Бүгін Келес ауданында айтыскер ақын Жарқынбек Наушабековты еске алуға арналған «Жыр жүйрігі – Жарқынбек» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Жыр додасының ашылу салтанатында аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы қатысып, сәттілік тіледі.
– Қазақ жанының айнасындай болған айтыс қай заманда болмасын қилы тағдырды, тарихымызды көрсетіп, ұлттық болмысымызды, тұрмысымызды ерекшелеп, бүгінімізді бағдарлап, келешегімізді кемелдеп отырған. Жарқынбек Абазбекұлы жалпы айтыс өнерінде көптеген жетістікке жетіп, жиырмаға жуық бас жүлдені жеңіп алған. Бүгін біртуар азаматты еске алып, республикалық аламан айтыс өткізіп отырмыз. Ауданымызға арнайы келген жыр жампоздарына қош келдіңіздер демекпін. Барша тұрғындар атынан зор ризашылығымызды білдіреміз. Өйткені сіздер Алла берген таланттарыңыздың арқасында, ұлттық өнерімізді дәріптей отырып, еліміздегі айтыс өнерінің дамуына, халықтың мәдениетін арттыруға, өскелең ұрпақты ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрге тәрбиелеуге зор үлес қосып келесіздер, – деді аудан әкімі.
Аламан айтыста елімізге белгілі айтыскер ақындармен қатар, өңірдің жас ақындары да сынға түсті. Текті өнерді төрге оздырып, ұлт мұрасы ұлықталған жыр додасында қазіргі қоғамдағы жайттар, құрдастар әзілі, жеңге мен қайын іні, жастық жалын, іні мен аға сыйластығы көрініс тапты.
Қазылар алқасы шешімімен жыр додасында Мұхтар Ниязов (Қызылорда) бас жүлде иегері атанды. Ал І орынды Анар Жаппарқұлова (Шымкент), ІІ орынды Айбек Қалиев (Арқалық), ІІІ орынды Айтбай Жұмағұлов (Қарағанды) пен Шұғайып Сезімхан (Алматы) иемденді. Сонымен қатар облыстық мәдениет және туризм басқармасының арнайы жүлдесі Дәурен Ақсақаловқа (Түркістан), Келес ауданы әкімінің арнайы жүлдесі Бекарыс Шойбековке (Түркістан), Көпбай Омаров атындағы арнайы жүлдесі Қажымұхан Абзал (Түркістан), Қалдыбек Әліқұлов атындағы арнайы жүлдесі Нұрлыбек Мейірманов (Түркістан), Әселхан Қалыбекова атындағы арнайы жүлдесі Жақыпбек Нұрмаханға (Түркістан) бұйырды. Айтыскер ақындарға арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
Жарқынбек Наушабеков белгілі ақын, Оңтүстік өңіріндегі айтыс өнерінің талантты өкілдерінің бірі болды. Наушабеков Жарқынбек Абазбекұлы 1976 жылы 12 қаңтарда ОҚО (қазіргі Түркістан облысы) Сарыағаш ауданы Ақтөбе ауылында дүниеге келген. 1997 жылы Арқалық қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық институтты бітірген. Айтыс өнеріне мектеп жасынан араласқан. Алғашқы ірі жеңісі 1992 жылы Шымкентте облыстық жас ақындар айтысының бас жүлдесін жеңіп алған. Республикалық, халықаралық ақындар айтысының бірнеше дүркін жеңімпазы. 2008 жылдың қорытындысы бойынша «Оңтүстік Қазақстан облысының ең үздік айтыскер ақыны» номинациясын иеленген. «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен наградталған. Өмірінің соңғы кезеңдері Сарыағаш аудандық Тілдерді оқыту және дамыту орталығының директоры қызметін атқарды.
Aйтыскер 2019 жылы 2 қазанда, 44 жасына қараған шағында өмірден озған. Жарқынбек Наушабековтың өліміне ауыр дерті себеп болған.