Ел тарихында мерейі тасыған мәртебелі дәуірлерімен қатар, «тар жол тайғақ кешкен» тақсыретті кезеңдердің де аз болмағаны ащы ақиқат. Халқымыз қуғын-сүргін кесірінен жазықсыз жапа шеккен қайраткерлердің есімдерін еске алу, олардың рухтарына құрмет көрсетуді әр уақытта да есінен шығарған емес.
Түркістан қаласында 31 мамыр — саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай, Сұлтанбек Қожанов ескерткіші маңында еске алу рәсімі өтті.
Іс-шараға С.Қожановтың немересі Сұлтанбек Қожанов, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов пен қалалық мәслихат депутаттары және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Шарада қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев: «Бұл күн біз үшін өткенімізге қарап сабақ алатын, ұлағатын ұғынатын күн. Біз осындай талайлы тарихты бастан кешкен ел ретінде тұлғалы азаматтарымыздың ғылымның, білімнің, өркениет пен мәдениеттің, ұлттың сақталуы жолында жасаған қадамдары мен еткен еңбектері ұмытпауға тиіспіз»,- деді өз сөзінде.
Рәсім соңында саяси қуғын-сүргін құрбандарын бір сәт еске алып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды.
Тарихқа көз жүгіртер болсақ,Кеңестік билік жергілікті тұрғындардың ұлттық ерекшеліктері мен мүдделерін қорғаушыларға, ұлттық автономия құру идеясын қолдаушыларға «тап жаулары», «ұлтшылдар», «жат пікірдегілер», «әлеуметтік қауіпті элементтер» деген жала жауып, халықтың да оларға деген теріс көзқарастарын қалыптастыруға жағдай жасады. 1921 жылдан бастап 1954 жылдар аралығында шамамен 3 млн 700 мың күнәсіз азаматтар қуғын-сүргінге ұшырады, оның 600 мыңға жуығына өлім жазасы берілді. Ал қалғандары ұзақ мерзімге бас бостандығынан айрылды.
Саяси себеппен 103 мың адам сотталып, оның 25 мыңы ату жазасына кесілді.
Сұлтанбек Қожанов-XX ғасырдағы Қазақстан мен Орталық Азияның көрнекті қоғам қайраткері. Ұстаз, ғалым, публицист қай салада болса да, бірінші кезекте ойлағаны ұлттық мүдде еді. Ол үшін ымырасыз күресті. Еңбекшіл халқымен жақсы байланыс ұстап, экономикалық, әлеуметтік, мәдениет мәселелерін шешуге тырысқан.
Ол 1894 жылы 10 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Ақсүмбе ауылында кедей қазақ отбасында дүниеге келген.
1910 жылы Түркістандағы 4 сыныптық орыс түзем бастауыш мектебін, 1913 жылы 3 сыныптық қалалық мектепті, Ташкент мұғалімдер семинариясын тәмамдаған. Ал, 1927 Мәскеуде БК(б)П ОК Марксизм-ленинизм курсын бітірген.
Саяси қызметін Ташкент қаласында семинария оқушыларынан құралған «Кеңес» атты астыртын жастар ұйымын құрудан бастаған. 1917 жылы көктемде Ташкентте Мұстафа Шоқай, Қ.Қожықов, Қ.Болғанбаев, С.Ақаевпен бірге «Бірлік туы» газетін шығарды.
Аштықпен күресетін орталық комиссияның мүшесі ретінде 1918 жылы қараша айынан бастап Түркістан, Созақ, Жаңақорған, Қызылқұм, Шиелі өңірлерінде ашыққан адамдарды тамақтандыратын арнайы орындар ашуды ұйымдастырды.
1921 жылы қазанда Халық ағарту халық комиссары болып тағайындалды. Түріккомиссияның Ресейде іске асырылып жатқан коммунистік шараларды Түркістан өміріне күштеп енгізуге, таптық күресті шиеленістіре түсуге, сөйтіп ұлттық мәселені кейінге ығыстырып тастауға бағытталған әрекетіне қарсы тұрды.
Оқу-ағарту саласында білім беруді жергілікті халықтар тілінде жүргізу мәселесін көтеріп, оны жүзеге асыруды талап етті. Сұлтанбекті тағы бір қырынан танытатын «Есеп тану құралы» атты оқулығы.
Ол көпшілікке арналған қазақ мектебінің математикадан бірінші оқулығы болатын. Кітап өте түсінікті, қызықты жазылған. Арифметиканың негізгі тәсілдерінен басқа да қыр-сырларын аша түседі.
Сұлтанбек Қожанов 1921 жылы Бүкілодақтық 12-ші съезде Қазақстанның жағдайын ашып айтып, көкейінен кетпейтін ұлт мәселесіне де жеке тоқталады. Патшалық құрылыс тұсында теңдік көрмеген халықтарға білім беру мәселесін көтереді. Ұлттардың салт-дәстүрін, тілін, мәдениетін дамыту жолдарына тоқталды.
Жергілікті ұлт өкілдерінен маман кадрлар дайындау, курстар, институттар ашу мәселесіне де тоқталады. Институттарға түсу үшін жастарға дайындық көрсететін курстар, бөлімдер ашып, көмектесу қажеттігін баса айтады.
Сондай-ақ, ол Мәскеу, Петроград секілді ірі қалаларда жоғары оқу орындарында білім алып жатқан түркістандық жастарға материалдық көмек көрсетуде бірқатар іс-шараны жүзеге асырды. Түркістанда баспасөздің және ұлттық театрдың өркендеуіне елеулі үлес қосты.
«Ақ жол» газетін шығаруды ұйымдастырып, оның алғашқы редакторы болды. 1922 жылы Түркістан республикасының Жер шаруашылығы халық комиссары болып тағайындалысымен, ауыл ахуалына ерекше көңіл бөліп, өлкедегі жер-су реформасына тек таптық қана емес, сонымен бірге ұлттық сипат беру бағытын да ұстанды.
Қожановтың тікелей ұсынысымен Кеңестердің І съезі қазақ халқы тарихи атауын (патшалық тұсынан бұрмаланып қалыптасқан «киргиз» деген атты төл атауына – «қазаққа» түзетіп) қайтарып, астаналық қала атын Қызылорда деп өзгертті.
Қожанов негізгі міндеттерін қоғамдық, ғылыми-шығармашылық жұмыстармен ұштастырып отырды. Мектепке арналған «Есептану құралы» атты оқулығы (1924), «Түркістанның Кеңестік Автономиясының он жылдығына» атты орыс тіліндегі зерттеуі (1928) жеке кітап болып шыққан.
РК(б)П ОК ұлт қызметкерлерімен өткізген Төртінші кеңесінде (1923), РКФСР ХКК төрағасының орынбасары Т.Рысқұловтың басқаруымен өткен жеке кеңесте (1926) сөйлеген сөздерінде, сондай-ақ, И.В. Сталинге 1927 жылы жазған екі хатында Қожановтың саяси көзқарастары мейлінше айқын тұжырымдалған.
Ол 1937 жылы 16 шілдеде Ташкентте тұтқындалып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. 1957 жылы ақталды. Алматы, Шымкент қалаларындағы көшелерге Қожанов есімі берілген. Түркістанда ескерткіш қойылған.
Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Дулатұлы, Т.Рысқұлов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров сияқты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, басқа да ұлт зиялылары болған.
Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде қайғылы жағдайдың құрбандарын еске алу мақсатында мемлекеттік деңгейде шаралар қолға алынды. Мыңдаған қазақстандық ақталды. Саяси және құқықтық тұрғыдан ақтаудың жаңа заңнамалық тәсілдері енгізілді.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмыс жасауда.