Home Мәдениет САЗ ӘЛЕМІНІҢ САҢЛАҒЫ СЫДЫҚ МҰХАМЕДЖАНОВТЫҢ ТУҒАНЫНА 100 ЖЫЛ

САЗ ӘЛЕМІНІҢ САҢЛАҒЫ СЫДЫҚ МҰХАМЕДЖАНОВТЫҢ ТУҒАНЫНА 100 ЖЫЛ

Daismedia.kz

ҚазССР және КСРО халық әртісі, ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, композитор – Сыдық Мұхамеджанов (1924-1991) қазақ музыкасының тарихында елеулі орны бар тұлға. Ол еуропалық музыкалық жанрлардың барлық саласына қалам тербеген және солардың әрқайсысында танымалы, әсем де, мақтан тұтарлықтай шығармалар қалдырған жан. Дәстүршілігіне қарамастан, композитор музыкасы көркемдік мазмұны жөнінен қазіргі заман
талабына сай келеді. С Мұхамеджанов шығармалары мазмұны жағынан кең көлемді, айтар ойының анықтығы, ерекше әуендік сұлулығымен көзге түседі. Сазгердің шығармашылығының төрінен орын алатын туындысы ән жанры мен
романстар. Кейбір туындыларының сөзін өзі жазғаны оның ақындық өнері бар екенін білдіреді С. Мұхамеджановтың ән-романстары қазіргі таңда да вокалистердің репертуарынан нақты орын алуда. Сондықтан көптеген музыкатануда талдауға түспеген ән-романстарын зерттеп, олардың орындаушылық ерекшеліктерін анықтау зерттеліп отырған тақырыптың өзектілігін білдіреді. Камералық-вокалдық шығармашылығында композитор Абайдың, С. Сейфуллиннің,
И. Байзақовтың, М. Әлімбаевтың, С. Бегалиннің, Қ. Шаңғытбаевтың, С. Сматаевтың, Т. Молдағалиевтің, К. Бекхожиннің, К. Аманжолованың аудармасындағы Т. Шевченко мен Дж.Байронның поэзиясына жүгінді.

Сыдық Мұхамеджанов – талантты композиторлардың бірі, оның тамаша әуендері әр қырлы шығармашылығы, аға буын композиторлар мектебінің негізін қалаушылар мен 60-шы жылдары шыққан композиторлардың арасындағы байланыс дәнекері болып табылады.

Биыл Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның және КСРО-ның халық артисі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сыдық Мұхамеджановтың туғанына 100 жыл толып отыр.

Сыдық Мұхамеджанов 1924 жылы Қарағанды облысы, Шет ауданының Үлкен бұлақ деген жерінде дүниеге келді. Оның балалық шағы дарынды адамдардың ортасында өтті, туған өлкесінен шыққан атақты Тәттімбеттің, Ақанның, Естайдың әндері мен күйлерінің әсем үндері балаға үлкен әсер қалдырды. Оның музыкаға деген әуестігі өзінің анасынан дарыған. Оның анасы өз заманының атақты әншісі болған. Сыдық Мұхамеджановтың музыкаға және кәсіби білімге деген жолы оңай болған жоқ. 1947 жылға дейін киноактерлар мектебін бітіріп, музыка училищесінің тарихи-теориялық бөліміне оқуға түсті. Денсаулығына байланысты училищедегі оқуын тоқтатып, мектептерде, музыкалық үйірмелерде жұмыс істейді. Алматы консерваториясының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) композиторлық бөлімін бітірген. Профессор Е.Брусиловскийдің класында оқиды.

Әйгілі сазгер ерен еңбегі үшін 1967 жылы Қазақстанның халық әртісі, 1974 жылы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, 1990 жылы КСРО халық әртісі атағын алды. «Октябрь революциясы», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды.

С.Мұхамеджанов Қазақтың Құрманғазы атындағы консерваториясында оқып жүріп Қазақ радиосында музыкалық редактор болды, Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде қызмет етті.

Сыдық Мұхамеджанов консерваторияны бітірмей-ақ талай шығармалар жазды: скрипка мен фортепианоға арналған соната, қобызға, фортепианоға арналған пьесалар, хорлар, драмалы қойылымдарға музыка, әндер мен романстар. Композитордың қазақ халық оркестріне арнап жазған музыкасы мен осы ұжыммен тығыз шығармашылық байланысы ұлттық музыка өнерімізді биік деңгейге көтерген еді. Оркестрге арналған «Балқадиша» әніне вариациялар, «Қыз қуу» симфониялық суреттемесін және «Домбыра туралы баллада» поэмасын жазды. Сонымен қатар, осы кезеңдегі тамаша шығармаларының бірі – «Шаттық Отаны» атты симфониялық поэмасы. Бұл туынды жастар мен студенттердің Бухаресте өткен Бүкіләлемдік фестивалінде орындалып, Қазақ КСР-інің Жамбыл атындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Бұл шығарма Сыдық Мұхамеджановтың есімін тыңдаушы қауымға әйгілі етті. Композитор шығармаларындағы негізгі көркемдік ерекшелік – ұлтымызға тән үнділік байқалады.

1960-1961 жылдары Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы, 1964-1968 жылдары Қазақ филармониясының директоры, 1969-1972 жылдары Қазақтың Абай атындағы академиялық опера және балет театрының директоры болды.

Мұхамеджановтың қазақ ән өнерінде Абай өлеңдеріне жазылған «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Ғашықтың тілі — тілсіз тіл» атты әндері ерекше дараланды.

Заманында көркемдік ке­ңес­те жас композитор Сыдық Мұха­­меджанов туралы Абайдың «Жарқ етпес қара көңілім, не қылсада…» атты өлеңіне жазылған туын­дысын тыңдаған Евгений Бру­силовский де әнге ерекше баға берген. «Тамаша! Бәрі өз ор­нында! Қисынды, қызықты. Ең бастысы, мұнда ұлттың жаны бар, жаны! Мәселен, «Ертарғын» опе­ра­сына «Елім-ай» әнін пай­да­ландым. Қарапайым әуез дер­сіз, ал оның салмағы қандай зіл­ма­уыр. Мына жігіттің әні де осындай. Бір қызығы, Абайдың өзі жазған секілді бұл романс­ты. Айтарға сөз жоқ!», деп баға береді атақты композитор.

Күләш Байсейітова да шы­ғар­­маның Абай рухымен үндес еке­нін ақтарыла ашық айтқан. «Се­зімге бай ән. Ойы жинақы, әрі терең. Евгений Григорьевич айт­қандай, ағылып жатқан әуез. «Қор­ланға» қалай ұйысақ, «Жарқ ет­песте» дәл сон­дай һәл кешесің. «Абай жолы» романындағы Абай мен Тоғжанның сол бір соң­ғы­ жүздесуі көз алдымызға кел­ге­­нін қараңыз. Біздің Тобықты елін­­де Абайдың өз «Жарқ етпесі» ай­­ты­латын-ды. Келе-келе ол мүлде ұмытылды. Оны білетін жан­дар бүгінде о дүниелік. Ал мы­на «Жарқ етпес» сол «Жарқ ет­песті» тірілткендей болды. Жап-жас жігіттің толғанысы – Абай­дың өз толғанысы!», деген екен.
Сазгер «Көктем вальсі», «Сырлы қайың», «Шолпаным», «Тербеледі тың дала», «Жастар маршы» және тағы басқа да көптеген әндер мен романстар жазды. Сондай-ақ «Бекет» «Ақан сері — Ақтоқты» операларын, «Ғасырлар үні» ораториясын, «Дауыл» симфониясы және «Алдар көсе», «Ботакөз», «Рәбиға», «Беу, қыздар-ай», «Сәуле» қойылымдары мен «Ана мен бала», «Біз Жетісуданбыз», «Партизан қызы» кинофильмдеріне музыка жазды.

Ол консерваторияны бітірмей-ақ, талай шығармалар жазды: скрипка мен фортепьяноға арналған соната, қобызға, фортепьяноға арналған пьесалар, хорлар, драмалы қойылымдарға музыка, әндер мен романстар. Бұл жылдары қазақтың халық оркестріне арналған музыкасы мен осы ұжыммен тығыз байланысының оның шығармашылығындағы мәні зор болды. Оркестрге арнап «Балқадиша» әніне вариациялар (1955), «Қыз қуу» симфониялық суреттемесін (1958), және «Домбыра туралы баллада» поэмасын (1955) жазды. Сонымен қатар, осы кезеңдегі тамаша шығармаларының бірі – «Қуаныш Отаны» атты симфониялық поэмасы (1952). Бұл туынды жастар мен студенттердің Бухаресте өткен Бүкіләлемдік фестивалінде орындалып, Қазақ КСР-інің Жамбыл атындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Бұл шығарма С.Мұхамеджановтың есімін тыңдаушы қауымға әйгілі етті.

1950-60 жылдары консерваторияны бітірген соң С.Мұхамеджановтың шығармалары тыңдаушы қауымды өзіне тарта түсіп, ерекше баурап, ел арасына атағы жайыла түсті. Оқып жүрген кезінен тың жанрларды меңгерген композитор ірі-ірі шығармалар жазуға кіріседі. Бұл жылдары жазған шығармалары тыңдаушы көңілінен шығып жүрді.

1964 жылы қойылған «Айсұлу» атты күлдіргі операсы Қазақстанның опера өнерінің дамуындағы маңызды оқиға болды. Автор ірі музыкалы – сахналық жанрға алғаш рет көңіл аударып, қазіргі болмысты бейнелейтін туындысын ұсынды. Сыдық Мұхамеджанов «Ай­­сұлу» операсын талантты опера ән­шісі, Қазақстанның халық әртісі Айсұлу Бай­қадамоваға арнап жазған. Айсұлудың өзі осы операда «Айсұлу» партиясын орындап, жұртшылықтың жоғары бағасына ие болған. Көрнекті композитор опера арнаған Айсұлу Байқадамова кім? Қазір бұл ән­шінің есімін ересек адамдар болмаса, кейінгі жас­тар біле қоймайды. Аты да көп айтылмайды. Өмірден өткеніне де отыз жылдан аса уақыт болған. Алайда талантты әншінің өнердегі ізі ұлттық опера тарихында мәңгі қалды.
Әншінің өскен ортасы да ән мен күйге кенелген өлке. Туған ағасы Бақытжан Бай­­қадамов – атақты композитор. Апасы Күнім­жан Байқадамова өз естелігінде оның бала күнінен өнерге жақын болғанын жазыпты:
«Айсұлу – Алматыдағы қазіргі Ш.Уәли­ханов атындағы №12 қазақ орта мектебінің табалдырығын аттады. Бұл кеңес кезеңінде қаладағы жалғыз қазақ білім ұясы болды. Бақытжан ағамыз жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін қаладағы №38 мектепке мұғалім болып орналасып, Айсұлуды соған ауыстырып алды. Ағам осы мектептен көр­кемөнер үйірмесін ұйымдастырды. Нұрғиса Тілендиев, Нариман Қаражігітов, Айсұлу Байқадамова секілді белгілі тұлғалар өнер­дегі қадамын осы үйірмеден бастады. Ол осы үйірмеге қатысып жүріп, қазақ сахнасының бұлбұлы Күләш Байсейітовамен танысты. Күләш апа оның дауысына тәнті болып, оған «Қыз Жібек» рөлінде ойнағанда киген тақиясын сыйлады».
Осы үйірме мүшелері «Қыз Жібек» қойылымын сахналағанда Жі­­бекті – Айсұлу, Бекежанды – Нұр­ғиса Тілендиев ойнаған екен.
Дарынды әнші Мәскеу консерваториясында білім алғаннан кейін Қазақ опера және балет театрына орналасып, оның үлкен сахнасында өнер жолын бастады. Әп дегеннен көзге түсіп, жұлдызы жанды. Күрделі партия­ларды орындады. Елге талантымен танылды.
Жалпы, нәзік жанды әнші­лердің ең жоғары дауысы во­­кал тілінде сопрано деп ата­­лады. Қа­зақ әншілері арасында Күләш Бай­сейітова мен Айсұлу Байқа­дамованың дауыстары тембр­лік бояу сазына қарай сирек кез­де­се­тін лирикалық сопраноға жатады.
Қазақстанның еңбек сіңір­ген әртісі Кеңес Бақтаев оның дауысы сондай таза, ашық, диапазоны кең бол­ғанын айтады.
«Айсұлу апаймен «Қыз Жібек» операсында сахнаға бір­ге шықтым. Ол Жібекті, На­риман Қаражігітов – Төле­генді, мен – Шегені бейнеледім. Дауысы өте керемет. Құла­­ғымнан әлі күнге дейін кетпейді. Биік ноталарды да еркін алады. Ол кісі театрда Күләш Байсейітовадан кейінгі әнші болды», деп еске алыпты.
Айсұлу Байқадамова – опера және балет театры сахнасында жаны нәзік лирикаға бейім кейіпкерлердің қайталанбас образдарын сомдады. Ол орындаған Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібегіндегі» – Жібек, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абайындағы» – Ажар, М.Тө­лебаевтың «Біржан-Сарасындағы» – Сара, Е.Рах­­мадиевтің «Қамар сұлуындағы» – Қамар, Н.Римский Корсаковтың «Патша қалың­­дығындағы» – Марфа, К.Делибтің «Лак­месіндегі» – Лак­ме, М.Глинканың «Руслан мен Людми­ласындағы» – Людмила, Дж.Пуч­чинидің «Чио-Чио-Cанындағы» – Чио-Чио-Сан партиялары ұлттық опера өнерінің інжу-маржанына айналды.

Сыдық Мұхамеджановтың вокалды – симфониялық жанрда жазылған ірі туындыларына «Ғасырлар үні» ораториясы жатады. «Ғасырлар үні» ораториясы 1960 жылы жазылып, сол жылы орындалды. Поэтикалық тексін Қ. Шаңғытбаев жазған және де ол Сыдық Мұхамеджановтың көптеген вокалды шығармаларының өлеңдерінің авторы. Ораторияны орындаушылар құрамына – дауыстар, аралас хор және симфониялық оркестр кіреді. Бұл – қазақ симфония өнеріндегі үлкен құбылыс аталды және ұлттық музыка тарихындағы алғашқы оратория. Туындыда халық атынан түрлі оқиғалар баяндалып, ғасыр­лар үні тәрізді лейтмотив өтеді.
1980 жылдары Сыдық Мұхамеджанов аспаптық жанрға да көп көңіл бөледі. 1982-1984 жылдары композитор үш симфониясын тәмамдайды. Бұлар – Си минор, Е.Брусиловскийге арналған үш бөлімді (фортепиано жеке орындауы басымдау) симфониясы және төрт бөлімді «Бейбітшілікті қорғаймыз» атты симфониясы.
Оратория сегіз бөлімнен тұрады. Мұнда қазақ халқының өмір тарихын, негізгі тарихи оқиғаларды және ұлттық бейнелерді суреттейді. Бұл шығарма Ғ.Жұбанованың «Заря над степью» ораториясымен қатар қазақ музыкасындағы алғашқы ораториялар болып табылады.

Сыдық Мұхамеджанов қазақтың халық аспаптар оркестріне арнап, талай музыка жазған. Атап айтсақ, «Дархан дала» симфония­лық күйі, домбыраға арналған концерт пен қобызға арналған концерт. Симфониялық музыкадағыдай мұнда да композиторға тән бейнелік және музыканы мәнерлеу тәсілдері ерекшеліктері сақталған. Көріп отырғанымыздай, Сыдық Мұхамеджанов қазақтың ұлттық аспаптары – домбыра мен қобызға арнап жазған концерттері арқылы қос аспабымыздың шекарасын кеңейтіп, әлемдік музыка жанрының бөлінбес бір бөлшегіне айналдырып, ерен еңбек сіңірді.
Симфониялық шеберлігін композитор, қазақтың ұлт аспаптар оркестріне жазған үлгілері арқылы шыңдады («Қазақ увертюрасы», 1966) және соның нәтижесінде «Ертедегі Түркістан» (1966) сюитасы туды. Бұл шығарма «Алдар Көсе» кинофильмінің музыкалық материалы негізінде жазылып, Қазақстанның революцияға дейінгі тұрмыстық өмірін суреттейді. Осы оркестрге жазу тәжірибелерінен кейін, композитор «Дауыл» атты бірінші симфониясын жарыққа шығарады.

Сонымен қатар осы дәріптеуші патриоттық шығармалардан басқа, композитор хорға арнап, туған өлкенің табиғатын бейнелейтін лиро-эпикалық туындылар жазды. Мұнда: Абайдың өлеңіне «Жыл мезгілі» кантатасы (1970), «Құлагер» поэмасы (1973), «Менің Отаным» (1970), «Табиғат» (1970) туындыларын жазады.

Қазақтың ұлттық аспаптар оркестріне шығарған шығармалары симфониялық оркестрге жазған туындыларына ықпалын тигізбей қоймайды. Кейбір шығармаларының екі редакциясы бар: «Мереке» увертюрасы (1972), «Дала таңы» поэмасы (1970), «Қос басар» (1973). Бұл шығармалар еліміздің жазық, кең даласының думанды көріністерін қазақтың аспаптық музыкасының дәстүрімен танытады.

70-ші жылдары композитор шығармашылығы тағы бір жағынан көрінеді. Ол – аспаптық музыка: Скрипка мен оркестрге арналған концерт (1975), Гобой мен симфониялық оркестрге жазылған поэма (1979). Бұл жылдары шыққан ірі шығармаларының бірі «Жұмбақ қыз» атты лиро-эпикалық операсы (1971).

1982-1984 жылдары композитор үш симфониясын тамамдайды. Бұлар: Екінші – симинор; Үшіншісі – үш бөлімді Е.Брусиловскийге арналған, фортепьяноның жеке орындауы басымдау; Төртінші – төрт бөлімді «Бейбітшілікті қорғаймыз» атты симфониялары. Бұл шығармалардың алғашқы Бірінші симфонияға қарағанда айырмашылығы көп. Енді композитор симфонияның таза аспаптық жағына және музыкалық бейнелерді қорытындылау жағына көбірек көңіл бөледі. С.Мұхамеджановтың симфонияға бет бұруын оның композиторлық дарынын, ойын қорытындылап, философиялық көзқарасын жеткізуге ұмтылуынан көруге болады. Бұл жанрға көңіл қоюы, жалпы Қазақстан симфониялық музыкасы үшін мәні зор болды. 80-ші жылдары симфонияға көбірек көңіл аударылды. С.Мұхамеджановтың симфониялары парасаттылығымен, жарқын әуезділігімен көзге түседі. Жалпы алғанда, оның симфониялық шығармалары дәстүрлі симфониялық цикл шегінен шықпайды.

Осы кезеңде қазақтың халық аспаптар оркестріне арнап талай музыка жазды. Бұлар: «Дархандала» симфониялық күйі (1987), домбыраға арналған концерт (1985), қобызға арналған концерт (1988).

Сыдық Мұхамеджанов ұлттық тақырыптарды ойынан шығармайды. Әсіресе: Н.Шакеновтың, С.Сейфуллиннің, Ш.Уәлихановтың өлеңдеріне жазылған әндері, қойылымға шығарған музыкасынан («Абай-Әйгерім») және кинофильмдерге жазған музыкасынан («День и час Сериккула» – «Серікқұлдың күні мен мезгілі») байқаймыз. Ұлттық стилі жағынан қарасаң, Қ.Шаңғытбаевтың аудармасындағы Бернстың «Финдлей» өлеңін баяндауы өте қызықты. Ұлттық бейнелілікке көңіл қоюын мәтін таңдауынан, қазақ халқының тарихымен байланысты сюжеттерден, оның музыкалық-поэтикалық мұрасын дәріптеуінен («Ақан сері – Ақтоқты» операсы) (1981) көреміз.

Сыдық Мұхамеджановтың 30 жылдан астам шығармашылығы барлық негізгі жанрларды қамтыды. Қазақ музыка тарихына айтарлықтай үлесін қосты. Оның дарындылығы көркем шығармаларының әуезділігімен, кейіпкер бейнелерінің нақтылығынан, бүкіл шығармашылығы толық гүлденіп ашылған лирикасынан байқалады.

Алматының Медеу ауданында С. Мұхамеджанов атында ұзындығы 1040 метр көше бар. Шет ауданы Ақсу-Аюлы селосында музыкалық мектеп және Киікті ауылында жалпы білім беретін мектеп бар. Ақадыр кентінде көшесі бар. 2022 жылы Қарағанды қаласындағы «Жұлдыздар аллеясында» композитор Сыдық Мұхамеджановтың «Жұлдыз белгісі» ашылды.

You may also like

Leave a Comment