Home Мәдениет БИЫЛ ӘЙГІЛІ ТАРИХШЫ МҰХАММЕД ХАЙДАР ДУЛАТИДЫҢ 525 ЖЫЛДЫҒЫ

БИЫЛ ӘЙГІЛІ ТАРИХШЫ МҰХАММЕД ХАЙДАР ДУЛАТИДЫҢ 525 ЖЫЛДЫҒЫ

Daismedia.kz

Биыл Мұхаммед Хайдар Дулатиға 525 жыл. Дулати Хұсайынұлы Мұхаммед Хайдар (1499-1551) – әйгілі тарихшы, әдебиетші, Моғолстан мен оған іргелес елдердің тарихы жөнінде аса құнды деректер беретін «Тарихи Рашиди» кітабы мен «Жаханнаме» дастанының авторы, Жетісу жеріндегі ежелгі Дулат тайпасы әмірлерінің ұрпағы. Оның толық аты-жөні – Дулат Мұхаммед Хұсайынұлы Мырза Мұхаммед Хайдар. Мұндағы «Мұхаммед Хайдар» – өз аты, «Мұхаммед Хұсайын» – әкесінің аты, «мырза» – текті әулеттің тұқымы екенін білдіретін атау (хан балаларының ханзада, сұлтан аталатыны секілді), «Дулат» – шыққан тайпасының аты.

М.Х. Дулати – көрнекті мемлекет қайраткері, қазақтың – тұңғыш тарихшысы, философы, ғұлама ақын, дипломат, әскери қолбасшы және ол қазақ халқын құраған ежелгі түркі тайпаларының бірі – ұлы ойшыл ғалым. Дулат Хұсайынұлы Мұхаммед Хайдар 1499 жылы Ташкент қаласының төңірегінде дүниеге келген. Жетісудағы Дулат тайпасы әмірлерінің ұрпағы. Ұлы атасы Мұхаммед Хайдар мырза Қашқарияны биледі. Әкесі Мұхаммед Хұсайн ХV ғасырдың ақыры мен ХVІ ғасырдың басында Моғолстанның батыс бөлігін билеген Сұлтан Махмұд ханның жақын адамдарының бірі болды. Мұхаммед Хайдардың анасы Хубнигар ханым – Шағатай ұрпағы, Моғолстан ханы – Жүнісханның қызы. Ол Ташкент қаласын билеп, Алмалыққа дейін басқарған. Хайдардың жазуынша Жүнісхан – көшпелі руларды отаршылыққа айналдырып, қала салу ісімен шұғылданған кісі.

М.Х.Дулат Моғолстанның сұлтан Сайд ханмен және Үндістандағы баласы ұлы Моғолдар әулетінің негізін қалаушы Захир әд-Дин Мұхаммед Бабырмен бөле. М.Х.Дулатидің балалық шағы Мұхаммед Шайбани хан бастаған көшпелі өзбектердің қысымынан Орта Азияда Әмір Темір әулеті мемлекетінің күйреуі, Моғолстанның ыдырау және қазақ хандығының өркендеу дәуірімен тұстас келді. Сұлтан Махмұд хан мен Мұхаммед Шайбани ханның соғыстары кезінде 1508 жылы Шайбани әскерінің қолында М.Х.Дулаттың әкесі өледі. Cегіз жасар Хайдар әкесінен жетім қалып, үш-төрт жылдай Кабулдағы өзінің бөлесі, атақты жазушы Бабырдың қолынан тәрбие алады. Ол Бабырдың Мауереннахр жорығына қатысты. 1512 жылдан бастап Сұлтан Сайд ханның Қашқардағы сарайында тұрып, әскери және сарай қызметін атқарды. Оның Әбу Бәкірмен Қашқар және Жаркент үшін 1514 жылы болған соғысына, сондай-ақ Қырғыстанға, Оңтүстік-Шығыс Қазақстанға және Тибетке жасаған әскери жорықтарына қатысты. Хан мұрагері – Әбу ар-Рашид сұлтанды тәрбиеледі. 1533 жылы хан тағына отырған Әбу ар-Рашид Дулат тайпасының басшыларынан қауіптеніп, оларды қатты қуғынға ұшыратты. М.Х.Дулаттың немере ағасы Сайд Мырза өлтірілді. М.Х.Дулат Үндістанға қашып кетті. Ол мұнда ұлы Моғолдар сарайында әскери қолбасшы болды, Кашимирді жаулап алу соғысына қатысады. Жаулап алғаннан кейін Ұлы Моғолдар атынан біраз уақыт Кашмирді билеп тұрады. 1551 жылы жергілікті халықтың көтерілісі кезінде 52 жасында сол жерде дүние салады. М.Х.Дулати – XV ғасырдың алғашқы жартысында жасаған Бабыр сияқты, Орта Азия мен Қазақстаннан шыққан білгіш, майталман кісінің бірі. Ол ғылымға қатты көңіл бөліп, кітап оқып, өлең шығарып, сурет салу ісімен айналысады, зергерлік, шеберлік, ұсталық өнерімен шұғылданады. Онымен бірге Хайдар өзінің ойға жүйрік, майталман, сөзге шебер, ерекше саңлақ болуымен халық ортасында даңқты болады.

Қазақстанда Дулати бабамызға ел тәуелсіздігін алған кезден бастап айырықша көңіл бөліне бастады. БҰҰ-ның шешімі бойынша 1999 жылы М.Х.Дулатидың 500 жылдығына арналған арнайы конференция өткізілді. Енді ғана есін жиып, тәуелсіздігін жариялағаннан кейін өткеніне үңіле бастаған елдің тарихының өшкенін тауып, қайнар бастауын зерттеп-білу Хайдар Дулатисыз мүмкін емес. Күні бүгінге дейін Қазақстан мен Орта Азия елдерін зерттеушілердің, тіптен түркі тектес халықтардың мәдениетін зерделеген еуропалық ғалымдардың қай-қайсысын алсақ та, оған жүгінбей, еңбегіне соқпай кете алмайды.

М.Х.Дулати – Орта Азия халықтарының тарихы, этнографиясы мен географиясы, тілі мен әдебиеті, мәдениеті туралы сөз ететін «Тарих-и Рашиди» еңбегі мен «Жаһан наме» атты классикалық шығармалардың авторы.

Қазақ тарихы мен мәдениетінің қалыптасуына көп үлес қосқан – көрнекті ғалым, тұңғыш тарихшы, әрі шежіреші, әдебиетші, орта ғасырдағы мемлекет қайраткері Мұхаммед Хайдар Дулати XIV-XVІ ғасырлардағы тек отандық тарихты ғана емес, сонымен бірге біртұтас Орталық Азия аймағының халықтары мен Шығыс Түркістан, Тибет, Үнді халқының, яғни Шығыстың тарихы, мәдениеті туралы құнды еңбек қалдырды. Парсы тілінде жазылған «Тарих-и Рашиди» еңбегі медиевистикада (орта ғасырлар кезеңін зерттейтін тарих ғылымының саласы, лат.- medium aevum — орта ғасыр деген сөзі) кеңінен танымал. Оны XVІ-XVIІ ғасырлардағы көптеген шығыс авторлары мен соңғы орта
ғасырлардағы Орталық, Орта Азия тарихын зерттеушілер түпнұсқа ретінде пайдаланды. Бұл тарихи еңбек екі дәптерден тұрады:
— Бірінші дәптер 70 тараудан, екінші дәптер 117 тараудан тұрады. Бірінші дәптер Тоғлық Темірдің хан тағына отырған 1346 жылдан бастап, 1546 жылға дейінгі тарихи оқиғалар, көптеген тарихи тұлғалардың өмірбаянын қамтыған күрделі кезең туралы жазылған. 1346-1546 жылдар аралығында Орталық Азиямен қатар Тибет, Кашмир, Иран, Ауғанстан, Тәжікстан, Қашқар, тіпті Иракқа дейінгі территорияның шеңберінде оқиғалар барынша шеберлікпен бейнеленген.

— Екінші дәптер М.Х.Дулатидің өзінің өмірі, естеліктері, көрген-білгендері, Өзбек Шағатай хандарымен сұлтандарының тарихы және өз замандастарының басынан өткен оқиғалары баяндалады. «Тарих-и Рашиди» – Орта Азия тарихы туралы жазылған шығармалардың ішінде ең мағыналысы және мағлұматтың ең дұрыс толығы болып саналады. Бұл еңбек бүгінде барлық мәдениетті елдердің тіліне аударылып, мәңгі өшпейтін дүниежүзілік әдебиет мұрасының бірі болып отыр.
М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегі – Орталық Азия халықтарының ХІІІ–ХVІ ғасырлардағы тарихы мен географиясы, этнографиясы, әдебиеті мен мәдениеті, өнері жайлы классикалық шығарма. «Тарих-и Рашиди» – өз заманының көрнекті, тарихи-әдеби энциклопедиялық сипаттағы туындысы. Қазақ хандығының құрылу тарихы жөнінде нақты тарихи мәліметтерді осы шығармадан алуға болады. 1541-1546 жылдары жазған автордың бұл еңбегі Орталық Азия халықтарының ғана емес, Қазақстан тарихына қатысты хронологиялық жағынан алғанда XIV-XVІ ғасырларға жататын тарихи мәліметтерімен маңызды. М.Х.Дулатидің еңбегіндегі XV-XVI ғасырлардағы қазақ хандығы тарихының құрылу кезеңі туралы мәліметтері – Қазақстан тарихы үшін құнды деректеме.
1465 жылдан бастап Қазақ хандығы тарихта дербес саяси мемлекет ретінде құрылғанын тұңғыш рет автор «Тарих-и Рашиди» еңбегінде жазып қалдырды.

ХҮІ-ХҮІІ ғасырлардағы Үнді және Орта Азия тарихшылары «Тарих-и Рашидиді» өз еңбектерінде көп қолданған. Мысалы, Үндістанның Европа әдебиетіне белгілі тарихшысы Мұхаммед Қасым Ферште Бадахшан Кашмир уәлаяты туралы жазғанында түгелдей дерлік осы шығармадан алып отырған. Мұхаммед Хайдар Дулат жайында күншығыс елінің ғалымдары да көп жазды. Үндістанның атақты ғалымдарының бірі Ағзам Кашмир өлкесі туралы жазғанына ерекше ілтипат көрсетіп, өзінің «Кашмир тарихы» деген кітабында Мұхаммед Хайдардың әдебиеттегі орнына ерекше баға береді. Еңбек ағылшын тілінде 1849 жылы (Калькутта) басылып шықты. Қазақ тарихына тиісті бөлімін Ресей тарихшысы Владимир Владимирович Вельяминов-Зернов зерттеп, деректерді 1864 жылы «Қасым хандарының тарихы» атты кітабының екінші томына қосып шығарады. Еңбегінде ғалым «Дулат» деген атауды ұстанды. Ол дулаттар туралы: «Дулаттар — ерте тарихи заманнан келе жатқан түрік тілдес ежелгі тайпалардың бірі. XVI ғасырларда қазақ қауымына қосылып, Алтын Емел тауынан Шымкентке дейін қоныстанып отыр», — деді. Европалықтар «Тарих-и Рашиди» еңбегін Лондонда 1895, 1898 жылдары ағылшын тілінде жарық көрген аударма арқылы оқып, таныды. Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегінің қолжазба нұсқалары Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Үндістан, Пәкістан, Иран, Қытай, Ұлыбритания, Франция елдерінің сирек кездесетін қолжазба қорларында күні бүгінге дейін сақтаулы. Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов өзінің әйгілі «Жоңғария очерктерінде» Мұхаммед Хайдар
Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегі туралы былай келтіреді: «Мұнда автор өзінің жеке басынан өткен тарихи оқиғалары туралы, географиялық және этнографиялық мәліметтер береді». Қазақ халқының тұңғыш профессоры Санжар Асфендияров ғалым еңбегінен үзінділер аударды. Ал, академик Әлкей Хақанұлы Марғұлан 1941 жылы жазған «Қазақтың тұңғыш тарихшысы» мақаласында: «Мұхаммед Хайдар Дулати – XVI ғасырдағы шығыстан шыққан атақты
ғалымдардың бірі, оның Орта Азия мен Қазақстан туралы жазғандары бұл реттегі мағлұматтардың ең ұлы арнасына жатады. Оның жазған «Тарих-и Рашидиі» – Мұхаммед Хайдардың атын бүкіл дүние әдебиетіне білікті қылған белгілі шығарманың бірі. Оның үстіне қазақ тарихының көмескі кездерін зерттеу үшін «Тарих-и Рашиди» еңбегінің әдебиеттегі орны бүтіндей бір басқа», – деді.
Ә.Х.Марғұлан Мұхаммед Хайдар Дулатиді қазақ халқының тұңғыш тарихшысы ретінде таныстырып, оның еңбегін ғылыми тұрғыда бағалай отырып, алдағы міндет халқымызға түсінікті тілде шығарып, оны халық игілігі жасау қажеттігін баса жазып өтті. Тарихшы Манаш Қозыбаев Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегі туралы:
«Мырза Мұхаммед Хайдар – тек кәсіби тарихшы емес, ол оның теоретигі, ғылыми негізге салушыларының бірі. Ол тарихи, ғылыми обьективтік, диалектикалық байланыс, салыстырмалы кешенді, концептуальды зерттеу принциптерінің негізін қалаған тарихшы. Сондықтан, ол жазған «Тарих-и Рашиди» – тарихи классикалық туынды», – деп баға беруі — оның еңбегінің баға жетпес құндылығының дәлелі.

М.Х.Дулати «Жаһан наме» атты классикалық шығарманың авторы. Бұл дастанның негізгі тақырыбы адал да таза махаббат. Қолжазбаны Берлин кітапханасынан тауып алып оқып, 1937 жылы неміс тілінде тұңғыш мақала жазған башқұрт ғалымы атақты Ахмет Зәки Валиди Тоған (1891-1970) болатын. Әйтсе де, Берлин кітапханасының қолжазба қорындағы бұл асыл дүние көпке дейін қолымызға түспей келді. Тек, 1994 жылы ғана Мюнхен университетінің оқытушысы Лидия Клетцель ханымның көмегі арқасында «Жаһан наме» автордың тарихи отанына қайта оралды. 1981 жылы Қашқар қаласынан қазақ ғалымы Ахметбек Кіршібаевтан қолжазбаның бір көшірмесін Алматыға алып келген, бабамыздың мұрасын зерттеп, шығармашылығын насихаттаған, дулаттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Әбсаттар қажы Дербісәлі болатын. М.Х.Дулатидің «Жаһан наме» шығармасы әлем әдебиеті жауһарларының бірі.

Мұхаммед Хайдар – XV ғасырдың алғашқы жартысында жасаған Бабыр сияқты Орта Азия мен Қазақстаннан шыққан білгіш, майталман кісінің бірі. Ол бөтен нәрсеге көңіл бөлмей, бір ғана кітап оқып, өлең шығарып, сурет салу ісімен айналысады, зергерлік, шеберлік, ұсталық өнерімен шұғылданады. Шемберлік ісінде ол бармағынан бал тамған ісмер, сұлулық дүниесін жанымен сүйетін хас шебердің өзі болады. Қырнау, безеу, ою өрнек өнерін тіпті асқарлы түріне жеткізіп, оның шын мағынасында сұлулық қазынасы — өнерге айналдырған. Онымен бірге Хайдар өзінің ойға жүйрік, майталман, сөзге шебер, ерекеше саңлақ болуымен халық ортасында даңқты болады. Өзінің айтуынша: ―халықпен кішіпейіл болып марқаласуды (кеңесуді), олардың алдыңғы әдепті, мәйін болуды, соғыс үстінде қырағы болуды, атқыш мергендікті, тағы басқа өнер түрлерін үйренуде мен нағашым Сейіт ханның Шәкірті ғана едім» деп, өзінің қойдан қоңыр, кішіпейіл мінезін тағы да сипаттайды. Хайдардан басқа біреу болса, әрине, ―мен-мен! деп, кеудесін соғар еді. Оның жазған тарихи шығармалары, көркемөнер, поэзия туралы жазғандары кейінгі жазушыларға зор әсер етіп отырды. Мұхаммед Хайдардың адамшылық қасиеті туралы Бабыр былай дейді: ―Хайдардың әкесін өзбектер өлтіргеннен кейін ол менің қарамағыма келіп, үш-төрт жыл тұрды. Кейін рұқсат сұрап,Қашқардағы Сейіт ханға кетті. Не нәрсе болса да, өзінің шыққан тегіне (асылына) тартатын әдеті ғой, мәселен, сап алтын да, күмісте, қорғасын да тегіне тартпай ма! Жұрттың айтуынша ол
бұрынғыдан көп есейіп, жақсы жолға түскен. өзінің қолы әр нәрсеге шебер, оның қолынан келмейтін іс жоқ: ол әрі жазушы, әрі суретші, онымен бірге садаққа оқ жасап, оның жебелерін өзі істейді. Бір жағынан дарынды (құйылма) ақын. Маған бірер жазу келген еді, әлпеті еш жаман емес. Кейін есейіп ер жеткен шағында Мұхаммед Хайдар шын мағынасында Кұншығыстағы даңқты адамның бірі болып, Орта Азия мен Қазақстан халықтарының әдебиетіне, оның тарихына зор үлес қосады. Күншығыс халқын зерттеуші ғалымдардың айтуынша Мұхаммед Хайдардың атын жоғары көтеріп, оны жұртқа танытқан, әсіресе, оның ―Тарихи-Рашиди атты кітабы болды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Бабалар ізімен» ғылыми-тарихи экспедициясы Үндістанда даңқты бабамыз Мұхаммед Хайдар Дулатиге де қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізді. Экспедиция мүшелері Кашмир штатында болып, даңқты қолбасы әрі тарихшы-ғалымның жерленген жеріне арнайы барған еді. Олар сондай-ақ Мұхаммед Хайдар Дулати мұрасын зерттеп жүрген жергілікті ғалымдармен кездесіп, тың мәліметтер жинап қайтты. Мұхаммед Хайдар Дулати бабамыз 1540-1551 жылдар аралығында Кашмирде 11 жыл бойы билеуші болған. 1551 жылы Мұхаммед Хайдар Дулати қайтыс болған соң ол Кашмирдің орталығы Сринагар қаласындағы «Мазар и Салатинге», яғни сұлтандар мазарына жерленген еді. Бүгінде бұл орын тарихи жерге айналған. Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі: – Бұл кісі жатқан жер қазақтарға киелі жер деп есептеймін. Осы жерге келіп, Құран оқып, бас иіп кету әрбір азаматтың борышы сияқты маған. Бұл кісіден қалған көп мәліметтер бар Кашмир университетінде, Дели университетінде, басқа жерлерде. Соны егер біздің ғалымдар келіп, зерттейтін болса, көп мәліметтер табуға болады. Үндістандық ғалымдар Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Жаханнама» және «Тарихи рашиди» деген еңбектеріне ерекше баға береді. «Олар бұл шығармалар өзінің тарихи шынайылығымен және көркемдік сипатымен құнды», – дейді. Дәл осы «Тарихи рашиди» еңбегінің жазылу тарихы «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі Сапар Ысқақов пен Кашмир Университетінің профессоры Рафуддин Махмуди арасындағы кездесу барысындағы әңгімеге арқау болды. Рафуддин Махдуми, Кашмир университетінің профессоры: – Ол «Тарихи Рашиди» деген еңбек жазды. Ол – монументалды, өте үлкен шығарма. Мұхаммед Хайдар Дулати сондай-ақ Кашмирдегі барлық дін өкілдерінің басын қосып, діни тақырыптарды ашық талқылайтын жиындар ұйымдастырған. Ол Кашмирді басқарған кезінде Ислам дінінің сүнниттік тармағына көп қолдау білдірген. Мырза Хайдар білім, өнер және ағартуға ерекше көңіл бөлген. Мұхаммед Хайдар Дулати Солтүстік Кашмирден бөлек Тибет, Бадахшан, Кафиристан мен Ладакқа да жорық жасаған. Ол солтүстік Үндістанда көптеген реформа жүргізіп, әскерді күшейтеді, ауыл шаруашылығын дамытып, халықтың әл-ауқатын көтереді. Ол Кашмирде Моғолдар Империясының билеушісі Хумаюнның атынан күміс теңгелер құйдырып, айналымға енгізеді. Кашмир ол кезде Ауған және Иран сияқты елдермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасайтын деңгейге жетеді. Тарихи тұлғаның есімі Қазақстан мен Үндістанды мәдени тұрғыдан жақындастыруға толықтай лайық.

ҚР Мемлекеттік хатшысы Әбіш Кекілбаевтың 1998 жылды «Халық бірлігімен ұлттық тарих жылы» деп жариялау
туралы өкімі шығады. 1998 жылдың 18 ақпанында бекіткен қаулы аясында 1998 жылдың 26 тамызында М.Х.Дулатиге
арналған еліміздегі тұңғыш ескерткіш салтанатты түрде ашылды.

You may also like

Leave a Comment