Home Мәдениет ШОРМАН БИ КҮШІКҰЛЫНА 255 ЖЫЛ

ШОРМАН БИ КҮШІКҰЛЫНА 255 ЖЫЛ

Daismedia.kz

Биыл Шорман би Күшікұлы Сәтиевтің 255 жылдығы.
Шорман би Күшікұлы 1788 жылы Баянауылда дүниеге келген- 1837 жылы қайтыс болған.
Орта жүз арғынның ішіндегі Сүйіндік қаржас руынан шыққан. Өз еліне танымал Сәтиұлы Күшік шешеннің ұлы. Шын есімі – Жұмабай. Қуандық руының Қожы төре бастаған жігіттері қаржастардың жылқысын барымталауға келгенде екі жақ сойылдасып, барымташылардан үш адам (ішінде төренің өзі де бар) қаза тапқан. Мұны естіген Уәли хан қаржастарға қыруар жылқы құн кеседі. Осы даулы, шешімі қиын мәселені өз руының пайдасына шешіп шыққан 15 жасар Жұмабай “Бала би” атанып кеткен. Бұл жөнінде өз еңбектерінде Ш.Уәлиханов та жазған. Осы оқиғаның тағы бір нұсқасы Шоңмен байланысты баяндалады.

Жұмабай ханнан жеңіспен оралған соң Шоң оған Шорман атағын беріп, қаржас руының төбе биі етіп тағайындаған. Ол төрелерге билік бермеу мақсатымен сүйіндік арасынан хан тұқымын аластау жөніндегі Шоң бидің саясатын қолдап, оны іске асыруға көмектескен. Жер дауын шешу, жалпы қазақтарды жерге орналастыру мәселелері бойынша 1822 жылдан бастап Шоңмен бірге Батыс Сібірдегі отарлық әкімшілікке бірнеше рет хат жолдайды. Шоңның тапсыруымен Тобыл, Омбы, Кереку, Қызылжар қалалары мен Ірбіт, Үркіт (Иркутск) жәрмеңкелеріне барады. Архивте Шорманның 1830 жылы Омбыға, 1832 жылы Тобылға барып, губернаторға жолыққаны жөнінде дерек сақталған.

1833 жылы 1 қарашадағы Батыс Сібір бас губернаторының жарлығымен капитан шеңіндегі Шорман Баянауыл оқругінің аға сұлтаны Шоң бидің орынбасары етіп тағайындалады.
Шоң би дүние салған соң Шорман би аға сұлтан міндетін атқарады (1836-1937).Елдің қария әңгімесінде «Шорманның азан шақырып қойған аты Жұмабай екен» деп айтылады. Алайда Шорман би аға сұлтан міндетін бір жылдай ғана атқарып, келесі жазда дүние салды. Шорманның өмірі қысқа болған. Ол небәрі 49 жасында дүние салған. Жерленген жері сүйіндік-төртуыл елінің жаз жайлауында, қазіргі Ереймен тауының сырт жағында «Шорман» деп аталатын жерде. Олжабай сөресінен 30 шақырым шамасында. Шорман жерленген жерде 20 шақырым жер шамасында Шоңның әкесі Едіге бидің зираты бар.
Мәшїүр Жүсіп Көпейұлының жазуы бойынша Шорман би Ақмырза өзені Сілетіге құяр тұсына жерленген. Шорманның тұңғыш қызы Зейнеп – Ш.Уәлихановтың анасы. Үлкен ұлы Шорманов Мұса белгілі адам болған.
Әкесінен төрт жасында жетім қалып, әжесінің, ағайын-туыстарының қолында жүреді.

Шорманнын жасы он үшке толған жылы Баянауыл округінің биі Едігеұлы Шоң би қартайып, орнына кімді билікке ұсыну керек деген сөз көтеріледі. Әр ауыл өз кісілерін ұсынып жатады.
Сонда Шоң би:
— Менің орныма би болуға Шорман лайық. Ол — бала, бала болса да — дана, ақылды. Ел жағдайын жетік біледі. Ешкімге бұра тартпайды. Әділ сөйлейді. Адамгершілігі, халыққа деген қамқорлығы мол.
Сонымен бүкіл округ болып Шоң атаның ұсынысын мақұл көріп, он үш жасар Шорман би болып сайланады. Содан былай қарай Шорман әр кезі «Малым — жанымның садағасы, жаным — арымның садағасы» деп отыратын. Еліне шын жаны ашитын би надандықты, жатып ішер жалқаулықты, ел ішін індеттей жайлаған жаман әдет, салт-санаға қарсы күреседі, мектептер салғызып, мұғалімдікке сауатты адамдар іздестіреді. Түркі тілдерімен қатар орыс, араб, парсы тілдерін оқытатын адамдарды да осы іске тартады.

Атақты би, басшы, мемлекет қайраткері. Қазақ даласына даңқы кең жайылған қаржас Шорман би он үш жасынан билік айтқан. Екі елдің, рудың, атаның арасындағы дау-жанжалға әділ төрелік айтып, бір екі ауыз сөзбен қарсыластарды бітістірген. Ш.Уәлихановтың жазуынша, ақыл-айласымен атағы шыққан Шорман-«шешен» деген құрметті атаққа ие болған. Шешендігі арқасында 14 жаста бас би болып, үлкен даулы мәселеде, Уәли ханның алдында өз елінің адамдарын асқан беделмен қорғап қалады. Ел арасында Шорман бидің таланты мен дарындылығы, көрегендігі, шешендігі туралы көптеген аңыз-әңгіме кеңінен таралып, бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр.Ол өзінің қысқа ғұмырында күш жігері мен талантын халқының игілігіне жұмсаған.

Шорманның «қара қылды қақ жаратын» әділдігі ел аузында аңыз болып кетті. Енді оның төрелігіне жүгінуге тек Баянауыл ғана емес, Кереку өңірінің әр түкпірінен келетін болды. Оның абырой-атағын, халық арасындағы беделін көре алмайтын іші тарлар да аз болған жоқ. Қызғаныштан өртенген олар Шорман атына кір келтіретін сан-қилы өтірік-өсек таратып, жала-жабудан жалықпады. Мұны да місе тұтпай, Шорманның жаулары оны өлтіруді мақсат етіп, талай рет қастандық та ұйымдастырды. Бірде ел аралап жүрген диуанаға көп ақы беріп, Шорманды өлтіртпек болады. Бір дауға төрелік айтуға бөтен ауылға келіп жатқан Шорманды көрсетпек болып, олар диуананы сонда ертіп келеді. Ымырт жабылған кез болса керек. Ашық есіктен үй ішінде жанып тұрған от жарығымен төрде отырған Шорман анық көрінеді. Диуана Шорманға көзі түсе салысымен селк етіп, қолымен көзін көлегейлей қояды. Біршама уақыттан соң өз-өзіне келіп: «Оның екі иығында екі періште отыр, бас жағында бір сәуле жарық шашып тұр. Қасиетті адам болса керек. Басымнан төмен қарай алтын құйсаңдар да, оған қиянат жасай алмаймын», — деп ат-тонын ала қашыпты деседі.

Өткен ғасырдың кеңестік кезеңінде «Ел ардақтысы» атанған билер мен сұлтандардың есімдерін айтуға тиым салып, қайта оларды бай-шонжарлар деп қаралаған, ал хан төрелердің ұрпақтарына қағажу көрсеткен қитұрқы саясат жүрді.

Соның салдары Баянтаудың Ақкелініңдегі Шорман әулеті мен Көкшетаудың Сырымбеттегі Уәлихан ұрпақтарын сергелдеңге салғандығы жасырын емес. Бұл әулеттердің тарихы талай жылдар көзден таса болып, әлі де өз дәрежесіне лайық зерделенуді қажет етеді.

Шорман бидің ізгілікті ізі игілікті істерімен тарихта қалғандығын және оның еліне жанашырлығын, азаматтық мінезін, оқу-білімге тарту жұмысын Мұса бастаған балалары, Сәдуақас қостаған немерелері жалғастырды. Осы ой – Би басына қойылған белгітасқа да ойып жазылды.
Шорман мен жары Топайдан қызы Зейнептен (1816 ж.) басқа ұлдары Мұса (1818 ж.), Мұстафа (1820 ж.), Иса (1824 ж.), Әужан (1826 ж.) туған.
Мұрагерлерінің ішінде ерекшесі Мұса мырза болғандығы тарихтан белгілі. Бұл туралы көптеген мақалалар ғана емес, әсіресе, соңғы жиырма жылдықта жарық көрген кітаптар куә.
Дәл осы Мұса мырзаның өмірі әкесі Шорман биге ұқсап қана қоймай, 66 жыл ғұмырында халқы мен еліне жасаған жақсылығы ұшан-теңіз болды. Бүткіл Баянауыл дуанын Ақкелінде 1853 жылы салына бастаған үй-жайының қонысында өмір сүре отырып басқарды. Бұны төрт асыл тас атанған інілері қостап, Сырымбеттегі Зейнеп әпкесі мен Шыңғыс жездесі де алыстан жанашыр болғандығы сөзсіз.
Зейнептен туған 14 жиендерінің (Шоқан 1835 ж., Жақып 1837 ж., Бәдіғұл 1838 ж., Рақия 1840 ж., Мақы 1845., Махмет 1849 ж., Нүрида 1850 ж., Мұхамедия 1852 ж., Шәрбану 1853 ж., Қозыке 1854 ж., Әпиә ?ж., Бапыш ?ж., Тәжібай ?ж., Қоқыш 1859 ж.) өзі неге тұрарлық. Әрине, ерекше қарым-қатынас жиендерінің үлкені Шоқанмен болғандығы туралы жазбалар жетерлік. Соның бірі академик Әлкей Марғұланның еңбегінде Шоқан Шыңғысұлының нағашысы Мұса Шорманұлына жазған 30 шақты хатын көзімен көргендігі және хаттардың бәрі де «Аяулы мырза ағамызға…» деп басталатындығын жазуы.
Өмірлік тәжірибесі мол Мұса мырза Шоқанның ақылшысы, жол көрсетушілерінің бірі болғаны да анық. Шоқан арқылы Мұса мырза өзі де орыстың прогрессивті көзқараста болған озық ойлы адамдарымен танысты. Сырымбеттегі жездесі Шыңғыстың отбасымен өмір бойы сыйласып әрі сырласқан ерекше жылы қарым-қатынас өмірден өткенше үзілмепті.

Шоқанның ерте қайтыс болғанына қатты қайғырған нағашысы Мұса Шорманұлы көп жылдар бойы Омбы әкімшілігіне хат жолдап, тіпті арнайы барып, ғалымның қабіріне ескерткіш тұрғызу мәселесін көтерген. Осы табандылығының арқасында, Шоқан қайтыс болғаннан 16 жыл өткенде ғана 1881 жылы Жетісу әскери округінің генерал-губернаторы Г.А.Колпаковскийдің пәрменімен мрамордан белгітас қойылған. Белгітастағы мәтіннің авторы Түркістан әскери округінің басшысы, Шоқанға деген құрметі жоғары генерал фон К.П.Кауфман болатын.

«Мұса Шорманұлының қартайған шағында да Шоқанның атын айтқанда екі көзінен жас парлап отыратынын көзі көрген Г.Н.Потанин жазады» – дейді Шота ағамыз. Шоқанның қысқа өмірінде жасаған ғаламат еңбектерін және жеке өмірін насихаттауда құрдас досы, саяхатшы-географ, ғалым-этнограф, жерлесіміз Григорий Потаниннің орны ерекше. Григорий Николаевич Ақкелінде Мұсаның, кейіннен Сәдуақастың шаңырағында, сол сияқты Сырымбетте Шыңғыстың, кейіннен балаларының отбасында бірнеше рет болған. Бұл бір-бірінен айнымас екі ауылдың екі өлкеде болғанына қарамастан талай майталман марқасқалар осы қастерлі топырақтарды табанымен басқандығына кәрі тарих куә.

Шорман би мен күйеу баласы Шыңғыс арқылы басталған құдалық, кейіннен әулеттердің ұрпақтарымен қарама-қарсы құдалыққа ұласқандығы – Ақкелін мен Сырымбетті жақындастырғаны сондай, жоғарыдағы Біржан салдың ізін басып, сонау Сырымбеттен Ақан сері де Ақкелінге келіп, Шорман бидің немересіне «Жігіттің падишасы Әмір Темір…» деп «Майдақоңыр» әнің арнаған. ​Сәдуақас Шорманұлы жан жолдасы, ғаламат зор дауысты әнші Жарылғапберді Жұмабайұлымен Ақкеліннен аттанып, Сырымбеттен алғашқы жары Нүриданы әкелерде Зейнептің тағы бір ұлы Қозыкеден (Сақыпкерей) дүйім елге белгілі «Топайкөк» әнін үйреніп, Баянаулаға Жарылғапберді әкеп жайғанын

Жаяу Мұсаның жас кезінде Сырымбетте Шоқанмен, інісі Жақыппен дос болғанын баянауылдық жазушы Зейтін Ақышевтің «Жаяу Мұса» романынан білсек, атақты әні «Ақ сисаның» өмірге келуіне Ақкелінде болған тосын оқиғаның себепкері – «Ақкелін» ауылының болысы Шорманның Мұстафасының әнге қосылуы куәгер. Сөз ретіне қарай айта кетейік, атақты әнші Майра Шамсутдинова Ақкелінге Мұсаның немересі Жәржанға күйеуге шығып, келін болып түскен. Орыстың қаншама озық ойлы, белгілі адамдары (К.К.Гутковский, А.К.Гейнс, Н.М.Ядринцев, Г.Н.Потанин және т.б.) Ақкелін мен Сырымбетте, осы екі әулеттің арқасында талай рет болған. Қасиет қонған екі кішкентай ғана ауылдардың арасындағы соқпақ жолдың бастамасын арғы заманда Бұхар бабамыз сырқаттанғанын естіген Абылайхан Бурабайдағы Хан Ордасынан ақ боз аттарымен жеделдете келіп, көңіл сұраған.

Қазақтың кең даласында қаймағы бұзылмаған, тарихы терең, берері мол осындай ауылдар заманның күрделігіне қарамай (урбанизация мәселесі де бар) әлі де аз емес, жетерлік. Тек соны зерттеп, насихаттап жазып, көрсете білуді бүгінгі күн талап етеді.
Мұхтар Әуезов: «Білім – бақтың жібермейтін қазығы, Білімсіз бақ – әлдекімнің азығы» депті. Темірқазығы мықты бақ – біліктігі мықты азаматтармен толыға беретіні хақ!
Академик Қаныш Сәтбаевтың «Ел тарихын есіңнен шығарма» деген сөздері бүгінгі біздерге айтылған сияқты әрі осы бағыттағы жұмыстарды жүргізуде өткен тарихқа шолу жасау – туған жерге деген сүйіспеншілігіңді арттыра түседі.
Халқымызда «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген тәмсіл бар. Жасампаз ұрпақ тәрбиелеу – халқымыздың келешегіне қызмет ету деген сөз. Ұлттық құндылықтарымызды қазіргі таңның жетістіктерімен үйлестіріп, ТҰЛҒАТАНУ жолында ата-бабаларымыздан қалған мұраларды жастардың санасына сіңіре беруіміз керек.

You may also like

Leave a Comment