Түркістанда ерекше өнерлі жастардың өнер туындыларының көрмесі өтті. Шара облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі мен «Шаңырақ» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қолға алынған. Байқаудың мақсаты — ерекше таланттарды танып, олардың шығармашылық ізденісін ұлғайту және шығармашылыққа баулу.
Байқау мақсаты – ел арасындағы табиғатынан ерекше таланттарды танып, олардың шығармашылық ізденісін ұлғайтып, дарынды жастардың шеберлігін шыңдап, ынтасын ояту және жастарды шығармашылыққа баулу, сондай-ақ өзіндік шеберлігін көрсете білуіне көмек беру, республикалық, облыстық сайыстарға шыңдау болып табылады.
Жиынға Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Жұпар Бейсенова, Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі Мереке Айдарша, Қазақстан дизайнерлер одағының мүшесі Меруерт Сейсенбекова, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Мұрат Шаханбаев, Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі Альмира Нақбаева мен облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің басшысы Ернар Бектаев және БАҚ өкілдері қатысты.
Байқауға Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Бейсенова Жұпар Амангелдіқызы, Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі Айдарша Мереке Болатқызы, Қазақстан дизайнерлер одағының мүшесі Сейсенбекова Меруерт Сәрсенбекқзы, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Шаханбаев Мурат Нұрмағанбетұлы, Халықаралық Қазақ-Түрік университеті Спорт және өнер факультетінің Бейнелеу өнер кафедрасының аға оқытушысы Әуелбеков Нұржан Ержанұлы, Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі Накбаева Альмира Боранханқызы төрелік етті.
«Байқауға қатысушы жандардың мүмкіндігі шектеулі болса да, жүректерінде тұнған сезім мен өнерге деген сүйіспеншілік бізді тебірентіп, шараның көркін ашты. Байқау болғаннан кейін жеңіліс те, жеңіс те болады. Бар күш-жігерлеріңізді жиып, осы додаға қатысқандарыңыздың өзі үлкен жетістік. Барша өнерпаздарға үлкен алғысымызды білдіреміз, — деді Ернар Бектаев
Шара соңында, мүмкіндігі шексіз жандардың туындылары аукционға қойылды.
«Аукционда әдемі тастармен безендірілген әшекейлер, үкілі сәукеле, сәнді білезіктер, үй макеті, қоржын, тоқыма бұйымдары, гипстен жасалған мүсін, шағын әмияндар, арқан жіптен өрілген себет және тағы да басқа заттар сатылды. Біз әрдайым қолдап, көмектесуге дайынбыз. Балалардың қолдан жасаған бұйымдары өте сапалы әрі терең мағынаға толы.
Барша қатысушы жастарға Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ернар Нұралыұлы барша қатысушыларға ынталандыру сыйлықтарын берді.