дәл бір ежелгі ертегілер елінен қуана қол бұлғап тұрған ескі таныстарыңдай жылы ұшырар еді. Ұлты, рухы, түр-түсі, тұрмыс-салты, мінез-құлқы әрқилы әйелдер кескіні, өздері шыққан түп тамырларын туған төл топырақтарынан нақ бір қазақтың ұлы қызы, ұлтымыздың өрелі өнерпазы Сәбира арқылы ғана тапқандай. Көбінше, көпке танымал бояулары қалыңырақ белең алып жататын сәттерде, есіл Сәкең ұрпағын аялап аһ ұрған аналарды толғап бір кеткенде, бейне бір ботасын іздеп боздаған аруанадай аңырар еді. Ұлжан, Зейнеп, Толғанай, Мақпал, Салиха, Мөржан, Кесария, Люси, Тхань, Евдокия Ивановна… Санай берсең, ұзын тізім жалғаса бермек, ұласа түспек. Құп, қазақ әйелдерінің психологиясына, тұрмыс-тіршілігіне жасынан қанық болып өсті делік. Ал өз репертуарындағы грузин, вьетнам, эстон, испан, фин, түрік, өзбек, орыс, қырғыз әйелдерінің жан дүниелеріндегі нәзік нюанстарды сахна сырын оқымаған өнер иесі қалай ғана сәтті иегере алған? Гәп ұлы актрисаның өмір мектебінен өрнек, өнеге табуында. Оның табиғи дарыны ен даланың, сайын сахараның ерке самалын еске түсірер еді. Жан дархандығы, талант молдығы, мінез кеңдігі тұла бойында «айғай салып», айғайлап емес-ау, үнсіз «шыңғырып» жатар еді. Сәбира Майқанқызы өнерінің де өзгеден ерекшелігі осында».
Сәбира Майқанованың сахнада тудырған кесек рөлдері – бүгінде аналар бейнесінің эталонындай қабылданады, бағаланады.
М.Әуезов атындағы академиялық драма театрындағы аналар бейнесі жайлы сөз болғанда, айтулы тізімнің көшін қазақ сахна өнерінің шебері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбира Майқанова бастайды. Ойымызды Еңбек ері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Сәбира Майқанованың өнердегі ізбасары Асанәлі Әшімовтің: «Қаллеки – қазақ театрының әкесі болса, Сәбира – біздің театрларымыздың анасы» деген пікірі бекіте түседі.
Сырлы суреткер өнері көрерменнің қиялын тербеп, ой үстіне ой тудырады. Саф өнерді қолға қондыру әркімнің қолынан келе бермесі анық. Оған барынша тазалық, адамгершілік темірдей төзімділік керек. Ол бірде ақылшы абыздай, бірде аңқау адал, бірде жаны сұлу жайсаң жасампаз, енді бірде шыдамсыз күйгелек, актриса қамтымаған мінез-құлық қалмаған. Трагедия, комедия, драма қай жанрда болсын актрисаның оң жамбасына келе қалатыны оның шеберлік диапазонының кеңдігін әшкерелеп, нағыз жүйрік екенін дәлелдеп тұр. Адамның жан-дүниесі мен психологиясын бір кісідей-ақ зерттеді, зерделеді. Сан түрлі бітім-болмысқа еніп, әр көрген сайын әрқалай тамсандырып, тереңіне тартып әкетеді. Ол өмірде де, сахнада да – ана. 1932 жылы қабылданып, бар өмірін арнап, адал қызмет еткен Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының да анасы атанды.
Әйгілі актер Серке Қожамқұловтың сынынан сүрінбей өтіп, 1932 жылы алғаш театр табалдырығын аттаған актриса 65 жыл ғұмырын киелі сахнаға қызмет етуге арнады. Бар өнерін халқына сарқып берді. Бір адамның өміріне пара-пар өнердегі өрелі жолын өнегелі етіп өрген саңлақ өле-өлгенше театрға табынып өтті. Актрисаны көзі көрген замандас-әріптестерінің айтуынша, Сәбира Майқанова ойнайтын спектаклі жақындаған сайын тыпыршып, тіпті екі күн ешкіммен сөйлеспей, өзгенің үйіне бармай, өзі де қонақ шақырмай кейіпкерімен іштей сырласып, ұзақ дайындалады екен. Әсіресе «Ана – Жер Ана» қойылымындағы Толғанайды ойнайтын күні сахна саңлағымен тілдесу мүлде мүмкін болмапты. Бұл – өнерді тұтас өміріне айналдырған театр тарланының кейінгі буын актерлерге тағылым болар тамаша қасиеті.
Актрисаның театр өнерін өркендетуге сіңірген ерен еңбегі бағаланып 1958 жылы Қазақстан 1970 жылы «КСРО халық әртісі» атақтары берілді, «Еңбек», «Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталды. Актриса қоғамдық жұмыстарға белсене араласты, көптеген жыл бойы театрдың партия ұйымын басқарды, ҚКП ХІ және ХІІІ, сондай-ақ, СОКП ХХІІІ съездерінің делегаты болды.
Сәбира Майқанова – мәңгі өлмес өнер иесі. Театрдың анасы атанған талантты тұлға. Талайды тамсантқан Толғанайымен-ақ өнерге қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісін көрсеткен әлемдік деңгейдегі алып актриса. Ұлт мақтанышы.
Сәбира Майқанова өнерде ғана емес, өмірде де шынайы бақытты ана деп білеміз. Екі ұл, екі қыз тәрбиелеп, жеткізді.
Сәбира Майқанова – руханият дәуірі. Ол жүз жылда бір қайталанатын тұлға. Оны – эстетикалық пішін, эстетикалық мазмұн десек те қателеспейміз. Өйткені, ішкі әлемі мол талантты актриса.
Актриса 1995 жылы Алматы қаласында дүние салды. Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентіндегі Мәдениет үйі Сәбира Майқанованың есімімен аталады.
Рухты өнері және биік азаматтық болмысымен «театрдың анасы» атанған, аса көрнекті актриса, адамдарға деген ізет-ілтипаты, бауырмалдығымен өнер қауымының да, халқының да сүйіспеншілігіне бөленді. Оның жарқын ғұмыры халқына, өнерге қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісі, ал өнері жасай бермек.