1921 жылдың 7 қазанында қазақ тіліндегі өлкелік газет «Еңбекші қазақ» жарық көрді.
Ол жылы кәдімгі мешін жұтының ауырлығы басып, елдің, үкіметтің есін тандырып тұрған кезі болды.
Халықты саяси, мәдени, экономикалық, және маңызы жоғары басқа да ішкі-сыртқы
ақпаратпен қамтамасыз ету, қоғам арасында ой-пікір қалыптастыру, идеологиялықтұрғыдан ықпал ету мен басқару жүйесімен кері байланыс орнату функцияларын атқаруда баспасөз құралдарының үлесі зор. Баспасөз құралдарының негізін мерзімді және мерзімсіз басылымдар құрайды. Әсіресе, тарихи дерек ретінде маңыздылығы жоғары басылымдар қатарына газет-журнал және әр-түрлі ғылыми, қоғамдық қауымдастықтардың басылымдарынан тұратын мерзімді басылымдарың орны ерекше. Қазақ мерзімді басылымдарының тарихына тоқталар болсақ, мерзімді басылым тарихы қазақ жерінде ХІХ ғасырдан бастау алып, 1870-1917 жж. аралығында Ташкент қаласында жарық көре бастаған «Түркістан уалаяты» газетінен тарқатылады. Баспасөз тарихын зерттеуші ғалым – Қампарбек Атабаев, қазақ мерзімді басылымдарын 1998 жылы жарық көрген «Мерзімді басылым ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан тарихының дерегі ретінде» атты монографиясында 5 кезеңге бөліп зерттеуді ұсынады:
1) «1870–1917 ж. наурызы, «Түркістан уалаяты газетінің» шыққан күнінен патша өкіметінің құлатылған күніне
дейінгі қазақ баспасөзінің тарихы;
2) 1917 ж. наурызы – 1918 ж. ортасы. Уақытша үкімет тұсындағы демократиялық бастамалар кезіндегі ұлттық баспасөз;
3) 1918 ж. ортасы – 1920 ж. аяғы. Демократиялық күштердің большевиктік авантюраға қарсы жанталасқан күресі кезеңіндегі баспасөз;
4) 1921 ж. – 1991 ж. аяғы. Кеңес өкіметі немесе большевиктік диктатураның толық орнауы, тоталитарлық жүйенің қалыптасуы жəне коммунистік партияның шексіз үстемдік етуі жылдарындағы мерзімді басылым;
5) 1991 жылдың соңынан бүгінгі күнге дейінгі, тəуелсіз Қазақстан тұсындағы ұлттық баспасөз (Атабаев,1998:58-59).
Бұл аталмыш кезеңдердің әр-бірінде жарық көрген басылымдар, газет-журналдар қазақ тарихи ғылымына байланысты тың деректерге мол, әсіресе ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басында жарық көрген басылымдары мәліметтері архивтік құжаттармен бір деңгейде деп есептеуге негіз бар. Бұл мақалаға арқау болған, мерзімді басылым – «Еңбекшіл қазақ» газеті Қ. Атабаев кезеңдеуіне сәйкес төртінші кезеңді, яғни, 1921-1991 жж. аралығындағы
Кеңестік кезеңді қамтиды.
«Еңбекшіл қазақ» газеті – қазіргі таңда тарихы, беделі, қоғамдық пікірге ықпалы мен таралымы жағынан Қазақстан Республикасының үздік газеті болып есептелетін «Егемен Қазақстан» атауымен танылған. «Егемен
Қазақстан» газетінің тарихы 1919 жылы 17 желтоқсанда Орынбор қаласында басылып шыққан «Ұшқын» газетінің бірінші санынан басталады. 1919 жылдан қазіргі кезеңге дейін газет атауы бірнеше мәрте өзгеріске ұшырап
отырған. Атап айтар болсақ – басылым 1920 жылы «Еңбек туы», 1921 жылы «Еңбекшіл қазақ», 1922 жылы «Еңбекші қазақ», 1932 жылдан бастап «Социалды Қазақстан», ал 1937 жылы «Социалистік Қазақстан» атауларына өзгерген. 1991 жылы Қазақстан Республикасы тәуелсіздікке қолжеткізген тұста, газет атауы «Егеменді Қазақстан», ал артынша, 1993 жылы 1 қаңтардан көптеген лингвист-филологтар талқылауларынан кейін, газеттің бас редакторы
Әбіш Кекілбайұлы ұсынысмен «Егемен Қазақстан» атты қазіргі таңдағы атауына ұласты. 1919 жылдың 17 желтоқсанынан бастап шыққан бұл газеттерді әрбір кезеңдерінде Бернияз Күлеев, Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек
Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев сынды ұлтымыздың біртуар азаматтары қызмет істеп, басылымды дамыту,
бет-бейнесін қалыптастыру, беделін арттыру ісіне зор үлес қосты.
Алғашқы кезде газет жетісінде бір шығатын болды. Баспасөзі жөнге қойылып, қалам қайраткерлері төселмеген қазақтың жаңа дәуірінде жетісінде бір шығарудың өзі де ауыр болды. Өйткені баспаханада қаріп аз, қаріп тізушілер аш, іске көңілсіз еді.
Елдің жұтқа ұшырап, алды қырылып жатқан ұлы апаты кезінде елдің көз-құлағы болу өте керек еді. Ел мен үкімет арасын жақындастырып, ел мұңын, үкімет шараларын бір-біріне жеткізуде «Еңбекші қазақтың» ол дәуірі тарихта зор орын алады. Газеттің ол кездегі елге таралу реті нашар болды. Ақысыз, тегін таратылатын болса да, жергілікті пошта орындарының салақтығынан жіберілген жерге уақытында бармады. Ел ішін тегіс жайлап, орын тебе алмады. Жалпы, ел қатынасып, жымдаса алмады. Бұлай болуда газет басқармасы айыпты емес еді. Басқарма қолынан келген шарасын істеп, екпінді жұмыстарға қол салып, жөн сілтей алды. Ол кездегі халықтың тұрмысына, мәдениет өрісіне лайықты жұмыс істей алмады деп те басқарманы айыптауға болмайды.
«Еңбекші қазақ» екінші жылында жетіде екі рет шығуға кірісіп еді. Бірақ екі рет шығуын ауыз айтса да, кейде жетіде бір-ақ шығып қалатын кездері болды. Өйткені ол кезде баспахана ісі былық болып, берілген материалдар мезгілінде үлгермеді.
Алғашқы ұйымдасуында бас қосып, іске ысылып қалған жазушылары басқа жұмысқа бытырап кетіп, басқарма қызметкерлері жаңа адамдардан құрылды. Жазушылар саны аз болды. Міндетті жазушылар 2-3-ақ кісі болып, көбіне шеттен жазушыларға мұқтаж болды.
Ол кезде ұйымдасқан тілшілер болмады. Анда-санда әлдеқалай келіп қалған бірлі-жарымды елден жазылған шағым хаттардан басқа елден күрделі еңбек өнбеді. Ол кезде көбіне оқушы жастардың ғана көмегі тиіп, жазуға ұмтыла бастаған кезі еді. «Еңбекші қазақтың» ол кезіндегі көзге түсетін жұмысы – оқушы жастар арасында саяси қозғалыс туып, баспасөз ісіне жақын жүретін әдет пайда болу болды. Бұл жылында да газет таралу жұмысы көңілдегідей болмады. Газет ақылы болып, баға белгіленсе де көбіне тегін таралып жүрді. Алғашқы жылы ақылы болғанмен ақша төлеп алдырушы сирек болды. Газет жіберу ісі де тәртіпті емес еді. Көбіне газет жоғалу, түгел бармай қалу сықылды аурулар болып жүрді.
Үшінші жылында жетіде 3 рет шыға бастады. Бұл жылында да жазушылары өзгеріп, жаңа адамдар кірді. Газет қолдан-қолға көшіп жүріп, күрделі еңбек көрсете алмады. Елге өзін танытып, елмен қолтықтасуы, елдің қышыған жерін табатын шын қамқоры екендігі көзге көріне алмады. Жазушысы аз, қызметкерлері толық болмай, көптің қалам көмегіне бұл жылда да мұқтаж болды. Үшінші жылының соңғы кезінде елден жазушылар бірте-бірте көбейіп, әр жерден көріне бастап еді, газет тілшісіз өркендемейді деген ой түсіп, көбірек тілшілер қаламына бой ұрды. Елден жазушылар жазуға жаңа бет алған кезі осы жылында көбірек көрінді.
«Еңбекші қазақтың» төртінші жылында тұлғасы өсіп, өрісі кеңуге бет алды. Басқарма адамдары табан серіппей отырып қызмет қылатын жазушыларын көбейтті. Бұрынғы жауапты қызметкерлерінің орнына басқа адамдар қойылды.
Ел ішіне әдейі арналып агенттер жіберілді. Сенімді тілшілердің тізбесі алынды. Әр жерден тілшілер белгіленді. Елден алдырушыларды көбейту, газет науқанын ашу сықылды жұмыстар жүргізілді.
Соңғы кезде тілшілер саны 350-ден асып, алдырушыларының саны 8000-ға жетті.
Бұрын шағымнан басқаны хабар екен деп түсінбейтін ел жазушылары енді шаруашылық, мәдениеттік істерге қатынасып, солар туралы жазуға төселіп келеді.
Ел ішіне газет таралуға жан салып кіріскен, үгіт-насихат жүргізіп, бірнеше алдырушылар жинаған белгілі тілшілер бар.
Одан кейін «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» газеті болып ауысып, тәуелсіздіктен кейін «Егемен Қазақстан» газеті деген атты иеленіп, ел өміріндегі елеулі оқиғалардың көшбасшысы болып келеді. Әрине, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазақ даласында бірқатар жаңа басылымдар жарыққа шығып, жұрт тілегін тың дүниелермен сусындатты. Алайда, оның көбі өз тарихын бүгінгі өмірмен жалғастыра алмай қалды. Оның сан түрлі себебі бар болса да, менің ойымша өміршең газетің басы қасында қазақ журналистикасының көш басын бастаған тұлғалар тұрды.
1928-жылдары қазақ жерінде кеңес өкіметіорнап, біршама нығаюға бет алғаннан кейін жаңа өкімет тұсында да ұлтына адал қызмет атқарған алаш қайраткерлерін қуғындау, екі сөздің бірінде күйелеу сынды жағымсыз құбылыстар үдей түсті. Осы жылдардағы «Еңбекші қазақ» газетіндегі мақалалардың көбі айтыс-тартысқа, дау-дамайға құрылды. Бұл туралы белгілі ғалым Т. Қожакеев кеңестік көзқарас тұрғысынан жазылған ғылыми еңбегінде былай дейді: «20-жылдардағы «Еңбекші қазақты» ерекшелендіретін бір белгі – ол бұл тұста сын мен өзара сынның туын өте биікке көтерді. «Бетің бар, жүзің бар» демей, ашық айтудың, батыл сынаудың үлгісін көрсетті. Бұл тұста сілкіленбеген, сын естімеген қоғам қайраткері, өнер өкілі қалмады десе де болады. Газет бұл тұста жеке адамдар, нақты мәселелер жөнінде де пікір таласына, айтыс жүргізуге кең жол ашты. Сыналған, кіна тағылған
ақын, жазушы, қоғам қайраткерлеріне уәж айтуға, өзін-өзі ақтауға немесе мойындауға мол мүмкіндік берді.
«Еңбекші қазақ» газеті кеңестік кезеңдегі идеологиялық майданның құралы ретінде пайдаланылған. Алаш қайраткерлеріне қарсы қаралау, бір жақты сынап-мінеу, орынсыз жау ету тұрғысындағы мақалалар көптеп жарияланды. Өзара сын, полемикалық мақалаларға көптеп орын берілді. Алаш қайраткерлері Қазақстан территориясының аумағын ұлғайту жолында ұшантеңіз еңбек сіңірген. Қазақстанның астанасы қай қала болу керек деген мәселе төңірегінде терең зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ол туралы баспасөз беттерінде мақала жариялап
отырған.
Яғни, орынсыз қаралаған мақалаларға жауап беруге мүмкіндік бергенннің өзі әділдіктің бір көрінісіндей бағаланған.
«Еңбекші қазақ» газеті – Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығының айтулы бір кезеңі. Сәкеннің өмірбаянына зер салсаңыз да, шығармашылығы төңірегінде сөз қозғасаңыз да «Еңбекші қазақ» газетінсіз аяқ аттап баса алмайсыз. Себебі Сәкен – «Еңбекші қазақ» газетінің белсенді авторларының бірі болған.
Сәкенді 1922 жылдың шілде айынан партия органы «Еңбекші қазақ» газетіне жауапты редактор қызметіне тағайындаған .
Сәкенге «Еңбекші қазақ» газетіндегі жауапты редакторлығының үстіне осы 1922 жылдың қараша айында Қазақстан үкіметінің яғни, Қазақ АССР Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасы қызметі қоса тапсырылған. Сол кездің тілімен айтсақ, Совнаркомның төрағасы. Ал бүгінгі түсінік-таныммен – Премьер- министр. Сәкен осы екі қызметті де үш жыл – 1925 жылға дейін қатар атқарған. Сәкеннің Совнаркомның төрағасы болып тұрғандағы әрбір ісінен ұлттық мүддені басты мақсат тұтқаны ғылыми тұрғыда зерттеліп, дәлелденіп, баспасөзде жарияланса да, теле-радиодан талай рет айтылды.
Үкімет креслосында отырған Сәкен, қол қойса да, мөр қойса да қазақ баласының болашағына басымдық беріп отырған. Осындай игі бастамаларымен «Еңбекші қазақ» арқылы халықты құлақтандыруды, ой салуды саналы түрде алдына мақсат тұтқан.
Сәкен – «Еңбекші қазаққа» жауапты редактор болып келген бойда газет талабының үдесінен шыққан публицист. Ол үкімет басында өзі көтерген, өз қолымен шешкен мәселелерден оқырмандарын хабардар етіп, жастардың ілім-білімге көздерін ашып, қоғамға емін-еркін араласуына үгіт-насихат жұмыстарын да бірден бастап, үздіксіз жүргізіп отырған.
Сәкен – екі лауазымды қызметті қатар атқарған осы үш жылдың ішінде, бір ғана «Еңбекші қазақтың» өзінде үлкенді-кішілі 200-дей мақала жазып жариялаған. Тақырыптары әр алуан. Көтерген мәселелерінің әрқайсысы «атан түйеге жүк боларлықтай» ұлттық құндылықтар. Сәкеннің қазақтың жоғын іздеген публицистикалық мақаласы да, не істерін білмей дал болған жасқа, тығырықтан шығатын жол сілтеп, бағыт-бағдар көрсеткен мақаласы да, соқыр көретіндей, керең еститіндей төгіп-төгіп айтқан саяси-әлеуметтік өткір мақалалары да, бетің бар-жүзің бар демей «сөгіп» айтқан азаматтық сөздері де «Еңбекші қазақ» газетінің бетінде айнадай жарқырап жатыр.
Сәкен жазған мақалалардың негізгі арқауы – қазақтың мұңы, қазақтың жоғын іздеген проблемалық мақалалар: Ұлт мәселесі. Жастар мәселесі. Әдебиетке қатысты. Мәдениетке қатысты. Оқу-ағарту мәселесі. Баспасөз. Газет-журнал оқу. Саясат. Қазақ тілі. Еңбекке үндеу. Егін салу. Мал бағу. Өнеркәсіп. Әуе кемесі.
Сәкен өкіметке: «Қазақстанның орталық өкіметі «киргиз» дегенді қойып, «қазақ»деген есімді қолдануға жарлық (декрет) шығару керек. «Қазақты» қазақ дейік, тарихи қатені түзетейік»-деп, тығырықтан шығатын жолды да, шығаратын жобаның да жөн-жосығын көрсетіп отырғанына қарағанда, Сәкеннің жанын жегідей жеген ұлттық намыс , «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» – деген тәуекелге бел байлаған.
Сәкен көтерген ұлттық проблема қаншалықты өзекті болса да, нәтижесі қолма-қол орындалмай, 1925 жылдың жазынан бастап қана іске асты. Ұлтымыз «киргиз» деген атаудан заңды құтылып, ҚАЗАҚ болып шыға келдік.
Сондықтан да, бүгінгі күні әрбір қазақ баласы «мен – ҚАЗАҚПЫН» дегенді жасқанбай айта алатын болса, онда, нағыз ұлттық кодымыз – ҚАЗАҚ деген атымызды қайтаруда Сәкен Сейфуллин үлесінің баға жетпес құндылығын әрбір саналы адам жадында сақтау керек.
«Еңбекші қазақ» газетінде жариялаған Сәкеннің сүбелі мақалаларының бірі – «Ахмет Байтұрсынұлы елуге толды». 1923 жылы 2 ақпанда жарияланды. Мақала тақырыбы айтып тұрғандай Ахмет Байтұрсынұлының құрметіне ең бірінші болып мақала жариялаған да – Сәкен. Салтанатты жиынды ұйымдастырған да – Сәкен, кіріспе сөзбен ашып, бастан-аяқ жүргізіп отырған да Сәкен.
Сол кезде Сәкеннің Ахаңа деген құрметін орынсыз деп есептеген Әбдірахман Әйтиев «Степная правда» газетінде «Фактические поправки» деген ескертпе мақаласын жазды. Әбдірахман Әйтиевтің мақаласына қарсы Сәкен «Тағы да Ахмет туралы» (Әйтиевке жауап) деген мақаламен жауап берді. Сәкен ұйымдастырған Ахмет Байтұрсынұлының елу жылдық тойы – қазақ әдебиеті мен мәдениетінің тарихында қазақ қайраткерлеріне көрсетілген тұңғыш құрмет. Тұңғыш той.
Ал алаш азаматтары 1988-1989 жылдары ақталды. Егемендігімізді алғаннан кейін мемлекеттік деңгейде тойланған тұңғыш той Сәкеннің 100 жылдық мерейтойы. Бұл – 1994 жыл болатын.
Бүкіл бір ұлттың мәдениетінің айнасы – «Еңбекші қазақ» газеті өз миссиясын жоғары деңгейде атқарған басылым. Сондықтанда, қазақтың ұлттық баспасөз тарихында «Еңбекші қазақ» газетінің алар орны ерекше. Соның ішінде Сәкеннің Совнаркомның төрағасы бола тұра «Еңбекші қазақ» газетінің отымен кіріп, күлімен шығып күндіз-түні қызмет атқарды. Сол кезде Сәкен бар болғаны 28-ақ жаста.
Ал, Ілияс Жансүгіров Мәскеу мемлекеттік журналистика институтын 1928 жылы бітіріп қайтқаннан кейін «Еңбекші қазақ» («Егемен Қазақстан») газетіне әдеби қызметкер болып орналасып, 1928 – 1931 жылдар аралығында үш жыл жұмыс істеді. Сол тұстағы «Еңбекші қазақ» газетіндегі тілшілер қосынында арнаулы журналистика мамандығын бітірген Ілияс Жансүгіров ғана болатын.
Көп өтпей бұрынғы облыстық «Тілші» газетінің ақыны атанған Ілияс енді республикалық «Еңбекші қазақ» газетінің белді қызметкері, қаламы жүйрік қаламгері, пайымы бөлек журналисі болып шыға келді. Кейін «Еңбекші қазақтың» аты «Социалистік Қазақстан» болып өзгерген тұстада Ілияс журналистік қызметін бір мезгіл жалғастырды.
Бұл жылдар Ілияс Жансүгіров шығармашылығы толысқан, жарқырап көрінген, жадырап бүр жарған кезеңі болды. Осыған дейін жұмыс істеген «Қазақ», «Кедей еркі» «Тілші», «Ақжол», «Жас алаш», тағы да басқа басылымдарда көтерген өзекті тақырыптары мен журналистік зерттеулерін жаңаша бағыт, соны тақырып, сардар сараптамалар арқылы кемелдендіре түсті. Өлең өлкесіндегі бәсі де басым болды. «Еңбекші қазақ» газетінде оның күллі қазаққа мақтаныш болған ұлы туындылары дүниеге келді. Қоғамды, өмірді, сол тұстағы ел арасындағы экономика мен ауылшаруашылығы, тағы да басқа салада жазған журналистік сараптамалары, очерк, репартаж, ақпараттық мақала, фельетондарын газет оқырмандары іздеп жүріп оқыды. Оны жазу шеберлігі мен жанашылдығын, тілінің шұрайлы, ойының тереңдігін әріптестері мен қаламгерлер жоғары бағалады.
Ел ішіндегі елеулі оқиғалармен қатар Ілияс «Еңбекші қазақ» газетінің бетінде халықаралық жағдай мен жержүзілік оқиғаларға, өршіген жұмысшы қозғалысы мен ұлт-азаттық қозғалысы тақырыбындағы сындарлы дүниелерді жазумен айналысып, өзінің әлемдік журналистикадағы орнын қалыптастыруға қадам басты. Басқа еңбектерін айтпағанның өзінде, 1929 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде шыққан «Гималай» атты даңқты өлеңі Үндістандағы отаршылдыққа, езгіге қарсы күрес жолдары суреттелген. Сол жылы «Еңбекші қазақ» газетінде атақты француз ақыны Виктор Гюгоның «Қырғында» деген төңкерістік өлеңін қазақшаға аударып бастырды.
Ілияс талантты журналист емес, «Еңбекші қазақ» газетінің ерекше сәттерінде атқа қонып, насихаттап, жұрт арасындағы беделінің артуына септігі тиген ірі тұлға.
Газеттің 10 жылдық мерейтойы қарсаңында Ілияс әйгілі «Дала» поэмасын жазды. 1930 жылы шыққан газетінің бір нөміріне толықтай басылған «Дала» поэмасы қазақ тарихындағы елеулі кезеңдерге шолу жасайды. Оны поэманың тақырыптарынанда көруге болады. «Ақ табан», «Құл көгені», «Құрбандық», «Отар жорығы», «Жиделі байсын», «16-жыл», «Бостандық», «Аласапыран», «Атаман ойнағы», «Әлсіз дауыс». Қай бірін алып қарасаң да қазақ баласының басынан өткен қиын жылдар, қилы тағдырлар, тартысты дүниелер, қасіретті кезеңдерді Ілияс қана осылай жаза алатын еді. Екінші қырынан, мұндай толғақты дүниені, әрине, еш қарсылықтан именбей «Еңбекші қазақ» газеті ғана жариялай алды.
Ілияс 1931-32 жылдары «Еңбекші қазақ» газетінің арнаулы тапсырмамен Семейге екі рет келіп өндіріс орындарында, Ертіс су жолы басқармасында болып, адамдармен әңгімелесіп, очерк, мақалалар жазады. Ет-консерві комбинатын аралап, жұмыс жағдайын көріп біледі. Тіпті, сол жылғы жүк тасу жоспары қалай орындалғаны туралы материал жазып, орыс тілінде шығатын «Прииртышская правда» газетінде жариялайды.
Кеңестік Қазақстан кезеңінде мемлекеттік саясат пен ұлттық мәселелерді шешу, жаңа еңбекшілер қоғамын қалыптастырып, бұл қоғамды мемлекеттің мүддесі үшін күресуге шақыру жұмыстарын жүзеге асыру барысында
өнімді құрал ретінде нақты орын алған БАҚ түрі – баспасөз. Бұл баспасөздер ішінде, әсіресе, Кирревкомның, Қазақ ОАК-нің негізгі баспасөз құралы «Еңбекші қазақ» газетінің өмірінде орын алған қоғамдық-саяси,
экономикалық, т.б. оқиғаларды жариялауы, бұл оқиғаларға жүйелі және салыстырмалы түрде зерттеу жүргізуге мүмкіндік беріп қана қоймай, оқиғалардың нақты тарихи хронологиялық кезеңі мен ықпалын ажыратуға
көмектесетін маңызды тарихи дерек екендігін көрсетті.
Өткен күннің бет-бейнесін айна-қатесіз көз алдыңа әкелетін ең объективті құрал – баспасөз екендігі дәлелдеуді қажет етпейді. Әркімнің тарихтағы орны мен атқарған қызметін саралауда осы баспасөз жарияланымдары нақты тұғыр болатыны рас. Жазықсыз қуғын-сүргін көріп, атылған ардақтыларымызды ақтап алар
деректер де осы баспасөз беттерінде сайрап жатыр. Олар туралы осыған дейін бірлі-жарым ғылыми еңбектер жазылғаны болмаса, жалпы ұлтты тәрбиелеуде, ұлтжанды ұрпақ қалыптастыруда идеологиялық тұғырға айналмай отырғаны өкінішті. Ұлт қайраткерлері туралы нақты деректерге сүйеніп кинофильмдер, әдеби-драмалық шығармалар жазылып, сахналанса олардың өміршең идеялары бүкіл халық жүргеніне жол тауып, тәуелсіздігімізді баянды ету жолында қызмет етері сөзсіз.