Ұлттық классикамыздың қастерлісі «Қыз Жібек»!
Қыз Жібек — қазақтың ең көне мұраларының бірі, лиро-эпостық дастан. «Қыз Жібек» жыры — аңыз емес, тарихи оқиға, кейіпкерлері өмірде болған адамдар. Жырдың негізгі кейіпкерлері — Төлеген мен Жібек бірін-бірі шын сүйген ғашықтар, бірақ әке батасынан аттап кеткен Төлегеннің өлімі мен Жібектің қайғылы тағдыры талай жанарларға жас үйірілтпей қоймайды. Жібек бейнесі — сұлулық пен әсемдіктің нышаны, қазақ халқының мақтанышы, рухани ескерткіш.
Қыз Жібек–лиро-эпостық жыр. Шамамен XVII-ғасырда жазылған. Жыр нұсқалары арасында айырмашылық аз. Тұңғыш рет Е.А. Александров Мұсабай ақыннан жазып алып, мазмұнын орысшаға қара сөзбен аударған (1880). 19 ғасырдың екінші жартысында татар мұғалімі Фалиолла Тухватуллин Зайсан өңірінен “Қыз Жібек” жырын жинап, 1894 жылы Қазанда бастырған. Сондай-ақ Жүсіпбек Шайхысыламұлы Қазан қаласында 1900, 1903, 1905, 1909, 1911 ж. қазақ тілінде жариялаған. “Қыз Жібектің” Тухватуллин жинаған нұсқасы 1925, 1933, 1939, 1957, 1967 ж. басылып шығып, 1958 жылы “Қазақ эпосы”, “Казахский эпос” жинақтарында, 1963 жылы “Қыз Жібек” деген атпен қазақ, орыс тілдерінде жарияланды, 1988 жылы орыс тілінде жеке кітап болып шықты. Қазір ҚР Орталық кітапханасының қолжазба қорында жырдың бірнеше нұсқалары сақтаулы. Оның ішінде Қ.Мырзағалиев, Ә.Дәнікеров, Ж.Қалмағамбетов, Е.Рақметов, Р.Мәзқожаев нұсқалары бар.
Биыл қазақ өнерінің алтын қазынасы «Қыз Жібек» операсының сахналанғанына – 90 жыл. Халқымыздың кәсіби опера тарихы осы «Қыз Жібектен» бастау алған. Ғабит Мүсіреповтың либреттосымен Евгений Брусиловский жазған «Қыз Жібектің» премьерасы 1934 жылы Алматыда қаласында, Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында опералық шығарманың алғашқы қойылымы өтті.
«Қыз Жібек» бүгінгі күні ұлттық опера өнерінде ең ұзақ бақытты өмір кешкен қасиетті туынды! Оны өмірге келтірген авторлар – композитор Евгений Брусиловский мен жазушы Ғабит Мүсіреповтің, басты рөлдердегі Күләш, Қанабек Байсейітовтердің, Құрманбек Жандарбековтің, Манарбек Ержановтың, Ғарифолла Құрманғалиевтің, Шара Жиенқұлованың есімдері ұлттық опера өнерінің шежіресіне алтын әріппен жазылды.
Операда ұлттық вокалдық және аспаптық шығармалар, халық композиторлары, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса, Тәттімбеттің ән-күйлері молынан пайдаланылды. «Гәкку», «Айқаракөк» сынды халық әндері кейіпкерлердің бейнелерін ашып, шығарманың ұлттық бояуын қанықтыра түсті. «Қыз Жібек» операсының қойылуы ұлттық мәдениет тарихындағы айтулы оқиға еді.
Опералық қойылымда Жібектің рөлін алғаш сомдаған қазақтың бұлбұл әншісі Күләш Байсейітова. Ал, Төлегенді Қанабек Байсейітов ойнады. Әйгілі әнші Манарбек Ержанов та Шегенің образын көрерменге тамаша жеткізді.
Екі жастың мөлдір махаббаты лиро-романтикалық сазбен өрбіп, арманына жете алмаған аянышты тағдыры трагедиямен аяқталады.
«Қыз Жібек» операсының көркемдік құндылығы – оның музыкалық тілінде жатыр. Ғасырға жуық тарихы бар опера.
«Қыз Жібек» қазақ халқының кең тараған аңызына арқау болып, халқы үшін өз бақытын құрбан еткен Жібек пен оның сүйіктісі Төлегеннің қайғылы махаббат хикаясын баяндайды. Опера батыстық классикалық опера элементтерін қазақтың дәстүрлі әуендері мен ырғақтарымен үйлестіретін әсем музыкасымен және қазақ мәдениетінің этикасы мен құндылықтарын бейнелейтін әсерлі әңгімелерімен танымал. Бұл операның өшпес мұрасын, оның қазақ мәдени мұрасына қосқан үлесін және қазақ опера өнерін дамытудағы маңызын құрметтеуге негіз бар.
Кемеңгер Ахмет Жұбановтың 1933 жылы Ленинград (қазіргі Петербор) қаласына барып, 27 жастағы Евгений Брусиловскийді қазақтың кәсіби музыкасын көтеру үшін Алматыға арнайы шақырғанын біз тарихтан жақсы білеміз. Бірақ екі жылға келісім берген Брусиловский өзінің бар шығармашылық өмірінің 37 жылға созылатынын, саналы ғұмырының қазақ жерінде өтетінін, қазақтың кәсіби музыка өнерінің негізін салушылардың бірі болатынын болжап білмегені хақ. Міне, 1933 жылы Қазақстанға келе сала, өзі қызмет ететін Алматы музыкалық-драма техникумы жанындағы халық музыкасының ғылыми-зерттеу кабинетінде дәстүрлі музыканың хас шеберлері Дина Нұрпейісова, Қали Жантілеуов, Науша және Махамбет Бөкейхановтар, Уахап Қабиғожин, Лұқпан Медетов, Әміре Қашаубаев, Манарбек Ержанов, Иса Байзақовтың орындауында 250-ден астам халық және халық композиторының інжу-маржандарын нотаға түсіріп, артынан оларды өзінің туындыларына арқау етті. Ол өзінің газетке берген бір сұхбатында: «Мен қандай музыка жазсам да, бәрібір ол қазақ музыкасы болып шыға береді…» деуі содан болар. Евгений Григорьевич 9 операны дүниеге әкелген композитор. Солардың ішінде «Жалбыр» (либреттосы Бейімбет Майлиндікі, 1935 ж.), «Ер Тарғын» (либреттосы Сағыр Қамаловтікі, 1936 ж.), «Айман-Шолпан» (либреттосы Мұхтар Әуезовтікі, 1938 ж.) қойылымдары кезінде көрермен халықтың керемет қошемет-ықыласында болды. Бірақ солардың ішінде бүгінге дейін сахнадан түспей келе жатқаны – «Қыз Жібек» операсы. Оның бірден-бір себебі, «Қыз Жібек» либреттосының шекспирлік деңгейдегі ғажайып мүлтіксіздігі деп білемін. Мұнда ұлылық пен зұлымдық, нұрлы күн мен сұрлы күн, тазалық пен ластық, асқақтық пен арсыздық бітіспес қақтығысқа түсіп, ақыры жас жүректердің ғашықтық сезімін тұншықтырып тынады. Бұған дейін де, бұдан кейін де отандық драмалық туындыларда болмаған, аспан айналып жерге түскендей көріністегі Ұлы даланың ұлы трагедиясы бұл! Әрине, мұндай әдеби көркемдік деңгейі биік либреттоға музыка жазу Брусиловский сияқты тұлғалы композиторға шынайы бақыт еді. Ғабит Мүсірепов әрқашан Евгений Брусиловскийге деген өзінің шынайы достық көңілін тебірене, шығармашылық қарым-қатынасын ерекше білдіретін. Осыған дәлел ретінде композитордың 1970 жылы Алматыдан Мәскеу қаласына біржола қоныс аударғанда, ұлы жазушының оған жазған хатынан үзінді келтірейін: «…Евгений! Сенің бізден біржола кетіп бара жатқаныңды енді қазір ғана ұқтым. Азын-аулақ адал адамдардың бірі мүлде алыстап бара жатқандығынан көңіл пернелерім бырт-бырт үзілуде. Ағымнан жарылатын, адал көңіліммен сырласатын адамдарым Мұхтар мен Сен едің. Осы жолдарды саған «Қош!» – деп айтқан сөзімдей қабыл ал, сүйікті адал досым. Тұла бойы тұтас өзіңнің Ғабитің». Ғабеңнің де 500 жылдан астам тарихы бар, қазақ халқының көне лиро-эпостық дастандарының бірі «Қыз Жібекке» бет бұрғаны кездейсоқ болмас… 1936 жылдың мамыр айында Кеңес Одағының астанасы Мәскеу қаласында Қазақстанның мәдениеті мен өнерінің Бірінші декадасында Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсы көрсетіліп, бұл қойылымды, ондағы Жібек рөліндегі Күләш Байсейітованы көрген Иосиф Сталин оны «Қазақ бұлбұлы» деп атаса, орыстың ұлы әншісі Антонина Нежданова «Чудо!» деп таңдай қақты. Міне, шетсіз, шексіз Ұлы даланың жусан аңқыған аршын төсі, сағым қуған тұлпарлар тұяғының қуатты дүбірі, күн сәулесін қанатына ілген аққулар қаңқылы, бәрі-бәрі әншілердің, хордың, оркестрдің үнінде, мың бұралған балет биінде беріліп, Үлкен театрдың сахнасын ғаламат көрініске бөледі. «Қыз Жібек» операсының 1968 жылы 1000-шы, ал 2008 жылы 1500-ші қойылымы Абай атындағы академиялық опера және балет театрында өтті. Енді ол 2013 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында бірінші рет жаңа музыкалық редакцияда, жаңа режиссерлік шешімде, акустикалық, компьютерлік, жарық беру технологиясымен, пластикалық хореографиялық тұжырымдамада, кейіпкерлердің ойнау, сөйлеу, ән айту тәсілдері қазақтың дәстүрлі орындаушылық ерекшеліктерінде қойылып отыр.
Рас, ұлтымыздың көне мұрасы – «Қыз Жібекпен» қазіргі көрерменді таңғалдыру қиын. Себебі алғашқы опера театры ашылғанын әйгілеген ақжолтай жаңалықтың басында тұрған эпостың сахнаға көшкеніне де келесі жылы 90 жыл толып жатыр екен. 1934 жылдан бері үздіксіз қойылып келе жатқан қазақ әдебиетінің теңдессіз жауһары осы күнге дейін опера да болды, драмаға да айналды, кино тілінде де үн қатты. Және әрқайсысы өз ерекшелігімен өнер тарихында жазылып қалды. Еліміздің өзге қалаларын айтпағанда, бүгінде бір ғана елорда театрының барлығының дерлік репертуарында өз көрерменін тапқан «Қыз Жібегі» жүріп жатыр. Атап айтсақ, Жастар театрында мюзикл жанрында сөйлеген туындыны «Астана мюзикл» театры өз репертуарында тағы жаңғыртты. Бірнеше жыл бұрын Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында лиро-эпос деп ұсынылса, жақында Музыкалық жас көрермен театрында этно-фольклорлық мюзикл болып қайта жанданды.
«Қыз Жібек» операсы қазақтың халық аңызына негізделген, қазақ халқының салт-дәстүрін, құндылықтарын, баяндылық мұрасын көрсететін құнды мәдени жәдігерге айналды. Бұл аңызды опералық сахнаға шығару арқылы опера отандық және халықаралық аудитория үшін қазақ мәдениетінің қырларын сақтайды және дәріптейді. Опера Қазақстан үшін ұлттық бірегейліктің символы болып саналады. Ол қазақтың мәдени мұрасына деген мақтаныш сезімін оятып, қазақ халқының бірлік сезімін оятуда маңызды рөл атқарды. «Қыз Жібек» өзінің тақырыбы мен музыкасы арқылы қазақтың ұлттық болмысын қалыптастыруға және бекітуге үлес қосады.
«Қыз Жібек» қазақ мәдениетіне терең сіңгенімен, халықаралық аренада да танылды. Опера әр түрлі елдерде қойылды және өзінің музыкасы, әңгімесі және мәдени мәні үшін танымал болды. Оның халықаралық қатысуы бүкіл әлемде қазақ мәдениеті мен музыкасын білу мен бағалауға ықпал етеді.Осындай опералар мәдени мұраны сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде шешуші рөл атқарады. Опера арқылы дәстүрлі аңыздар мен оқиғаларды қайталау арқылы мәдени құндылықтар, нанымдар мен дәстүрлер ұрпаққа беріліп, болашақ аудиторияға сақталады.
Жалпы алғанда, «Қыз Жібек» Қазақстанның сүйікті операсы ғана емес, сонымен бірге Қазақстаннан тысқары жерлерге де таралатын құнды мәдени байлық. Ол өнердің, мәдениеттің және ұлттық болмыстың тоғысқан тұсын бейнелей отырып, оны қазақтың мәдени мұрасының қастерлі және мәңгілік бөлігіне айналдырды.
“Қыз Жібек” жырында қазақ халқының өмірі, тұрмысы, кәсіп-тіршіліктері, салт-санасы, елдік, ерлік істері, ар-ожданы мен арман-мақсаты қызғылықты әрі көркем жырланады. Жыр мазмұнында Базарбай байдың Төлеген атты ұлы 14 жасқа толғанда өзіне жар іздеп, 210 сұлудың арасынан Сырлыбай ханның Жібек атты қызын ұнатқандығы айтылады. Үш ай Сырлыбай ханның елінде болған Төлеген өз еліне бармақ болып сапарға шығады. Бірақ Жібекті қызғанып, жол тосқан Бекежан қапыда Төлегенді өлтіріп, қазасын Жібекке өзі келіп естіртеді. Сол үшін Бекежан өлім жазасына кесіледі. Жырдың 2-бөлімінде хабарсыз кеткен Төлегенді іздеп шыққан інісі Сансызбай қалмақ ханы Қоренді өлтіріп, Жағалбайлы елін жаудан азат еткендігі айтылады.
«Қыз Жібек» жыры екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде Төлегеннің Жібекке үйленуі әңгімеленсе, екінші бөлімде Жібектің Сансызбаймен қосылғаны баяндалады. Екі бөлім — екі оқиғаны жырлайды, бірақ сюжет біреу: жігіттің үйленуі.
«Қыз Жібек» эпосын махаббат гимні деудің әбден жөні бар. Оның нағыз көркем туындыға айналу процесі жүріп жатқан кезде, яғни ХVІ-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ қоғамында жеке бастың, сезімнің бостандығы, махаббат еркіндігі туралы мәселе мұндай деңгейде ашық айтыла бермеген, ескі рулық заманның неке мен отбасына қатысты ежеқабыл, қалыңмал, көп әйел алу, әмеңгерлік сияқты салттары үстем болған. Солай бола тұрса да, «Қыз Жібек» жырының шығуы сол дәуірдің өзінде-ақ халықтың идеал туралы эстетикалық пайым-түсінігінде белгілі бір дәрежеде өзгеріс болғанын айғақтайды. Төлегеннің де, Жібектің де өзіне лайық жар іздеуі, сүйіспеншілікпен үйленуді көздеуі — сол кезеңдегі жастардың ойында, көкірегінде жүрген арманын, мұңын, тілегін аңғартады. Жырдың ел арасында кең тарағанының бір себебі осында болса керек.
Төлеген — қазақ эпосы, тіпті бүкіл қазақ фольклоры үшін жаңа кейіпкер. Ол Қозы Көрпештен де өзгеше. Қозының бейнесінде батырлық қасиет көп. Ал Төлеген — нағыз лирикалық кейіпкер. Ол бай болуды, батыр болуды көксемейді. Оның арманы — өзіне лайықты сұлуды сүю, соны өзіне өмірлік жар ету. Жыршы да осыны айтады: «Батырлық, байлық кімде жоқ, Ғашықтық жөні бір басқа». Демек, сол кездің қоғамында осындай ой-пікір болған, яғни ел ішінде махаббатты — өте таза, бәрінен ерекше, биік сезім, оны кез келген адам біле бермейді деген ұғым қалыптасқан. Нақ осындай ерекше сезім Төлегенді әкесінің бата бермегеніне қарамастан алыс жолға жалғыз аттандырады. Төлеген үшін өмірдің мәні де, сәні де — махаббат, махаббат үшін күресіп, өмір сүру, сүйгеніңе үйлену. Сондықтан да болу керек, оның мінезі де, істері де әдеткі эпостағыдай емес. Ол аң да ауламайды, мал да бақпайды, жастайынан ерлік мінез де танытпайды, батырлық өнерді де үйренбейді. «Періште сипатты ұл» боп тууының өзі — оның ерекше сұлу болатынын білдіреді. Демек, ол батыр болмайды: Төлеген кәдімгі батырларша «сағат сайын» өспейді, бозбала кезінде ешбір ерлік іс-әрекет жасамайды. Есесіне он екі жасында өзіне пара-пар сұлу қыз іздей бастайды. Он алты жасқа толғанда ат тұяғы жететін жерді түгел шарлап шығады. Қыз Жібек туралы ести сала ол еш ойланбастан жолға шығады.
Егер Қозы Көрпеш қалыңдығының ауылына жалғыз аттанып, көп қиындық көріп, ұзақ жүріп жетсе, Төлеген қасына бірнеше нөкер ертіп, «жылқыдан екі жүз елу жорға алып, бірнеше күн жол жүріп, Шекті деген елге келіп, шатырды тігіп, жорғаларын жайып салып, жұртқа жар салады». Байқайтынымыз — Төлеген алыс елге шаршамай-талмай, еш қиналмай, аз-ақ күнде жетеді. Оның қызды таңдауы да өзгеше. Қызын көрсеткен әрбір адамға бір жорғадан береді. Тіпті, Төлегеннің өзі Жібекке құда түседі. Бұл да — оның ерекшелігі. Оның құда түсу әдісі де айрықша. Алдымен жұртқа жорға таратып, Шекті еліне «мырзалықпен» танылады да, Қаршыға арқылы Жібекті көруге мүмкіндік алады. Бұл жерде Төлеген тағы бір мінез көрсетеді. Ол Қаршығаның сөзіне сеніп қана Жібекке іңкәр болмайды, мақтаулы қызды өз көзімен көргісі келеді. Яғни, Төлеген қызға сырттай ғашық болғысы келмейді, қызды өзі сынап, өзі тілдесіп қана бағаламақ. Міне, жастайынан өзіне тең қызды іздеген Төлеген мұнда да сол әдетінен таймайды.
Көркем шығарма болғандықтан жырда Төлеген мен Жібектің бір-біріне деген сүйіспеншілігі бірден ашылмайды. Жібекке деген Төлегеннің ынтықтығы сатыланып көрсетіледі. Ең алғаш Жібек туралы ол өз елінде жүргенде естіп, сұлуды іздеп шығады. Содан соң Жібек жайында Қаршығадан қанығып, оны көруге асығады. Сөйтіп, Қаршығаға ілесіп, көштің соңына түседі. Көш үлкен, аяғынан басына дейін баруға тура келеді. Жол бойы бірінен бірі әдемі он үш қызды көреді. Әрқайсысын Жібек екен деп жақындағанда, Қаршыға «Жібек емес» дейді.
Жырда қыздардың келбеті өте шебер суреттелген, оларды көрген Төлеген енді тезірек Жібекті көруге ынтығады. Қаршығадан озып, Жібектің күймесіне бұрын жетеді. Бірақ Жібек онымен «сөйлесуге намыстанады». Тек Қаршығаның үгітінен кейін ғана Жібек «бетін бір ашып, жарқ етіп көрініп, амандасты да, қайтадан бетін жауып, пәуескенің қақпағын түймелеп, жатып қалды», — дейді жыршы. Жібектің ғажайып көркін көрген Төлеген: «Жиһанда бұл сипатты әйел көргенім жоқ еді, енді мұны алайын!» — деп шешеді. Осы сәттен бастап Төлеген енді белсенділік көрсетеді.
Тумысынан ерекше жаралған Төлегеннің мінезі Жібекке деген ғашықтық сезімі пайда болғаннан кейін бұрынғыдан гөрі жұмсарып, оның болмысын байыта, нұрландыра түседі. Ол өте сезімтал, нәзік жанды болып көрінеді. Бұл қасиеті, әсіресе, Төлегеннің Сансызбаймен қоштасқан сәтінде және әуелеп жүрген алты қазға қарата зарын айтқан кезде барынша кең ашылады. Әсіресе, соңғы монологта Төлегеннің ішкі сезімі өте лирикалық, тебіреністі рухта ашылады.
Жібек те — өз теңін іздеген ару. Оның арманы — өзін құлай сүйген, махаббатқа адал адамға қосылу. Жібектің идеалы — бай да, батыр да емес. Оған керегі — өзінің жүрегін жалындата алатын, өзі сияқты жаны таза, ақылды әрі көрікті жігіт. Яғни, Жібектің өзі қалай сүйсе, жігіт те оны солай сүюі керек. Міне, Төлеген осындай адам. Оны Жібек алғашқы кездесуде-ақ сынап, байқаған. «Жалғыз атты» адамсың дей отырып, Төлегеннің сөзінен, өзін қалай ұстайтын мінезінен оның бекзат жан екенін аңғарған.
Жалпы, Жібектің образы эпоста идеалды болып суреттеледі, оның бойында қазақ әйелінің ең асыл қасиеттері жинақталған. Жырда ол екі бейнеде көрінеді: сұлу қыз және адал әйел. Жырдың алғашқы бөлімінің біраз жері — сол сұлу қызға арналған. Оның сұлулығы алыс жерлерге жетеді, Төлеген де, қалмақ ханы Қорен де ару қыздың даңқын естіп келеді. Жібектің өз елінде де талай жігіт оған ғашық, бірақ Жібекке жолай алмайды, өйткені, Жібек тірі жанды менсінбейді, бұла боп өскен ерке әрі өр мінезді.
Жібектің сұлулығына ақылы мен ақындығы да сай. Алғаш кездескен сәттегі Төлегеннің сөзіне берген жауабы өте ұтымды әрі әсерлі. Ол өзін үлкен шеберлікпен таныстырады жігітке, өзінің кім екенін кәнігі ақындарша баяндайды. Өзін халық құрметтейтінін, жоғары бағалап, сыйлайтынын айта келіп, Жібек Төлегенді әдейі кемсіте сөйлейді, сөйтіп, оның жігіттік намысын сынайды. Жігіттің айтқан жауабына, көркі мен ұстамдығына риза болған Жібек енді өзі іздеген адам — осы Төлеген екеніне көзі жетеді де, соған тұрмысқа шығуға бел байлайды. Бірақ ол жігіттің өзіне ұнағанын сездірмейді, ойын ашық айтпайды. Іштей жақсы көріп қалса да, әліптің аяғын бағады, себебі әкесі қалай қарайды бұл жігітке, әлі белгісіз еді. Әкесінің батасын алған соң ғана Жібек өзінің сезіміне ерік береді, Төлегеннің шақыруын жылы қарсы алып, оның отауына өзі барады.
Төлегенге деген терең де мөлдір сезімін, шексіз берілгендігін ол, әсіресе, жаман түс көргенін жеңгесіне айтып, Төлегеннің сапарға шықпауын өтіну арқылы білдіреді. Осы эпизодта Жібек — сүйікті жар ғана емес, алдағыны болжай алатын көреген әйел болып бейнеленеді. Көрген түсін өзі жорып, Жібек жеңгесін Төлегенге жұмсайды, Төлеген жолға шықпасын деген тілек білдіреді. Екінші сөзбен айтқанда, Жібек Төлегенге тыйым салады. Бұл — жырда екінші тыйым: әкесі Төлегенге алыстағы Шекті еліне, Жібекке баруға келісімін де, батасын да бермеген-ді. Фольклордың поэтикасы бойынша тыйымды бұзған кісі бір қасіретке тап болады. Ал, қазақтың этикасы бойынша әке батасын алмаған баланың жолы болмайды. Ендеше, Төлегеннің мерт болуының түпкі себебі — осы екі тыйымды бұзғаны дейді жыр.
Жібек Төлегенге ғана адал емес, оның еліне, руына адал. Сүйген жарына ғана емес, оның ел-жұртына деген махаббатын Жібек Төлегенді сегіз жыл бойы күту мен ол келмеген соң оның елінен біреу келуін тосу арқылы да білдіреді. Күйеуінің елін Жібек — өзінің қорғаны деп біледі. Қалмақтың Қорен ханы күш көрсетіп, Жібекті зорлықпен алмақшы болғанда, ол Төлегеннің руын есіне алып, Сансызбайдың неғып келмей жатқанына таң болады. Зарыға күткен Сансызбайы келгенде Жібек еш ойланбастан қайнысымен бірге қашуға бел байлайды. Өйткені, ол, біріншіден, Төлегеннің «өліп кетсем, артымда еш жаманға қор қылмас Сансызбай атты інім бар» деген өсиетін орындауы керек. Екіншіден, Жібек, өз заманының салты бойынша, өзін Жағалбайлының жесірімін деп есептейді де, әмеңгерінің келуін күтеді. Үшіншіден, Сансызбай Төлегеннен аумайды, сондықтан Жібек оны «Төлегеннің өзі» деп қабылдайды. «Сансызбайды көрген соң, Жібектің көңілі тояды», — дейді жыршы. Демек, Жібек енді өзі сүйіп қалады Сансызбайды. Яғни, Жібек марқұм болған жарының өсиеті мен ата салтын орындау үшін ғана тимейді Сансызбайға. Ол өзі ғашық болады, сөйтіп, оның Төлегенге деген іңкәрлігі Сансызбайға ауысады.
Сансызбай болса өзін нағыз батыр, елінің таянышы, Жібекті өзі сияқты сүйе білген ер азамат ретінде көрсетеді. Ол Төлеген секілді емес. Ерте жасынан ерлікке даярланып, ағасы дайындап кеткен тоғыз қабат сауытты, дулығаны киініп, найзасы мен садағын асынып, тұлпар атқа мініп, кәдімгі батырларша жолға шығады. Оның бұл сапары, бір жағынан, бұрынғы батырлардың қалыңдық іздеп, сапар шегуін еске түсірсе, екінші жағынан, батырдың жау қолына түскен әйелін (яки қалыңдығын) тұтқыннан азат ету үшін күреске аттанатынын қайталаса, үшінші жағынан, болашақ батырдың алғашқы ерлігін ойға оралтады. Ал, мұның бәрі классикалық батырлық эпосқа тән. Демек, «Қыз Жібек» жырының екінші бөлімі — көне заманнан келе жатқан «жігіттің ерлікпен үйленуі» туралы сюжет болып табылады. Бұл сюжет, әсіресе, батырлық ертегі мен көне эпоста жиі кездеседі. Осы ежелгі сюжетті жыршылар әдемі пайдаланып, жырға шеберлікпен енгізген, сөйтіп, екі сюжеттен тұратын өте көркем ғашықтық жыр тудырған.
Эпоста Сансызбай екі сипатта көрінеді: ағасын жанындай жақсы көретін бауыры және оның ісін жалғастырушы інісі. Бірінші сипаттағы Сансызбай — әлі жасөспірім, сондықтан оны бейнелеуде жыр лирикалық психологизмге орын берген. Қайын жұртына кетіп бара жатқан ағасымен қоштасқан сәттегі Сансызбайдың мінезі, ағасына айтқан сөзі — оның терең ойлы, ата-анасы туралы қам жейтін, келешегін ойлайтын бала жігіт екенін дәлелдейді. Мұңлы болған Сансызбайдың қайғыратыны: ағасы әкесінен бата ала алмай және жалғыз аттанып бара жатқаны, ол кеткен соң ата-анасының, ел-жұрттың халі не болатыны, өзінің тым жас екендігі, сол себепті әке-шешесін бағып-қағуға әлі жарамайтыны… Осының өзі-ақ Сансызбайдың ерекше жан екенін көрсетіп, оның келешекте нағыз азамат болатынын аңғартады. Ағайынды екеуінің қоштасу сөздерінен Сансызбайды алда үлкен де қатерлі сынақ күтіп тұрғаны сезіледі. Оны Төлеген де болжап, інісіне қажетті батырдың сауыт-сайманын дайындап қойғанын айтады және өзі мерт болса, Жібекті іздеп табуды, ешкімге қор қылмай, жар етіп алуды тапсырады. Міне, осылай жырдың эпилогі іспетті көрінетін Сансызбай мен Жібек жайындағы қосымшаның пайда болуы ақталады да, бүкіл жыр біртұтас көркем дүниеге айналған.
Жырдағы осы екінші сюжет эпосқа мейлінше қазақы сипат дарытқан. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы екінші бөлікте көбірек әрі жарқын көрінеді.
Егер бірінші бөлімде Төлеген Қыз Жібекті алу үшін екі жүз елу жылқы сатып алып, қалыңмал берген дәстүр көрінсе, екінші бөлімде қандай да бір істі бастар алдында үлкендердің батасын алу ғұрпына үлкен мән беріледі. «Ата қарғысы — оқ» деп түсінген халық Төлегеннің мерт болғанына аянышпен қараса да таңданбаған, қайта оны заңдылық деп қабылдаған. Ал, «баталы ұл арымас» деген ұғымды ұстанған жыршы да, тыңдарман да Сансызбайдың ақжолтай болғаны — әкесінің оң батасын алғандықтан деген ой ұсынады. Сондай-ақ Жібектің әмеңгерлік салтымен Сансызбайға қосылуы да — ел үшін еш оғаш емес, керісінше, оны орынды деп білген.
Сонымен Сансызбай Жібекті алады, бірақ ол тек әмеңгерлік жолымен ғана алмайды. Сансызбай, кәдімгі қаһармандық эпостағы батырларша, ерлік жасап алады. Ол бұл жерде — Жібекті құтқарушы, түптеп келгенде, әділеттілік орнатушы, сондықтан да оның іс-әрекеті толығымен құпталады. Оның образы біржақты емес. Сансызбай — ең әуелі батыр.
Бізге жеткен «Қыз Жібек» жыры — таза сөз өнерінің дүниесі, сондықтан ол көркем шығарма деп түсініледі. Олай болса, мұнда жүйелі композиция, қызғылықты сюжет, бітіспейтін тартыс, кестелі тіл, яғни көркем шығармаға не керек, соның бәрі болуға тиіс және олар жырда айтарлықтай көрініс тапқан. Әрине, бұл әлі жазба әдебиеттің үлгісі емес, мұнда көпқатпарлы іс-әрекет жоқ, шытырман оқиға баяндалмайды, кейіпкерлердің мінез-құлқы, психологиясы, характері динамикалық түрде дамымайды. Дей тұрғанмен, «Қыз Жібек» жырында басты қаһармандармен қатар басқа да кейіпкерлер оқиғаларға араласып, шығарманы мазмұн жағынан байыта түскен. Олар екі топқа бөлінеді. Бірі — басты қаһармандардың жанашыр достары болса, екіншісі — олардың қарсыластары. Достары Жібек пен Төлегеннің, содан соң Жібек пен Сансызбайдың махаббатын қоштап, оларға әрдайым жәрдем етіп жүреді. Бұлардың арасынан Қаршыға мен Шегені ерекше бөліп алуға болады.
Жалпы, Қаршыға мен Шегенің образдары көне эпостағы ежелгі көмекшілердің ғашықтық жырда өзгергенін көрсетеді. Мұның басты себебі — «Қыз Жібек» тұтас эпосқа, яғни көркем жырға айналған заманда (ХV-ХVІ ғ.ғ.) және одан кейінгі дәуірлерде де (ХVІІІ-ХІХ ғ.ғ.) ер адам туралы қоғамдық идеалдың ауысқаны. Ол — тек қана қара күштің иесі емес, оны-мұныдан хабары бар, шежіреші, ақылды әрі сөзге ұста адам. Бас қаһарманның өзі сегіз қырлы, бір сырлы болғандықтан, оның көмекші достары да сондай болуға тиіс.
Жырға үлкен серпін беріп, оған көркем шығармаға қажетті қасиеттерді дарытып тұрған нәрсе — кейіпкерлердің бітіспес тартысы. Оны күшейтіп, ширықтыруда бас қаһармандарға қарсы қимыл жасап жүрген Бекежан мен оның жолдастары және қалмақтардың ханы — Қорен. Алайда, Бекежан мен Қорен бір-біріне ұқсамайтын дұшпандар. Бекежан — романдық эпостағы дәстүрлі кейіпкер, яғни екі ғашықтың ортасында жүрген қастангер (жігіт — қыз — қастаншы).
Ал, Қорен хан болса, ол Бекежаннан өзгеше дұшпан. Қорен — елдің ішіндегі қаскүнем емес, сырттан келген жау. Жау болса да, ол — нағыз батыр. Өз ойын ашық айтады, күшіне сенеді. Жібекті күшпен алатынын да жасырмайды, Сырлыбайға қызыңды бермесең, еліңді шабам деп, бүкіл ауылды қамап, тұтқында ұстайды. (Әлбетте, адамгершілік тұрғысынан келгенде, бұл да — зорлық). Сансызбаймен жекпе-жекте өзін нағыз батырша көрсеткен Қорен жай күнде мақтаншақ әрі өз айтқанынан қайтпайтын, ешнәрсенің байыбына бармайтын, тек өзінің қара күшіне сенетін дүлей бейнесінде көрінеді. Эпос оны, бір жағынан, асқан ержүрек батыр етіп бейнелесе, екінші жағынан, анайы ақымақ етіп суреттейді.
Егер Қорен мен Бекежанды салыстыра қарасақ, екеуі де — жағымсыз кейіпкер, бірақ олар бір-біріне ұқсамайды. Эпос оларды бірі-біріне қарсы қоятын секілді. Қорен — ашық жау, ол — қазақ елінің ата жауының өкілі. Оның бүкіл ойы мен іс-әрекеті — күллі ел жауының әдеткі ісі. Яғни, оның мақсаты — шапқыншылық жасап, Шекті руын жаулап алу, күш көрсетіп, мал-мүлкін талау, еркектерді қырып, әйелдерді — күң ету. Қорен Жібекті сүйгендіктен алайын демейді, оны салық деп қарайды. Өмірде де, фольклорда да сыртқы жау қашанда жеңген елінен алым-салық талап етеді, міне, Қорен де осылай істейді.
Бекежан болса — сырттан келген жау емес, іштен шалған қаскүнем. Былай қарағанда, Бекежанның Жібекке ғашық болуында еш сөкеттік жоқ. Ол да жігіт, ол да сұлу қызды алуға құқылы. Бірақ эпос пен жыршы оны қызды ұнатқаны үшін жек көрмейді, керісінше, оны өз сезімін қызға жеткізе алмағаны үшін, қыздың жүрегіне жол таба алмай, зұлымдыққа барғаны үшін жексұрын етіп көрсетеді. Бекежан өз махаббаты үшін адал күреспей, жауыздық жолын таңдайды, ал бұл жолда ол өзін арам пиғылды адам ретінде танытады. Сол себепті ол өзінің жымысқы тірлігін жасырын істейді, ойын құпия ұстайды. Жырда Бекежанның қалай өмір сүріп жүргені, бұрын кім болғаны айтылмайды. Эпос оны тек «қарақшы» деп атайды. Ал, қарақшының болмыс-бітімі белгілі. Қоренге қарағанда, Бекежан — айлакер, қу, бәрін алдын-ала ойластырып қояды, әрбір арам ісін залымдықпен жүзеге асырады. Сондықтан ол Қореннен де қауіпті. Сол себепті жыр да, жыршы да, тыңдаушы да Қоренді емес, Бекежанды қарғайды, оны ит өлімге қияды. Бекежан — адам табиғатындағы ең жағымсыз қасиеттердің, зұлымдықтың, жауыздықтың белгілерін бойына жинақтаған, солардың символына айналған образ. Міне, бізге жеткен «Қыз Жібек» жыры — таза көркем фольклордың айшықты үлгісі екені осыдан да байқалады.