Home Жаңалықтар САМАРҚАНДЫ ҒЫЛЫМ ОРДАСЫНА АЙНАЛДЫРҒАН ҰЛЫҚБЕК МҰХАММЕД ТАРАҒАЙДЫҢ ТУҒАНЫНА 630 ЖЫЛ

САМАРҚАНДЫ ҒЫЛЫМ ОРДАСЫНА АЙНАЛДЫРҒАН ҰЛЫҚБЕК МҰХАММЕД ТАРАҒАЙДЫҢ ТУҒАНЫНА 630 ЖЫЛ

Daismedia.kz

Биыл Самарханды ғылым ордасына айналдырған Ұлықбек Мұхаммед Тарағайдың туғанына 630 жыл толды
Әмір Темір мемлекеті ғылым, мәдениет, өнер, әдебиет салаларында ең үздік туынды үлгілерін шығара білді. Бұл кезеңде парсы тілі кеңінен қолданылса да, түрік тілі де әдебиет пен саясат тілі ретінде қолданыла бастады. Жалпы айтқанда, бұл кезеңде түркілік болмыстың алдыңғы қатарға шыға бастағаны байқалады. Әмір Темірдің мемлекетіндегі зиялылар өздерін «түрік» деп атай бастады. Осы үдерістің ең маңыздың өкілдерінің бірі Шахрухтың ұлы Ұлықбек болып табылады.

Орта ғасырлар кезіндегі орта Азия. Өзін Азияның арыстаны, жер тәңрісі санаған Әмір Темір (Ақсақ Темір) дүние жүзін жаулап алмақ болып, аш қасқырдай аласұрды. Азияның Иран мен Үндістан сияқты бай өлкелері Ақсақ Темірдің аяғының астында тапталды. Ол Амудария мен Сырдарияның арасындағы кең аймақты алып жатқан жаңа империя құрды. Ол Мавераннахр (арабша “өзеннің аржағындағы” деген сөз) деп аталады. Бұл империяның астанасы ескі қалалардың бірі – Самарқанд болды. Ол бұдан 2000 жылдан астам бұрын салынған. Тіпті Птоломейдің геграфиялық картасының өзінде самарқанның орны көрсетілген.
Самарқанның гүлденген кезі Әмір Темірдің патшалық ету кезеңіеді. Ол Самарқанүға өзі басып алған елдердің байлығын тасумен болды. Үндістаннан, Азербейжаннан, Ираннан, Армениядан, Грузиядан т.б. елдерден шеберлер шақыртып, өз астанасынкеңейту жолында қолынан келгенін істеп бақты. Ақсақ Темір тұсында салынған Бибі ханым мешіті, Шахин-Зинда және басқа құрылыстар архитектуралық ескерткіштердің тамаша үлгілері болып табылады. Атақты “Бабурнамада” осы қарсаңда Самарқанда дүние жүзіндегі қағаздың, керамикалық бояулардың, барқыттың және т.б. ең әдемісі шығатын еді деп жазылған. Самарқан – көрнекті ғалымдар, дәрігіерлер,құрылысшы-шеберлер, кітап –көшіргіштердің ордасы саналады. Сонымен қатар Самарқан кертартпа, бедел-ықпалы, зор мұсылман дін басыларының да шоғырланған жері болды.

Ұлы тұлғамыз бүгінгі Иранның Сұлтание қаласында 22 наурыз 1394 жылы туылып, 27 қазан 1449 жылы Самарқандта қайтыс болған. Әкесі Әмір Темірдің үшінші ұлы Шахрух болып табылады. Ал шешесі Шахрухтың сүйікті әйелі Ғияседдин Тарханның қызы Гаухаршат бегім еді. Ұлы тұлғамыздың шын аты – Мұхаммед Тарағай. Әмір Темірдің әкесінің құрметіне осылай аталған. Алайда ұлы тұлғамыз көбірек «Ұлықбек» атымен танымал. Бұл лақап ат Темір қолданған және «Бас әмір» деген мағынаны білдіретін «Амир-е Кәбир» атағының түрікшесі болып табылады. Демек, Ұлықбектің кезіне келгенде, Темір мемлекетіндегі түріктер өздерінің болмысы мен тіліне көңіл бөле бастаған. Мысалға Темір мемлекетінің соңғы кезеңінде өмір сүрген Әлішер Науаи «Мухакеметүл Лүгатәйн» яғни «Екі тілдің салыстырмасы» атты кітабында түрік тілінің парсы тілінен кем емес екендігін, тіпті кей жағдайда түрік тілінің үстем екендігін дәлелдейді.

Ұлықбектің балалық шағы атасының жорықтарына байланысты Түркі-Ислам әлемінің әр жерінде өтеді. Атақты ақын және ғалым Ариф Азари оған ұстаздық етті. Ұлы тұлғамыздың ғылым мен астрономияға қызығушылығы бір жағынан оның бала кезінде жер-жерді кезіп қыдыруына байланысты болса, енді екінші жағынан ұстазы Ариф Азари де оған ықпал етті. Оның үстіне Ұлықбектің әкесі Шахрух та ғылымға жақын адам болған еді.

Ұлы тұлғамыз жастайынан атасының қасында жорықтарға қатысып жүрді. 1404 жылы Темірдің Қытайға ұйымдастырған жорығында да Ұлықбек қолбасшы ретінде қатысуы керек еді. Алайда Әмірдің 1405 жылы қайтыс болуы бұл жорықтың жүзеге асуына мүмкіншілік бермеді. Десе де Темір өлмей тұрып, немересі Ұлықбекке Сайрам, Әулие-Ата және Жетісудың біраз бөлігін қалдырған болатын.

Әмір Темір қайтыс болар кезінде, өзінің мұрагері ретінде үлкен ұлы Жихангерден тарайтын немересі Пірмұхаммедті белгілеген болатын. Алайда Әмір Темір қайтыс бола салысымен, тақ таласы басталды. Ақырында 1406 жылы Мәуренахрды Халил Сұлтан өзіне бағындырды. Ұлықбек әкесін паналауға мәжбүр болды. 1409 жылы болған шайқаста Шахрух Халил Сұлтанды жеңіп, Темір мемлекетінің жалғыз билеушісіне айналды. Шахрухтың өзінің астанасы ретінде Самарқантты емес, Гератты таңдауынан кейін ұлы тұлғамыз орталығы Самарқант болған Мәуренахр өңірінің әміріне айналды. 1411 жылы он жеті жасар Ұлықбек аймақтың ең ықпалды тұлғасына айналды.

Ұлықбек ішкі саясатта Самарқантты ғылым мен білімнің орталығына айналдыруға тырысты. 1417-1420 жылдар аралығында ұлы тұлғамыз Самарқанттың Регистан алаңында үлкен медресе салдырды. Бүкіл Ислам әлемінен математиктер, астрономдар, химиктер, ақындар мен философтар осында бас қосты. Ұлықбектің өзі де ғалымдармен түрлі тақырыптарда пікір таластырғанды ұнататын еді. Ал 1428 жылы ол Гүрхани Зиж деп аталатын обсерватория салды. Осы обсерваторияның арқасында ол 1437 жылы «Зиж-и Сұлтани» деп аталатын 994 жұлдыздың орнын анықтаған еңбек жазып шықты. Ұлықбектің шәкірттері де оның ісін жалғастырып, ғылымның дамуына үлес қосты. Солардың бірі және бірегейі Ұлықбек қайтыс болғаннан кейін Ыстанбұлға келген Али Кушчы болатын.

Сыртқы саясатта Ұлықбектің екі басымдығы болды. Бұның бірі – Шағатай хандығының шығыс қанаты болып саналатын Моғолыстанның күшеюіне жол бермеу, ал екіншісі – солтүстікте барған сайын ықпалы артып бара жатқан өзбектерге тосқауыл беру. Ұлықбек Моғолыстанға қарсы Шағатай тұқымдарын қолданады. Ұлықбектің өзінен бұрынғы атасы Әмір Темір мен әкесі Шахрух секілді Шағатай хандарының атынан билік жүргізгені белгілі. Ұлықбек өзінің қарамағындағы Шағатай ұрпағы Сатық ханға қалың қол беріп, Моғолыстан ханы Уәйіске қарсы жібереді. Ол заманның халықаралық құқығына сай, Сатық хан Шағатай ханның ұрпағы болғандықтан, Моғолыстанды билеуге құқығы бар еді. Ыстық көл маңында болған шайқаста Ұлықбектің адамы жеңіске жетіп, Моғолыстан тағы Сатық ханға өтеді. Осылайша 1429-1434 жылдар аралығында Моғолыстан Ұлықбектің ықпалында болады. Алайда, Сатық хан қайтыс болғаннан кейін моғолыстандықтар Уәйіс ханынң ұлдарын таққа шығаруға талпынады. Алайда халықтың бір бөлігі Уәйіс ханның үлкен ұлы Юнусты қолдаса, көпшілік бөлігі кіші ұлы Есен Бұғаны қолдады. Тақ таласында жеңіліп қалған Юнус Ұлықбекті паналайды. Ұлықбек бұл кезде Юнусты қолдаудың орнына оны тұтқындап, әкесіне жіберген еді. Шахрухтың қарамағында тәрбиеленген Юнус кейіннен Моғолыстанның тағына шықты. Ал солтүстіктен келген өзбектермен Ұлықбек бір жеңіп, бір жеңіліп, көп соғыс жүргізді. Ақырында қызы Рабия Сұлтан Бегімді Әбілхайырға беріп, бітімге келді. Осыдан кейін солтүстік шекара біраз уақыт тұрақталған болды.

1447 жылы әкесі Шахрух қайтыс болғаннан кейін Темір мемлекетінің тағына талас басталды. Бұл тақталасында Ұлықбек те бар еді. Ұлы тұлғамыз інісі Байсұңқардың ұлы Алауддинге қарсы бірнеше жорық жасады. Ақырында екі жақ бітімге келіп ескі шекараны қайта бекітті. Алайда осы кезде ұлы Әбдулатиф әкесіне қарсы бүлік бастап, тақты тартып алды. Жеңіліске ұшыраған Ұлықбек ұлынан қажылыққа бару үшін рұқсат сұрады. Ұлы тұлғамыз қажылыққа бара жатқанда өлтірілді.

Ұлықбек өлгеннен кейін мұсылман фанатиктері обсерваторияны талқандап, кітап-құралдарды шашып, талан-таражға салады. Ұлықбек мектебінің белсенді өкілі әл- Құсшы Меккеге тауап қылуды сылтау етіп, ең басты ғылыми еңбектерді шет елге алып кетпегенде, Ұлықбектің астрономиялық мектебінің тамаша жетістіктері жайлы тарих еш нәрсе білмей қалған болар еді. Алғаш әл-Құсшы, кейіннен Қазы-Заденің немересі Марием Челеби ол еңбектерді іріктеп, түсініктемелер жазып, Стамбулда жарыққа шығарады. Осы аркылы Ұлықбек обсерваториясының негізгі жетістіктері Европада кейіннен ғылымның дамуына белгілі дәрежеде ықпалын тигізеді.

Қазір бірсыпыра тарихшылар арасында әл-Құсшы Ұлықбек кітапханасының көп кітаптарын Самарқан маңайындағы бір төбенің үңгіріне тығып кетіпті деген жорамал аңыз да тарап жүр. Қазір сол төбе табылып, археологтар, ғылымның жанашырлары осы төбені қазып, зерттеу жөнінде экспедиция дайындап жатыр. Бұл экспедицияның жүмысы сәтті аяқталған күнде, ғылым тарихы үшін құнды мағлұматтар алынатыны сөзсіз.

You may also like

Leave a Comment