Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Әнуар Жақсығалиұлы Дербісәлин 1929 жылы 18 ақпанда Ақтөбе облысы, Ойыл ауданының Қызылжар ауылында дүниеге келген.
Әкесі Жақсығали ұзақ жыл мектепте ұстаздық қызмет атқарып, ауыл елдің құрметіне бөленген. Әнуар да жеті жылдық мектепті үздік бітіргеннен соң әке жолын қуып, 1943 жылы Ақтөбе қаласындағы Нұрпейіс Байғанин атындығы мұғалімдер институтына оқуға түседі. Институтты тәмәмдаған соң өз ауылындағы мектепке қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Көп ұзамай Алматыға барып Абай атындағы қазақ педагогикалық институтына түсіп, оны 1950 жылы қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітiріп шығады. Институтта М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин, Т.Нұртазин сияқты көрнекті ғалымдардан дәріс тыңдап, өнеге алады. Студент кезінде – ақ әдебиет тарихының мәселелеріне бойлап енген жас жігіт 1951 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының аспирантурасына түседі. Аспирантураны 1954 жылы тәмәмдап,1955 – 1958 жылдары Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогика ғылыми – зерттеу институтындағы аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді. Осында жүріп 1955 жылы «Ыбырай Алтынсариннің жазушылық қызметі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. 1958 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына аға ғылыми қызметкерлікке ауысып, өмірінің ақырына дейін сонда жемісті қызмет атқарады. Алғыр ғалым 1969 жылы қырық жасында «Қазақтың Октябрь алдындағы демократияшыл әдебиетінің даму жолдары» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғап шығады.
Бала кезінен әдебиет тарихына ден қойған жас жігіт студент кезінде-ақ өзінің ғылыми зерттеулерімен ғалымдардың назарына іліккен еді. Соның бірі 1949 жылы «Социолистік Қазақстан» газетінде жарияланған Жамбыл Жабаевтың ақындық өнері туралы мақаласы болды. Ғалымның демократ – ағартушы С.Көбеевің «Орындалған арман» повесіне жазған сын мақаласы да сол тұстағы әдебиетші қауымның назарына ілікті. Жас ғалым повестің көркемдік ерекшеліктерін талдай отырып, кемшіліктерін де батыл сынады. С.Көбеев 1952 жылы «Лениншіл жас» газетінің 27 маусымындағы санында жауап мақала жазып, Ә.Ж.Дербісалиннің айтқан сын ескертпелерін мойындап туындының кейінгі басылымдарында аталған кемшіліктерді ескеретінін білдірді.
Ақтөбеде Байғанин атындағы мұғалімдер институтының Орыс тілі мен әдебиеті факультетін және Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтты үздік бітіргеннен кейін өз мамандығы бойынша мұғалімдік қызмет атқарды.
1951-1954 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының аспирантурасында оқып, көп ұзамай «Ыбырай Алтынсариннің әдеби мұрасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Араға біраз жыл салып 1969 жылы «Қазақтың Октябрь алдындағы демократияшыл әдебиетінің даму жолдары» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Ғалымның отыз жылдай өмірі ҚР Ғылым академиясының М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шаңырағында өтті. Ол бірнеше монография мен көптеген ғылыми мақалалардың авторы. 1983 жылы ҚР ғылым академиясының корреспондент мүшесі болып сайланды. Ә. Дербісәлин ғылыми ортаға, зиялы қауымға Ыбырай Алтынсарин мұрасын түбегейлі зерттеген ғалым ретінде танылды. Жазушы өмірі мен қызметін зерттеген еңбектері әр жылдары орыс, қазақ тілдерінде жарық көрді.
Әнуар Жақсығалиұлы Дербісәлин республикалық білім беру, ғылыми кадрлар даярлау саласына да көп еңбек сіңірді. Ол көптеген ғылыми кітаптардың жауапты редакторы, 6 томдық академиялық «Қазақ әдебиеті тарихы» еңбегінің, 12 томдық Қазақ совет энциклопедиясының негізгі авторларының бірі болды.
Білімді де қарымды ғалым ондаған зерттеу мақалаларымен бірге «Ыбырай Алтынсариннің жазушылық қызметі» , «Ыбырай Алтынсарин», «Қазақтың Октябрь алдындағы демократияшыл әдебиеті», « Мезгіл және қаламгер», «Дәстүр және жалғастық» деп аталатын монографияларды бірінен соң бірін жарыққа шығарады. «Ыбырай Алтынсариннің жазушылық қызметі» [2.] « Ыбырай Алтынсарин» [3] деп аталатын монографиялары арқылы ұлы ағартушы педагог, жазушы, ақын Ыбырай Алтынсариннің әдеби ағартушылық қызметін зерттеу ісіне зор үлес қосты. Бұған дейінгі ғылыми мақалалар мен зерттеу жинақтарында ұлы ағартушының тек қана педагогикалы идеялары мен мұғалімдік қызметі, философиялық, этикалық көзқарасы қарастырылып келсе, Ә.Дербісалин еңбектерінде Ы.Алтынсариннің ақындық, жазушылық, аудармашылық қызметі арнайы түрде зерттеліп, оның қазақ әдебиеті мен мәдениетін дамытудағы рөлі айқын ашылып, прозалық және поэзиялық шығармалары жан – жақты талданды. Ғалым өзінің одан кейінгі жазған еңбектерінде, ғылыми – көпшілік мақалалары мен әдебиет оқулықтарына арналған тарауларда Ыбырайға жиі оралып, ұлы ағартушының қазақ мәдениетіне сіңіреген еңбегеін үздіксіз насихаттап отырады.
Әнуар Дербісалин өзінің «Қазақтың Октябрь алдындағы демократияшыл әдебиеті» [4] деген терең мағыналы монографиясында қазақ әдебиетінің революцияға шейінгі демократтық бағыттағы өзіне тән ерекшеліктерін, жаңашылдық сипатын негізгі даму принциптері мен қайшылықтарны терең ашып көрсетіп, авторлық ойлары мен тұжырымдарын XX ғасыр басындағы қалыптасқан басты мәселелер төңірегенде өрбітті. XX ғасыр басындағы әдебиеттің күрделілік себептерін көптеген тарихи – әлеуметтік, саяси – әлеуметтік көркемдік жағдайлармен түсіндіруге болады. XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті өзіне дейінгі әдебиеттің озық, халықтық, адамгершілік, көркемдік дәстүрін жаңа дәуірін одан әрі жалғастырып, оларды алдағы мүлдем жаңа заман әдебиетіне ұластыруға тиіс болды. Міне, осындай қиын да күрделі кезеңнің әдебиет туралы жазылған «Қазақтың Октябрь алдындағы демократияшыл әдебиеті» монографиясы демократтық бағыттағы қазақ әдебиетінің жаңашыл сипатын жан – жақты баян еткен бірден – бір көлемді еңбек болды.
Әнуар Дербісалин «Мезгіл және қаламгер» атты монографиясында қазақтың көрнекті ақын – жазушыларының шығармалары негізінде әдеби жанрлардың қалыптасу, даму ерекшеліктеріне жазушы лабораториясының сырларына үңіледі. Ғалымның «Дәстүр және жалғастық» [5] монографиялық зерттеуінде қазақ әдебиетінің теориясы мен тарихындағы басты мәселелерінің бірі саналатын дәстүр мен оның жалғастығы сөз болып, ғылыми қауымға ой саларлық ой тұжырымдар жасалған. Қазақ фольклорындағы ақындық дәстүр мен XX ғасыр басындағы демократтық – ағартушылық бағыттағы поэзияның ара қатынасын саралай келіп, озық дәстүрдің өміршеңдік сипатын зерделейді. Ғалым дәуір мен оның идеялық – эстетикалық тың талаптары мен мүдделеріне сай жаңғырып дәстүрлік проблемасының қоғамдық, әлеуметтік және көркемдік ерекшеліктеріне, салиқалы себеп – салдарына тоқталады.
Тынымсыз еңбек еткен қарымды ғалым жеке монографиялық еңбектерімен шектеліп қалмай, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының өзі басқарып отырған «Қазақ әдебиеті тарихы» бөлімін өрге сүйреп, айналасындағы ғалымдар мен ұтымды қарым – қатынас жасап, көптеген ауқымды ұжымдық еңбектердің жарыққа шығуына мұрындық болды. Бұған қарап біз Ә.Дербісалиннің тек қана талантты ғалым емес, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары адам екендігін де көреміз. Ол «XV – XVIII ғасырдағы қазақ поэзиясы» (1981), « Ерте дәуірдегі қазақ әдебиеті» (1982), «XIX ғасырдағы қазақ поэзиясы» (1985) деп аталатын академиялық ауқымды басылымдарға ғылыми жетекшілік жасады, алғы сөздерін жазды. Ғалымның соңғы еңбегі «XIX ғасырдағы қазақ ақындары» деп аталады. Бұл кітапқа мазмұнды алғы сөз бен жеке ақындық шығармашылығы туралы портреттік зерттеу мақалалар жазған. Кітап 1988 жылы Ғылым баспасынан жарық көрді.
Әнуар Дербісалин ғылым үшін талмай еңбек қажымас қайрат иесі еді. Оның мағыналы ғұмыры үздіксіз ізденіс үстінде өтті. Сол игі ізденістерінің бірі – 1986 жылы оның басшылығымен дайындыоып жарық көрген «Оғызнаме – Мұхаббат – наме» кітабы болды. Қазақ тілінде алғаш рет ғылми аударма арқылы жарияланған түркі халықтарына ортақ көне жазба ескерткіштердің бұл басылымы ол таныстыру, пайымдау іспетті мақала жазған еді.
Ғалымның Республикалық, одақтық, халықаралық конференцияларда жазған баяндамалары әлі күнге шейін өзінің зәрулігін жойған жоқ. Ал дер кезінде жазылған проблемалық мақалалары қаншама.Соның бір айғаға «Байсалды зерттеуді қажет ететін мәселе» деп аталатын «Қазақ әдебиеті» газетінде Шортанбай шығармашылығы туралы жарияланған мақаласы болып табылады. Жазықсыз қуғынға түскен, тиым салынған Шортанбай туындылары туралы алғашқы болып қалам тартуы Әнуар Дербісалиннің азаматтық позициясының беріктігін, ғылым жолындағы батылдығы мен табандылығын айқын айғақтап тұрғанын аңғару да қиын емес.
Ғалыымның біз жоғарыда қысқаша шолу жасап өткен ауқымды, жан – жақты мағыналы еңбегі әділ бағаланып, ол 1983 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі болып сайланады. Ә.Дербісалин сан қатпарлы ғылымның биік шыңын меңгеріп, нағыз дер шағына келген уақытта 1986 жылы өмірден озды. Алайда соңында өшпес із қалдырған ғұламаны қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуші әріптестерінің, туған халқының ұмытпайтындығына еш күмән жоқ.
Қазақтың көрнекті әдебиеттанушы ғалымы Әнуар Дербісалин бүгінгі орта жас деп межеленген кезеңге, алпыс жасқа да жете алмай, өмірден озып кетті. Саналы ғұмырын түгелге жуық әдебиеттану ғылымына арнаған зерделі ғалымның артында қалған мұрасының өзі қомақты. Тек өзі өмірлік мақсат етіп алған әдебиеттану ғылымының бір саласымен ғана шектеліп қалмай, қаламының оңына келген талай тақырыпты зерттеген ғалым. Тек жай ғана зерттеп қоймай, кейбір жекелеген мәселелерін індете қарап, тұжырымды да тиянақты пікірлер қалдырып кеткен. Қаламының қарымының, ойының арынының арқасында келешек оқырманға да ой сала алатын тұщымды еңбектер тудырған. Соның нақты көрінісінің бірі – қазақтың атақты ғұламасы, ұлы ағартушысы әрі қаламгері Ыбырай Алтынсарин мұрасына қатысты еңбектері. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының өзінде жап-жас Әнекең осы ғұламаның шығармаларын індете зерттеп, Ыбырай Алтынсарин жайлы арнаулы еңбек жазып, өз тұсындағы оқырман қауымның назарын аудара білді. Ғалымның бұл кітабы сол кезең үшін көп жаңалықтар әкелген, ыбырайтану саласын соны деректермен толықтырған еңбек болғанын бүгінгі жиырма бірінші ғасырдың еңселі төрінен тағы да қайталап атап өткен абзал болар. Әнуар Дербісалин қазақтың осынау ғұлама ағартушысының артында қалған мұрасы мен шығармашылық өмір жолы туралы көп жылдар бойы зерттеу жұмыстарын жүргізіп келгені мәлім. Тарихта болған тұлғалар жайлы деректер жинастырып, оларды жалғанның жарығына шығару дегеннің қаншалықты машақатты жұмыс екендігін ғылыммен айналысып жүрген адамдар жақсы біледі. Осы жағынан келгенде Әнекеңнің зерттеушілік еңбегінің өзі бір төбе екендігі Ыбырай Алтынсарин туралы артында қалдырған мұрасынан анық байқалады. «Ыбырай Алтынсарин» деп аталатын алғашқы кітабында қазақ оқырмандары осынау көрнекті тұлғаның жеке жазбаларымен, өзінің пікірлес, бағыттас дос-жарандарымен жазысқан хаттарымен танысқан болатын. Кітап авторы Ыбырайдың өзіне жазылған жауап хаттарды да ретімен келтіріп отырған. Сол кездегі оқырман қауымы осы хаттар арқылы бетке ұстар ағартушы ғалымымздың рухани әлемінен, өмірлік мақсат-мүддесі мен жасап жатқан саналы әрекеттерінен жақсы хабардар болды. Бұл еңбектің өз заманында оқырмандар арасын да белгілі бір қозғалыс туғызып, түрлі пікірлерге түрткі болғаны тегін емес. Ыбырай Алтынсаринның Григорьевке, Ильминскийге, Катаринскийге және басқаларға жазған хаттарынан оның ақылды да парасатты, саналы да білімдар жан екендігін айқын аңғарылады. Кітап авторы бұл кісілердің өзара жазысқан хаттарын назарға ұсына отырып, олардың әрқайсысына тиісінше түсініктемелер де береді. Хаттардың мазмұнына талдаулар жасау арқылы кейбір татымды тұстарына ерекше ден қойып, зерттеушілік екпін түсіретін сәттері де аз емес. Өйткені жалпы мәлімет, қажетті ақпараттар жазылған хаттардың ішінде олардың авторларының ой-дүниесін, қоғам мен ұлтқа деген көзқарасын сездіріп кететін жерлері кейінгі ұрпақтарды бей-жай қалдырмайтыны белгілі. Ағартушылық пен ұлттық мәселелерге келгенде білініп қалып отыратын авторлық ұстаным жалпы хат иелерінің тарихтағы орнын айқындауға да көмектесетінін Ә.Дербісалин зерттеуші ретінде жақсы түсінеген. Ол кісі алдымен хаттардың хронологиялық тәртібіне көңіл бөліп, уақытпен бірге алға қарай жылжытып отырса, екіншіден, әрбір хатты жалаң емес, түсініктемемен ұсынуды жөн көреді. Кейбір хатты толығымен келтірмей, олардың тек үзінділерін ғана ұсынған. Оның себебі, біріншіден, барлық хаттарды келтірген жағдайда кітап көлемі еркісіз ұлғайып кетер еді де, ұлы ағартушының артыында қалған эпистолярлық мұраның дәмді, дәйекті тұстары көрінбей қалар еді. Екіншіден, хаттардың ішінен жекелеген үзінділер алып берудің өзі де жоғары талғамнан туындап жатқанын ескерген абзал. Үшінші бір мәселе – бұл хаттардың түпнұсқа қалпында емес, қазақшаға аударылып берілуі. Бұл арада автордың аудармашылық өнерінің деңгейі де еріксіз көрініп қалады. Баршамызға мәлім, Ыбырай хаттарын орыс тілінде жазған. Он тоғызыншы ғасырдағы орыс тілінің қорына тиесілі сөздерді дәл аудару, айтылып жатқан ойдарды нақты да ұғынықты етіп жеткізе білу тәржімашыдан біраз тер төгуді қажет еткені көрініп тұр. Бір сөзбен айтқанда, автор ұлы ағартушының өзі жазған және оның өзіне жазған хаттарын оқырман қауымға даяр күйінде сол қалпы ұсына салмай, зерттеушілік тұрғыдан жүйелелік, тиянақтылық танытады. Аталған ғылыми жұмыстың оқырманға мол мағлұмат беретін ақпараттық жағымен бірге сәтті талдаулар жасаған сараптамалық тұстарын да өз деңгейінде бағалай білгеніміз абзал. Сөйтіп Ә.Дербісалин Ыбырайдың тек ағартушылық әрекеттерін жалаң тізбелеп қана қоймай, оның шебер ұйымдастырушы әрі білікті ғалым екендігін нақты мысалдарды келтіре отырып және тек құр келтірумен шектеліп қалмай, салиқалы да сарабдал талдауларға бет бұра отырып, орнымен дәлелдеп шығады. Ә.Дербісалинның ұзақ жылдардан кейін жарық көрген «Ыбырай Алтынсарин» атты келесі бір кітабы алдыңғы еңбегін қайталамайды және оны жоққа да шығармайды. Енді автор бұл еңбегінің жанрлық анықтамасын «өмірбаяндық очерк» деп белгілепті. Оның мазмұнынан қарап отырсақ, «Тамаша адамдар өмірі» атты серияның талаптары мен шарттарына толық келіп тұрған еңбек. Сондықтан да оны бір тақырыпқа арналған бөлек-салақ мақалардың жиынтығы немесе очерктер циклі деп айқындасақ, қателескен болар едік. Келтірілген деректерге қарағанда, Ыбырай Алтынсаринның өз халқын қараңғылықтан жарыққа сүйрейтін қуатты тұлға болып қалыптасып шығуына Алла тағалының өзі алдын ала дайындаған сияқты болып көрінеді. Өйткен оның туған атасы Балғожа өз заманын да қазақтың белгілі билерінің бірі болып, атақ-даңқы өзі өмір сүрген атырапқа кеңініне жайылған. Аузымен құс тістеген шешен Балғожаның парасатты да ақылды жан екендігін автор бірнеше жекелеген штрихтармен дәлелдеп өтеді. Бұл кісінің қазақтың көптеген би-шешендерінен бір айырмашылығы хат танитын сауаттылығында, өз жұртының ғана емес, қазақтарды отарлаушы ел Ресейдегі болып жатқан әрқилы жаңалықтардан құлағдар екендігінде. Балғожаның бойындағы тағы бір артықшылық – ол орыстың кейбір белгілі тұлғаларымен таныс-біліс болған, тіпті жақсы қарым-қатынас та жасаған. Мәселен, атақты шығыстанушы Григорьев
Балғожа биді жақсы таныған. Кейін оқу бітірген жас Ыбырайдың мемлекеттік қызметке кіріп, өмірден өз орнын табуға да тікелей ықпал жасайтын осы Григорьев екендігін Әнуар Дербісалин талданып отырған еңбегінде айырықша атап көрсетеді. Әнуар Дербісалин өзінің зерттеу нысаны етіп алып отырған кейіпкеріне қатысты көптеген деректер жинастырғанын атап өту керек. Тіпті кейде бір қарағанда маңызы төмен болып көрінетін мәліметтер мен шртихтарды да көңілден қаға беріс қалдырмауға тырысады. Базбір оқырман үшін артық нәрсе сияқты болып көрінгенімен, уақыт өте келе, бұндай жекелеген детальдардың тарих үшін құны арта түсетінін жоққа шығару қиын. Саналы ғұмырын осылайша халқының сауаттылығы мен рухани дамытуға арнады.
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІН ЗЕРТТЕУШІ, ЫБЫРАЙТАНУШЫ-ӘНУАР ЖАҚСЫҒАЛИҰЛЫ ДЕРБІСАЛИННІҢ ТУҒАНЫНА 95 ЖЫЛ
107