Home Мәдениет АҢЫЗ АДАМ МҰСТАФА ӨЗТҮРІКТІҢ ТУҒАНЫНА 70 ЖЫЛ

АҢЫЗ АДАМ МҰСТАФА ӨЗТҮРІКТІҢ ТУҒАНЫНА 70 ЖЫЛ

Daismedia.kz

Биыл қарашаның 23-і Мұстафа Өзтүріктің туғанына 70 жыл толды.
Мұстафа Өзтүрік – таеквондодан қара белбеу шебері, таэквондо жекпе-жек өнерін алғаш рет қазақ жеріне әкелуші, мыңдаған шәкірт тәрбиелеген ұстаз, ұлт жанашыры. Қазақ десе ішкен асын жерге қоятын, ұлтжанды, дарынды біртуар азамат Мұстафа Өзтүрік Қазақстан тәуелсіздік алмас бұрын атамекенімен байланысқа еніп, онда таэквондо спортының әлемдік деңгейге көтерілуіне барын салды.

Мұстафа Өзтүрік 1954 жылы Түркияның Қайсері қаласына қарасты Мұсаходжалы ауылында дүниеге келген. Найман тайпасының Байжігіт руынан шыққан.

«Ата-бабамыз Шығыс Қазақстаннан екен. Аталарым Әлкенбай, Төлебай деген кісілер болған. Олар ел басқарған, би болған азаматтар. Әкемнің аты – Кәбен. Ол кісі кітаптар жазған. Бірақ баспаға шықпаған. Халық әкемді қажы Кәбен деп таниды. Ол балуан болыпты», — дейді спортшы «Барып қайт, балам ауылға» деректі фильмінде.

Кәбеннің екі әйелі болған. Алғашқы жары Мәликеден ұрпақ болмапты. Содан 1941 жылы Рәзияға есімді қызға үйленеді. Бірақ оның алғашқы екі баласы шетінейді. 1954 жылы Мұстафаны, кейін Ферухан атты қызды өмірге әкеледі. Кәбеннің бәйбішесі Мәлика Мұстафа мен Феруханды өз баласындай жақсы көріпті.

Мұстафа Өзтүрік әкесінің тағдыры ауыр болғанын, ата-анасының Түркияға жетуі үшін қаншама қиындық көргенін былайша баяндайды:
«Әкем Шығыс Қазақстаннан Қытайдың Баркөл деген жеріне орналасыпты. Сол жерден көш басталады. Алтай, Гималай тауларын асып, шөлдерді өтіпті. Жолда мыңдаған қазақ қырылыпты. Олар Тибетті асып, кейбіреуі Үндістан, Пәкістанға барған. Сол жақта қоныстанып, біраз уақыт тұрған. Он шақты жыл тұрған қазақтар да болыпты. Бірақ біздің ауыл онда көп тұрмаған екен. Сөйтіп, Түркияға барған. Түркиялықтар бізді «бауырымыз, қандасымыз» деп, қазақтарға үй, жер, жәрдем берген».

Мұстафа жастайынан оқу мен өнерге талантты еді. Сондай-ақ дене бітімі және күші қуаты да жеке күрестік спорттарға икемді болды.
Бұл қасиеттер оған аталарынан дарыған болса керек. Мұстафаның атасы Төлебай ХІХ- ғасырдың соңы мен ХХ- ғасырдың басында Шығыс Түркістанда шешендігі, қазақ-қытай тілдеріне жеттіктігі және біліктілігімен танымал болған тұлға. Төлебайдың зайыбы болса кезінде Шығыс Түркістан қазақтары арасында атақты палуан және зор күш иесі Қайысбай палуанның қызы Жәнгүдай. Міне Мұстафадағы палуандық күші осы нағашы атасынан өткен деседі.
Ал Төлебай мен Жәнгүдайдың ұлы және Мұстафа Өзтүріктің әкесі, Түркия қазақтары арасында Кәбен атымен танымал Әбдірахман Төлебайұлы болса Түркия қазақтарының көшін бастаған жетекші, палуан және домбыраны жақсы шертетін өнерпаз. Кәбеннің зайыбы, Мұстафаның анасы Рәзие де кезінде асқан сұлу және әнші кісі болған. Мұстафадағы ән мен өнерге деген талант осындай ата-анадан келген болу керек. Мұстафа 1980 жылдарда “Жұлдыздарды тілейсің бе?” деген әнді шығарған және 1987 жылы Алтай атты фильмнің сценариін жазып, бас рөлде ойнаған. Демек Мұстафа тек спорт шебері емес, сонымен қатар талантты өнер адамы.

Мұстафаның әкесі Қабен (Қабыл) Төлеубайұлы ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен, жауырыны жер иіскемеген атақты палуан болған. Сол кездері ел ішінде кәмпеске басталып кетеді де, бір әулет бір түннің ішінде тұтасымен таудан асып, Ұласты өзенін жағалай жүріп, Шың еліне өтіп кетеді. Алайда араға жиырма жыл салып, Қытай елінде де қызылдар қырғын салған сүрең басталып, 50- жылдары Түркияға барып тұрақтауды ойлайды. Анадолы еліне жетуде оңайға соқпайды. Адамзат аяғы тимеген атақты Такмала шөлін басып өтіп, Үндістан шекарасына да жетеді. Жол-жөнекей қырғын соғыстан көз ашпай Пәкістан арқылы әйтеуір Түркияға табан тірейді. Қалың топтан қалған жұрнақ міне, осылай Кайсери қаласынан пана табады. Жергілікті түріктер бірден жақсы қабылдайды. Қандастар деп құрметтейді. Соның арқасында бұл әулеттің жағдайлары да жақсара бастайды. Қабен аға осы жерде палуандармен белдесіп, өзінің жауырыны жер иіскемейтін шебер екеніне көз жеткізеді. Түрік бауырлардың Қабен ағаға деген сыйластықтары артып, Өзтүрік атап кеткен. Міне, осылай отбасы мүшелері осы атауды өздеріне тек етіп алады.

Арада біраз уақыт өткенде, яғни 1954 жылы Қабен ақсақалдын үйінде қуанышты уақиға болады. Өмірге ұл келді. Есімін Мұстафа қояды, тегін Өзтүрік етіп жаздырады. Бала Мұстафа өте зерек, алғыр болып өседі. Бар болғаны 16 жасында Ыстанбұл қаласындағы мектепті аяқтап, арнайы жолдамамен Тайваньға оқуға аттанады.
«1970 жылы Қытайдың Тайвань деген жеріне оқуға кеттім. Ол жердегі мектепте білім алдым. Қытайша үйрендім. Менімен бірге қазақтың жігіттері болды. Жоғары оқу орнын сонда бітірдім. Корея, Жапония, Гонконг әрі Азияның көптеген елінде болдым», — дейді ол деректі фильмде.

Бұл әлем­нің түкпір-түкпірінен талантты балаларды жинап, оқытқалы жатқан эксперименталды оқу орны еді. Ешбір ақысыз, емтихансыз оқуға түскен Мұстафа бес жыл өткен соң журналистика факультетін бітіреді.
Осы елде жүріп, Корейдің көне спорт өнері таэквондоны үйренді. Ол жерде таэквондо спортынан үздік мәртебе алды, 6-шы дан дәрежесін иеленді. Сонымен қатар халықаралық жаттықтырушы мамандығын алды.

«Бұл спорт түрі осыдан 2 мың жыл бұрын Кореяда пайда болған. Тэ – аяқ, кон – жұдырық, до – рух, жол, тәртіп және басқа да мағыналарды білдіреді. Яғни «таеквондо» жұдырық, аяқ, рух пен тәрбиенің жолы деген мағынаны білдірсе керек. Спорт мектебімді ашпас бұрын ұстаздарымның мектебінде сабақ бердім. 1977 жылы таеквондодан 4 данды алдым», — дейді Мұстафа Өзтүрік.

Кейін Түркияға қайтқаннан соң Ыстамбұлда алғашқы таэквондо мектебін ашты. Осы мектептен шыққан оның бір сыпыра шәкірттері Түркияның таэквондо федерациясында жоғары қызметтерде болған. Германияның Мюнхен қаласына қоныс аударған Мұстафа Өзтүрік осы қалада да өзінің таэквондо мектебін ашқан.

Қытайдың жауынгерлік өнерін насихаттаушы, АҚШ актері, режиссер Брюс Ли Мұстафа Өзтүрікпен таныс болған. Брюс Лиде таеквондодан 4 дан болса, қазақ спортшысында 6 дан болған. Қазақ спортшысы өзінің әріптесінің еңбегін жоғары бағалаған екен.

«Брюс Лиді білмейтін адам жоқ деп ойлаймын. Онымен бірге жаттығу жасадық. Оның қызметі спортпен ғана шектелген жоқ. Брюс Ли әлем чемпионы да болған жоқ. Бірақ ол еліне қызмет етті. Егер сен еліңе қызмет істей алсаң, онда сен азаматсың», — дейді Мұстафа Өзтүрік қазақстандық журналистерге берген сұқбатында.

XX ғасырдың орта тұсында батыс елінде шығыс спортшыларын киноға түсіру кеңінен етек алады. Әсіресе, Брюс Лиге деген қызығушылық күшті болды.

Түркия осы мақсатта Мұстафа Өзтүрікті киноға түсірмек болады. Алайда Мұстафа оған келіспей, бала-шағасымен бірге Германияға кетіп қалады.

1954 жылы Стамбулда туған Мұстафа Өзтүрік – қазақ және түрік таэквондосының негізін қалаушылардың бірі болып саналады. Ол – 1930 жылдары аталары қиын-қыстау кезде Қытайдың Алтайына кетіп, ол жерден Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға өткен қазақ диаспорасының өкілі.

Өзтүрік 1975-80 жылдары Тайбэйдегі Халықаралық саясат университетінде оқып, журналист мамандығы бойынша диплом алады. Ресми өмірбаянына сәйкес осы елде таэквондо спортына ынтасы ауып, шығыс жекпе-жегін үйренеді де, шеберлігін 7-кыпқа (сары-жасыл белбеу) дейін жеткізеді. Ең жоғарғы шегі 10-кып (ақ белбеу) деп саналатын таэквондода 7-кып иелері ғана «сахюнним», яғни шебер аталады. Оқу бітірген соң Өзтүрік Мюнхенде әскерилер мен полицейлерге шығыс жекпе-жегінен жаттықтырушы болып жұмысқа тұрады. Кейін Германиядағы алғашқы таэквондо мектептерінің бірін ашады. 1980 жылдардың басында Стамбулда да Мұстафа Өзтүрік мектебі ашылып, түрік шәкірттері әлемдік жарыстарда жүлде ала бастайды. Түркия таэквондо құрамасын Мұстафа Өзтүрік жаттықтырған кезде 1983 жылы Копенгагенде (Дания) өткен әлем чемпионатында түркиялық Йылмаз Хелвагиоглы есімді түрік таэквондошысы алтын алады. Тағы екі түрік спортшысы күміс пен қола иеленеді.

1990 жылы көктемде Мұстафа Өзтүрік Қазақстанның билік өкілдерінің шақыртуымен тарихи атажұртына алғаш келеді.
Мұстафа Өзтүрік сынды талантты Қазақстаннан алғаш тапқандар Германияға сапарлап барған И. Тасмағамбетов, С. Әбдірахман, Т. Жаманқұлов, Д. Жолжақсынов, Т. Теменов болды. Бұлар сонымен қатар кейін оның ең жақын достары болды. Сөйтіп Мұстафа Өзтүрік Қазақстан тәуелсіздік алмай тұрып, Кеңестік республика кезінде 1990 жылдың басында ат басын атамекенге бұрды.

Сол жылдың қазан айында Мюнхендегі таэквондо мектебінің шакірттерін алып Қазақстанға барды. Осы сапарында Қазақстан мен Түркия арасында алғашқы ресми байланыстардың орнатылуына мұрындық болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Өзтүрікті және оның қасындағы Түркияның «Хүрриет» және «Тержүман» атты екі үлкен газетінің тілшілері Ердоған Салғырбойы мен Ирфан Сезерді қабылдады. Қазақстан жетекшісі сол тілшілер арқылы Түркия Президенті Тұрғыт Өзалға сәлем жолдап, “Түркия Президенті Тұрғыт Өзалды Қазақстанға шақыратынын, егер Тұрғыт Өзал өзін шақыратын болса, Түркияға баратынын” мәлімдеді. Елбасының осы сөздері «Хүрриет» газетінде бірінші беттен үлкен әріптермен берілді. Сөйтіп Тұрғыт Өзалдың Қазақстанға тұңғыш сапары 1991 жылдың 14-15 наурыз күндері іске асты. Елбасының Түркияға тұңғыш сапары болса 1991 жылы 25-26 қыркүйекте ұйымдастырылды. Германияда жүргенінде Тұрғыт Өзал Мұстафаға телефон соғып, Түркия-Қазақстан байланыстарына үлес қосқаны үшін алғысын білдірді.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Мұстафа Өзтүрік Алматыға келіп, таэквондо мектебін ашты. Көптеген шәкірт тәрбиеледі. Қазақстан таэквондо федерациясының құрылуына мұрындық болды. Өзі оның алғашқы президенті болады. Оның кезінде қазақ таэквондо спортшылары халықаралық жарыстарға Түркияға және Америкаға барып, сол жақтардан ірі жеңістермен оралды.

Естеліктерінде: «Ұшаққа отырғанда қазақша сөйлеген адамдарды көрдім, ұшақта қазақ күйін естідім. Ондай толқыған сәтті сезінбеп едім» деп еске алды ол елге келген сәтін.

Анасы Рәзия да ұлымен Қазақстанға келіп, орталық телевизияға берген сұхбатында: «осы қара балапаным ұлтына қызмет етсе деп армандаймын» деді.

Ал 1990 жылы күзде Өзтүрік қазақ жастарын таэквондоға баулу үшін Қазақстанға біржола орнығып, 1991 жылы Қазақстан таэквондо федерациясын құрады. 1992 жылы Қазақстан Халықаралық таэквондо федерациясының (WTA) мүшесі болады. Осы жылы Мұстафа Өзтүрік Қазақстан азаматтығын алады. Оның шәкірттері алғаш рет 1992 жылы Түркиядағы халықаралық жарысқа барып, екі алтынмен оралады. Соның бірі – Қайрат Қырғызбаев.

Жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында ол: «Мұстафа Өзтүрік цирк залында, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында шеберлік сағатын өткізді. Сол кезде таэквондоға ықыласы ауған халықтың санында шек болмайтын. Өзтүрік елге келген жылдары мен дене шынықтыру институтының студенті едім. Қабілетім барын байқаған ол менің шеберлігімді одан әрі шыңдай түсті. Түркияға жарысқа бардық. «Алтын алмасаңдар елге қай беттеріңмен барасыңдар» деген сөзі намысты оятты. Мен 80 килограмм салмақта сынға түсіп, жеңімпаз атандым. Менен бөлек, Сұлтанмахмұт Шоқпытов да алтын жүлде алған еді. Біз жеңіске жетіп, Қазақстанның туы көтерілгенде Мұстафа ағамыз көзіне жас алғаны да есімде» деп еске алады.

1995 жылы Мұстафа Өзтүрік жаттықтырған қазақстандық спортшылар әскерилер арасындағы таэквондодан әлем чемпионатында оңтүстік кореялықтарды ғана алға жіберіп, командалық екінші орын алады.

1994 жылы Мұстафа Өзтүрік Қазақстан парламентінің депутаттығына өз кандидатурасын ұсынады. Бірақ ол бұл сайлауда жеткілікті дауыс жинай алмайды. Ол өзінің бапкерлік қызметін жалғастыра береді.

1995 жылы Мұстафа Өзтүрік кенет сырқаттанып, Алматыдағы ауруханалардың бірінде ауырып,өкінішке орай, қазақтың есіл азаматы белгісіз жағдайда 1995 жылы 15 наурыз күні қазаға ұшырап, денесі Стамбұлда (Түркия), әкесі жатқан бейітке жерленді. Достарының айтуынша, 1995 жылғы наурыздың 11-і күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында кикбоксингтен жарыс өтіп жатады. Сол жарыс біткен соң Өзтүрік өзін жайсыз сезініп тұрғанын айтып, дәрігер шақыртады. Ал дәрігерлер оны ауруханаға алып кетеді.
Мұстафа Өзтүріктің досы Мамет Дамир: «15 наурызда оның жағдайы қиындай берді. Кешкі бес жарымда ол көз жұмды. Оның жанында болған достары: «Оны біреулер улаған» деді». 1995 жылдары елде рэкетирлік уақыт еді. Біреулерге Мұстафаның елге келіп, көтеріле бастағаны ұнамаса керек. Біздің болжамымызша, оның тамағына у қосқан сияқты» дейді.
Таэквондо шеберін емдеген медициналық мекеме мен билік органдары «Мұстафа Өзтүрік қастандықтан өлді» деген жорамалды растаған емес.
Спортшының анасы ұлының денесін Стамбулға алып кетіп, сонда жерлейді. Рәзия апаның өзі 2012 жылы мамырда Стамбулда дүние салды.

Алайда тәуелсіз Қазақстанда жоғары адами қасиеттерімен танымал болған Мұстафа Өзтүрікті қазақ халқы ешқашан жадынан шығарған жоқ. 2000 жылы Алматы қаласында Өзтүрік Мұстафа атына көше беріліп, ескерткіш белгі қойылды. 2004 жылы Өзтүрік Мұстафаның 50 жасқа толған мерейтойы қарсаңында Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылында ескерткіші ашылды. 2014 жылы болса Қазақстанның елордасы Астана және мәдени астанасы Алматы қаласында Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдығы да, Қазақстан-Түркия достығы да тойланды. Сондай-ақ ол туралы бірнеше деректі фильм де түсірілді.
1991 жылы Қалила Омаров Мұстафа Өзтүрікке арнап «Барып қайт, балам ауылға» фильмін түсірді.

Таеквондодан 6 дүркін әлем чемпионы өте қарапайым болған. Ол қазақ балаларына ғылым мен білім саласында еңбек етуге кеңес беріпті.

«Ауылда жүрген кезде балалар жүгіріп келеді де, «мен Мұстафа Өзтүрік» боламын дейді. Мені кішкентай балалар жақсы көреді ғой. Оларға: «Сендер Мұстафа Өзтүрік болмаңдар! Ғалым, жазушы, ақын, педагог болыңдар!» деймін. Мен ең оңай жолды таңдадым. Ашығын айтқанда менікі қара күш қой. Чемпион болу – оңай, адам болу – қиын», — деген еді Мұстафа Өзтүрік.

Еліне, халқына қызмет еткен Мұстафа Өзтүрік сынды азаматтар ешқашан ұмытылмақ емес. Ол туған халқының жүрегінде мәңгі жасамақ.

You may also like

Leave a Comment