Home Мәдениет САТИРИК-ЖАЗУШЫ ОСПАНХАН ӘУБӘКІРОВТЫҢ ТУҒАНЫНА 90 ЖЫЛ

САТИРИК-ЖАЗУШЫ ОСПАНХАН ӘУБӘКІРОВТЫҢ ТУҒАНЫНА 90 ЖЫЛ

Daismedia.kz

90 жыл бұрын (1934-1986) қазақ жазушысы, әзіл-сықақшы, белгілі сатирик Әубәкіров Оспанхан дүниеге келді. Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Үшбұлақ ауылында туған. Биыл 90 жылдық мерейтойы

1954 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының театр факультетін тәмамдаған. 1960 жылға дейін Қазақ Мемлекеттік филармониясында, одан кейін республикалық газеттерде,

Сатиралық жанрмен бірге балаларға арналған өлең-жыр, ертегі, пьеса, композиторлардың әндеріне мәтін жазумен, аудармамен айналысқан. Мамандығы актер болғанымен, өзінің шығармашылық мұратын сатирадан тапқан.

Халқын кәусар күлкіге кенелтіп, өмірдегі келеңсіздікке қарсы қаламымен күресіп өткен қазақ сатирасының тарихындағы қайталанбас сирек талант Оспанхан Әубәкіров әдебиетімізге өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында қосылып, өмірінің ақырына дейін өнімді шығармашылық еңбек етті, уытты сатирасымен кеңінен танымал болып, оқырмандарының ықыласына бөленді. Ол сатираның поэ­зия саласында да, проза мен драматургияда да көптеген туындылар берді, балаларға арнап бірнеше жинақтар шығарды, әлем әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларын қазақ тіліне аударды. Суреткердің қай шығармасын алсақ та қазақы мінез-болмыспен көмкерілген күлкінің ұлттық сипатын танимыз. Оқиғаның мәні мен себеп-салдары, ситуациялық жағдайлар, кейіпкердің бітім-болмысы, ісі мен сөзі, мінезі – баршасы қазақы өрнекпен айшықталып, шынайы ұлттық қалпымен алдымыздан шығады. Жазушының өмірді көп зерттеуінің, адамдардың жан дүниесіне зер салып, көркем қиялдау мен аналитикалық ойлауды ұштастыруының нәтижесінде өнерге әкелінетін кейіпкердің сөз саптаулары – сатира мен юмордағы негізгі комизм көздерінің бірі.

Тұла бойына ұлттық ұғымға тән түсініктерді жинақтап, көп нәрсені астарлы оймен ұқтыратын, ұлттық психологияға негізделген, ­шешен тіл, шебер қалыппен сомдалған күлкі ғана өміршең. Оспанхан күлкісі осындай қасиетімен күшті, тартымды, ғұмырлы. Ұлттық әдеби мұра мен әлемдік озық сатира дәстүрлерінен үлгі-өнеге алып, оны шығармашылықпен дамыта білген Оспанхан Әубәкіров сатирада қайталанбас қолтаңбасымен өз дәстүрін қалдырды. Ешкімге ұқсамайтын өзіндік мәнер-машы­ғымен қазақтың әдебиеттегі күлкісіне жаңа өрнек әкелген сатириктің әзіл әлемі өзінше ажарлы, өзгеше дүние. Өз заманының ізгі ниетті зия­лы азаматы ретінде О.Әубәкіров жағымпаздық пен екіжүзділік, ойсыздық пен мылжыңдық, пасықтық пен дүниеқоңыздық, суайттық, қулық пен сұмдыққа бейімділік секілді қасиетсіздіктерді жек көрді. Айналасындағы адамдардың бойынан осындай жағымсыз қылық, жат әдеттерді көріп, жанымен күйзелді. Оған қарсы күресте адуынды айғай мен бетке айтып, дүрсе қоя беретін ащы сарказм тиімді құрал бола алмайтын. Ұялта отырып ұғындырамын дейтін ақылгөй әңгіменің де көп жағдайда дәрменсіз болары түсінікті еді. Өскелең ойлы, сауатты мен мәдениетті қауымға өз мініне өзін күлдірте отырып ой салу, парасатқа шақыру – жазушының негізгі шығармашылық ұстанымы ретінде айқындалды. Оспанханның әзіл-сықақтары оқырманын ерекше бір әлемге алып келеді.

Қарапайым нәрсенің өзінен күлкінің көзін тауып, ситуацияны тапқырлықпен ойната білуі, одан өнеге ұсынар ой түюі – сықақшы ақынның елеулі ерекшелігі. Оспанхан – әдебиеттегі әзілдің кілтін тапқан, күлкінің құпиясын меңгерген қаламгер.

Ол республикалық газеттерде, «Ара» журналында қызмет істеген. Сатиралық жанрмен бірге, балаларға арналған өлеңжыр, ертегі, пьеса, белгілі композиторлардың әндеріне мәтін жазумен, аудармамен де айналысқан. Әзиз Несиннің «Ахиреттен келген хаттары», Бранислав Нушичтің «Менің өмірбаяным», Лао Шэнің «Мысықтар қаласын», Э.Рапкенің «Мюнхаузеннің хикаяларын» қазақ оқырмандарына ұсынған.

Оның ең алғашқы кітабы «Қоңырау» деген атпен 1960 жылы жарық көрген. Мұнан соң «Бытпылдақ», «Солақай», «Жасыратын не бар», «Күлкіңіз келе ме?», «Көктайғақ», «Сүзеген сөз», «Сиқыр», «Ымды білесіз бе?» әңгімелер жинағы жарияланды.
Ол – «Чемпион Қожанасыр», «Милау сиыр» пьесаларының авторы. Оспанхан Әубәкіровтің таңдамалы әңгімелері орыс тіліне аударылып, «Сиқыр» атауымен кітап болып шыққан.
Жазушы, аудармашы Әзиз Несиннің «Ақыреттен келген хаттарын», Б. Нушичтің «Менің өмірбаянымын», Э. Рапкенің «Мюнхаузеннің хикаяларын», Лао Шэнің «Мысықтар қаласын» аударған.

1983 жылы балаларға арналған «Қағаз қалпақ» сатиралық жинағы үшін Қазақстан Жазушылар одағының сыйлығы берілді.

Қазақ сатирасының сардары Оспанхан Әубәкіровтің мәңгілік сапарға аттанғанына да ширек ғасырдан астам уақыт өтіпті. Бірақ оның қалдырған мұрасы әзіл әңгімелері, сықақ өлеңдері, интермедиялары, ән мәтіндері әлі күнге елдің есінде, оқырманның ойында. Осағаңның «Сіз туралы слух бар», «Мұрын ішіндегі мұрт» және т.б. шығармалар жинағы өзі о дүниелік болғаннан кейін де оқырман сұрауымен қайта басылып шығып жатыр.

Сықақшымен талай жыл қатар жүрген қаламдас әріптесі, жазушы Ғаббас Қабышұлы: «Мен Оспанхандай жайдары, кішіпейіл жанды сирек кездестірдім. Прозасында да, поэзиясында да әзіл-сықақтың теңдессіз әдемі көрінісі: өрімі келіскен оқиға, құнары мол көркем тіл, тайталасып тұрған не түрлі теңеу соның нәтижесінде төгілген күлкі бар ондаған өлең-әңгіменің, пьесаның авторы, анау «Тамашаның» кіндік атасы, анау «Сүзеген сөздің» («Лениншіл жас» «Жас Алаштағы») әкесі де шешесі, алты алашқа мәлім, атақты Осекең жаңа жазып жүрген жастардай именшек еді, кеудемсоғы жоқ-ты», дейді.

Оспанхан Әубәкіров өзінің сатириктік талантының арқасында, бойындағы адамгершілік қасиетін ту етіп, халқымен бірге жасайтын өлмес туындыларымен Оспанхан қазақ әдебиетінде сатираның бұрын-соңды болмаған биікке көтерілуіне мол үлес қосты.

You may also like

Leave a Comment