Түркістанда Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығына арналған «Әділетті Қазақстанды құруда мәслихаттардың рөлі: тарих, бүгін және болашақ» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған қоғам қайраткерлері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мәслихаттың бұрынғы төрағалары, ардагерлер, Түркістан өңірінің депутаттары қатысты. Маңызды жиында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды депутаттарды және көпшілікті Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығымен құттықтады.
– Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының «Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс: үлкен жұмысқа көп жұмыскер керек» деген қанатты сөзі бар. Бұл ретте Түркістан облысындағы облыстық және жергілікті мәслихаттардың қоғамдағы рөлі жоғары. Сіздер өңірдің дамуына үлес қосып, еңбек етіп келесіздер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мәслихаттар мен жергілікті атқарушы органдарға елмен, түрлі қоғамдық ұйымдармен диалог орнатып, халықтың мұң-мұқтажын бірлесе шешуді тапсырды. Бұл – Сіз бен біздің ортақ міндетіміз. Өңірде инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашуға басымдық берілуде. Облыстағы жергілікті мәслихаттарда 300-ден астам депутат еңбек етуде. Олардың арасында ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық және өзге салалардың өкілдері бар, ал басым бөлігін кәсіпкерлер құрайды. Осы ретте, инвестиция тартуға, халықты кәсіпкерлікке баулуға депутаттарымыз да өз үлестерін қосуы керек. Депутатқа білім, мінез, ең бастысы отаншылдық қажет. Өңірдегі 2 миллионнан астам халықтың, 1 миллионнан астам сайлаушының сенімін ақтау – үлкен жауапкершілік. Бәріміз бірге Түркістан өңірінің мүддесін қорғап, облысты дамыту бағытында жұмыс атқара береміз. Баршаңызды мерейтоймен құттықтай отырып, жұмыстарыңызға табыс тілеймін, – деді Дархан Сатыбалды.