Бұлбұл үнді күміс көмей әнші Бибігүл Ахметқызы Төлегенова 1929 жылы 16 желтоқсанда Семей қаласында туды. Әйгілі әнші өнер жолын қаламыздағы ет-консерві комбинатында қатардағы жұмысшы бола жүріп көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысудан бастады.
Бибігүл Төлегенова саналы ғұмырында ашаршылықты, ел басына қиын күн туған соғысты, нәубетті жылдарды да көрген. Бар халық бейбітшілік үшін еңбек еткен тұста сол ортада жүріп, жас та болса өз үлесін қосқанын айтады. Жеті жасынан бастап кір де, үй де жуды, қара жұмысшы болды, жер де қазды.
«Ашаршылықты, Отан соғысын көрдік. Қиын қыстау күнде еңбек еттік, қара жұмыс істедік. Содан жаман болмадық. 60 жылдан аса сахнада жүрмін. Соның басым бөлігінде ауыл араладым. Шахтерлар, егіншілер, малшылар, қара жұмысшыларға концерт бердім. Халықтың ортасында жүргенімнің арқасында осы дәрежеге жеттім», — деп еске алды халық әртісі.
Әншінің өнер жолына бағыт сілтеп жол салған, Семейге жер аударылған жазушы Галина Серебрякова мен жетекші ұстазы, Халық әртісі Надежда Самышина болды.
Талантты қыз шығармашылық жолын Алма-Атадағы Қазақ консерваториясының вокал-хор факультетінің студенті болған кезден бастады. Әнші Қазақ радиосында солист болып жұмыс істеді, онда танымал халық және эстрада әндерін орындады.
Әнші репертуарындағы Л.Хамидидің «Қазақ вальсі», Е.Брусиловскийдің «Қос қарлығаш», М.Төлебаевтың «Еске алу» және Батыс Еуропа композиторларының шығармаларынан вальс, романс, арияларын жоғары деңгейде орындады. Республикалық радиодан ән шырқау кезеңінде өткерген 1951-1953 жылдар аралығында Бибігүл әншілігін насихаттай жүріп, 1954 жылы Қазақтың Мемлекеттік консерваториясын бітірген соң, Қазақтың Мемлекеттік академиялық опера және балет театрына солист болып қызметке тұрады. Әнші білім алып жүріп, 1951 жылы Қазақ радиосында солист болып жұмыс істеген. Ол онда танымал халық және эстарада әндерін орындаған. 1956 жылы Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі Қазақ филармониясы труппасының солисі болды. 1958 жылы Москва қаласында қазақ өнерінің онкүндігінде әншілік биігінен көрініп, сол жолы Қазақ ССР халық артисі атанады. Әнші Ленин ордені мен Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1966), СССР халық артисі (1967).
Халық бағасына әлдеқашан ие болған Социалистік Еңбек Ері (1991). 1968 жылы Семей қаласының 250 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өткізілгені тарихтан белгілі. Осы шараға КСРО Халық артисі Бибігүл Төлегенова да белсене қатысып, үлкен концерттік бағдарламасымен шығып халық алғысына бөленді.
1968 жылы шілде айында «Семей қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Атақты әнші еңбекқорлығы, адалдығы және қайсарлығының арқасында өмірі мен шығармашылығында биік шыңға жетті.
Бибігүл Төлегенова Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының «Қыз Жібек» қойылымында (Е.Брусиловский операсы) Жібек рөлін сомдады.
Бибігүл Төлегенованың өмірі әрдайым сүйікті ісі – концерттер, гастрольдер, ән орындаулар мен кездесулерге толы. Оны ұлттың мақтанышы деп атайды. Ол қазақстандық музыка өнері тарихындағы бір дәуірдің бейнесіндей.
Әнші репертуары алуан түрлі әрі бай: «Гауһар тас», «Жиырма бес» халық әндері, қазақ композиторларының шығармалары, атап айтсақ, Л.Хамидидің «Бұлбұл», Е.Брусиловскийдің «Қос қарлығаш», М.Төлебаевтың «Еске алу», Е.Рахмадиевтің «Тарантелла», С.Мұхамеджановтың «Көктем вальсі», П.И.Чайковский мен С.В.Рахманиновтың романстары, Н.Римский-Корсаков операларынан ариялар, батыс композиторларының туындылары (Г.Доницетти, Э.Григ, Ф.Шуберт) пен басқалар.
Бибігүл Төлегенова «Это было в Шугле» (1955), «Тақиялы періште» (1968), » Наш милый доктор» (1957), «Алдар Көсе» (2011) және тағы басқа фильмдерде ойнады.
Әнші шығармашылығы, еңбегі және қоғамдық қызметі үшін көптеген мемлекеттік наградамен марапатталды.Қазіргі уақытта Бибігүл Төлегенова – қазақстандықтар арасында КСРО халық әртісі атағын алған көзі тірі жалғыз әйел.
Қазіргі уақытта Бибігүл Төлегенова – қазақстандықтар арасында КСРО халық әртісі атағын алған көзі тірі жалғыз әйел.
Қазақтың әнші бұлбылы Бибігүл апамызға зор денсаулық, қажымас қайрат тілейміз!