Home Білім ӘБІЛХАН ҚАСТЕЕВТІҢ ТУҒАНЫНА 120 ЖЫЛ

ӘБІЛХАН ҚАСТЕЕВТІҢ ТУҒАНЫНА 120 ЖЫЛ

Daismedia.kz

Әбілхан Қастеев (1904 —1973 жж.) — қазақтың әйгілі кескіндемешісі, график-суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі. Туып-өскен жері — Алматы облысына қарасты Жаркент төңірегі. Топырақ бұйырған жері — Алматы қаласы. Қазақстанның халық суретшісі (1944). Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы (1945-1956).
Болашақ суретші Әбілхан Қастеев жазиралы Жаркент өңіріндегі Арқас тауының баурайындағы табиғаты әсем Шежін ауылында дүниеге келіп, осы ауылда ержетті. Тарихи оқиғаларға толы аумалы-төкпелі заманда байға жалданып қой баққан жетім баланың бойындағы туабітті табиғи таланты буырқанып, сүйектен түйме түйіп, тасқа сурет салып, ауылдастарын таңдандырған. Қашанда жеткіншек бала бойындағы өнерді танып, қадірлеп, қабылдай білген халқымыз еңбекқор, ісмер бозбаланы «алдыңнан жарылқасын» деп ауылынан қалаға аттандырғанда жүздеген жылдар бойы жатжұрттықтардың бодауында жүріп, бұйығыланған қазақ халқы үшін өнердің кенжелеп қалған бүтіндей бір саласын әлем танитындай биікке көтеретінін білмеген де болар.

Тума талант иесі алдымен Жаркент қаласына келіп, қала тіршілігіне бейімделіп, уезд орталығындағы жол жасау жұмыстарына араласады. Бұл Кеңес өкіметі орнығып, шаруасын оңдай бастаған 20-шы жылдардың аяғы болатын. Осы тұста Жетісу жері арқылы Түрксіб теміржолы салынып, оған ел ішінен жұмысшылар шақырылады. Көппен бірге Әбілхан да осы теміржол құрылысына аттанды. Жол құрылысында 3 жыл еңбек етеді. Қолы жұмыстан қалт еткенде сурет салумен машықтанды. Оның шеберлігін байқаған айналасындағылар жас таланттың оқығаны жөн екенін жиі айтатын. Қара тануға, сауат ашуға өз бетімен талаптанып, білгендерден ерінбей үйреніп, сауат аша бастайды. Түрксіб түйіскеннен кейін құрылыс басшыларының қамқорлығымен жасы 20-дан асып кеткен Әбілхан алғаш рет Алматыдағы №2 мектеп партасына отырады. Зіңгіттей жігіттің өзінен әлдеқайда кіші балалармен оқуы, әрине, өзіне де, өзгелерге де оғаш көрінгені анық. Осыны ескерген қалалық оқу бөлімінің басшылары Қазақстанға келіп алғаш рет суретшілер студиясын ашқан Н. Г. Хлудовтың қамқорлығына тапсырыпты. Сурет салуға құштар жас қазақ баласы бейнелеу өнерінің әліппесін осы кісіден үйренеді. Бұл студияда ол 2 жыл сурет өнеріне машықтанады.

Әбілханның «Қазақ кемпірі», «Кесте тігу», «Тігінші», «Қойшылар», «Көкпар» сынды тырнақалды туындылары ұстазына үлкен әсер беріп, шәкіртінің Мәскеуге барып білімін жалғастыруына қамқорлық жасады.

Әбілхан Қастеевтің бастапқы шығармашылық кезеңінде салған картиналарында дала мен ауыл иісі аңқып тұрды. Оларды көрген жан көзайым ләззатқа бөленді. Сондықтан болар, Мәскеудегі Н. Крупская атындағы көркемсурет студиясының кешкі бөлімін тамамдаған орта білімді суретшінің «Мектепке», «Түрксіб түйіскенде», «Қарындастың портреті», «Шөп шабу», «Бие сауу», «Қыз ұзату» сияқты жұмыстары жоғары бағаланып, 1937 жылы Суретшілер одағына мүшелікке қабылданады. Ал, 1942 жылы Алматыда жалпы шығармашылығының 15 жылдығы атап өтіліп, ол «Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері» атағын алды. 1944 жылы өнерге сіңірген еңбегі мен Амангелді Имановтың бейнесін жасағаны үшін Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталып, сол жылы «Қазақстанның Халық суретшісі» деген атақ еліміздегі суретшілер арасында тұңғыш рет Әбілхан Қастеевке берілді.

Әбілхан қолөнерге, одан соң суретшілік өнерге жастайынан бейім болған. Анасы Айғанша кілем, алаша, бау-басқұр тоқуға, сырмақ сыруға, шым ши жасауға шебер адам болыпты. Әбілхан осы халық өнеріне бала кезінен көз қанықтырып, анасына ою-өрнектер салуға көмектесіп, сурет өнеріне қолын үйретіп өседі. Оның 1930-1931 жылдары салған «Қарындастың портреті», «Автопортрет» атты туындылары тұпнұсқаға ұқсастығымен және кейіпкер болмысын ашуға деген талпынысымен ерекшеленеді. Ол бірте-бірте ел өмірінің алуан салалы тіршілік-тынысына ден қойып, тарихи-әлеуметтік өзгерістерге суреткер зердесімен қарай бастайды. Оның «Мектепте» (1930), «Түрксіб» (1932), «Жамбылдың портреті» (1937), «Ескі және жаңа тұрмыс» (1937-1941), «Амангелді сарбаздары» (1970), «Жас Абай» (1945) сияқты туындылары дарынды суретшінің өткен мен бүгінді шыншылдықпен бедерлеген көркем шежіресі іспеттес.

Әбілхан — туған жердің әсем табиғатын, оның дидарындағы адам қолының жасампаз өзгерістерін зор шабытпен бедерлей алған суреткер. Оның «Биік таулы мұз айдын» (1954), «Гүл ашқан алма» (1958), «Менің Отаным» (1959), «Жайлаудағы авто-дүкен» (1963), «Қапшағай ГЭС-і» (1972) сияқты полотнолары эпикалық қарымымен, шыншылдығымен назар аудартады.

Әбілхан Қастеев суретші ретінде өзіндік дара қолтаңбасымен ғана ерекшеленіп қоймай, туған жері мен өскен елін перзенттік махаббатпен жырлай алған біртуар суреткер.

Әбілхан ағаның жүз жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілуі: барша қазақ көркемөнеріне деген құрмет.
Кәсіпқой көркем бейнелеу өнері ХХ ғасырдың басында Әбілхан Қастеевтен бастау алады. 2024 жылдың алғашқы күні туғанына 120 жыл толатын ғаламат суретші кәсіпқой бейнелеу өнерінде өзінің бір халықтың тұңғышы болуына қарамастан шексіз шеберлігімен осы күнге дейін жұртты таңдандырып келеді.

Қазақстанға келген Италияның қазіргі замандағы атақты суретшісі Ренато Гуттузо Әбекеңнің «Талас алқабы» атты картинасын көргенде: «Біздің суретшілер алыс қашықтықты бейнелегенде екі шақырымдай жерді көрсете алса, мұнда ұшы-қиыры жоқ жүздеген шақырым қамтылыпты», – деп таң-тамаша болған екен. Cуретшіні алыптар қатарына қосатыны да қайталанбас қолтаңбасы. Ал атажұрты, барша қазақ халқы оны шеберлігімен қатар кедей отбасында өмірге келіп, жастайынан жетімдіктің зарын тартқан батырақ баланың ерінбес еңбекқорлықпен қойшы таяғын еліне мүлде беймәлім қылқаламмен ауыстырғанын қастерлейді, табиғи талантына тәнті болады. Көркем бейнелеу өнеріндегі тұлғаны тұңғышым деп сүйеді.
Қазақ бейнелеу өнерінің дарабозы Әбілхан Қастеевтің суреттері тек еліміздің көрмелері мен мұражайларында ғана емес, Америка, Мексика, Бразилия, Канада, Франция, Вен-грия, Болгария, Үндістан, Индонезия, Италия сияқты бейнелеу өнерін қастерлей білетін елдерде басқалардан бұрын танылды. Суретші бар өмірін Қазақстан бейнелеу өнерін дамытуға жұмсады. Он жылға жуық Қазақстан Суретшілер одағын басқарды. Тіршілігінде шаршамай-талмай атқарған еңбегінің нәтижесінде 200-ден астам ірі-ірі көрмеге қатысты. Оларда қылқалам шеберінің еңбектері жоғары бағасын алды. Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Қазақстанның Халық суретшісі Ә. Қастеев «Октябрь революциясы», екі «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» ордендерін кеудесіне тақты.

You may also like

Leave a Comment