Home Мәдениет ҚАЗАҚТЫҢ АҚЫН ҚЫЗЫ ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВАНЫҢ ТУҒАНЫНА 85 ЖЫЛ

ҚАЗАҚТЫҢ АҚЫН ҚЫЗЫ ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВАНЫҢ ТУҒАНЫНА 85 ЖЫЛ

Daismedia.kz

Фариза Оңғарсынова 1939 жылы 5 желтоқсанда қазіргі Атырау облысындағы Новобогат ауданына қарасты Манаш ауылында дүниеге келген. Фариза он баланың кенжесі. Алайда, бауырларының көбі ерте қайтыс болып кетеді. Әкесі – Оңғарсын Иманғалиев оқыған, балық шарушылығын алғаш болып ұйымдастырған, жұртына қадірлі азамат болған. Ол Фаризаның кішкентай кезінде қайтыс болып кеткен. Ал анасы – Халима Иманғалиева арабша хат таныған кісі. Ол, халық ертегілерін, ескі қазақ әндерін жақсы көрді. Балаларын да оқу-білімге баулып, сауатты болуларына үлкен үлес қосқан да анасы.
Қазақтың ақын қызы кішкентай кезінен-ақ, анасының Пайғамбарымыз (с.ә.с) туралы әңгімесін естіп өседі. Ол қиындыққа кезіккен сайын анасын жылатпауға тырысып өсті. Мектеп жасында-ақ, Қобыланды батыр жырын жатқа оқыды. Алайда, сол заманда бүкіл елді қалжыратқан сұрапыл соғыс тұтастай ұрпақты ерте есейтті. Фариза Оңғарсынованың да балалық шағы сол сұрапыл жылдарға дөп келді. Әке қазасының артын ала мейірімді аға Бақтұғыл мен сүйкімді апайы Рәбила оралмас сапарға аттанды. Болашақ ақын бас-аяғы алты жылда жанына жақын үш бірдей адамынан айырылды.
Фариза Оңғарсынова 1961 жылы Гурьев (Атырау) мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдап шығады. Оқу бітіргеннен кейін сол өңірдегі Балықшы, Еркін қала, Октябьрдің қырық жылдығы атындағы қазақ мектептерінде дәріс берді. Ол 1966 жылға дейін ауылдық мектептерде мұғалім, содан кейін директор болып жұмыс істеді. 1966 жылдан бастап Гурьевтік «Коммунистік еңбек» облыстық газетінің редакциясында әдеби қызметкер ретінде жұмысқа орналасып, журналистік қызметін бастады.
Фариза – бұл есім бүгін өрлік пен ерліктің сыршыл сұлулықтың, ұлылықтың символы. Фариза біреу де болса, бірегей деген ұғымды білдіреді. Оның отты жырлары ұлттың қуанышы да, жұбанышы да болған. Фаризада өзінің талантына лайық тегеурінді мінез де болды. Расында да, ақынның мінезі тегеурінді еді. Талайды опындырған да, бірақ ақынды биік шыңға жетелеген де, дәл осы мінез болатын.
Ертеректе, неміс баспасының аудармашысы Ильза Чертнер деген әйел Фариза Оңғарсынованың үйіне қонақта болған. Сонда қойдың үйітілген басына үрке қарап, сылқылдай күлген аудармашы мен оның серігінің әрекеті Фариза апаймызға жақпай, ақын оларды үйінен қуып шығады. Сол кезде ақын: “Дәстүрімді сыйламаған адам, өлеңдерімді аудармай-ақ қойсын” депті.
Фариза Оңғарсынова қалың қазаққа алдымен, шыншыл журналист ретінде танылды. «Лениншіл жас» газетінің Мұнайлы өлкедегі тілшісі көп жазатын, әділ, кесіп жазатын.

Қайсар мінезді қазақ қызы 1970-1978 жылдары «Қазақстан пионері» республикалық пионерлік газетінің редакторы болып қызмет етті. Ал 1978 жылы «Пионер» (қазіргі Ұлан) газетінің бас редакторы және 2000 жылға дейін қазіргі «Ақ желкен» журналының бас редакторы қызметін атқарады. Содан кейін 2000 жылдан 2004 жылға дейін – ҚР парламенті мәжілісінің І және ІІ шақырылуларының депутаты болды.

 Алғашқы өлеңдері республикалық баспасөз беттерінде 1958 жылы, тұңғыш өлеңдер жинағы «Сандуғаш» 1966 жылы жарық көрген. «Алмас қылыш», «Тартады бозбаланы магнитім», «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын», «Тыңдаңдар, тірі адамдар», «Қарғыс», «Қасірет пен ерлік жыры» поэмалары, «Үйім менің – Отаным», «Маңғыстау монологтары», «Революция және мен» өлең топтамаларының авторы. Көптеген шығармалары шет ел тілдеріне аударылған. Чили ақыны Пабло Неруданың «Жүректің төрт мезгілі» кітабын, орыс ақыны А.А.Блоктың «Нәпсі», «Куликов даласы», «Он екі жыл өткен соң», «Кармен», «Қарлы перде» өлең топтамаларын, сондай-ақ, Р.Ф.Казакованың, Е.А.Евтушенконың, араб ақыны Әбдірахман әл-Хамисидің жекелеген шығармаларын қазақ тіліне аударған. 
Фариза Оңғарсынова – әйел тақырыбын шығармаларына негіз еткен ақындардың бірі, оның «Дыбыстар әлемі» дастаны қазақтың композитор қызы Ғ.Жұбановаға, күйші Д.Нұрпейісоваға, «Бибігүл-ән» жыры әнші Б.Төлегеноваға, «Назқоңыр» Р.Бағлановаға, «Жыр анасы» М.Хакімжановаға, «Тыңдаңдар, тірі адамдар!» топтама өлеңдері қос батыр Әлия мен Мәншүкке арналған. Сондай-ақ, «Қыз махаббаты», «Қыз сөзі», «Шығыстағы ару қыз», «Парсының сұлулары», «Әйел тілегі», «Әйелдің монологы», «Қызыл тымақты қыз», «Қыз-ғұмыр» атты жырлары ақынды әйел адамының жиынтық бейнесін сомдаушы қаламгер ретінде танытады.
Ақынның Кәмшат Дөнентаева жөніндегі «Біздің Кәмшат» атты деректі повесі (1966) мен «Шашы ағарған қыз» (1990) және «Сыр сұхбат» (2013) атты прозалық туындылары сөз өнерінің рухани қазынасына қосылды.

1979 жылы жарық көрген «Сенің махабатың» жинағындағы сырласу немесе ақын әйелдің анасымен диалогы атты поэмасы Фариза ақынның шығармашылығындағы шындықтың биік шырқауы.

1984 жылы «Үйім – менің Отаным», «Маңғыстау монологтары», «Революция және мен» өлеңдері топтамалары үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Ленин комсомолы Орталық Комитетінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен, «Құрмет Белгісі», Парасат (2001) ордендерімен марапатталған. Республика мәдени-ағарту ісіне еңбегі сіңген қызметкер. Қазақстанның Халық жазушысы. 
Қас жүрекке бөген жоқ, журналист Фариза Оңғарсынова кейін Алматыға ауысты. Алматыда «Қазақстан пионері» басылымының редакторы болып бекітілген журналист Оңғарсынованың отты жырлары лег-легімен жарыққа шыға бастады.

Фариза ақынның өлеңдерінің құдіреті асау мінез, шалт қимыл мен ащы шындық болатын. Әр сөзі мірдің оғындай Фариза ақын халықтың мұң-мұқтажын көре жүрді, көп мінбеден көтере білді. Қазақстан мәжілісінің депутаты болған кезде «Ана мен бала» туралы заң жобасын әзірлеп, мәжіліс қарауына алғаш ұсынған да Фариза Оңғарсынова еді. Жетім көрсең жебей жүр деп, әлеуметтік мәселелерді төтесінен қойып, кесіп тұрып айтты, жазды. Бірақ, мемлекеттің қоржынында ақша аз деген себеппен ақын жазған заң мақұлдануға жіберілмей қалған болатын.
Ол парламенттің депутаты ретінде қазақ тілінде екі заң жобасын жасады. Оның біреуі, жоғарыда атап өткеніміздей «Ана мен баланы» қорғау туралы заң деп аталса, екіншісі «Баланың құқығы» деп аталды.

Фариза ақын сүйіспеншілік пен махаббатты 28 жыл үздіксіз жырлаған ақын. Бірде оттай шарпитын, енді бірде алапат дауылдай теңселтетін махаббат сезімін басуға, жүрегін жандырмай, жан дүниесін таза ұстап қалуға кө мектескен қандай құдірет күш. Оған да жауапты ақын өлеңдері арқылы берді.

2014 жылдың 23 қаңтарында, Қазақ әдебиеті ауыр қазаға душар болды. Артына өшпес асыл мұра қалдырған қазақтың аса көрнекті ақыны, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынова, 75 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Қазақ халқының біртуар ақын қызы 2014 жылы 27 қаңтарда Астанадағы Ұлттық пантеонда Қабанбай батырдың кесенесінің жанында жерленді.

2015 жылы ақынның туған жерінде ескерткіш, 2015 жылы Астанада ақынның тұрған үйіне ескерткіш тақтайша орнатылды. 2016 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Сардар» баспасынан 12 томдық шығармалар жинағы жарық көрді 2018 жылы Алматыда тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды, көше берілді. 2018 жылы балаларының қолдауымен естеліктер жинағы жарық көрді. 2018 жылы Ақтөбе қаласында Ф.Оңғарсынова атындағы мектеп, 2019 жылы Астана қаласында Ф.Оңғарсынова атындағы көше, 2019 жылы Ақтау қаласында мектеп ашылды. 2019 жылы ақынның 80 жылдық мерейтойына орай «Шілде» және «Полдневный жар» кітаптары жарық көрді. 

Фариза ақын сүйіспеншілік пен махаббатты 28 жыл үздіксіз жырлаған ақын. Бірде оттай шарпитын, енді бірде алапат дауылдай теңселтетін махаббат сезімін басуға, жүрегін жандырмай, жан дүниесін таза ұстап қалуға кө мектескен қандай құдірет күш. Оған да жауапты ақын өлеңдері арқылы берді.

Фариза Оңғарсынованың өлеңдері болашақ ұрпаққа мың жылға азық болары ақиқат.

You may also like

Leave a Comment