Биыл 19 желтоқсан қазақ тіл білімінің ғылыми-теориялық негізін қалаушы, қоғам және мәдениет қайраткері, профессор Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың 125 жыл толды.
Құдайберген Жұбанов өткен ғасырдың соңғы айында 1899 жылғы 19 — желтоксанда дүниеге келді. Әкесі Жұбан баласы Қуан дәулетті , шаруа қуған еңбек адамы болатын . Жұбан әулетiнiн ата қонысы Темір қазіргі Ақтөбе облысындағы Темiрорқаш болысына карасты 9 -шы ауылдағы Қосуақтам деген жер еді.
Алғашқыда Оспан ишанның мешітінен дәріс алып, араб тілін үйренеді. 1918 жылы Електегі екі кластық орыс-қазақ училищесін бітірген. әуелі хатшысы, кейін төрағасы болады. 1920 жылы Орынбор қаласындағы Құсаиния медресесін бітіреді. Араб, парсы, орыс, латын, түрік, жапон, француз, ағылшын, неміс тілдерін меңгереді. 1920 жылы “Ай” атты журнал ұйымдастырып, оның бетінде М.Горькийдің “Сұңқар туралы жыр”, “Дауылпаз туралы жыр”, “Хан мен ұлы”, т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударып жариялаған. Ақындық, жазушылық өнерімен де танылып, өлең, пьеса, т.б. жазған. Мысалы, “Мақпал – Сегіз” дастанының желісі бойынша Жұбанов Тілепбергеновпен бірігіп жазған пьесасы Ақтөбедегі кеңес-партия мектебінің, педагог техникум оқушыларының қатысуымен сахнаға шығарылып, қала жұртшылығына көрсетіледі. “Ай” деген өлеңі жоғарыда аталған журналдың беташары ретінде жарияланды. Көпшілік көкейіне тез қонатын сықақ, фельетондары сахнада, сауық кештерінде айтылып жүрсе, кейбіреулері “Еңбекші Қазақта” жарияланған. 1925 жылы Жұбановтың режиссерлігімен Ақтөбе қаласында М.Әуезовтің “Еңлік – Кебек” пьесасы қойылады.
1920–1922 жылдары ауылда мұғалім болып істейді. 1922 – 1924 жылдары Темір уездік оқу-ағарту бөлімінде басшы. 1924 – 29 жылдары Ақтөбе губерниясы оқу-ағарту бөлімінде басшы қызметтер атқарды, сонымен бір мезгілде сабақ берді. Қызметтен қолы бос уақытта өз бетімен білімін толықтырған.
Түркі тілдес республикалардың жаңа әліпбиге көшуіне арналып, 1925 жылы Мәскеуде өткізілген кеңеске қатысып, онда сөз сөйледі. Жаңа әліпбиді енгізу мәселелерімен айналысқан Әзірбайжан ғалымы Ағамалы оғлымен жиі хат жазысып тұрды. 1927 жылдан бастап Жұбанов Санкт-Петербургтегі орыс ғалымдарымен байланыс жасады. Түркі тілдерін зерттеуші академик А.Н. Самойлович, шығыстанушы В.В. Бартольд, тілші ғалым А.В. Щерба, т.б. еңбектерін алдырып оқыды. 1928 жылы Санкт-Петербургтегі Шығыс тілдері институтының (Шығыстану институты) толық курсын бітірді. 1929 жылы осы институттың академигі Самойлович басқаратын “түркітану семинарийіне” оқуға түсті. 1930 жылы КСРО Ғылым Академиясының Тіл білімі институтының аспиранты болды. Н.Я. Марр, И.И. , А.В. Богородицкий, т.б. белгілі тілші ғалымдардан дәріс алды. 1932 – 37 жылдары ҚазПИ-де (қазіргі Алматы мемлекеттік университеті) профессор, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болды.
Қазақ тіл білімінің дүниеге келуі мен оның қалыптасуы туралы айтқанда, бар өмірін, күш-жігерін отандық ғылымға сарп еткен жандардың есімін зор ізет, құрметпен еске аламыз. Осындай есімдердің бірі – 1920-1930 жылдарда қазақ филологиясы саласында табысты еңбек еткен профессор Құдайберген Қуанұлы Жұбанов болатын. Қазақ лингвистикасының негізін салған деп ауыз толтырып айтарлық ірі ғалымдарымыздың қатарындағы терең білімдарлық пен зор дарын иесі, ірі оқымысты әрі қоғам қайраткері осы бір жанды шын мәнінде елдің бәрі біле бермейді.
«Қазақ КСР тарихында» («Социализм дәуірі» деген кітапта) республикамыздағы 30-жылдардағы ғылым мен ағарту жұмыстарының жайы жөнінде кең мағлұмат берілген. Кітаптың осы бөлімінен мынандай бір жолдарды оқимыз: «Екінші бесжылдықтың тұсында Қазақтың Абай атындағы педагогтік институты ірі оқу орнына, маңызды мәдени ошаққа айналды… Қазақ әдебиеті мен тіл білімінің, Қазақ КСР тарихының көкейкесті мәселелері осында зерттелетін-ді. Институттың профессоры Қ. Қ. Жұбанов қазақ тілінің ерекшелігіне лайықталған жаңа қазақ жазуы мен емлесін түзіп, қалыптастыруда елеулі еңбек етті. Қазақ тілінің алғашқы оқулықтарын жазу, оның грамматикасы мен тарихын зерттеу Қ. Қ. Жұбанов қаламының үлесіне тиген-ді».
Ол кезде мұсылман дінінің, оқуының қазақ арасындағы ықпалы зор болатын. Құдайберген Жұбанов мұны кейінірек былай деп түсіндірген: «Патшалық қазақты бұғауда ұстаудың бір амалы дін деп ұқты. Сондықтан да, ол халықты ислам дініне жанашырлық еткен боп алдарқатуды көздеді. Император екінші Екатерина 1781, 1784 жылдары қазақ сахарасында мешіттер мен медреселер салу туралы, қазақ балаларын мұсылманша оқыту туралы жарлық шығарды. 1797 жылы Петербургте баспахана ашып, онда құранды басып шығарып, оны қазақ арасына тегін таратып отырды».
Әкесі берген ақыл-кеңес, ол ашқан мектеп қана Құдайбергенге ықпал етті деуден аулақпыз. Себебі ол кезде халық ағарту ісін прогреске жетелейтін жол деп ұққан жастар қазақ арасында бір шоғыр болып көріне бастады. Құдайбергеннің жас күніндегі жақын досы Жиенғали Тілепбергенов тек қазақ зиялылары арасында осындай бағыт ұстанған болатын. Ж.Тілепбергенов Құдайбергеннен ересектеу еді, ол кезде ол Ғалия медресесінде оқитын. Ол жастарға жоғары білім берген жақсы бір оқу орны саналатын. Сол кездегі Ақтөбе атырабындағы мәдени қауымға Ғалия медресесі зор ықпал етті.
Ж.Тілепбергенов өзінің «Таңбалылар» дейтін повесінде төменгі қауым арасынан шыққан Қалман деген бас кейіпкері арқылы феодалдық дәуірдің тап арасына тигізетін қайшылықтарын сынап, кедей қауымды жақтаушы дара күрескердің бейнесін жасады. Бұдан кейінгі «Сүйіскендер» деп аталатын пьесасының бас кейіпкерінің прототипі етіп Құдайберген Жұбановты алған-ды.
Бұл – Қ.Жұбанов өмірінің жарқын бір бейнесі іспетті шығарма болатын. Мұнда Құдайбергеннің қызыл штабта жұмыс істеп, жас кеңес үкіметін нығайту жолында Темір-Орқаш болысында белсене іс атқарып жүрген кезі суреттеледі. Кейін Орқаш ауылдық кеңесі аталған бұл қоныстың Құдайбергеннің құрметіне Жұбанов ауылы болып қайта аталғаны мәлім. Ж. Тілепбергеновтің пьесасы жергілікті сауыққойлардың күшімен 20-жылдардың басында Темір қаласында сахнаға шығарылды. Осы Ж. Тілепбергеновтің прогрестік көзқарасының Құдайбергенге белгілі дәрежеде ықпал еткені сөзсіз. Қ. Жұбанов 1914 жылы Орынбордағы Хұсайния медресесіне оқуға барып түсуіне, бәлки, осы кісінің берген ақыл-кеңесі де себепші болған шығар. Осында жүріп ол жалпы білім беретін пәндерді тереңірек үйреніп, орыс тілін жетік меңгере бастады және Шамғали Харесұлы Сарыбаев, Н. Манаев, Е. Жәрменов сынды абзал жолдастар тапты. Шамғали Сарыбаев кейін қазақ тілін оқыту әдістемесінің теориялық курсын жазған әдістеме ғалым атағына ие болды. Н. Манаев, Е. Жәрменов болса, халық ағарту саласында жемісті еңбек еткен белгілі қайраткерлер дәрежесіне көтерілді.
1917 жылы Жұрындағы екі класты орыс мектебін бітіргеннен кейін Құдайберген Орқаштағы бір кластық орыс мектебінің мұғалімі Құсайын Әшіғалиевтің кеңесімен Күйік Қалаға (қ. Илек) барып, ондағы екі кластық училищеге түсіп, білімін әрмен қарай жалғастырады. 1918 жылы Құдайберген осы училищенің 5-6 кластарын бір жыл ішінде үздік бітіріп шығады. Оспан ишанның мешітінен құран үйренуден бастап, Күйік қаладағы орыс училищесінен орта білім тәмамдаған Құдайбергеннің білім алу жолындағы қадамының алғашқы кезеңі осымен аяқталды десек те болады.
Құдайберген Жұбановтың осы бастапқы білімі оның кейін тіл маманы болуына, тамаша лингвист аталуына ықпал етті деуімізге негіз бар. Ол сол бір жылдарда түркі тілдерімен түбегейлі айналыса жүріп, сонымен қатар өзге араб, парсы, орыс тілдерін де кәдіксіз игерді. Бұл тілдерде еркін сөйлеп, еркін жаза алатын еді ол кісі. Бала жасында Құдайберген көркем әдебиетке қатты елікті. Жоғарыда айтқанымыздай әкесі Қуан ескіше де, орысша да сауатты адам болған. Ол кісі сол кездегі газет-журналдарды, қазақша, татарша шыққан кітаптардың бәрін дерлік алдырып отыратын. Құдайберген әдеби шығармаларды, кітаптарды көп оқитын. Мұсылманша оқып, шығыс тілдерін жақсы игеруі оның Фердоусидің «Шахнамасы», Сағдидің «Гүлстаны», Низамидің «Ләйлә-Мәжнүні» сияқты шығыстың классикалық шығармаларын түпнұсқасынан оқуына көмектесті. Әсіресе Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының профессоры болып істеген кезде, сондай-ақ шығыс халықтарының мәдениеті туралы өтіп жататын түрлі мәдени істерге белсене араласып, солардың басы-қасында жүруге тура келген кездерде араб, парсы тілдерін, сондай-ақ өзге де тілдерге жетіктігі ол кісіге мол көмек етті.
Өз қаламының құдіретін ерте байқатқан алғашқы өлеңдері мен фельетон, мақалалары Қазан төңкерісінен бұрынғы басылымдарда Құдайберген «шекті», «Қараша бала» деген лақап атпен жариялаған болатын. Сонымен қатар Құдайберген Жұбанов жас қазақ зиялылары машық еткен бірнеше қолжазба журналдың шығуына ұйытқы болған көрінеді. Мәселен, Күйік Қалада жүріп ол «Тез», ал Темірде «Ай» деген қолжазба журналдар шығарған. Бұл журналдарда ол орыс әдебиетінің өкілдері М. Горькийдің, В. Г. Короленконың шығармаларын да жариялаған. Төңкерістен бұрынғы үлгілі романтизм шығармаларын халыққа жеткізуде, оны түсіндіріп беруде Құдайберген мен редакция алқасының мүшелері көп жұмыс атқарған. «Ай» деген эпиграфтың өзінен-ақ журналдың ол кездегі ағартушылық-демократиялық идеямен астасып жатқаны, нені мақсат тұтқаны айқын аңғарылатын. Әсіресе Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармалары журнал идеясына дөп келетін. Құдайберген Жұбанов журналдың беташары етіп жазған шағын ғана «Ай» деген өлеңнен бұл журналдың көздегені – халықтың көзін ашып, көңілін ояту сияқты асыл іс екені елес береді. Толған айдай боп отанының бір түпкіріне өз жарығын түсіру – журналдың символикалық бейнесі есепті.
Оқумен қабат Құдайберген Жұбанов өз бетімен ғылыммен шұғылданады: жалпы тіл білімі, түркология салаларымен айналысады. Латын әліпбиіне көшу жөніндегі барлық жұмыстарға белсене араласады. 1929 жылы ғылыми емле мәселесіне арналған мәслихатта ұзақ сөз сөйлеп, қазақ емлесінің негізгі принциптері қандай болмақ деген жайдан әңгіме қозғайды.
Түсініксіз, қисынсыз ойлар туып кетпесі үшін осы жерде мына мәселенің басын аша кеткен жөн. Осы Қызылорда мәслихатына қатысқандар түркі тілдердің емле ережелері «морфологиялық» және «фонетикалық» принципке негізделу керек дегенді ұсынды. Бұл келісімдердің морфологиялық, фонетикалық деп атап отырғаны – бұл принциптер жөніндегі біздің қазіргі түсінігімізден мүлдем басқашалау еді. Морфологиялық принципті жақтаушылардың бірі Чобан-заде (Баку) бұл термин тек этимологиялық мән берді. Бірімен-бірі жарыса қолданылатын бір аффикстің әр түрлі фонетикалық нұсқаларының ішінен этимологиялық ең бастапқы нұсқа деген бір аффиксті ғана таңдап алып, соны ғана ережесімен заңдастырып, қалғандарын тек ауызша тілдің игілігі деп қана тану керек дегенді айтты.
Құдайберген Жұбанов бұл ұсынысқа қарсы шығып, өз жобасын ұсынды, өзі ұсынған принципті ол фонетикалық принцип деп атады. Бұл терминге Құдайберген жүктеген мағына біздің қазіргі емлеміздің принципімен, соның мазмұнымен толық сәйкес келеді десек болады.
Өз принципін фонетикалық деп атағанымен, бұл кісі ұстанған бағыт сөз ішіндегі дыбыстарды қалай естіп, қалай айтсақ, солай жазайық дегендік емес еді. Оның фонетикалық деп отырғаны сөзге жалғанатын қосымшалардың сингармонизм заңына бағынып құбылуын жазуда да сол күйінде сақтау болатын. Бұл жөніндегі пікірін ол кісі былай деп тұжырымдаған-ды: «Бір сөздің жазылу нұсқасында әрізділік болмасы үшін, морфологиялық принципке үнемі бас шұлғи берудің қажеті бола қоймас, сәл бір құбылуларын былай қойғанда, біздің тілімізде түбір аса үлкен құбылысқа түсе бермейді. Түбірден гөрі өзгеріске көбірек ұшырайтын қосымшалар. Сондықтан Чобан-заде айтқан сөздің түбірін сақтап жазу принципінен көз жазып қалмайық деген күдігінен келетін бәлендей қауіп жоқ. Өйткені түбір әлбетте этимологиялық дүниелік те, қосымша фонетикалық құбылмалы дүниелік».
1930 жылы Алматыда өткен Қазақстанның бірінші Өлкетану съезінде «Мағынасыз сөздердің мағынасы» деген тақырыпта баяндама жасады. Мұның өзі оның түркі текті тілдерді зерттеудегі ізденістерінің жан-жақты екенін аңғартқан еңбек болды. Мал шаруашылығына байланысты қолданылатын қазақ сөздерін өзге тілдердің дерегімен салыстыра отырып, бұл салада қолданылып жүрген сөздердің көпшілігінің құрамы күрделі екендігін, оларды құрайтын элементтердің әу баста дербес ұғымды білдірген сөздер болғандығын айқындап берді. Әсіресе автордың асыл тұқымды еркек малдың атын білдіретін сөздердің төркініне қатысты айтқан пікірлері аса көңіл аударарлық.
Мәселен, қошқар (М.Қашқариде ) және айғыр (Орхон азбасында, көнеұйғыр жазбасында, хакас тілінде adsьr//asqьr, кот тілінде asqar, сақа тілінде atь:r, шуваш тілінде айaр. Әуелде бұлар екі сөзден тұрған: қошқар қо+қар, айғыр ай+ғыр.
Мұндағы қош қой малына байланысты одағай сөз ретінде қазір де айтылады. Ол қошақан деген сөздің құрамында да бар. Қойдың қозысын білдіретін қозы дегендегі қоз да осы сөз. Бұл жердегі а редукцияға ұшырап ы дыбысына айналған да, қатаң ш ұяң з дауыссызымен алмасқан. Бұл ыңғайда қош, қозы дегендерді түрікпен тіліндегі қой мағынасындағы қош сөзімен салыстыруға болады – дейді Қ. Жұбанов.
Ал айғыр сөзінің бірінші бөлігі ай дегенге келетін болсақ, мұны Жұбанов ат сөзінің бір нұсқасы деп біледі. Қазақтағы ат қыпшақ фонетикасының заңымен жасалған сөз, өзге түркі тілдерде ай бұдан басқашарақ фонетикалық үлгіде орныққан. Мәселен, орхон, көне ұйғыр, тува тілінде оның ад, аз деген де нұсқалары бар, хақас тілінде ат және тағысын-тағыша.
Осы екі сөздің екеуінің соңғы бөлігіндегі қар (қошқар), ғыр (айғыр) дегендерді ғалым бір элементтің әр түрлі фонетикалық нұсқалары деп есептейді. Шуваш тілінде жуан айтылатын ар сөзі (еркек) – қазақ тіліндегі ер сөзімен бір сөз. Сонымен, – дейді зерттеуші, – қазақша қошқар деген мен айғыр дегендегі соңғы элементті малдың еркегін білдіретін сөз деп білсек, қошқарыңыз «еркек қой» болады да айғырыңыз «еркек жылқы (ат)» болады.
Әрмен қарай өк (сиыр малын айдағанда айтылатын сөз), моһ (жылқыны суарғанда, шақырғанда айтылатын сөз), көс-көс немесе кәуіс-кәуіс (түйені шақырғанда айтылады) секілді одағайларға этимологиялық талдау жасап, тарихи тұрғыдан алғанда мұндағы өк дегеннің өгіз-өкір дегендермен, маһ дегеннің екінші әуендегі қытай сөзі маа (жылқы) дегенмен, ал көс-көс дегеннің түрікпен тіліндегі көшек (бота, тайлақ) сөзімен өзектес сөздер екенін айтады. Сөйтіп, бұл сияқты одағайлардың әуелде сол малдың өзінің атын білдіретін зат есімдер болғанын айтады.
Бір әттеңі – бұл баяндама баспа жүзінде жария етілмеген күйінде қалды. Осы баяндамасының тағдыры жөнінде автор былай деп жазған еді: «Съездің қаулысы бойынша жариялауға тиісті болған бұл баяндама мен бастыруға берген жерде Қазақстанды зерттеу Қоғамының қағаздарының арасында жоғалып кетті. Бұл баяндаманы съездің алдында КСРО Ғылым академиясының Яфет институтында оқыған болатынмын. Н. Я. Маррдың оған жазбаша түрде берген пікірі менің Ғылым академиясының кадр комитетіндегі жеке ісімнің арасында тігулі тұр».
Тағы бір әттеңі: бұл мақала кезінде бір рет жоғалып кеткен соң, кейін қайта жазылыпты. Алайда заман ағымына орай қайтадан жоғалады да оны автор қайта жазып шығуға мәжбүр болады. Қ. Жұбановтың көзі тірі кезінде ғалымның әр дәуірде әр тақырыпқа жазған еңбектері «Қазақ тілі бойынша зерттеулер» деген атпен жеке серия болып жариялана бастаған болатын. Автордың ойы бойынша онда ол кісінің он еңбегі қамтылмақшы екен. Солардың ол кезде екеуі ғана жарыққа шығып үлгеріп, қалғандары жариялауға жетпей ізім-қайым жоқ болған. Республика баспа орындарының архивінен Қ. Жұбановтың осы еңбектерін із салып іздестіргенімізбен еш жерден таба алмадық. Сонымен, ғалымның құнды-құнды еңбектерінен қазір көз жазып қалып отырған жайымыз бар. Автордың өзі қайта жазып шыққан «Мал шаруашылығы одағайлары» дейтін баяндама да сол еңбектердің ішінде болатын.
Кейбір мағлұматтар бойынша жоғарыдағы сериядан тыс 1937 жылы Қ. Жұбановтың: «Ғылыми грамматика материалдары» (І том, Фонетика), «Тағы да де етістігі хақында» деген еңбектері жарық көруге тиіс еді. Әзір бұл еңбектердің қандай күйге душар болғаны анықтала қойған жоқ.
Қ. Жұбанов тек түрік және басқа тілдердің білгірі ғана емес, сонымен бірге ерекше публицист болатын. Оның «Күй» деген еңбегі мәселенің қойылысы тұрғысынан да, нақтылы деректерінің молдығы тұрғысынан да өте бір тың дүниелік болатын. Мұнда автор күй, домбыра, қобыз, жыр, толғау, бақсы, сыбызғы, ән, би тағы басқа музыкалық терминдерге тарихи-лингвистикалық талдау жасайды.
Татар жұрты үшін ән де күй, күй де күй, ал қазақтар болса, тек домбыра мен қобызда тартылатын аспаптық музыка жанрын ғана күй деп біледі. Бұл сөздің өзге түркі тілдердегі фонетикалық нұсқасы да түрлі-түрлі. Мысалы, шағатай , ұйғыр тілдерінде, сондай-ақ анадолы түріктерінде ол көк деген нұсқада қолданылады. Мұның дәлелі үшін автор М. Қашқари сөздігінен Ол көк ләнәр деген мысал келтіріп, оны қазақша «Ол ән салып тұр» деп аударады. Қазақ сөзі ән дегеннің түріктердегі көк сөзімен мәндес келуі, қазақ музыкасында күй мен әннің бір-бірінен жігінің бірі аспаптық, бірі вокалдық жанрды білдіретін болып жіктеліске түсуі – кейінгі бір дәуірлердің жемісі екенін аңғартады дейді зерттеуші. Күйдің дербес музыка жанры болып қалыптасуы жөніндегі алғашқы деректі автор XVI ғасырда жазылған еңбектерден алған. Иран музыкашысы Әбдул-Қадыр Мұрағидың «Зүбдатил Әдвәр» деген кітабында сол XVI ғасырдың өзінде түрік-моңғол мелодиясы үш салаға бөлінетіндігін айтқан көрінеді. Олар: аспаптық түр – көк һа және вокалдық түр – ыр және дола. Осыларды келтіре отырып, Қ. Жұбанов олардың қазақша баламаларын көрсетеді.
Көк һа – бұл күй сөзінің көпше тұлғадағы түрі, ыр қазақтағы жыр сөзімен сәйкес келеді (қырғыздар күні қазір де бұл сөзді ыр деп қолданады), дола – толғау (әндетіп айтатын өлең үлгісі). Қазақ тіліндегі жырламақ, толғамақ деген секілді жыр, толғау деген сөзден жасалған етістік тұлғасына кей түркі тілдерде, мәселен, түрік тілінде, даламақ етістігі тура келеді.
Қазақ сөзі әнге келетін болсақ – дейді автор – ол түркі түбірлі сөз емес, ол – кейініректе иран тілінен енген кірме сөз. Оның алғашқы нұсқасы оһәник. Біздегі ән сөзінің басындағы ә қазақ тілінде кейіннен араб-иран кірмелері арқылы пайда болған, бұл – араб-иран сөзінің ассимиляциялық құбылуға ұшыраған түрі. Халықтық музыка жанрындағы терминдерді жүйелеу, талдау арқылы түркі тілдердің тарихи-лингвистикалық даму заңдылықтарына сүйене отырып, сондай-ақ Әбдул-Қадыр Мұрағи, Рауар Екта, Әл-Фараби, Кизеветтер, Беляев, Успенский, профессор Фитрат, профессор Оганезашвили сынды музыка зерттеушілерінің еңбектерінен дәлелдер келтіре отырып, Қ. Жұбанов бұл ыңғайда тек қана фонологтарға қажетті нәрселердің сыр-сипатын түсіндіріп қоймай, бүкіл музыка зерттеушілерге, өнер зерттеушілерге қажетті жаңалықтардың бетін ашып берді.
Қазақ әдебиетінің классигі Абайдың қайтыс болғанына отыз жыл өтуіне байланысты ұлы ақынның тілі туралы жазған мақаласы танымдық жағынан маңызы аса зор тартымды да өзекті еңбек болды. Мұның өзі қазақтың әдебиеттану іліміне қосылған үлкен үлес-олжа болғаны кәміл. Мақала Абай өлеңдерінің өзгеден озық тұрған ерекшелігін тап баса көрсетіп берді. Абайдың халық тілін шеберлікпен пайдалана біліп, жаңалыққа оза шапқан оқшау тұрған даралығын ғалым айқын дәйектермен дәлелдеп шықты. Оқымысты мұнда Абай Құнанбаев қазақ мәдениеті тарихында алатын орнын дұрыс, дәл көрсете отырып, өзінің бүкіл әлем мәдениеті қазынасын, соның ішінде классикалық Шығысты керемет білетін білгір адам ретінде Абайдың өзгеден мойнының озықтығын көрсету мақсатында өткендегі мәдениет тарихына шолу жасағандай болады. Бұл жөнінде ол былай деп жазады: «Мұсылман күншығысының мәдени қалыбын бұзып, көнерген халық даналығының тар аумағынан шығып, әдебиет маңдайын жаңа арнаға қарай бұрған, жер жүзі әдебиетінің кеуде жеріне жетелеген ақын-жазушы ол кезде Орта Азия былай тұрсын, Ресей күншығысы ғана емес, мемлекетті ел – Түркияда да кем болатын… Абайды көрші елдердегі замандастары, бәсекелестерімен салыстырсақ, оған Мырза-Фаталиден басқа ешкім де шендесе алмайды. Ұлт тіліне, әдебиетіне сіңірген еңбегін бағамдасақ, ақындықтың шеңберінде толысқан сәтінде Абай бәрінен де озып шығады. Өйткені ол кезде таза халық тілімен жазып тұрып, ол жазғанын классик әдебиет үлгісімен шығарған ол елдерде адам болған жоқ. Абайдың бірқатар сыншылар ескермей жүрген бір оқшаулығы – осы.
Құдайберген Жұбанов – шын мәніндегі ірі зерттемпаз түрколог. Петербордың Шығыс институтында, одан кейін Яфетидология институтында (қазіргі КСРО Ғылым академиясы Тіл білімі институты) оқып жүрген кезінде-ақ байқағыштығы нәзік, шығысты жақсы білетін қарымды зерттеуші лингвист ретінде танылған-ды. Осы бір қазақ ғалымының дарыны мен қабілеті әсіресе Қазақтың Абай атындағы педагогтік институтында бірнеше жыл қатарынан сабақ беріп, қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі болып істеп жүрген тұста мейлінше айқын да жарқын көрінген болатын. Жалпы тіл білімі, қазіргі қазақ тілі және түркология саласынан ол оқыған лекциялар тек студенттер ғана емес, қазақ зиялыларының қалың қауымының назарын өзіне кеңінен аударған еді. Құдайберген Жұбанов өз пәнін жетік білетін. Лекцияны оқудың да асқан шебері еді. Лекциялары түркі тілдердің қазіргі жайы мен өткенін баян ететін деректерге аса бай келетін. Ежелгі түркі жазбаларының тілін де еркін білетін, құлпы тастардағы орхон-енисей жазуларының сырына да жетік болатын, оның лексикалық, грамматикалық, фонетикалық белгілерінің бәрін бүге-шегесіне дейін игерген адам еді. Өзінің ұстаздық мамандығын қазақ тілі мен түркі тілдердің қыруар құбылыстарын тынымсыз зерттеумен ұштастырудан қол үзген емес. Оның қаламынан туған ғылыми зерттеулер өзінің нәрі мен мәнін, зәрулігін әлі күнге жоғалтқан жоқ. Ол кісінің «Из истории порядка слов в казахском предложении» (1936), «Заметки о вспомогательных и сложных глаголах», «Күй» деп аталатын сериясы, түрлі мәслихаттар мен съездерде сөйлеген сөздері, «Буын жігін қалай табуға болады», «Жаңа грамматиканың жаңалықтары жайында», шылаулар, қос сөздер, біріккен сөздер секілді қыруар зерттеулері арқылы мамандар арасында зор бедел, құрметке ие болғаны талассыз. Оның зерттеулеріне тән бір қасиет – салыстырмалы-тарихи деректердің мол болуы. Әрине, өз заманына тән Н. Я. Маррдың ілімінің жетегіне еріп кейде мүлт басқан жерлері де жоқ емес.
Қазақ сөйлеміндегі сөздердің орналасу тәртібін зерттеуге арналған еңбегінде тіліміздің қазіргі синтаксистік құрылымындағы сөздердің орын тәртібін бар ынта-жігермен құлшына зерттеп, синтаксистің бұл саласының тарихи даму ерекшелігін, сөздердің орналасу тәртібінің қалыптасуы мен қазіргі жай-күйін бұлтартпас фактілермен талдап, түсіндіріп береді.
Сөйлем мүшелерінің барша түркі тілдерге ортақ бұлжымас заңдылығын былай көрсетуге болады – деп жазады Қ.Жұбанов, – анықтауыш анықтайтын сөздің алдында, толықтауыш толықталатын сөздің алдында, ол сөйлемнің барлық мүшелері баяндауыштың алдында тұрады .
Күн ұзаққа деген қазіргі сөйлеуімізде жиі қолданылатын екі сөздің тізбегін алатын болсақ, мұндағы сөздердің орналасу тәртібінің қазақ тіліне тән еместігін оңай байқаймыз, өйткені мұның анықтауыш сөзі анықталатын сөзден кейін тұр, егер қазақ синтаксисіндегі сөздердің тіркесу жөн-жосығына салсақ, мұндағы сөздер ұзақ күн болып орналасуы керек еді. Осы жерде автор жоғарыдағы күн ұзаққа деген тізбекпен синоним болып келетін ұзақты күн деген тіркеске де назар аударады. Бұл тіркесті күн ұзаққа деген тіркеспен синонимдес етіп тұрған -ты деген меншіктік аффикстің қызметі деп көрсетеді Қ. Жұбанов. Расында да, бұл жерде меншіктік аффиксті алып тастасақ, тіркесіміз ұзақ күн болып шығар еді. Бірақ ұзақты күн деген мен ұзақ күн дегендер – мағыналары басқа-басқа тіркестер. Кейінгі тіркес күннің ұзақтығын тек астрономиялық тұрғыда ғана білдіреді. Сөйтіп, автор күн ұзаққа деген тізбектің ұзақты күн деген сөз тізбегімен қатар өмір сүруіне назар аударта келіп: «Қазақ тілінде сөздердің орналасу тәртібі ертеректе қазіргіден басқашарақ болған, яғни анықтауыш сөз анықталатын сөздің алдында келмей, одан кейін тұрған. Ал мына күн ұзаққа деген тіркес болса, ол қазіргі тілімізде ескі тілдік заңдылықтың қалдығы ретінде сақталған».
Әрине, авторды мұндай қорытындыға жетелеп отырған осы бір ғана мысалдың жай-жапсары емес. Ол қазақ тілінің қазіргі заңдылығына керісінше үлгіде құрылған мұндай сөз тізбектерінің талайын талдап барып, жоғарыдағы қорытындыға келген. Автордың зерттеуіндегі осындай кері үлгіде құрылған тіркестің бірі – адам тағы. Бұл – фольклорда кездесетін кейіпкер. Мұнда да тағы деген анықтауыш анықталатын адам сөзінен кейін тұр.
Қазақтағы кісі аттарында жиі байқалатын, әсіресе әйел адамдардың аттарындағы Күн сұлу, Ай сұлу, Таң сұлу, сондай-ақ ер адамдардың есіміндегі Күн жарық, Ай жарық, Таң жарық дегендердегі күн, ай, таң сөздерінің сұлу, жарық деген сын есімдердің алдында келуін автор мысалға келтіреді. Бұл мысалдар да зерттеушінің болжамының дұрыстығын байқатып тұр. Ғалымның мысалдары көңілге қонымды, адамға ой салатын мысалдар екені сөзсіз. Ол өзінің қорытындысына тіліміздің қазіргі заңдылығынан ауытқи айтылатын фактілерді арқау еткен. Бірақ менің айтқаным ғана ақиқат, осыны ғана ұстанып, осыдан таймаңдар деген кеңес бермейді. Осы орайда ол былай деп жазады: «Сөздердің орналасуындағы көне тәртіптің мысалдары тілімізде, әрине некен саяқ қана. Олай болмаған жағдайда көне тәртіптің қазіргі тәртіпті ығыстырып шығаруы кәдік қой. Анықталатын сөздің анықтауыштан бұрын келуі біздің қазіргі грамматикалық түсінігіміз тұрғысынан алғанда оғаш көрінетіні рас. Сондықтан біздің анықталатын сөзді анықтауыш сөз деп қабылдай салуымызға таң қалуға да болмайды».
Историзм болмаған жерде, тіл құбылысына ғылыми талдау жасау мүмкін емес. Алайда сол кездегі елдің бәрі әуестенген яфетидологиялық ілімге еліктеу – Қ. Жұбанов еңбегінің құнын түсіре алмаса керек.
Бұл айтып отырған Қ. Жұбанов теориясының мәні жалғыз сөздердің орналасу тәртібін білу үшін ғана қажет болып қоймай, түркі тілдердің тарихын, этимологиялық сырын түсіндіруге қолғабыс етер теория екенін де атауымыз керек. Түркі тілдердің деректерін салыстырмалы-тарихи әдісті қолдана зерттеудің керектігі бұл жайлардан айқын аңғарылады.
Көмекші етістіктер мен етістіктің күрделі зерттеуге арналған еңбектерінен автордың ана тілінің лексикалық, грамматикалық заңдылықтарын егжей-тегжейлі білетіндігі айқын елес береді . Қазақ лингвистикасы топырағында бірінші болып отыр, тұр, жатыр, жүр көмекші етістіктеріне ғылыми талдау жасаған адам – осы Қ. Жұбанов. Нақтылы да айқын деректерге сүйене отырып, аталған көмекші етістіктердің грамматикалық қызметін, олардың негізгі етістерге жапсарлас тәуелділігін ашып берген осы кісінің зерттеуі болатын. Жіктік жалғауы жалғанатын грамматикалық тұлға осы көмекші етістіктер болғандықтан лексикалық мағынаға ие негізгі етістіктердің өзі де бір жағынан оларға тәуелді сияқты боп көрінетіні бекер емес. Оның үстіне бұл көмекші етістіктердің сөйлемде дербес тұрып та предикаттық қызметте жұмсалатын кезі бар. Мысалы: отыр+мын, жүр+мін, тұр+мын, жатыр+сың т.б.
Орта мектептің 5-6 кластарына арналған қазақ тілі оқулығын терген алғашқы авторлардың бірі осы кісі болғанын еске сала кетудің де орайы бар. Бұл кітабында автор қазақ тіліндегі сөздің құрылымын, фонетикалық құбылыстардың жай-жапсарын жүйелі түрде әңгіме етеді. Ғалымның бұл оқулығы қазақ тіліне арналған одан кейінгі оқулықтардың жасалуына игі ықпал етті.
Грамматиканың пәнін түсіндіре келіп, Қ.Жұбанов мұнда қазақ синтаксисі жөнінде оқушыларға түсінікті тілде мәлімет береді, қазақ лексикасының негізіне талдау жасайды.
Ең қажетті деген материалды оқушыларға қарапайым тілмен түсіндіріп береді. Осының арқасында кітап алғашқы еңбектердің ішіндегі маңыздысының бірі болды. Кітаптан республикадағы сол кездегі лингвистикалық білім берудің деңгейін, шама-шарқын аңғаруға болады.
Қазақ фонетикасының өзі зерттеген өзекті мәселелерін де автор кітабында қамтуға тырысқан. Мұны қазақ фонетикасы саласындағы бас-аяғы бар тәмамдалған еңбек десек болады. Кітаптан үндестік заңы, екпіннің сөз ішіндегі орны туралы қысқа да болса нұсқа түсінік алуға болады.
Қазақ тілінің дыбыстық құрылымын талдау барысында сөз дыбыстарының мағына ажыратуға қатысты жағын да назардан тыс қалдырмаған. Мағына жағынан сөздердің бір-бірінен дараланып тұруы үшін оның барлық дыбыстарының өзге сөзден түбегейлі өзгерісі болуы шарт емес, сөз құрамындағы бір ғана фонеманың өзге сөздікінен өзгеше болуы олардың семантикасын ажыратуымызға жетіп жатыр дейді Қ.Жұбанов.
Мәселенің ғылыми жағына еш нұқсан келтірместен, фонеманың осындай қасиетін оқулығында шәкірттерге ұғымды тілмен түсіндіріп береді. Сөйтіп, Қ. Жұбанов жалпы фонологияның өзекті бір түйіні – фонеманың жай-жапсары туралы байыпты қорытынды жасайды.
Ғалымның фонеманың сандық және сапалық құрамы жөнінде де айтқан сындарлы пікірлері бар. Қай тілді алсаңыз да сөз дыбысы атаулы сан жағынан толып жатыр, бірақ олардың бәрі бірдей фонемалық қасиетке ие емес. Сөздердің мағыналық тұрғыдан бір-бірінен ажырата көрсетуге қабілетті дыбыстар аса көп емес. Қ. Жұбановтың бұл тұжырымдары жалпы фонологияның принциптерімен сабақтасып жатыр.
Оқулықтың авторы қазақ тілі дыбыстарының құрамын дауысты, дауыссыз және үнді (сонор) дыбыстар деп аталатын үш топқа бөледі. Тілдің сөйлеген кезде жоғары көтерілу, төмен түсу ыңғайына қарай а/ә, о/ө, е дауыстыларын толық дауысты, ы/і, ұ/ү дауыстыларын келте дауысты деп атайды. Yнсіз дауыссыздарды екі жікке ажыратып, б, д, ж, з, ғ, г дауыссыздарын ұяңдар тобына, п, т, ж, с, қ, к дауыссыздарын қатаңдар тобына жатқызады. Жасалу жолына қарай п-б, т-д, қ-ғ, к-г дегендерді үздікті дауыссыз, с-з, ш-ж дегендерді үздіксіз дауыссыз деп бөлген.
Yнсіз дауыссыздарды жасалу орнына қарай көмей, тіс, ерін дауыссыздары деп аталатын үш топқа ажыратады. Оқушылардың түсінуіне жеңіл келу үшін дыбыстардың өзара жіктелісін әдейі қарапайым үлгіде жеткізуге тырысқандығы көрінеді.
Yнді дауыссыздарды Қ.Жұбанов алдымен тура жолды сонорлар, айналма жолды сонорлар деп екі топқа бөліп, оның алғашқысына ү, и, кейінгісіне р, л, м, н, ң дауыссыздарын жатқызады.
Соңғы топтағы сонорларды әрмен қарай ауыз жолды, мұрын жолды деп екіге айыра көрсетеді.
Ұзын сөздің қысқасы, Қ.Жұбанов дыбыстардың жасалу жолдарын жан-жақты қарастыра келе, олардың толық топтастыру жүйесін жасап берген. Лингвист ғалым өзінің бір тиянақталған еңбегін қазақ сөзінің буынын зерттеуге арнады. Буын жасауға қатысатын дыбыстарды санына қарай қазақ тіліндегі буынды төртке, ал дыбыстардың буын ішінде орналасу тәртібіне қарай үшке бөледі. Қазақ сөзіндегі буын санының сөз ішіндегі дауыстылардың санымен бірдей болатындығы жөнінде толық мағлұмат береді. Буынның түрлері оның құрамына енетін дыбыстардың бір-бірімен тіркесу ыңғайына тәуелді. Буындардың бірімен-бірінің бірігіп, жымдасып кететіні де, бірімен-бірінің орындарының ауысып қолданылатын кездері де бар. Қазақ тілі буын құрылысының бұл да бір ерекшелігі деуімізге болады.
Профессор Қ. Жұбанов бұл саладағы зерттеулерінде қазақ тіліндегі буындардың бірігуі немесе олардың орын алмастыруы, сондай-ақ екпін, әсіресе сингармонизм заңы секілді құбылыстардың һәммесі сөз элементтері арасында берік байланыстың болуы үшін қызмет ететін категориялар деген ғылыми қорытынды жасайды. Қ. Жұбанов қазақ фонетикасының пәнін анықтап, дыбыстардың жіктеліс жүйесін саралауда қисапсыз мол еңбек етті. Өзінің қазақ әліпбиі (алфавит), емлесі және өзге де қолданбалы салаларына арналған еңбектерінде сол кездегі фонологиялық ілімнің қағидаларына сүйенді.
Грамматика оқулығынан тыс Қ. Жұбанов 1936 жылы орта мектептің 5-7 кластарының қазақ тілі оқу бағдарламасын түзді. Бұл бағдарлама қазақ тілі пәнін ғылыми зерттеудің объектісіне айналдыруды көздеген алғаш жарық көрген құжаттардың бірі болды. Мұнда ғалымның құрмалас сөйлемнің синтаксисі жөніндегі көзқарасы мейлінше толық баяндалған болатын. Республикадағы ағарту ісі қайраткерлерінің аға өкілдерінің бірі А. Сытдықов бұл бағдарлама туралы былай деп жазған еді: «Жаңа бағдарлама қазақ тілінің өсу, кемелдену жайын ескеріп жасалған тың еңбек болды… Мұнда емлеміздің жаңа жазуымызға лайықталған нұсқасын жасау, қоғамдық-саяси терминдер мен жер-су аттарын жаңаша жазу мәселелері толық қамтылған».
Халық ағарту ісіне жан-тәнімен берілген тамаша педагог Қ. Жұбанов көптеген мектеп мұғалімдерімен толассыз хат жазысып, хат алысып тұратын. Хаттарында методикалық кеңестер беретін, ана тілін қалай оқытудың әдістерін түсіндіретін, грамматиканың, методиканың, терминологиялық сан қилы мәселелері туралы сөз қозғайтын. Осындай хаттарының бірінде қазақ тіліндегі көнеріп, ізі өшіп кеткен тұлғаларды балаларға үйретудің жолын былай нұсқаған-ды. «Кейде оқыту ісіндегі қиындықтың оқулықтың кінәсіне байланысты болмай, мұғалімнің өз басына байланысты болатын кездері бар. Сенің оқулыққа қойып отырған кінәратың, маған кінә сенің өзіңнен емес пе екен деген ой салды, өйткені бұл жайында маған сенен бөтен ешкім жаза қойған жоқ. Қандай қиындықтарға душар болсаң да маған хат арқылы жазып тұр. Егер менен кеткен кемшіліктер болса, дәлелде, мен де өз дегеніме бұрып, қарыса бермеспін». Педагогтік институттың құрметті профессоры бір ауыл мұғаліміне жазған хатында осылай деген еді.
Осындай бір үзік сырлар Қ.Жұбановтың қазақ мектептері тарихында алатын орнының ерекше екенін дәлелдесе керек.
Әрине, әрбір зерттенімпаз ғылым жолында жүрген адамның ісінде кейде селкеу шығып жататын жайлардың да болып қалуы ғажап емес қой. Бұл да бір әр пендеге тән, заңды құбылыс па деп ойлаймыз. Өзі қамшы салдырмай бұрқыратып жазып жүрген кездерінде, тым тәуір-ақ еңбектерін бірінің үстіне бірін беріп, қазақ тілі жөніндегі ғылымның көсегесін көгертіп жүрген кезінде бірер жерде аяғының кібіртіктеп кеткен ыңғайы да байқалған кездері бар. Мәселен, әбден ет-еке боп елдің құлағына сіңіп кеткен терминдерді құбылтып басқаша қолдануын жөн дей алмаймыз; жұрнақ дегенді үстеу деп, жалғаулықты – жалғауыш дегеннен ештеме ұтып тұрмағанымыз кәдіксіз.
Кезінде Қ.Жұбанов жазған оқулықтың мұғалімдер қауымынан жоғары баға алғаны белгілі. Бірақ кісінің жеке басына табыну етек алып тұрған кезде оның еңбектерінің орынсыз сынға ұшырағанын да білеміз. Қ. Жұбанов еңбектерінде ол ұсынған грамматикалық қағидаларда зиянкестік бар деп жазғандар да болды. Енді міне Қ. Жұбановтың құрметті есімі ақталып, аршылған тұста осы бір ғылым еңбекқорының еткен ісін елге таныту – біздердің борышымыз. Қ. Жұбановтың мақалалар сериясының енді бір тобының қазақ тілінің емле, терминология, методика сияқты практикалық мәселелеріне арналғаны мәлім. Ол кісі – республикадағы тілдік құрылысмәселесіне өте белсене араласқан адам. 30-жылдардағы қазақ емлесінің жайын әңгіме қылатын бір архив дерегінде былай делінген: Бөгде тілден енген сөздер мен терминологияның емлесінде күні қазірге дейін созылып келе жатқан ала-құлалықтар бұл мәселені мықтап қолға алу туралы Ағарту халық комиссариатына қозғау салғаны сөзсіз. Айталық, «коммунист немесе комиссарша» деген секілді сөздерді бес-алты үлгіде жазып келгеніміз белгілі. Мұны қалай да жөндеуіміз керек. Емле жобасын жасау, терминология ережелерін түзу жұмысы Қ. Жұбановқа тапсырылған болатын. Ол өз жобасын алдымен Өлкелік комитеттің үгіт-насихат бөлімінде талқылауға ұсынып, содан кейін оны Алматыдағы мәдениет қызметкерлерінің кең талқысына салды. Талқылау төрт күні ҚазПИ-де өтті. Талқылау өте қызу өтті, оған жергілікті халық өкілдері де, сондай-ақ студенттер де қатынасты.
Бұл құжатта әрмен қарай Қ.Жұбановтың еткен еңбегінің ғылыми дәлелді екені, оның қисынсыз еместігі, ғалымның бұрыннан белгілі ізбен кетпегені айтылады. Өзінің ғылыми тұжырымдарының бәрін автор мұнда қазақ тілінің табиғатынан шығарып барып, оның фонемалық құрамын ескере отырып айтқан. Жобаның авторы ретінде Қ.Жұбанов қазақ тіліне шет тілден енген мұндай сөздерді бағзы қалпынан өзгертпей жазуды ұсынды. Бірақ бұлай жазу ол кездегі қазақ қауымы үшін аса қиындық келтіретін болғандықтан жоба қабылданбай қалды. Өйткені ол жылдарда мұны түсінерліктей теориялық дайындығы бар мұғалімдер, сондай-ақ өзге кадрлар республикамызда тым аз еді. Сондықтан жобаны, шет сөздерді жазу туралы ондағы ұсынылған ережелерді уақытша тоқтата тұруға тура келді.
Қ. Жұбановтың бұл жобасын белгілі түрколог С.Е.Малов өте жоғары бағалады. Қазақстандағы мәдени құрылыс жұмысына арналған 1935 жылғы мәслихатта: «Профессор Қ. Жұбановтың жобасы әрі ғылыми, әрі ол принциптік жағынан маңызды» – деп атады.
Қ.Жұбанов ол жылдарда Республика үкіметі жанындағы терминология мен емлені үйлестіру орталығын ұйымдастырушылардың бірі болатын. Мәдени құрылыс жөніндегі съезд қарсаңында Қ. Жұбановтың басшылығымен Мемлекеттік терминкомның бюллетенінің төрт нөмірі басылып шықты. Бюллетень емле жобасы мен көп ғылым саласы бойынша қазақша терминдердің үлгісін жариялады. Қ.Жұбановтың өзі Бюллетень бетінде емле мен терминология мәселелерін сөз еткен бірнеше мақала жариялады. Олардың бәрінде терминдердің ерекшелігі, емле мәселелерін сөз етті. Бұл мақалалар мұғалімдер үшін әлі күнге маңызын жойған жоқ.
Қ.Жұбанов емле ережелерін жүйелеу жағына қатты көңіл аударды. Емлені мектеп оқушыларын сауатты жазуға баулу мен республикадағы ересектерге хат білдіріп, қара танытуға қажетті құрал деп есептеді.
Төңкеріске дейін берік дәстүрі болып көрмеген қазақ тілінің емлесі арқаны, негізінен фонетикалық принципке сүйеді. Ал морфологиялық принцип болса, ол да осы принципке қарайластырыла жүргізілді. Әрине, өзге белгілі ғалымдар сияқты Қ. Жұбанов та фонетикалық принциптің сөздің сыртқы пішініне сүйеніп жүргізілетін, ал морфологиялық принциптің түбір сөзді сақтауға байланысты болатынын жақсы түсінді. Өз зерттеулерінде осы екі принципті бір-біріне орайластыра, жабыстыра отырып пайдаланды.
1938 жылы қазақ емлесінің кей мәселелері ішінара жүйеге түсірілгені мәлім. Қазақ әліпбиінде бұрын жоқ ф, х дауыссыздарының да енгізілгені осы кез болатын. Бұл латынға негізделген жазу емлемізді орыс емлесіне қарай бейімдей түсуге көмектесті. Асылында, ф, х әріптерін ендіру жөніндегі идея да Қ. Жұбановтікі болатын, бірақ бір мәнәйі себептермен оны тоқтата тұруға тура келген-ді. Олай дейтініміз, Мемлекеттік терминология комиссиясының Ағарту халық комиссариаты жанындағы Бағдарлама-методика секторымен 1934 жылдың 27 қарашасында бірігіп өткізілген бір мәжілісінің бағдарламасында Қ. Жұбанов өзінің термин жасау мен оны бекітуге арнаған баяндамасында емле жобасын ұсынып, онда халықаралық терминдерді дұрыс жазу үшін қазақ әліпбиіне ф, х дыбыстарының таңбасын ендірудің қажет екендігін айтты деп көрсетілген. Бірақ мәжіліс: «Өкілетті орындармен келісіп алғанға шейін ф, х әріптерін қазақ жазуына ендіруді әзірге тоқтата тұру керек. Оған дейін бұл мәселе төңірегінде кең көлемді айтыс ұйымдастыру керек» – деп қаулы алып, ұсынысты қабылдамай қойды.
у, и дыбыстарының жазылуын оңайлату жөніндегі ұсыныс та Қ. Жұбановтікі еді. Бұлардың әрқайсысы қосар әріппен белгіленіп келген болатын. Бұл идеяның тек 1957 жылы ғана жүзеге асқанын бәріміз жақсы білеміз.
Тіл құбылыстарын зерттеуге жаңа тұрғыдан келуі жағынан болсын, филология саласындағы мамандарды әзірлеуге белсенді араласуы жағынан болсын Қ. Жұбановты қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі деп қарауға әбден болады.
Осы бір ғана мақалада Қ. Жұбановтың тіл білімі саласындағы ойға түйген нәрселерінің, идеяларының қаншалықты жүзеге асқанын анықтап шығу, әрине, мүмкін емес. Қ. Жұбановтың тіліміздің грамматикасы, фонологиясы, лексикологиясы және қолданбалы мәселелері хақындағы айтқандары, тұжырым-толғамдары, қағидалары біздің дәуіріміздің зерттеушілерінің еңбектерінде жүзеге асып жатыр, солардың ғылыми жұмыстарында әр түрлі дәрежеде көрініс тауып жатыр десек, артық айтқан болмаймыз. Қ.Жұбанов идеялары мен айтқандарының біздің қазіргі ғылымымызда қаншалықты жүзеге асқанын анықтау – арнаулы зерттеулердің тақырыбы болуға әбден лайық.
Біз Қ.Жұбановтың ғылымда кім екенін ел-жұртқа таныстырмақ болған ойымызға орай ол кісінің көзін көрген, қазақ тіл білімі саласында бірге қызмет істескен әріптесі ретінде Құдекеңнің жеке басына қатысты жайлардан оқушыларды хабардар ете кетсек пе деп отырмыз.
Ең алдымен бұл кісінің нағыз еңбеккер адам болғанын айтқым келеді. Әріптестері мен шәкірттері ол кісіні қатты сыйлап, зор ізет, құрмет тұтатын. Өзі қаншалық зор білімдар, асқан мағлұматты адам болғанымен, өзін әлбетте пәс ұстайтын, ғажайып сыпайы адам болатын, бір нәрсеге дауысын қаттырақ көтеріп, күйгелек мінез көрсеткенін өз басым байқаған емен. Бірақ өз пікірін дәлелдеуге келгенде зор айтыскер адам еді. 20-30 жылдардағы қазақ тіл білімінің проблемалары жөніндегі барлық істің басы-қасында жүретін. Қазақ тіл білімінің практикалық мәселелері болсын, теориялық мәселелері болсын бұлардың дамуына бұл кісінің игі ықпалы мейлінше зор болды. Тіл жөніндегі айтыс-тартыстардың бәрінде де, түптеп келгенде, осы кісінің пікірі өтетін. Ешкіммен қатты сөзге бармай-ақ білімінің арқасында үнемі жеңіп шығатын. Ауызша сөйлегенде де, жазып сөйлесе де ойларын қысқа тұжыратын. Ойының дәлелділігінен болуы керек бұл кісімен сөз жарыстырған қарсыластары тез келісетін. Осы секілді қасиеттері мен зор білімдарлығы ол кісіні қазақ зиялылары арасында зор ізет-ілтипатқа ие етті.
Қ.Жұбанов біреумен дүрдараздыққа еш уақыт барған адам емес. Кісіге еткен жақсылығын әсте міндет етіп көрген емес. Адамның білімге деген құштарлығы мен басына біткен қабілеті, дарыны – ол кісі нағыз қастер тұтатын нәрселер болатын. Бір жастың бойынан ғылымның, я өнердің бір саласына деген бейімділікті, талпынысты сезе қалса, соған көмектесуге, қалай да шылбыр ұшын беруге даяр тұратын. Ол үшін өзінің қолынан келгеннің бәрін істеп бағатын. Абай атындағы Қазақтың педагогтік институтында профессор болып істеп жүрген кезінде Ғ.Мұсабаев деген бір ізденгіш, тіл ғылымына бейімділігі бар студентті байқап қалып, ол баланың білім алуына, лингвистика саласына деген талабына қошеметті болып, көмектескенін әлі ұмытқан жоқпын. Ең соңғы курста оқып жүрген Мұсабаевты оқуын бітірмей жатып Ағарту халық комиссариатындағы бағдарлама-методика секторына нұсқаушы методист етіп жұмысқа алғызғаны бар. Бұл жөнінде кейін Қазақстан ғылым академиясының корреспондент мүшесі болған профессор Ғ.Мұсабаев былай деп айтып отырады: «Студент боп оқып жүрген кезімде, лекциядан босаған сәттерде Ағарту комиссариатына баратынмын, маған жетекші Қ.Жұбанов әр барған сайын топ-топ ғылыми кітап дайындап қойып, оқып шық, таныс дейтін. Оларды белгілі бір уақыт ішінде оқып шығуға тиіс болатынмын. Солармен әбден танысып болғаннан кейін, әлгі кісі не біліп, не қойғанымды тексеріп, менен бейне бір емтихан алып отырған адамша сұрақтар қоятын, әрмен қарай өзі түсіндіріп, өзі айтып кететін. Соның арқасында мен Пешковскийдің, Обнорскийдің, Бодуэн де Куртэнэ, Радлов, Мелиоранский, Казамбек еңбектерімен сол кезде-ақ таныс болдым».
Қ. Жұбанов өзінің студенттерінің арасынан ең қабілетті дегендерін таңдап алып, осыдан бірдеме шығады-ау дегендерін ірі оқу орындарына орналастыруға көмектесетін. Осы кісінің көмегі арқасында республикамызға бұл күнде аты мәлім ғалымдар Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, профессор М. Балақаев, филология ғылымының докторы, профессор М. Қаратаев Петерборға аспирантураға жіберілген еді.
Жалғыз жастар ғана емес-ау, кім болса да, ғылымның қай саласымен айналысқысы келсе де Қ. Жұбанов үшін… бәрібір еді, ол елдің бәріне де көмектесуге әзір тұратын. Оның өнерге, техникаға ұмтылған адамдардың талайына ақыл-кеңес беріп, білімін әрмен қарай жалғастыруға септік еткен жайлары көп. Өзінің туған інісі Ахметтің музыкаға қабілетін ерте танып, өзімен бірге Петерборға ала кетіп, консерваторияға оқуға түсіреді. Ахмет Жұбанов қазақ халқы тарихында – музыкалық жоғары оқу орны – Санкт-Петербург консерваториясын бітірген тұңғыш қазақ болды. Өзіне жақындап кеткен бір ғана адам болса, Құдекең бәріне шарапатын тигізгенше асығатын. Оларды оқуға, білімге тартуды өзінің мойнына біреу міндеттеп қойғандай борыш санайтын. Кейіннен КСРО Архитектура академиясының мүшесі болған, ол кезде бала жігіт, белгілі қазақ архитекторы Төлеу Бәсеновтің Петербордағы инженерлік құрылыс институтына түсіп кетуіне тікелей көмек көрсеткен адам – осы Құдайберген болды. Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі Әубәкір Ысмайылов, Қазақстан өнеріне еңбек сіңірген қайраткер Асқар Тоқпанов, тағы басқа да осындай көп кісілер Қ. Жұбановты өзінің «әкесі» деп есептейді. Қазақтың белгілі жазушысы Хамза Есенжанов Қ. Жұбановты «әти» деп кеткен. Бұл – ол кісіге ерекше ілтипат білдіре айтқан «әке» деген сөз.
Өзінің отбасы, ошақ қасына деген сүйіспеншілігі ғаламат болатын. Балаларына еміреніп тұратын. (Ол кісінің үш ұл, үш қызы бар). Балаларының бәрі де жоғары білім иелері. Олардың білім алып, ер жетуіне көп еңбек еткен адам – Құдайбергеннің зайыбы Раушан Жұбанова.
Профессор Қ. Жұбановты қазақ зиялылары, ағарту саласының қызметкерлері өте жақсы білетін. И. И. Мещанинов, А. Н. Самойлович, В. В. Бартольд, С. Е. Малов, К. К. Юдахин, А. К. Боровков сынды ірі орыс оқымыстылары Қ. Жұбановты білікті ғалым, лингвист ретінде ерте танып бағалады.
Жастарға деген аралас-құралас болған адамдарға деген шексіз бауырмал, жаны ашығыштығының үстіне Құдайберген Жұбанов оларға сын көзімен қарап, талап қоюды да есінен шығарған емес. Республиканың мәдени өмірінің бірде-бір саласы Қ. Жұбанов назарын өзіне аудармай кеткен емес. Ғылым адамдары, өнер адамдары, әдебиет саласының адамдары – бұлардың бәрі Қ. Жұбановтың білімдарлығын, адамгершілік іс-харакетін жақсы білетін, оны қадірлеп сыйлайтын. Қазақтың Абай атындағы педагогтік институтының қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, беделді профессоры Қ. Жұбанов Қазақ КСР Ағарту халық комиссариаты оқу-методикалық кеңесінің жетекшісі, КСРО Ғылым академиясының Қазақстан филиалы Лингвистика секторының меңгерушісі секілді аса абыройлы жұмыстарды қоса атқарғаны белгілі. Қазақ тілі жөніндегі тұңғыш монографиялық зерттеудің авторы, алғашқы мектеп оқулығы мен оқу бағдарламасының авторы ретінде қазақ тіл білімі тарихына аты алтын әріппен жазылатын есімдердің бірі – осы профессор Қ. Жұбанов. Қ. Жұбанов қазақ филологиясы кадрларын даярлап, түлетіп өсірудегі қызметі ұшан-теңіз. Республикамыздағы аты белгілі ірі-ірі ғалымдар өздерін Қ. Жұбановтың шәкіртімін дегенді мақтан тұтады.
Ғылыми-педагогикалық жұмысымен қатар Қ. Жұбанов – қоғамдық істерге де белсене араласқан адам. Өткен дәуірлердегі ірі тұлғалар Фирдоусиге, Абайға арналған ғылыми конференцияларды шақыруға мұрындық болып, осы жиындарда мазмұнды баяндама жасаған адам да осы кісі.
1935 жылы Қазақстан мәдени құрылысшылары съезінің ұйымдастыру комитетінің төрағасы болып, осындай ірі форумды өткізуге тікелей араласқан да осы кісі. Осыған іле-шала Кеңестердің бүкілресейлік XVI съезіне делегат болып, онда Татарстан мәдениеті жайлы патриоттық сарында сөз сөйлеген де осы кісі. Қ. Жұбанов Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің мүшесі болды. Оның есімін біз қазақ лингвистикасының негізін салушылардың бірі ретінде бұл күнде ерекше құрметпен еске аламыз.
Құдайберген Жұбанов тіл білімі мәселелерімен 1920 жылдан бастап шұғылдана бастады. Ол қазақ мектептері мен жоғары оқу орындары үшін қазақ тілін оқыту бағдарламаларын жасап, оқулықтар мен әдістемелік құралдар жазды. Сондай-ақ, оның “Қазақ тілінің ғылыми грамматикасының материалдары” (1-том), “Фонетика” (орыс тілінде), “Қазақ тілі фонетикасының тарихын зерттеуге кіріспе”, “Қазақ тілінің ғылыми курсы жөнінен лекциялар”, “Буын жігін қалай табуға болады”, “Қазақ тілінде біріккен сөздің жазылуы”, “Қазақ сөйлеміндегі сөздердің орын тәртібі”, “Жаңа грамматиканың жаңалықтары жайынан”, т.б. іргелі ғылыми жұмыстары қазақ тіл білімін қалыптастыруға қосылған елеулі үлес болды. 20 ғасырдың 20 – 30-жылдарында Жұбанов қазақ халқының рухани-мәдени өмірінде саяси-әлеуметтік, халықтық мәні зор проблемалардың бірі – жазу, емле, термин мәселелерімен де шұғылданды. 1929 жылы Қызылордада өткізілген тұңғыш ғылыми-терминологиялық конференцияда Жұбанов қазақ тілінің емлесі жөнінде ғылыми негізделген ұсыныстар жасады.
1935 жылы қазақ әліпбиі мен емлесін жақсартудың жобасын ұсынды. Онда халықаралық және орыс тілінен енген терминдерді орысша жазылуына жақындатып таңбалау, кейбір қосар дыбыстарды жалаң әріппен беру, біріккен сөзді қосып жазу туралы пікір айтты.
Жұбанов 1933 жылдан саяси қуғын-сүргінге ұшырағанға дейін Қазақстанның Мемлекеттік терминологиялық комиссиясының төрағасы болды. Бұл салада ол термин жасау ісіне мамандарды жұмылдырып, олардың дайындаған материалдарын ғылыми тұрғыдан реттеп, жұртшылық талқысына салып, тәжірибеге енгізуді қадағалады. Құдайберген Жұбанов – 1935 жылы Қазақстан мәдениет қызметкерлерінің съезіне Мемлекеттік терминкомның атынан ұсынылған жобаның негізгі авторы. Ол ұсынған принциптер қазақ терминологиясын жасаудың үлгісі ретінде әлі күнге дейін қолданылып келеді. Ол 1936 жылы ғалымның “Қазақ сөйлем мүшелерінің орны тарихынан” деген кітабы баспадан шықты. Бұл кітабында ол қазақ тіліндегі сөйлем мүшелерінің тарихын басқа түркі тілдерінен бөліп қарамай, өзі еркін игерген түркі халықтары тілдерін бір-бірімен байланыстыра зерттеп, тарихи салыстырмалы әдісті шебер қолданды. Бұл еңбегімен Жұбанов қазақстандық түркітану ғылымының қалыптасуына зор үлес қосты. “Ауыл мұғалімі” (қазіргі “Қазақстан мектебі”) журналында мұғалімдерге арнап қазақ тілін оқыту әдістемесі туралы, кітапты қалай пайдалану, оқулықтағы материалдарды оқушыларға қалай нәтижелі игерту мәселелерін көтеріп отырды. Осы журналда “Жаңа грамматиканың жақсылықтары”, “Шылаулар”, “Қос сөздер”, “Біріккен сөздер”, “Әдіс, бағдарлама мәселелері”, т.б. мақалаларын жариялады. Жұбанов қазақ әдеби тілі мен музыкалық өнері туралы да келелі пікірлер айтты. Ол өзінің “Абай – қазақ әдебиетінің классигі” (“Әдебиет майданы”, 1934, №11 – 12) атты аяқталмай қалған әдеби-публицистикалық еңбегінде Абайдың қазақ әдеби тілін дамытудағы, әлеуметтік ой-санадағы орнын, ақындық шеберлігін, композиторлығы мен өлең құрылысына енгізген жаңалығын тұңғыш көрсетіп, әділ бағалады. “Қазақ музыкасында күй жанрының пайда болуы жөнінен” (1936) деген зерттеуінде “ән”, “би”, “бақсы”, “жыр”, “домбыра”, “күй”, “қобыз”, “сыбызғы”, “толғау” сөздерінің этимологиясын ашу арқылы қазақ музыка мәдениетінің тарихы ертеден басталатынын көрсетті.
Жұбанов тек ғылыммен ғана шұғылданып қоймай, Қазақстанның Оқу-ағарту халық комиссариаты жанындағы әдістеме, бағдарлама, оқулықтар секторының меңгерушісі міндетін атқара жүріп, бар ынта-жігерін аз уақыттың ішінде қазақ мектептерін ғылыми негізде жазылған оқулықтармен қамтамасыз етуге жұмсады. Мұғалімдердің білімін жетілдіру курстарында, семинарларында дәріс оқып, ақыл-кеңес беріп отырды. Ол қазақ тіл білімі мамандарын баулып, тәрбиелеуде де мол еңбек сіңірді. Республикадағы көрнекті тіл мамандары М.Балақаев, Ғ.Мұсабаев, А.Ысқақов, Ә.Шәріпов, Т.Қордабаев, т.б. өздерін Жұбановтың шәкіртіміз деп санады. Жұбанов республикамыздың саяси-әлеуметтік өміріне де белсене қатысты. 1935 жылғы Қазақстанның мәдениет қызметкерлері съезін ұйымдастыру комитетінің төрағасы, 1935 жылдан Қазақстан КСР ОАК-нің мүшесі болды.
1937 жылдын караша айында жазықсыз жала жабылып “Жапон тыңшысы ”, деп оны тұтқынға алады. Құдайберген Жұбанов 1938 жылдың акпан айында » халық жауы » ретінде атылып кетеді .Ол 1958 жылы акпан айында толык ақталады. Құдайберген ағамыздың артында қалған алды 10-11 — лерде , арты үш айлық шиеттей алты баласын , Раушан апамыз қиындықтарды көре жүріп , оқытып , тәрбиелеп , абырой — атақты азаматтар етіп тәрбиелеп шығарды . Ең үлкен қызы Мүслима Жұбанова — педагогика ғылымның кандидаты , тәжірибиелi маман , білімді ұстаз . Одан кейінгі ұлы- Араб Жұбанов СССР Суретшілер одағының мүшесі , көп жылдар көркем- сурет училищесінің директоры болып қызмет атқарды . Ұлдары Есет пен Аскар Жұбановтар филология ғылымдарының кандидаттары . Есет Жұбанов казір Ақтөбе қаласында «Құдайберген Жұбанов қорын» басқарады. Көп жылдар ҚР Fылым академиясының тiл бiлiмдер институтында қызмет атқарды . Қалған балалары Қызғалдақ пен Қырмызы да әке сүйген ғылым салаларын таңдаған мұрагерлер. Профессор Құдайберген Жұбановтың 90 жылдығына арналған конференция 1989 жылы 19 желтоқсанда өткiзiлдi. 1990 жылы қазактың біртуар ұлдарының бірі Құдайберген Жұбановтың есімін мәңгі есте қалдыру үшін оның есімі 23 ақпан Қазақ ССР Министрлер советінің қаулысымен Актөбе педагогикалык институтына берiлдi.
Биыл Ақтөбеде Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік университетте тіл білімі саласындағы алғашқы қазақ профессоры, түркітанушы, педагог Құдайберген Жұбановтың 125 жылдығына арналған «Жұбанов тағылымы» атты ХІ халықаралық ғылыми конференция өтті.
Конференция аясында университет аумағындағы Құдайберген Жұбанов ескерткішіне гүл шоқтары қойылды және Жастар сарайында фотокөрме ашылып, «Құдайберген Жұбанов: тұлға және уақыт. Фотомұрағат» кітабының тұсаукесері өтті.