Home Мәдениет КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЫ ӘЛИЯ МОЛДАҒҰЛОВАҒА 100 ЖЫЛ

КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЫ ӘЛИЯ МОЛДАҒҰЛОВАҒА 100 ЖЫЛ

Daismedia.kz

Биыл қазақтың мерген қызы, Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толды. Тура 100 жыл бұрын, 1925 жылдың 25 қазанында Ақтөбе облысындағы шалғай ауыл — Қобда ауданының Бұлақ ауылында, Сарқұлов Нұрмұхаммед және Молдағұлова Маржанның отбасында, Әлиядай батыр қыз дүниеге келеді. Әлияның анасы оның төрт жасында аштықтан қаза табады. Бала кезінде анасынан айырылып (1933 ж.), кейіннен Алматыда ағасының қолында тұрған, ал 1935 жылдан бастап Ленинград, Красногвардейский ауданы, Гурдин көшесіндегі №46-шы балалар үйінде тәрбиеленген. Жетіру тайпасы Табын руынан шыққан. Байдың ұрпағы деген сылтаумен қуғынға түскен болуы керек, Әлияны әкесі інісінің тәрбиесіне беріп, өзі тығылуға мәжбүр болады. Әлияны асыруына алған ағасы Әубәкір Молдағұлов қарындасының он жасында Әскери-көлік академиясына оқуға түскендіктен, Мәскеуге көшеді. Бірнеше жылдан кейін Академия Ленинград қаласына ауыстырылған соң, Молдағұловтар отбасына Ленинградқа барады. Сол кезде 14 жастағы Әлия мектеп-интернатта орналасады.

Соғыс басталған соң балалар үйімен бірге Ярославль облысының Вятское селосына эвакуацияланған.1941 жылдың маусымында Әлия тәрбиеленіп жатқан отбасы эвакуациямен көшіріледі, бірақ, Әлия Ленинградта қалады. Осы жылдың қыркүйегінде немістер Ленинградты қоршауға алғанда Әлия балалар үйінің қалған тәрбиеленушілерімен Ярослав ауданындағы бір ауыла көшіріледі. Сол ауылда 7-сыныпты бітірген соң Әлия авиация техникумына оқуға түседі. Албырт қыздың арманы — әуеде самғау еді… Бірақ, «меттал өңдеу» мамандығына түскен соң, Әлия үш айдан соң өзі соғысқа сұрана бастайды. Тарихи құжаттарға қарасақ, 1942 жылдың 21 желтоқсанында «фронтқа аттанған Әлия Молдағұлова техникумнан оқуға шығарылды» деген деректі көз шалады. 1943 жылы Снайперлер дайындау орталық әйелдер мектебін аяқтайды. 1943 жылдың ақпанында арнайы дайындық курсынан өткен Әлия әскери Ант қабылдап, сол жылдың шілдесінде снайпер ретінде соғысқа шығады. 1943 жылдан бастап 54-ші арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болған (22-ші әскер, 2-ші Балтық жағалауы фронты).

Әлия Молдағұлова майдандағы алғашқы әскери наградасы – Даңқ орденін 1943 жылы Псков облысындағы Холм қаласы үшін болған ұрыстарда алған. Ал 1944 жылдың 14 қаңтарында Казачиха селосы үшін болған ұрыста опат болған командирдің орнын басып, жауынгерлерді шабуылға бастаған 19 жастағы Әлия Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында, қанды шайқастардың бірінде «Отан үшін алға!» деген ұранмен тұтастай бір дивизияға рух берген мерген қыз, ерлікпен жан тапсырады. Ресми деректер бойынша Әлия Молдағұлова 78 фашисті өлтірген.

Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұловаға 1944 жылы 4 маусымда үкімет қаулысымен Кеңес Одағы Батыры атағы берілді. Ленин орденімен марапатталды.

Ақтөбе, Астана, Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербор қалаларында батыр қыздың ескерткіші бой көтерген. Бұдан өзге, еліміз бен кеңестер одағына кірген елдерде ондаған көшеге, мектептер мен кемелерге батыр Әлияның аты берілген.
Артекте батырлар тақтасына Рубен Ибаррури, Тимур Фрунзе сияқты батырлармен қатар Әлия Молдағұлованың да суреті енгізілген.
Әлия Молдағұлова – феномен. Ол жасөспірім екеніне қарамай-ақ соғысқа аттанған. Әр адамның мықты тұсы болады. Әлия Молдағұлованың мықты тұсы – мергендігі. Ол өмірде де, майдан даласында да өз мақсатын анық көрген.

Әлия Новосокольники ауданының Монакова ауылында жерленген.

Әлия Молдағұлованың 80 жылдығын атап өту аясында Қобда ауданы Әлия ауылында облыстық «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығы ашылып, жұмыс жасап келеді. Онда мерген қыздың өмірі мен ауыл тарихына арналған экспонаттар орналасқан мұражай бар.

Аққан жұлдыздай жарқ етіп жоқ болған, қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешкен Әлия Молдағұлованың ерлігі елге аңыз.

Ұлы Отан соғысында жауқазын ғұмыры қиылған қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлова (1925-1944) рухына арнап көше аты да берілді, ескеркіш те қойылды, өлең де жазылды. Ал қаһарман қызға жасалған тағызымдардың ішіндегі ең ерекшесі Сейдолла Бәйтерековтың «Әлия» әні. «Әлия» әні – қазақтың «100 әні» тізіміне енген әуендердің бірі. Бұл ән – сұлулық пен қайсарлықтың белгісіне айналған ән. «Әлия» — қазақ қызының асқан қайсарлығын, өжет мінезін көрсеткен ән. Әрбәр тыңдаушының жүрегін тебірентіп және әрбірі көзіне жас алары анық.
«Әлия» әні дүниеге 1975 жылы келген екен. Көзі тірісінде сазгер былай деген екен: «Ән ойымда біраз жүрді. Күрделі әуен жадымды баурай жөнелді. Басында ыңылдап қана жүрдім. Бірде Бәкір Тәжібаевтың жыр жинағын қолыма алып, аша бергенім мұң екен, көзіме ақынның Әлия Молдағұловаға арналған өлең жолдары түсті. Жадымда жүрген әуенге салып едім, құйып қойғандай дәл келді. Бұл ән арнау емес, бұл ән — жоқтау. Балғын қыздың ерлігін ұлықтау, ел жадында қалдыру үшін осындай ән қажет-ақ». Біреуі біліп, бірі білмес, Сейдолла Бәйтерековтың алғашқы нұсқасында «Әлия» деп айтылатын жерінде мүлдем басқа әуен болушы еді. Алайда композитор, қазақтан шыққан тұңғыш саксафонист Еркін Слетдинов сол жерін дұрыстап, құлағымызда қалған, бәрімізге таныс әуенмен өзгертті. Композитордың айтуынша, бұл жерде бұндай қатты дыбыстың шығуы мүлдем керек жоқ. Дайын ән жас әнші Нағима Есқалиеваға ұсынылады. Алайда, ән кеңінен сол кезде 17 жасар әнші Роза Рымбаеваның орындауында танылды. 1976 жылы «Золотой Орфей» байқауында ән шырқалып, бірінші орынды иеленді. Мәскеуліктер «Әлия» әнін «Ең үздік жыл әні» деп бағалап, марапаттаған болатын. «Әлия» әні арқылы жас әнші Роза Рымбаева көпшіліктің көзайымына айналып, өнер көгінде кеңінен қанат қағуына жол ашты. Сондай-ақ, «Әлия» әні көпшілікке сазгер Сейдолла Бәйтерековты де таныстырды.
«Негізі бұл әнді ең алғаш орындаған «Гүлдер» ансамблінің сүйемелдеуімен Тілектес Нұрмағамбетов болатын. Ол кісі өзінің аранжировкасымен өз тонында айтты. Ал менің нұсқамды өзімнің жолдасым Тасқын Оқапов дайындап берген болатын. Әннің әуені, көлемі басқаша болып шықты. Мен Әлияның арқасында танымал болдым. Әлия әнінің шыққанына 40 жылдан асып кетті», — деді Роза Қуанышқызы.

Әлия есімі – біз үшін өнеге, біз үшін мақтанышпен айта алатын, тарихта алтын әріптермен жазылған есім.

Батырдың өзі өлсе де, біз үшін есімі мәңгі өлген жоқ!

You may also like

Leave a Comment