Home Мәдениет ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА 90 ЖЫЛ

ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА 90 ЖЫЛ

Daismedia.kz

Өткен ғасыр белесінде қазақтың рухани өмірінде қаншама ұлан-асыр жағдайлар болды. Елдің иығын тіктеген, рухына дем берген оқиғалар көп болды. Солардың бірі де бірегейі – сол 30-шы жылдардың, анықтап айтқанда, 1934 жылы өмірге келген Қазақстан Жазушылар одағы.

Жазушылар одағы – 700-ден астам қазақстандық ақын-жазушының басын қосқан, еліміздегі ең алғашқы және ең ірі шығармашылық бірлестіктердің бірі. Одақ – еліміздің мәдени өмірінің дамуына, моральдық және рухани құндылықтардың нығая түсуіне, жастар тәрбиесіне зор үлес қосып отырған іргелі ұжым. Жазушылардың бүгінгі буыны – Қазақстан әдебиетінің кешегі Абай, Жамбыл, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Ғабит Мүсі­репов сынды көптеген көрнекті тұлғаларының баға жетпес мұраларын лайықты жалғастырушы ізбасарлары.

Кешегі жыр алыбы Жамбыл бастаған жыраулар тобы Алматыда айтыс өнерін жоғары деңгейге көтерді. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды алыптар тобы небір классикалық туындыларын дүниеге әкелді. Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев сияқты ақиық ақындар қазақ поэзиясын жаңа биікке шығарды.

Жазушы, ақын, қаламгер… Бұл ұғымдар халқымыз үшін қашанда қасиетті. «Өнер алды — қызыл тіл» деп тілді, оның құдіретін ерекше бағалайтын халқымыз ақындары мен шешендерін, дуалы ауызымен ұлттық, елдік мәселелерді шешкен көсемдерін қашанда ардақ тұтқаны тарихтан белгілі жайт. Жазушылар бас қосқан кезде де елдің болашағы, халқымыздың ынтымағы мен берекесі, рухани құндылықтар, тәуелсіз еліміздің баянды жетістіктері, мемлекетіміздің бүгінгі келбеті мен ертеңгі асулары әңгіме арқауына айналары сөзсіз.

Ұлы Жаратушыдан жеткен төрт кітаптың бірі Інжілде «Әуелі сөз болған» деп жазады. Демек, сөз ұстаған адам, қалам ұстаған адамның қай қоғамда, қай елде болмасын атқаратын жүгі де, жауапкершілігі де зор болған. Бұл — адамзат дамуының әр кезеңіндегі ұлы қоғамдарда, ұлы мемлекеттердің бәрінде бірдей орын алған құбылыс. Жазушы бір ұрпақты ғана емес, тұтас ұлтты тәрбиелейді. Ұлы Абайдың дүниеден өткеніне жүз жылдан астам уақыт өтсе де, бір ғасырдан астам уақыттың ішінде қазақ халқының талай буыны ақын шығармаларымен тәрбиеленді. Тіпті Абайдың ұлылығы жиырма бірінші ғасырдың биігінен де асып, біз ұлы деп келген, ұлық деп келген халықтың, ХХI ғасырдағы өзге де халықтардың ұрпағын тәрбиелеуге көшті. Міне, сөз өнерінің құдіреті, қалам өнерінің құдіреті деген осы болса керек.

Қазақтың ұлы жазушысы Ғабит Мүсіреповтің «Әдебиет ұлы болмайынша, ұлт ұлы болмайды» деген керемет сөзі бар. Шындығында, ұлттың ұлылығы оның рухани қазығының мықтылығында. Ал сол рухани қазық пен діңгекті орнықтырушы бұл — жазушылар қауымы. ХХ ғасырдың ортасында қазақ әдебиетінің дүниедегі атағы алысқа кеткен талай ұлттардың әдебиетімен терезесі тең, ал көп жағдайда озық екендігін дәлелдеп кеткен ұлы Мұхтар Әуезовтің шығармалары — соның айқын айғағы.

Қазақстан Жазу­шы­лар одағы өзге шығармашылық одақтар ара­­­сында халыққа ең танымалы. Өйт­ке­ні онда еліміздің атын әлемге танытқан қа­ламгерлер еңбек етсе, ұйымның өзі 90 жыл­ға жуық уақыттан бері қазақ тілінің, қа­зақ болмысының сақталуы үшін мол пай­дасын тигізер небір шаруаларды атқарып ке­леді. Былайша айтқанда, қазақ қалам­гер­лерінің басын қосып отырған одақ ұлт мүд­десін қорғайтын, соның мәселелерін ше­шумен айналысатын бейресми ұйым се­кілді болды. Жасыратын несі бар, кеңестік кезеңдегі со­лақай саясаттың әмірі жүріп, ұлтымызға қар­сы жасалған небір қанды науқандардың ны­санасына алдымен ілінген де осы Жа­зу­шы­лар одағының мүшелері − ақын-жазу­шы­ларымыз болды. Мәселен, ХХ ғасырдың бас кезіндегі алмағайып кезеңде ұлт тәуел­сіз­дігін алу жолында «Алаш Орда» пар­тия­сын құрып, жаңа дәуірдегі қазақ әдебиетін жа­сауға белсене кіріскен алашшыл қалам­гер­лер сталиндік репрессияның құрығына ілініп, мезгілсіз мерт болды. Сөйтіп Шәкәрім Құ­дайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мір­жақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағ­жан Жұмабаев секілді азат ойлы, жаңа әде­биеттің бастауында тұрған тұлғалардың ең­бектері мансұқталып, олардың кітаптары тәркіленді, аттарын атауға тыйым салынды. Туындылары жарты ғасырдан аса уақыт қараңғы архивтердің қол жетпейтін жер­лерінде шаң басып жатып, олардың аттарын бі­летін аз ғана адам қалғанда тәуелсіздік таңы атып, арыстарымыздың есімдері ақ­талып, халқымен қайта қауышты. Және ол азаттық алып, еркіндіктің дәмін енді тата ба­стаған халыққа рухани күш-жігер берді. Ха­лық өзі үшін еңбек етіп, тері мен қаны бір­дей аққан қайсар қаламгерлердің ғиб­ратты ғұмырын, өнегелі туындыларын мақ­таныш етті. Расында кеңестік кезеңде ұлт үшін құрбан болғандардың арасында қа­лам­гер азаматтардың болуы олардың қа­тарында ұлт мүддесі үшін күрескендердің болуы қазақ ақын-жазушыларының беделін көтерді. Жазушылар одағының көптеген мү­ше­­лері, аты елге мәлім талай ақын-жазу­шылар кеңес­тік кездегі ұлты­мыз­ға жасалған қия­нат пен жазықсыз жаза­лан­ған тұлғалар жайын­да көп жазды. Мұның бәрі тәуел­сіз­діктен бергі жердегі ең маңызды шару­­лар­дың бірі − отарсыздану үдерісінің өз дең­гейінде жүруіне септігін тигізді. Әрине, тәуелсіздіктен кейін еліміз со­­­циализмнен бас тартып, еркін на­рықтық экономикаға көшкеннен соң за­ман ағымына орай қаламгерлер қауым­дастығы да қайта құрылымдалып, қоғамдық ұйым­ға айналды. Өтпелі кезеңнің қиын­ды­ғына ұшыраса да, Жазушылар одағы ел ал­дын­дағы парызынан бас тартқан жоқ. Кері­сінше, ақын-жазушыларымыздың екін­ші тынысы ашылып, қазақ тарихындағы ұлы тұлғалар − хандар мен би-батырлар тура­лы түрлі шығармаларды тудырып, ха­лықты өз тарихымыздың ақиқатымен та­ныс­тырып жатты. Сөйтіп мемлекеттен бө­лініп, қоғамдық ұйымға айналса да, Жазу­шы­лар одағы халық алдындағы миссия­сынан ауытқыған жоқ.

Азаттықтың алғашқы күндерінен мемлекет қаламгерлерге қолдау білдіріп, қоғамдағы шы­ғармашылық орта мен ұдайы ұлттық рухты қалыптастыруға қамқорлық жасап келеді. Әдебиет саласындағы Мемлекеттік сыйлық бар. Жас таланттарға Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығы беріледі. Жыл сайын қаламгерлерге Президенттік және Мемлекеттік стипендиялар тапсырылады. Мемлекеттік тапсырыс аясында қазақстандық үздік авторлардың жүздеген кітаптарын шығару игі үрдіске айналған.

Тәуелсіздік қазақ қаламгеріне ең үл­кен сый − еркіндік берді. Әдебиетке мем­лекет тара­пынан қойылатын үлкен кедергі − цензура алынып тасталды. Кеңестік кезеңде не туралы жазсаң да оған Кеңес өкіметінің тигізген жақсы әсерін көрсетуге, өкімет пен партия­ның қамқорлығын танытуға тиіс едің. Сон­дықтан қазақ тарихына қатысты әң­гі­мелерді жазу ұлтшылдық болып саналды. Жазушы Ілияс Есенберлиннің қазақ тарихына қатысты жазған тарихи ро­мандары сол кездің көзімен қарағанда ер­лік еді. Оның өзінде төбеден қараған цен­зураның кесірінен жазушы қазақ хан­дары мен батырлары туралы ақиқатты то­лық айта алмады. Оларды сынай отырып сом­д­ауға мәжбүр болды. Тіпті классик жазу­шымыз Мұхтар Әуезов өзінің әлемге та­нылған «Абай жолы» атты эпопеясында Абай­ға қатысты шындықты толық аша ал­мады, сол сияқты романда Шәкәрім бей­несін суреттегенімен оның атын ашық айт­пады. Мұның бәрі мемлекеттік тәртіпке кіріп­тарлық. Ал қазір Тәуелсіздік алғаннан бері қалам­гер­лерімізге шексіз еркіндік берілген. Қандай тақырыпты жазасың, қандай тақырыптарды зерттеп, қандай шындықтарды ашасың − оны өзің білесің. Цензура жоқ! Қалай десек те, нағыз азат елдің әдебиеті енді жасалып жатқан секілді. Кеңестік кезеңде де сонша қыспаққа алын­ғанына қарамастан қазақ әдебиетінде үлкен тұлғалар, мықты шығармалар болды. Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Ке­кілбай, Олжас Сүлейменов, Әнуәр Әлім­жа­нов, Мұхтар Шаханов сияқты санаулы қ­аламгерлердің ғана туындылары шет тіл­дерге аударылып жарық көрсе, тәуел­сіз­діктен бергі жерде қазақ қаламгерлерінің кітаптары Ұлыбританияда, АҚШ-та т.б. елдерде жарық көруде. Мәселен, соңғы төрт-бес жылдың көлемінде 60 қазақ ақын-жазу­шысының шығармаларынан құралған ан­тология БҰҰ-да қолданылатын әлемнің 6 ті­ліне аудырылып басылды. Бұл да аз уа­қыттың ішінде жүзеге асқан үлкен жоба. Әдебиетке бірнеше тіл білетін талант­ты жастар келіп жатыр. Сондай-ақ бұрын қазақ оқырмандары білмей келген әлем классиктерінің шығармалары аудары­лып жарық көріп жатыр.

Бүгінгі таңда бұл қара шаңырақты белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет басқарып отыр. Сонымен қатар, қазақ әдебиетінің өркендеуіне үлес қосып жүрген Одақ төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек, Мереке Құлкенов, Бақыт Беделхан, Бауыржан Жақыпты да айта кеткен жөн.

Қазақстан Жазушылар одағының алғаш ұйымдасуы Қазақстанның пролетариат жазушыларының қауымдастығы болып құрылған кезден басталады. Құрамында Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин бар ұйымдастыру бюросы құрылды.
Бұл ұйымға республикадағы әдебиет күштерін біріктіру және пролетариат жазушыларының бүкіл Қазақстанның бірінші конференциясына әзірлеу тапсырылды. Осылайша, 1925 жылы қауымдастықтың алғашқы төрағасы болып Сәкен Сейфуллин бекітілді.

1932 жылы Орталық комитеттің әдеби көркем ұйымдарды қайта құру туралы Қаулысы негізінде Қазақстан өлкелік партия комитетінің секретариаты мамыр айында Қарар қабылдады. Осыдан кейін Қазақстан Жазушылар одағы құрылды.
Қазақстан жазушылар одағы бұл алғашқы съезге 1932 жылдан бастап дайындалды. Ұйымдастыру бюросының төрағалығына Ілияс Жансүгіров тағайындалды. Қазақстан кеңес жазушыларының бірінші съезі 1934 жылдың 12-18 маусымы аралығында өтті.
1925 жылы Қазақстан Жазушылар одағына 10 адамдай мүшелікке өтті. Ал, 1935 жылы одақтың төрағасы болып әдебиет сыншысы, қоғам қайраткері Ғаббас Тоғжанов тағайындалды.

1935 жылы елімізде КСРО әдеби қорының қазақ бөлімшесі құрылып, Қазақстан Жазушылар одағын мемлекет тарапынан қаржыландыру туралы шешім қабылданды. Алғашында идеологиялық қару ретінде құрылғанымен, Сәкен, Ілияс, Бейімбет бастаған арыстарымыз ұйым жұмысын ұлт әдебиетіне, тұтас халықтың мүддесіне қарай бағыттай білді.

Ел тағдыры, жер тағдыры қыл үстінде тұрған кезде өмірге келген Қазақстан Жазушылар одағының үлкен міндеттерінің бірі – ауыз әдебиетінен тамыр тартқан, Абай поэзиясынан бастау алған жазба әдебиетіміздің бай мұрасын жинау мен екшеу, дамыту мен қорғау және оны кеңінен насихаттау болды.
1936 жылы одақтың төрағалығына жазушы, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Сәбит Мұқанов сайланды.
Қазақстан Жазушылар одағы алғашында идеологиялық қару ретінде құрылғанымен, Сәкен, Ілияс, Бейімбет бастаған арыстар ұйым жұмысын ұлт әдебиетіне, тұтас халықтың мүддесіне қарай бағыттай білді.

Жазушылар одағы сонау кеңес заманында тіркелмеген ұлттық партияның рөлін атқарды. Жазушылар одағы қазақ халқының сүйеніші, таянышы болды.
Ел тағдыры, жер тағдыры қыл үстінде тұрған кезде өмірге келген Қазақстан Жазушылар одағы ауыз әдебиетінен тамыр тартқан, Абай поэзиясынан бастау алған жазба әдебиетіміздің бай мұрасын жинау, дамыту мен қорғау және оны кеңінен насихаттауды қолға алды.
1956-1966 жылдар аралығында екі рет Жазушылар одағына жетекшілік еткен Ғабит Мүсірепов дүниеден озарда: «Тіл мен әдебиет сендерге аманат», деп қазақ жазушыларына сенім артқан.

1996-2002 жылдар Қазақ Елі үшін қиын­­дығы мен қуанышы, азабы мен ға­жа­бы, күнгейі мен көлеңкесі қатар жүр­ген Тәуелсіздік атты ұлы ұғым­ның ая­сында өткені, елдік туымызды жел­біреткені, әлемнің түкпір-түк­пі­ріне Қа­зақ Елі мен Жерінің аты Аб­ай, Жам­был, Мұхтар, Қаныш, Сә­бит есім­дері арқылы ЮНЕСКО шең­бе­рін­де жеткені жалпақ жұртқа белгілі.

Соңғы 50 жылдың ішіндегі қоғамдық құбылыста жазушылар, Жазушылар одағы ұйытқы болып, ұшқын беріп және қиын күндерде халқына жұбаныш бола білді. Өйткені, бұл бір адамның емес, бір тұлғаның емес, бүкіл қоғамның ілгері, азат ойлары бірігіп үлкен тұжырымға айналады. Ол егемендік туралы ашық хатқа, одан Тәуелсіздікке ұласты. Бұл Тәуелсіздіктің халықтық авторы шығармашылық иелері, соның ішінде жазушылар деп толық айта аламыз.
Тәуелсіздік жылдары Жазушылар одағы көптеген игі істерге мұрындық болды. «Бұлақ көрсең көзін аш», деген тәмсілді ұстанатын аға буын әдебиеттегі жас буынның қалыптасуына мүмкүндіктер ашты. Соның арқасында ұлт әдебиетінің туын құлатпай, дамуына үлес қосатын толқын қалыптасты.

Жастардың көрінуіне, газет-журналдарда насихатталуына, сонан кейін Жазушылар одағындағы кештерде өлең оқып ысылуына, танылуына кәсіби жақтан қалыптасуына, аймақтарда үлкен-үлкен жиындар өткізу, осы бағытта соңғы жылдарды соңғы 20 жылда Жазушылар одағы жастардың бағытына жұмыс істеді.

Ел сөзін ұстаған шешендер мен келешекке бағыт көрсетер көсемдердің басын қосқан бұл ортаның тарихы осындай. 90 жыл деп бір ауыз сөзбен қайырғанға оңай болып көрінгенімен, осы жылдар арасында мұнда ел руханиятының кемелденуі үшін маңызды істер атқарылды. Алдағы уақытта да Жазушылар одағы ұлт әдебиетіне шырақшы болып, талантты жастарды жазушылыққа баулуды күн тәртібінен түсірмейді.
Жазушылар халықты біріктіретін үлкен мақсатқа жұмылдыратын белсенді зиялы адамдар. Сондықтан, оларға қарапайым халық сенеді. Қоғамдық көзқарасты қалыптастыратын ат төбеліндей ақын-жазушыларға қойылатын талап та жоғары.

«Қазақ әдебиеті» газеті де биыл 90 жылдығын тойлауды қолға алды. Жазушылар одағының құрылтайшылығы мен шығатын басылым сексен жылдан бері-арғы бергі тарих сырларын халыққа ұсынып, сөз өнерінің дамуына үлкен үлес қосты. Осы жылдарда газет көптеген жас ақын-жазушының еңбектерін басып шығарды. Әдебиеттегі көптеген түйткілді мәселенің шешілуіне ықпал етті.

Алғашқы қазақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей ық­палымен ЮНЕСКО шеңберінде өткен айтулы шаралар соның айғағы. Бұл орай­да, әсіресе, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұ­қанов шараларына Одақ айрықша атсалысты. Доминанттық роль ой­на­ды. Тікелей Жазушылар одағының ұйымдастыруымен «Мұхтар Әуезов және ХХ ғасыр әдебиеті» дейтін та­қырыпта өткен Халықаралық Сим­позиумға отызға тарта елден қырық­тан астам аттары әлемге әйгілі қа­лам­герлер қатысты. Мұқанов шара­ларына да ондаған шетелдік жазу­шылар келді. Рухани кеңіс­тігіміздің мүмкіндігі мен дәре­же- деңгейін танытар арыстары­мыз бен алып­тарымыз өздерінің өлмес рух­тарымен Ел тәуелсіздігіне, тәуел­сіз ел әдебиетінің абыройы мен беде­ліне осылай қызмет етті.

You may also like

Leave a Comment