Елдос Сметов (60 кг) Олимпиада чемпионы атанды. Қазақ балуаны Париждегі ойындардың финалында Лука Мхеидземен (Франция) күресіп, қарсыласынан басым түсті.
Осылайша, Елдос Сметов олимп шыңын бағындырып, есімін қазақ спорты тарихына алтын әріппен қашап жазды. Тараздық татами шебері осыған дейін 2016 жылы Рио Олимпиадасында финалға шыққанымен қарсыласына есе жіберіп, күміспен күптелген. Ал Токиодағы ойындарда Торнике Чкадуаны жығып, үздік үштікті түйіндеген. Ал бүгін Елдос өміріндегі басты белдесуде бар шеберлігін паш етті.
Сондай-ақ Сметов барлық деңгейдегі дзюдо бәсекесінде алтыннан алқа таққан тұңғыш қазақ балуанына айналды.
Жалпы Сметов үшін Парижде жеребе оңай болған жоқ. Іріктеуде Торнике Чкадуаны (Нидерланд), Дильшот Халматовты (Украина), ширек финалда Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Янг Ю Вейді (Тайпей) жыққан. Ал жартылай финалда әлем чемпионы, Еуропа чемпионатының 3 дүркін жеңімпазы Франсиско Гарригостан (Испания) қосымша уақытта (golden score) айласын асырды.
Парижде ерлер арасында 60 кг дейінгі салмақта қоланы Франсиско Гарригос пен Рюдзу Нагаяма (Жапония) алды.
Елдосқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы хабарласып, тарихи жеңісімен құттықтады.
Олимпиаданың алғашқы күні ел қоржынына қола жүлде түскені де белгілі. Оны пневматикалық винтовкамен 10 метрден нысана көздеуден Ислам Сатпаев пен Александр Ле жұбы жеңіп алды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Париж төрінде 27 шілдеде бір алтын, бір күміс олжалап, үздіктер қатарынан табыла білді.