Қазақ әдебиетінің «Алтын ғасыры» атанған XX ғасырдың 50-60-жылдары әдебиет әлеміне бір шоғыр таланттар келді. Солардың арасында тырнақалды туындысы «Алтын шуақпен» әдебиет әлеміне бөлек әсер әкелген Әбіш Кекілбаевтың орны бөлек еді. Шағаласы толқынға еркелеп, толқыны көкке тулаған асау теңіздің ұлы – Әбіш әдебиет есігін өлеңмен ашты.
Сөз өнерінің қақпасын өлеңмен қағып, кейін көркем прозада әлемдік мәдениет қазынасына мол үлес қосқан Әбіш Кекілбаев қаламгерлік қуаты мол, кестелі сөз шеберлігі жоғары талантты тұлға, көп қырлы суреткер еді. Сөз өнерінің тізгінін ұстаған әрбір суреткердің ең асыл арманы мен мақсат-мүддесі өз халқын әлемге таныту болса керек. Бұл тұрғыда Әбіш борышы өтелген бақытты жазушы.
Әбіш әлемінің мінсіз сом құйылысы да, табиғи құнарлы құрылысы да, феномендік құбылысы да – оның ақ раушан ниетінде, жүрек тазалығының жұпар шырайында. Ол кісі не жазса да, не айтса да, немен шұғылданса да, ақиқаттан айналып өтпеуді мұрат ететін. Адамгершілік, моральдық-гуманистік құндылықтарды өзі шұғылданған саланың барлығына алтын арқау ете білді. Шындық пен шынайылықты, адалдық пен ақиқатты тұғыр еткен турашыл жолы әрдайым халықтың мүддесінен, мемлекеттің мүддесінен шығатын.
Әбіш Кекілбаев көзінің тірісінде-ақ заңғар жазушы, ойға кенен парасат иесі ретінде мойындалған сирек тұлғаның бірі. Осылай мәңгілік өмірді аңсаған Қорқыт, ажалдың алдын алған Қожа Ахмет Ясауи, жерұйықты іздеген Асан қайғы, халқының кемелдігін аңсаған Абай, елін әлемдік өркениетке жетелеген Мұхтар Әуезов секілді тау тұлғалардың қатарына қаламымен ғаламға ізгілік тілеген Әбіш Кекілбаев та қосылады.
Әбіш Кекілбаев – адам жанының шындығын танудың алуан түрлі тәсілін шеберлікпен игерген жазушы. Ә. Кекілбаев кейіпкерлері қарапайым адамдар болғанымен, олардың өзіне тән өмірі, тағдыры, мінез-құлқы бар. Жазушы олардың жан дүниесінің тереңіне барады. Кейіпкерінің жеке басындағы түрлі сезім иірімін сипаттай отырып, олардың іс-әрекетіне баға береді. Жазушы кейіпкерінің ішкі толғанысын, жан күйзелісін, жүрек тебіренісін қара сөз құдіреті арқылы толғап жеткізеді.
«Әбіш Кекілбаев – заманымыздың бір заңғар тұлғасы. Кекілбаев туралы сөз айту кімге болса да, оңайға түсе қоймас»,-деп Қуаныш Сұлтанов «Кекілбаев кеңістігі» атты мақаласында айтып өткендей, Әбіш жайында сөз қозғау, оның шығармашылығын зерттеу, оған үңілу көп еңбек пен ізденісті талап ететін дүние.
Әбіш Кекілбайұлы 1939 жылы 6 желтоқсан күні Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы (бұрынғы Гурьев облысы), Оңды ауылының Мырзайыр деген жерінде дүниеге келген. Арғы атасы Жанайұлы Қожаназар қазақтар көшін Маңғыстауға бастап келген. Белгілі, білікті, беделді, дәулетті адам болған.
Тектінің ұрпағы тектілік танытпаса, айыбы, аманатқа қиянат жасағаны. Әбіштің әлемі сол текті бабаның көріп-білген дүниесін балаға аңыз бен ертегі, әңгіме ретінде жеткізгенінен пайда болды. Әбіш әлемі — өзіндік бір пәлсапалық, дүниетанымға толы әлем.
Бала Әбіш үш жаста болғанда, әкесі соғысқа аттанып, сол күйі оралмаған. Кекілбайдың дүниеден өткенін отбасы бірнеше жылдан кейін ғана білген. Болашақ жазушы анасы Айсәуле Жұмабайқызының қолында өседі. Айсәуле Жұмабайқызы ел ішінде аты шыққан бидің отбасында туған. 2015 жылы 11 желтоқсанда Астана қаласында өмірден озды.
1928-31 жылдары асыра сілтеу, тәркілеу кезінде Кекілбай ата мекеннен баз кешіп Түркменстанның Красноводск портында жүкші, Бекдаш химия кәсіпорнында біраз жыл жұмысшы болып істеп, елге 1937 жылы Баку мен Макачкала арқылы оралған соң Оңдыдағы колхозда колхозшы, Таушық кенішінде шахтер болды. 1942 жылы соғысқа алынып, майданда 3 рет жараланып, Сталинград маңында қайтыс болады.
Әбіш Кекілбайұлының анасы Айсәуле Жұмабайқызы дәулетті, ел ішінде аты шыққан бидің отбасында дүниеге келіп, тәрбиеленген. 1936 жылы әуелі Оңдыда колхозшы, Таушықта 1942-45 жылдар аралығында стахановшы шахтер, 1945-62 жылдары «Екпінді» колхозында жұмыс істеді.
1957 жылы Таушықтағы мектептің 1 сыныбына барып, 1948-1954 жылдары Оңды орталау мектепте білім алады. Бала кезінен әдебиетке құмартса да, әдебиетші боламын деп армандамаған. Ең алғашқы арманы – геолог болу еді.
«Шетте жатқан Маңғыстауда тудым. Ол кезде Маңғыстаудың шаруашылығы да, экономикасы да артта қалған еді. Жолсыз, көп нәрсені көрмейтін, айда, жылда поштасы бір соғатын жерде туып өстім. Соған байланысты менің ең бірінші арманым – өзім өскен ортада, өзім өскен түбекте жаңару болса екен деп тіледім. Сөйтіп әуелі геолог болуға құмарттым. Өйткені ол кезде геологтар Маңғыстауда көп кезігетін. Мен де соларға еріп, біраз сергелдеңге түстім. Әдебиетті жақсы көрдім, оқыдым, ептеп өлең жазып жүрдім. Бірақ әдебиетші боламын деп армандаған жоқпын», — деген еді марқұм жазушы бір сұхбатында.
1956-57 жылдары Үштағандағы орта мектепте оқиды. 1957 жылы «Лениншіл Жастың» белсенді ауылдық тілшісі ретінде Қазақстан Комсомолы Орталық комитетінің мақтау қағазын алады.
«Кітапты, бұрынғының кітаптарын көп оқитын. Бала болып алысып-жұлысу дегенді, бұрқырап беталды жүру, темекі тарту дегенді білмейтін. Балалардан гөрі үлкен кісілерге үйір еді. Олар да бетінен қақпайтын. Оныншы класты бітіргесін ауылдан да, ауданнан да қызмет ұсынды. Мен оған «былай бол» деп бір ауыз сөз, ақыл айтқан емеспін. Қызметке тұрып, ауылда қалайын деп жатқан жерінде жалғыз немере ағасы «Жас та болсаң, бассың оқы. Қызмет қайда қашады? Алматыға бар» деді. Алматыға да жалғыз кетті. Дәм айдап келген ғой, оқуын бітірген соң, осында қалды», — дейді анасы Айсәуле Жұмабайқызы.
1957 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Университетте әдебиет бірлестігін басқарып, жас талаптар шоғырын жарыққа шығарады. Соңғы курста оқып жүріп, «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет атқарады. Мұнда ол сыншылық қабілетімен көзге түседі.
1962 — 1965 жылдар аралығында «Лениншіл Жас» газетінде бөлім меңгерушісі болып істеді. 1965-1968 жылдары Қаз КСР Мәдениет министрлігінде, 1968-1970 жылдары Кеңес армиясының қатарында, 1970-1975 жылдары «Қазақфильм» студиясында бас редактор, 1975-1984 жылдары Қазақстан КП ОК мәдениет бөлімінде нұсқаушы, сектор меңгерушісі,
1984-1986 жылдары Қаз КСР Мәдениет министрінің орынбасары, 1986-1988 жылдары Қазақстан жазушылар одағы басқармасының 2-ші хатшысы, 1989-1990 жылдары ҚазКСР тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамы Орталық кеңесінің төралқа төрағасы, 1990 жылы Қазақстан КП ОК бөлім меңгерушісі. 1991 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің Мәдениет, тіл және ұлтаралық қатынастарды дамыту жөніндегі комитеттің төрағасы, 1992-1993 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1993-1995 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі.
1994-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, 1996-2002 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болып істеді. 2002 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаты. Әбіш Кекілбайұлы Қазақстан Жоғарғы Кеңесіне екі рет, Мәжілісіне бір рет баламалы негізде депутат болып сайланады.
Әбіш Кекілбайұлының алғашқы өлеңдер жинағы «Алтын шуақ» 1962 жылы, «Бір шөкім бұлт» 1965 жылы жарық көрді. Ауыл өмірінен жазылған повесть, әңгімелер жинағы «Дала балладалары» — Әбіш Кекілбайұлының кең тынысты эпик, суреткерлік болашағын танытады. 1974 жылы «Дәуірмен бетпе-бет» сын мақалалар жинағы, «Бір уыс топырақ», 1979 жылы «Тырау тырау тырналар», Маңғыстау түбегінің өткені, бүгіні, болашағы туралы «Ұйқыдағы арудың оянуы» тарихи танымдық баян, 1982 жылы «Шыңырау» повестер жинағы, 1992-93 жылдары Таңдамалы екі томдық, 1995 жылы «Заманмен сұхбат» 1998 жылы «Азаттықтың ақ таңы», публицистикалық мақалалары, толғамдары, 1999 жылы 12 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты.Әбіш Кекілбайұлының «Үркер» (1981), «Елең-алаң» (1984) романдары қазақ әдебиетінің үлкен табысы ретінде бағаланып, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды. «Аңыздың ақыры», «Елең-алаң», «Үркер», «Шыңырау» – қайталанбас туындылар. Классик қаламгер қара сөздің құдіреті арқылы елдің намысын оятып, рухын көтерді.
Қоғам мен заманның, әлеумет пен саясаттың ширыққан келелі мәселелерін тәуелсіз мемлекеттің рухани идеологиялық нәрі ретінде ұтымды тұжырымдаған публицистикалық шығармалары ойшылдық мазмұны қою, көркемдік лебі қуатты болуымен ерекшеленеді. 2001 жылы шыққан «Талайғы Тараз», 2002 жылы шыққан «Шандоз» тарихи тақырыпты ғылыми дәйекпен, дерекпен түсінікті ұғымды етіп жеткізудің жаңа бағыт-бағдарын белгілеп берді. 2009 жылы «Сыр десте» деп аталатын автордың көп жылдық ой-толғаулары, эссе, естелік, сөйлеген сөздерінің 5 томдық жинағы жарыққа шықты.
Әбіш Кекілбайұлының көптеген шығармалары ТМД халықтары мен шетел тілдеріне аударылған. Ол ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының 1986, Қазақстан Республикасы Президентінің бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының -1995, «Отан» орденімен -1999, Түркі елдері қауымдастығының шешімімен «Түркі дүниесіне сіңірген еңбегі үшін сыйлығын» алады. 2003 жылы «Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен марапатталды. Шандоз» «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-Алаң», «Конец легенды», «Плеяды — созвездие надежды»,«Всполохи» романдары, «Бір шөкім бұлт», «Күй», «Бәйгеторы», «Шыңырау», «Бәсеке», «Ханша дария хикаясы», «Құс қанаты», «Бір шоқ жиде», «Шеткері үй» повестері жарық көрді.
Даладай далиған кең мол пішілген даңғайыр дарын әдебиет пен өнердің барлық саласында жасампаздықпен еңбек етті. Кино мен театр өнерінің қыруар мәселесіне жастық жігермен дем берді. Зәру тақырыптар мен шырғалаң драмаларға сұранысты қамтамасыз етуге күш салып өзі де жазды, әлемдік классикадан тартымды аудармалар жасады. Тәуелсіздік тұсында жырмен толғаған «Абылай хан» драмасы – азаттық жолында арпалысқан хандарымыз бен батырларымызға, билеріміз бен игі-жақсыларымызға зерлі сөзбен тұрғызылған жауһар ескерткіш. Асыл сөздің хас зергері поэзия, проза, көсемсөз, сын, сапарнама, поэзия, проза, күй мен сан алуан көркем өнердің өрісті табиғатын түсіндірген сараптама зерттеулерді жазып артына өнегелі мектеп қалдырды.
К.Гоццидің — «Туранбике ханшайым», А.П.Чеховтың — «Ваня ағай», Вальехо Антонио Буэроның — «Бүгін мейрам, бүгін той», Генрик Ибсеннің- «Үрей», Л.Дарконың — «Сүйіктім менің, Электра!», У.Шекспирдің — «Ромео мен Джульетта», У.Шекспирдің -«Кориолан», У.Шекспирдің — «Король Лир», М.Фриштің «Ғылым қуған Дон-Жуан» шығармаларын қазақ тіліне аударған.
Марапаттары: Қазақстанның Еңбек Ері, Отан ордені, Назарбаев ордені, ҚР тәуелсіздігіне 10 жыл медалі, ҚР Парламентіне 10 жыл медалі, Астана қаласына 10 жыл медалі, Құрмет белгісі ордені, Достастық ордені, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, Елбасының бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының иегері (1995 ж.), Қазақстанның халық жазушысы, Маңғыстау облысының құрметті азаматы.
Әбіш Кекілбаев Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін жазушылықпен қатар мемлекеттік қызметті қатар атқарды. Бір сұқбатында қаламгер саясатқа келгеніңізге өкінбейсіз бе деген сұраққа былай деп жауап берген еді:
«Мен өз басым әдебиеттен ешқайда кеткен жоқпын деп ойлаймын. Өйткені қолымнан әлі қаламым түскен жоқ. Ал саясатқа келетін болсақ, саясат маған ешқашан жат болып көрген жоқ. Менің бүкіл шығармаларымның негізгі тақырыбы біреу-ақ болатын – ол халықтың тағдыры».
Классик өзінің қоғамдық қызмет пен саясатқа қалай келгені туралы: «…Мен әдебиетші болмасам, саясатқа келмес ем. Суреткер болмасам, күрескер де болмас ем. Бұрын суреткер ретінде толғандырған мәселелер – мені азамат ретінде де толғандырып жүрген мәселелер еді. Қиял арқылы шешіп келген мәселелерге нақты өмірде тікелей атсалысуға мүмкіндік туып тұрса, одан қалайша бой тартамын?» деген еді.
Әбіш Кекілбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серігі ретінде тәуелсіз Қазақстанның негізін қалауға зор үлес қосты. Жоғары лауазымдарда қызмет істеп, халықтың ықыласына бөленді.
Заңғар жазушыны Назарбаев «Алаштың әлем алдындағы бетке ұстар ірі тұлғаларының бірі» деп бағалаған.
Әбіш Кекілбаевпен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев та парламентте әріптес ретінде етене араласып, ерекше сыйласқан.
Жазушының жұбайының есімі – Клара Жұмабаева. Екеуі орта мектепте бірге оқыған. Бір күні жазда мектеп оқушыларының аудандық байқауы өтеді. Әбіш Кекілбаев та тамашалау үшін концертке барған. Сахнада ән айтып тұрған ақ көйлек киген қызға жазушының көзі түседі. Сол жылы күзде Әбіш әлгі қызды қайта көреді. Сөйтіп танысады. Оқу орнын бітірген соң екеуі үйленеді.
Клараның мамандығы – дәрігер. Ерлі-зайыпты төрт бала – Әулет пен Дәулет есімді екі ұл, Зәузат пен Сәулет есімді екі қыз тәрбиелеп өсірді. 2013 жылы Маңғыстауда үлкен ұлы Әулет жол апатынан қаза тапты.
Дарабоз суреткер үшін рухани кемелділік – ар тазалығы, сезім шынайылығы, мұрат тұрлаулылығы болды. «Арлы адам – ең күшті адам. Өйткені ол өткінші бақыттың, өткінші қайғының ырқына мойынсұнбайды. Сондықтан да оның тағдыры қиын болуы, ауыр болуы мүмкін, өкінішті болуы мүмкін емес» деген ойға шүбәсіз берік еді.
Әбіш – қазаққа ортақ тұлға. Қазақстанның қай аймағы да Әбішті өз ұлдарындай сүйді, құрметтеді, мақтан тұтты. Суреткердің өзі де қазақ даласын жанындай жақсы көрді, әр өңір оған өзінің туған топырағындай, асыл тұмарындай көрінетін. Сондықтан болса керек, тұтас қазақ тарихын, оның өткен өмірін терең білетін сұңғыла еді.
Әбіш Кекілбаев 2015 жылы 11 желтоқсанда 76 жасында дүниеден өтті. Жазушы ұлттық пантеонға жерленді.
Әбіш рухы қазақтың мәңгі жанында һәм жадында. Абыз аңызға айналды. Қаламға – қанат, ғаламға – ғаламат, кемге – тілек, елге – тірек, ұлтқа жүрек болған болмыс иесі ұрпақты жебеген бабасы Қорқыт, атасы Пір Бекеттей енді өзі де ұлтына ұран болары кәміл. Сол арқылы жұртының жүрегінде, елінің есінде мәңгі жасай береді.
2019 жылы Маңғыстау өңірінде халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлына ескерткіш ашылды. Ақтау қаласында бой көтерген ескерткіштің авторы – мүсінші, суретші Көшер Байғазиев. Қоладан тұрғызылған ескерткіштің биіктігі – 3,5 метр. Салмағы – 3,5 тонна.
Ал Нұр-Сұлтанда Әбіш Кекілбаевтың құрметіне көше ашылды.
Кезінде еліміздің Парламент Сенатында қызметтес болып сыйласқан, бүгінде кемеңгер Кекілбаевқа арналған мерейтойлық игілікті істердің бастауында тұрған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың заңғар жазушының 80 жылдық іс-шарасының шымылдығын ашқан сөзінде қайраткер қаламгердің тұлғасына риясыз баға беріп «Әбіштану енді басталды» деуі – терең философиялық-бағдарламалық мәнге ие.
Шын мәнінде, елінің ықыласына ие болған еңселі қаламгердің әрбір мерейтойы жас ұрпақ үшін тағылым мен өнегеге ие айтулы құбылысқа айналуы тиіс. Олай болатыны Әбішті тану – оның мұрасын терең игеру, ой-парасатына шому, қазақ халқының дана дәстүрі, бауырмалдығы мен отансүйгіш сезімін түлетумен, түгендеумен тең ғибратты шара.
Бүгіндері елордамыздан бастап, облыс-облыстарда айшықты басқосу, алқалы жиындар, ғылыми конференциялар жүйелі ұйымдастырылып жатыр. Марғасқа сөз зергерінің рухын ұлықтай түсу мақсатында түрлі рухани нысандарға, даңғылдар мен көшелерге есімін беру бастамасы шешімін тауып отырғаны – елдігіміздің өнегелі де өрелі белгісі.