Home Жаңалықтар АЛАШТАНУШЫЛАР МЕН ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

АЛАШТАНУШЫЛАР МЕН ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Daismedia.kz

Бүгін Түркістанда ғалымдар, алаштанушылар және зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті. Аталған жиын. 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және жаппай ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырылған. Кездесу алдында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қонақтарды қабылдады. Ол өз сөзінде өңір басшысының сәлемін жеткізіп, бұл бағыттағы жұмыстардың әрі қарай да жалғасатынын атап өтті. Содан соң үлкен аудиторияда модератор болды.

Алдымен сөз алған жазушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай баяндама жасады. Алаш қайраткерлері туралы ой қозғап, жастардың жігерін жаныды. Нәзір Төреқұлов атындағы қайырымдылық қорының президенті, Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі Жаппар Жұман тұңғыш дипломат жайлы кеңінен баяндады.

Астанадан келген ғалымдардан соң, филология ғылымдарының кандидаты Ақжол Қалшабек сөз алып, нәубет жылдар төңірегінде тың ақпаратпен бөлісіп, жақында шыққан кітабын таныстырды. Ал Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Бахадыр Айтай көрші өзбек елінде жасалған зерттеу барысын баяндады. Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ләззат Динашова архивтен табылған деректерді мысалға келтіре отырып, бұл қадамдардың жай есеп үшін емес, болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқанын атап өтті. Содан соң Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архивінің басшысы Гүлнара Шардарбекова сөз алып, атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.

«Оқушылар сарайы» ғимаратында өткен кездесуге өңір жастары, түрлі сала өкілдері және облыстық Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның мүшелері қатысты. Кездесу соңында қатысушылар түрлі сұрақ қойып, мардымды жауап алды. Облыс әкімінің орынбасары айтылған ұсыныс-пікірлер мен көтерілген мәселелер назарға алынатынын жеткізді. Сондай-ақ келген қонақтар мен қатысушыларға алғысын білдірді.

Айта кетсек, Түркістан облысы әкімдігінің 2021 жылғы 14 қаңтардағы №6 қаулысына сәйкес, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия және 63 адамнан құралған арнайы жұмыс тобы құрылып, жұмыстарын жүргізуде. Барлық категория бойынша құжатта жалпы 6193 адамның дерегі табылған. Олардың құқықтық тұрғыда ақталмағандығы анықталып, ақтауға ұсынылған.

Қазақстанда 1997 жыл­дан бері жыл сайын Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген Саяси қуғын-сүргін құрбан­да­рын еске алу күні аталып келеді.

Қазақстандағы тұнғыш репрессия 1928 жылдан басталды. Өйткені 1925 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетінің 1-хатшысы болып келген Ф.И.Голощекин республиканың саяси-экономикалық және әлеуеттік жағдайымен танысып «Қазақстанға Ұлы Қазан революциясының ешқандай ықпалы болмады, сондықтан мұнда «Кіші Қазан» революциясын жасау керек» деген теріс қорытындыға келіп, республикада репрессиялык шаралар жүргізе бастайды . Ол ең алдымен ескі зиялыларға ауыз салады. Солардын ішінде қазақстандық Ә.Бөкейханов, Ж.Ақбаев , Ә.Ермеков т.б. болды.

1930 жылдары Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған және 25 мың адам ату жазасына кесілген. Нақ осы жылдары қазақстандық ғылым, мәдениет және саясат саласының зиялы қауым өкілдері атылған.

Жалпы 1930-1953 жылдары аралығында 40 миллионнан астам кеңес азаматтары репрессияға ұшыраған. Әсіресе бұл заңсыз жазалауға Кеңес Одағы құрамында болған барлық халықтар мен ұлттардың бетке ұстар интелегенция өкілдері ұшыраған. Осы кезеңде қазақтардың 40 пайызы қаза тапқан. Ал Қазақстан аумағында орналасқан лагерлерге корейлер, поляктар, Еділ немістері, Қырым татарлары, Кавказ халықтары және басқа да ұлт өкілдері қоныс аударылып келген.

Қаншама зобалаң жылдарды бастан кешкен қазағымның әрқайсысының айтқан зары, кешкен мұңы, жүріп өткен тар жолдары – бәрі-бәрі бүгінгі ұрпақтың құлағында, жүрегінде, мәңгі есінде.

Осыған орай, 1997 жылы ҚР Президентінің Жарлығы шығып, соған сәйкес 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандары күні болып жарияланды, ал ҚР үкіметіне жыл сайын 31 мамырда саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған іс-шаралар әзірлеп өткізу тапсырылған. Бұл күні бүкіл ел саяси қуғын-сүргін құрбандары болған біздің отандастарымызды еске алады.

You may also like

Leave a Comment