Университет медициналық және биомедициналық бағдарламаларды дамытуға бағытталған интеграцияланған академиялық денсаулық сақтау жүйесінің моделін қалыптастырады.
Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова NU медицина мектебінің 139 түлегіне диплом тапсыру барысында мәлімдеді. Ол сондай-ақ Медицина мектебі мен «University Medical Center» корпоративтік қоры Қазақстанның басқа да медициналық ЖОО мен клиникалары үшін үлгі болып табылатынын атап өтті.
«Отандық денсаулық сақтауды үдемелі дамыту кең ынтымақтастық пен тәжірибе алмасусыз, медицина қызметкерлерінің — зерттеушілердің, оқытушылардың және тәжірибелі мамандардың тұрақты кәсіби өсуінсіз мүмкін емес. Осыған байланысты, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі NU Медицина мектебімен және University Medical Center-мен жаңа буын денсаулық сақтау мамандарын даярлауда және жалпы сала қызметінің клиникалық бағыттарын жетілдіруде белсенді ынтымақтасуда. Біздің ынтымақтастығымыз Қазақстанның денсаулық сақтау саласының игілігі үшін өз жемісін беретініне сенімдімін! » — деп атап өтті министр.
Рәсімде 9 академиялық бағдарламаның студенттері академиялық дәрежелерге ие болды: «Медицина докторы», «Қоғамдық денсаулық сақтау», «Молекулярлық медицина», «Фармакология және токсикология», спорттық медицина және оңалту бойынша магистратура, «Биомедициналық ғылымдар докторы», «Медициналық ғылымдар», сондай-ақ «Мейірбике ісі» және мейірбике бойынша бакалавриат бағдарламалары іске.
«Бұл рәсім — біздің түлектердің адалдығы мен табандылығының айғағы.
Біз олардың жетістіктерін мақтан тұтамыз және олар өз салаларында жетістіктерге жете алатынына сенімдіміз «, — деп құттықтады NU вице-президенті, Медицина мектебінің деканы доктор Массимо Пиньятелли.
Айта кетерлігі, биыл «Биомедициналық ғылымдар докторы» бағдарламасының алғашқы және жалғыз түлегі студент Камила Разиева болды. Мектепте бакалавриаттан резидентураға дейін барлығы 22 оқу бағдарламасы жұмыс істейді, осы уақытқа дейін олардың түлектері қазіргі когортаны қоса алғанда 630-дан астам адам болды. Төрт жылдық «Медицина докторы» бағдарламасын Жоғары білім сапасына кепілдік беретін Еуропалық қауымдастыққа кіретін және Дүниежүзілік медициналық білім беру федерациясы мойындаған Еуразиялық аккредиттеу және жоғары білім беру мен денсаулық сақтау сапасына кепілдік беру орталығының (ECAQA) толық аккредиттеуі маңызды жетістіктердің бірі болды.