Home Білім ОҚУ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

ОҚУ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Daismedia.kz

Бүгін Сауран ауданы білім бөлімінің ұйымдастыруымен Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығында ауданымыздың мектеп бітіруші түлектерінің республикалық, облыстық, аудандық пәндік олимпиадаларында және түрлі байқауларда топ жарып жүрген озат оқушылары марапатталды.

Айтулы шараға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов, ақсақалдар алқасының төрағасы Балтабай Жарылқасынов, білім бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова қатысып, мектеп бітіруші түлектерге үлкен өмірге басқан қадамдарына ақжолтай тілектерін білдірді.

«Биыл ауданда 1451 оқушы мектеп бітіргелі отыр. Осы жас буын мемлекет тарапынан жасалып жатқан барлық мүмкіндікті пайдаланып, еліміздің өсіп-өркендеуіне барынша атсалысады деп сенемін. 11 жыл оқып, ұстаздар тарапынан сапалы білім, саналы тәрбие алып, өмірдің үлкен көшіне аяқ басқалы отырсыздар. Сіздердің осы алған білімдеріңіз, таңдаған мамандықтарыңыз ертеңгі өмірлеріңіздің үлкен жолы. Еліміздің болашағы – Сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан қай кезде де терең білім алу жолында жалықпай, талмай ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуларыңызға ізгі тілегімді білдіремін», — деді аудан әкімі.

Жиында құттықтау сөз соңында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров үздік оқушыларды арнайы марапаттап, құрмет көрсетті. Шара барысында студент атанған грант иегерлері, білім нәрімен сусындатқан ұстаздарына бейне үндеу жариялап, өз атынан алғыстарын білдірді.

You may also like

Leave a Comment