Home Мәдениет АТЫ АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН ТЕАТРҒА 90 ЖЫЛ

АТЫ АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН ТЕАТРҒА 90 ЖЫЛ

Daismedia.kz

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрына 90 жыл. Осыған орай театр ұжымы қаңтар айында көрермен назарына әлемдік сахналардың ғажайып қойылымдары мен шоқтығы биік туындыларды, әсем әуезді симфониялық кештерді ұсынды.
Театрдың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, театр ұжымы жаңа жылдың шымылдығын жаңа жылдық мерекелердің символына айналған «Щелкунчик» қойылымымен ашты. Одан бөлек, «Мадам Баттерфляй», «Абай», «Евгений Онегин», «Травиата» операсы, «Юнона мен Авось», «Лебединое озеро» балеті, «Франческа да Римини» атты симфониялық оркестрдің концерті берілді.

4 — 28 қаңтар аралығында көрермен назарына П.И.Чайковскийдің музыкасына, Василий Вайноненнің ержүрек қуыршақ пен зұлым тышқан королі туралы ғажайып «Щелкунчик» ертегісі ұсынылды.

11 қаңтарда таңғажайып Жапония мәдениетін көрсететін, опера өнерінің әсерлі туындысы «Мадам Баттерфляй» операсы көрсетілді. Кейіпкерлердің бейнесін тереңнен ашатын итальяндық композитор Пуччинидың әсерлі сазды музыкасы қойылымның басты ерекшелігі болып табылады.

13 қаңтарда театр ұлттық музыкалық өнердің інжу-маржаны Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсын қойды. Алғаш рет 1944 жылы қойылған «Абай» операсы — Қазақстанның опера өнерінің үздік жетістіктерінің бірі.

18 қаңтарда әлемдік ең үздік опералардың бірі Петр Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсы өтті. Басты партияларды «Umai-2023» ұлттық сыйлығының лауреаты, «Операдағы әйел партиясын үздік орындаушы» номинациясын иеленген, театрымыздың солисі Оксана Давыденко, Төлеген Рахымбаев (алғашқы орындауы), Нұржан Бажекенов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дина Дютмағамбетова, Надия Наденова сомдады.

19 қаңтарда балет өнерінің озық үлгісі А.Вознесенскийдің «Авось» поэмасы негізінде жазылған Алексей Рыбниковтың екі актілі ритм-рок балеті «Юнона және Авось» балетін ұсынды. Орыс саяхатшысы Николай Резанов пен Сан-Франциско губернаторының қызы Мария Кончитаның романтикалық махаббат хикаясына негізделген қойылым.

20 қаңтарда Александр Дюманың «Камелия ұстаған ханым» романының желісі бойынша қойылған, әйгілі итальяндық композитор Джузеппе Вердидің «Травиата» екі бөлімді операсын көрермендер назарына ұсынды.

25 қаңтарда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының 90-жылдығына орай П.Чайковскийдің «ФРАНЧЕСКА да РИМИНИ» (симфониялық сюита), К.Сен-Санс «Самсон және Далила» операсынан ВАКХАНАЛИЯ, К.Орф «КАРМИНА БУРАНА» (кантата) симфониялық музыка кешін тамашалады. Кеште театрдың опера солистері ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жәмилә Баспақова, Эмиль Сакавов, Болат Қанағатов өнер көрсетті.

1933 жылы театрдың ғимаратын салу туралы шешім шықты. Осыған орай кеңес одағы бойынша үздік архитектор жобасын анықтайтын байқау жарияланды. Мәскеулік архитектор Николай Кругловтың ұсынысы әділқазыларға толықтай ұнады. Кейін құрылыс жұмыстары 1936 жылы басталып, 1941 жылы аяқталды.
Театр қазақтың ұлы мәдениет қайраткері – Абай Құнанбайұлының есімімен аталған.
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры — Қазақстанда тұңғыш ашылған кәсіби музыкалық театр. Қазіргі таңда негізгі бағыты — опера және балет өнерiнде Қазақстанның мәдени саясатын іске асыратын және халықтың мәдени деңгейiн көтеретін көркем шығармалар қойылымдарын ұйымдастыру және қою; ұлттық және халықаралық мәдени мұраны насихаттау; мемлекеттiк бағдарламаға сәйкес жастарды опера және балет классикасының майталмандарымен таныстыру. Театрдың шығармашылық ұжымының құрамында атақты сахна шеберлері және есімдері бүкіл әлемге танымал түрлі халықаралық байқаулардың жас дарынды лауреаттары еңбек етеді. Сахна шеберлері Франция, Германия, Италия, Жапония, Түркия, Қытай, АҚШ сияқты басқа да көптеген елдерде қошеметтелді.
Ғимарат құрылысының композициялык орталығы – 1170 орынды көрермендер залы. Сахна жақсы көрінеді, дыбыс естілуі анық. 2-қабатта ғимарат интерьерін көріктендіре түсетін кең фойесі бар. Капительді бағаналар, қабырға өрнектері оюлы басқыш қоршаулары, жалпы ғимараттың ішкі еңсесін сәулеттеуде негізгі рөл атқарған қазақтың дәстүрлі ою-өрнек үлгілері (қошқармүйіз, ырғақ, жапырақ гүл, сыңар мүйіз, т.б.) ғимарат архитектурасында кеңінен қолданылған. Оның екі қапталы мен алдыңғы жағындағы бақ, хауыздар ғимарат әсемдігін әрлендіре түскен. Театрдың екі қапталындағы бақтарға М.О. Әуезов (1967, мүсіншісі Т.С. Досмағамбетов) пен Ж. Жабаевтың (1971, мүсіншісі Х.Е. Наурызбаев, екеуінің де архитекторы М. Меңдіқұлов) ескерткіштері қойылған. Қазақ опера және балет театры Ленин орденімен марапатталған (1959)

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық опера және балет театры 1934 жылы 13 қантарда Мұхтар Әуезовтың либреттосы «Айман-Шолпан» музыкалық қойылымымен ашылды. Иван Коцыко өңдеген халық өлеңдері мен күйлері орындалды. Қойылым көпшіліктің көңілінен шығып, әсері зор болды. Жаңа театрдың ашылуы бүкіл елге таралды.

Әрине, опера театры – бұл, ең алдымен, бүкіл өмірлерін ең әсем өнердің бірі театрға арнаған энтузиастардың, әдебиет қайраткерлерінің, сазгерлердің, жазушылардың, суретшілердің, жақсы вокалдық қабілеттері бар әртістердің ең сүйікті жұмысы. Бұл адамдар ұлттық мәдениеттің тарихына енген. Олардың іс-әрекеттері 70 жыл бойы дамып, жалғасуда. Олар бұрыннан бері Қазақстанның музыкалық мәдениетінің кемеңгерлері болып табылады: әртіс Күләш Байсейітова, режиссер Жұмат Шанин, әнші және режиссер Құрманбек Жандарбеков, әнші, режиссер және драматург Қанабек Байсейітов, биші Шара Жиенқұлова, әнші Манарбек Ержанов, суретші Анатолий Ненашев, жазушылар Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Бейімбет Майлин, сазгер Евгений Брусиловский.

Бірінші қойылымның нәтижесімен рухтанған, шабыттанған әнші-әртістер, кәсіптік білімдері жоқ режиссерлер шығармашылық құмарлықпен театрдың опералық репертуарын құруға кірісті. Е.Г.Брусиловский Қазақстанның ұлттық опералық өнерінің бастауын салған театрдың бірінші сазгері болып табылады. Театрда қойылған келесі қойылымдар: «Қыз Жібек» (1934), «Жалбыр» (1935), «Ер Тарғын» (1936).
1935 жылы Құйбышев опера театрының базасында орыс опера труппасы құрылды. Кәсіби ұжым аз уақыт ішінде әлемдік классика мен орыс операсынан 9 спектакльді көрермен назарына ұсынды. Олар – «Кармен», «Евгений Онегин», «Қарға әйел», «Шайтан», «Фауст», «Аида» және т.б.

1936 жылы театр Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің он күндігіне қатысып, көрермен қауымның ыстық лебізіне ие болды. Басты рөлді Күләш Бәйсейітова сомдаған «Қыз Жібек» қойылымы зор табысқа ие болды. Барлық дерлік газет жаңа театр мен оның әншілері туралы жарыса жазды. Күләш Бәйсейітова СССР халық әртісі атағын иеленген алғашқы қазақ әнші болды.

1938 жылы П.Чайковскийдің «Лебединое озеро» балеті балет труппасын құрылуының бастауын салды. Бұдан әрі «Конек-горбунок», «Раймонда», «Бахчисарайский фонтан» қойылымдары қойылды. Осы жылы В.Великановтың «Қалқаман мен Мамыр» атты бірінші қазақ балеті қойылды.

Орыс және қазақ опералық труппалардың тығыз қарым-қатынасы вокал мәдениетін нәтижелі меңгеруге мүмкіндік береді. Театрдың репертуарында «Князь Игорь», «Борис Годунов», «Иван Сусанин», «Русалка», «Дубровский» «Черевички» және т.б. қойылымдар бар.

Опера театрының ең бірінші алған үлкен нәтижелі әсері – ол 1936 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті және өнер Декадасы. Басты рөлде Күләш Байсейітова ойнаған “Қыз Жібек” операсы көрермендердің есінде әлі күнге дейін қалған. Бірінші қазақтың әншісі Күләш Байсейітова КСРО халық әртісі атағы берілді.

Театрды жаңа білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін Москва консерваториясында және Ресейдің басқа да оқу мекемелерінде ұлттық балеттік, вокалдық және драма бөлімшелері ашылды. Олардың түлектері: Байғали Досымжанов, Әнуарбек Үмбетбаев, Ришат және Муслим Абдуллиндар, Шабал Бейсекова, Кәукен Кенжетаев, Мұқан Төлебаев және т.б.

Ұлы Отан Соғысының алдында театрдың репертуарында 31 опералық (олардың ішінде 9 қазақ) және 6 балеттік (2 қазақ) қойылымдар болды.

1941 жылы театрға Академиялық құрмет атағы берілді. Театр соғыс жылдары халықтың басына түскен бүкіл ауыртпалықты бірге көтерді. Сонда да, қиын жағдайға қарамастан Алматының ең әдемі және ең ірі ғимараты болған театрдың жаңа ғимаратының құрылысы аяқталды (сәулетшілер Н.А. Простаков, Т.Басенов).

Театр өзінің жаңа ғимаратында 7 қараша күні «Нарғыз» қойылымымен ашылды. Ғимараттың негізгі стилі – италиялық классицизммен үйлескен сталиндік ампир және дәстүрлі ұлттық элементтер. Қазақ халқының бай өнері мен дәстүрінің әртүрлілігін театр интерьерінен аңғаруға болады. Ғимараттың ішін безендіруде ұлттық ою-өрнектер де пайдаланылған. Бірінші қабатта қазақ суретшілері салған театр өнерінің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан қоғам қайраткерлерінің портреті ілінген. Театр қиын соғыс жылдары «Запорожец за Дунаем», «Отелло», «Мазепа», «Иван Сусанин» және т. б. бірқатар жаңа қойылымдарды жүзеге асырды. Сол уақытта Алматы қаласына бүкіл Кеңес Одағының көптеген мәдениет және өнер қайраткерлері көшіп келген. Біздің театрда “Жизель” балетінің қойылымын жүзеге асырған Галина Уланова да жұмыс жасады.

1944 ж. М.Әуезовтың либреттосы, А.Жұбановтың және Л.Хамидидің «Абай» қазақ операсының жарық көруімен есте қалды. Әрине, бұл театрдың репертуарындағы әлі күнге дейін ең негізгі, үлкен шығармашылық табыс болып табылады.

Ұлы қазақ ағартушы, философ, гуманист, ақын Абай Құнанбаевтың 100 жылдығына орай опера және балет театрына Абай аты берілді.

Театрдың көркемдік жетекшісі репертуарға ерекше көңіл бөлген. Орыс, еуропалық және қазақ опералары қойылды. Олардың кейбіреулері қазақ музыкасының алтын қорына енді, мысалы «Біржан мен Сара» операсы. «Евгений Онегин», «Чио-Чио-сан» сияқты және тағы басқа да қойылымдар сол жылдары орыс тілінде қойылғаны әлі күнге дейін көрермендердің есінде қалған.

50-жылдар арнайы жоғары білім алған Ермек Серкебаев, Роза Джаманова, Эра Епонешникова, З.Райбаев, С.Кушербаева кәсіптік музыканттардың келуімен есте қалды. Олар бір рөлден екінші рөлге, бір бейнеден екінші бейнеге біртіндеп ауысып, тәжірибе жинап, сондай-ақ, өз шеберліктерін жетілдіре отырып, халық сүйіп тыңдаған опера және балет театрының “жұлдыздары” болды. Олар біздің елде ғана емес, сондай-ақ көптеген елдерде танымал болды. Қазіргі уақытта үлкен шығармашылық тәжірибелерімен театрда өскелең ұрпақтың ұстазы және кеңесшілері болып табылады. Олар үнемі жаңа қойылымдардың жүзеге асырылуымен айналысты. Бұл «Дударай», «Төлеген Тохтаров», «Галька», «Проданная невеста», «Трубадур», «Царская невеста», «Травиата», «Севильский цирюльник», «Риголетто», «Снегурочка», «Руслан и Людмила», «Морозко», «Чародейка», «Демон», «Ромео и Джульетта», «Дон Жуан», «Богема» , «Сказки Гофмана» және т.б.

Театрға В. Яковенко, Б.Әшімова, М.Мусабаев, Н.Қаражігітов, Ш. Үмбетәлиев, Р.Байсейітова, З.Кастеева, Г.Есімов, Ә.Днішев, Е.Исаков, Р.Жубатурова, Х.Калиламбекова, Р.Бапов, С.Байсұлтанов, Г.Туткибаева, М.Тукеев сияқты жаңа әртістер келіп жатыр. К. Кужамьяровтың «Назугум», «Садыр палван», С.Мұхамеджанованың “Жұмбақ қыз”, Е.Рахмадиевтің «Алпамыс», «Қамар сулу», Г.Жұбанованың «Еңлік-Кебек», «Құрманғазы», «Легенда о белой птице», «Хиросима» сияқты жаңа қойылымдары дүниеге келді.

Театрдың репертуарында біздің елде болған тарихи, саяси және экономикалық оқиғалар да өз бейнелерін тапты. Құлшыныс жылдары да, тоқырау жылдары да болды. Сондай-ақ, қайта құру уақыты да театрға үлкен әсерін тигізді.

2000 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының қайта жаңартылуы аяқталды. Театр ұжымының жұмысы үшін қолайлы жағдайлар жасалды. Бүгінгі таңда театрдың бай дәстүрлі өнерін Нұржамал Үсенбаева, Жәмиля Баспакова, Майра Мұхамедқызы сынды жұлдыздар халыққа паш етіп жүр. Сондай-ақ, театр сахнасында танымал Дмитрий Сушков, Құралай Сарқытбаева, Ұлан Кенжебеков, Сара Ищанова, Гүлзат Дәуірбаева, Дина Дютмағамбетова, Талғат Күзембаев, Талғат Мұсабаев, Әлия Сапугова, Найля Кребаева, Алексей Сафронов, Досжан Табылды және т.б. әртістер өнер көрсетіп жүр.

2019 жылы Абай атындағы опера және балет театрының ұжымы талантымен еуропалықтарды тәнті етті. Театрдың балет труппасы тұңғыш рет Францияның Страсбург қаласында өнер көрсетті. Сапар еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы мен «Жастар жылына» орай ұйымдастырылды.

Француздар Абай атындағы опера және балет театрының операсын Парижде, Еуропада бірнеше рет тамашалаған. Енді балет труппасымен жақынырақ танысуға асық. Франция үкіметінің мүшелері, Еуропарламент депутаттары, қоғам, өнер қайраткерлері мен зиялы қауымның алдында, балеттің Отанында өнер көрсету — үлкен жауапкершілік. Ұжымның көздегені — сол үдеден шығу.
Қазіргі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық опера және балет театры Қазақстанның музыка өнерінің флагманы болып табылады. Қазіргі таңда бұл Еуразия кеңістігінде ең ірі театр. Театрдың шығармашылық ұжымының құрамында атақты сахна шеберлері және есімдері бүкіл әлемге танымал түрлі халықаралық байқаулардың жас дарынды лауреаттары еңбек етеді. Қазақ опера және балет театры сахнасының шеберлерін Франция, Германия, Италия, Жапония, Түркия, Қытай, АҚШ сияқты көптеген елдерде қошеметтейді. Бүгінгі таңда біздің театр қойылымдарға жеке орындаушыларды ғана емес, сондай-ақ бүкіл ансамблдерді шақыра отырып, басқа да елдердің театр ұжымдарымен тығыз ынтымақтастық орнатуға тырысады. Театр жыл сайын опера және балет өнерінің халықаралық фестивальдарын өткізеді.

You may also like

Leave a Comment