Жаздың алғашқы күнімен қатар келетін халықаралық балаларды қорғау күні балғын бүлдіршіндеріміз үшін ең қуанышты жəне жыл сайын асыға күтетін басты мерекесі. Адам өміріндегі ең үлкен бақыт-ұрпақ өсіру, бала тәрбиелеу болса, бүгінгі бала елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы. Иә, қай мемлекет болсын, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетіні сөзсіз. Өйткені, өскелең ұрпақ елдің ертеңгі тізгінін ұстар азаматтары.
Осы орайда бүгін ауданда 1 маусым — халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Бала- өмір бұлағы» атты мерекелік іс-шарасы өтті. Сапар орталығында өткен салтанатты жиында аудандық мәслихаттың және «Amanat» партиясы Отырар аудандық филиалының төрағасы Уәлихан Ұзақов пен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің қор сақтау бөлімінің меңгерушісі Ералы Шоқаев балаларды мерекелерімен құттықтап, атаулы күннің маңыздылығын айтып өтті.
Мерекелі жиынға келген көпшілік алдымен «Ұлттық қол өнерді ұлықтайық?» атты көрмені тамашалады. Шара барысында бал тілді балалар «Мен суретшімін» тақырыбында жас суретшілер байқауына қатысып, ұлттық спортымыз асық атудан сынға түсті. Сондай-ақ, өнерлі өрендер ән, би жанрлары бойынша бар өнерлерін ортаға салды. Сайыс соңында жеңімпаз атанған бүлдіршіндер марапатталып, жүлдегерлерге Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің арнайы сыйлықтары табысталды.
Шара соңында білім бөлімінің басшысы Гульнара Тынымбаева мен «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық- музейі» мәдени-көпшілік іс-шаралар және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Нұрсұлтан Бекешевтер балалардың алдағы жазғы демалысын сәтті өткізулеріне тілектестігін білдіріп, жиынды қорытындылады.
БАЛА- ӨМІР БҰЛАҒЫ
49