Home Қоғам КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЫ НҮРКЕН ӘБДІРОВКЕ 105 ЖЫЛ

КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЫ НҮРКЕН ӘБДІРОВКЕ 105 ЖЫЛ

Daismedia.kz

Кеңес Одағының Батыры Нұр­кен Әбдіров 1919 жылы 9 тамызда қазіргі Қарағанды облысы, Ақто­ғай ауданы Нұр­кен (бұрынғы Жәм­ші) селолық округінен екі шақырым­дай жерде, Қаратал (бұрынғы Ка­линин) ауылы маңындағы Тезекбай тауының етегінде дүниеге келген.
1929 жылы Қарағандыда кө­мір өндірісі ашылып, жұмыс орын­дарының көбеюіне байланысты Нұркен ата-анасымен Қа­ра­ғанды қаласына қоныс аударып, осы қалада білім алады.
Ал 1935 жылы Жамбыл атын­­дағы 7 жылдық мек­тепті бітір­геннен кейін 18-шахтаның кі­тапха­насына қыз­метке орнала­сады. Сонда қызмет атқара жүріп, 1937 жылы Мәскеудің кітапха­на қызметкерлерін даярлайтын тех­ни­кумын бітіреді. Одан ке­йін­гі жылдары «Қазақ кітап сау­да­сы» мекемесінің Қарағанды бөлім­шесінде есепші болып қызмет істеп жүргенде, заң орындарының ша­қы­руымен, 1938-1939 жылдары аудандық, облыстық прокуратурада тергеуші болып қызмет ат­қарады.
1939 жылы Қарағанды аэроклубының ұшқыштар курсын бітіріп, запастағы пилот мамандығын алды. Қызыл Армия қатарына 1940 жылы шақырылды.
Соғыс басталған кезде Нұркен Орынбордың әуе училищесінің курсанты болып оқып жүрген. 1942 жылы оқуды бітірген соң оған қысқа мерзімді демалыс берілген, алайда ол бұл демалыстан бас тартты. «Мен фашистердің үнін ажал оғымен өшіру үшін асығып, үйге бармадым…» деп жазып, майданға аттанады.
Шайқаста ержүректілігімен, іскер қимылдарымен көзге түсті.
Орынбордың әуе училищесін тәмамдаған Нұркен Әбдіров 1942 жылы 9 қазанда 267 әуе дивизиясының 808-ші шабуылшы полкі құрамына кіреді. 23 қазанда алғаш рет жауынгерлік тапсырмамен ұшады.
«Мен жас жанымды бос бере қоймаймын. Өлсем, жастығымды ала жатамын. Астымда фашистің күлін көкке ұшыратын ұшқыр ұшақ бар. Маған сеніп тапсырылған осы техниканың тегеурінін жауға қарсы бағыттауым керек…Егер жаудың көзін жоймасақ, олар елге қауіп төндіреді. Сіздерге бұрынғыдай қызықты уақыт пен бостандық болмайды…» деп жазды ол ұшар алдында.
Жаудың оқ-дәрі, қару-жарақ қоймаларын, адам күші мен ұрыс техникасын жойды. 16 рет әуе шайқасына қатысып, фашистердің 12 танкісін, 28 жүк автомобилін, оқ-дәрі тиеген 18 машинасын, жанармай құйылған 3 цистернасын, 3 зеңбірегін жойып, 50-ден астам неміс солдаты мен офицерін жер кұштырған.
Шабуылдан бастап, шайқасқа дейін Әбдіровтің шабуылдаушы ұшағының ұшу дағдылары өсе берді. Сұрапыл соғыс майдандарында қазақ ұшқышы Нұркен Әбдіровтің Борис Алексеев, Питер Вычугжанин, Алексей Писанкомен арадағы майдандас достығы нығая түсті. Осындай құрамда, төрт шабуылдаушы ұшқыш жауынгерлік тапсырмаларға бірге шығып жүріп, «юнкерлер» мен «мессершмиттердің» де шабуылына төтеп берді.
1942 жылдың 19 желтоқсан күні 17-жауынгерлік тапсырмасын алған Н.Әбдіров жаудың Сталинград шебіне енетін Боков-Пономаревка аудандағы қорғаныс бекінісі мен шоғырланған танкілерін жою үшін әуеге көтерілді. Тапсырманы орындау кезінде Н. Әбдіров бірнеше дзотты, зенит артиллериясының 2 нүктесін, 6 танкті жойды.Сол кезде сержант Вычукжаниновтың экипажы қиын жағдайға тап болып қалды. Бүкіл батарея оған қарай оқ жаудыра бастады. Сонда досының қиындыққа тап болғанын көрген Әбдіров оған көмекке келеді. Ол мүлт етпестен жау қаруын дәлдеп атып, біреуінің көзін жояды. Бірақ Вычукжаниннің ұшағы қирай бастағандықтан, өртке оранған күйі шыр айналып келіп, төмен қарай шүйлігіп құлады.

Н.Әбдіров шабуылын жалғастыра берді. Бірақ, осы кескілескен ұрыста неміс ұшқыштары Нұркеннің ұшағын атып түсіріп, «ИЛ-2» өртене бастады. Оларға ұшақтан секіріп кетуге болар еді, бірақ ұшқыш пен оның жанындағы мерген бұл ойдан бас тартты. Осыған қарамастан, батыл ұшқыш шабуыл жасауын тоқтатпады. Олар тұтқын болып қолға түскенше, ерлікпен өлгенді жөн көрді. Бір уақытта жалындаған от кабинаға кіре бастағанда, Нұркен ұшқыш-радиошы Александр Комиссаровқа өртеніп жатқан ұшақтан секіруді бұйырады.

Бірақ, ол майдандас досын жалғыз өзін өлімге тастап кетуден бас тартты. Жалын шарпыған ұшағын жау техникасы шоғырланған тұсқа бағыттап, капитан Н.Ф. Гастелло сиякты қаһармаңдықпен қаза тапты.
Әбдіровтің бұл ерлігін майдандағы достары соғыс біткен соң хатқа түсірді. Соның бірі жауынгерлік тапсырмаға Нұркен Әбдіровтің экипажымен бірге шыққан, жау әскерін бомбалаған Алексей Писанконың экипажы болатын. Майдандас досы Писанко Әбдіровтің ұшағына оқ тигенін көріп, ұрыстан шығуын сұраған. «Ұрыстан шық, мен сені қорғаймын, өзіміздің шепке қарай бұрыл!» деп жанталаса айғайласа керек.

Алайда Әбдіров отқа оранған ұшақты жанар-жағармай таситын көліктерінің жанында шоғырланған неміс танкілеріне қарай бұрды. Салмағы алты тонна ұшақ жанар-жағармай құйылған цистернаға соғылды. Жаудың алты танкісі, екі зеңбірегі, ондаған солдаты мен офицерін жойды.
Батырдың ақтық сөзін екінші ұшқышы кейінгі ұрпаққа жеткізді. Ол алматылық жерлесі Алексей Писанко еді. Ақтық сөзі: «Қош бол, Леша, Отанға де­ген ме­нің жалынды сәлемімді жеткіз. Қа­рағандыға хат жазып жібер. Қош бол, досым!». Міне, нағыз батыр осылай депті.
Батыр Рос­тов облысындағы Боков стансасы маңын­дағы Конь­ки де­ген хутордың іргесіне, ба­уырластар з­иратына жерленген. Бауырластар зира­ты­ның басына қы­зыл граниттен ес­керткіш қойылған. Ес­керт­кіш­­тің қабырғасындағы тақтада мы­­нан­дай жазу жазылған: «Бұл жер­де Ке­ңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіров пен атқыш-радист Алек­сандр Комиссаров жерленген».
1943 жылы 29 желтоқсанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы Әбдіровтың ата-анасына хат жолдайды.
Онда: «Нұркен Әбдіровтің ата-анасына! Әскери қолбасшылықтың хабарлауы бойынша, сіздің ұлыңыз сержант Нұркен Әбдіров Отан үшін болған жойқын шайқаста ерлікпен қаза тапты. Сіздің ұлыңыз Нұркен Әбдіровке неміс басқыншыраымен болған ұрыста қаһармандық ерлік көрсеткені үшін 1943 жылдың 31 наурызынан бастап, КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумының қаулысымен оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Калинин»,- делінген. Бұдан бөлек Нұркен Әбдіров Ленин орденімен марапатталды.
Қарағанды қаласында, сондай-ақ өз есіміндегі ауылда (батырдың туған жерінде) Н.Әбдіровке ескерткіштер орнатылған. 1958 жылы Қарағандының жас­та­ры қа­ражат жинап, Нұркен Әб­ді­ровке ескерткіш тұрғызды. Кен­ші­лер ас­танасында кең де көр­кем көшенің бірі, спорт комби­наты даңқты жер­лесіміз Нұр­кен­нің атын алды. Жыл сайын Н.Әбдіров атыңдағы жүлде үшін еркін күрестен жарыс өткізіледі.
Ақтоғай селосы орта­лығында бір көше батыр есімімен аталса, Нұр­кен селосы орталығындағы мек­тепке батырдың аты берілген, мек­тепте мұражай үйі ашылған.
Волгоградтағы Мамаев қорғанының етегінде Н.Әбдіров бейнелі зираты жасалған.
Ұшқыш­тың тең­десі жоқ ер­лігі запастағы подпол­ковник, бір кезде Нұркен­нің сүйік­ті ұстазы болған Г.Яки­мов­тың кітабына «Мәңгілік өмір шыңына» («Пике в бессмертие») арқау болды. Осы кі­тап­тың желісімен «Қа­зақ теле­фильм» студия­сы деректі кино (Алматы, 1966 ж.) түсірді.
Сондай-ақ, Нұркенге аспанға ұшуға билет сыйлаған Қарағандыдағы ұшқыштар аэроклубы да Нұркен Әбдіровтің есімімен аталды.

You may also like

Leave a Comment