Әлімжанов Әнуар — 1930 жылы 12 мамырда бұрынғы Талдықорған облысы, Сарқанд ауданындағы Қарлығаш ауылында туған. Алдымен шешеден, 1941 жылы әкеден жетім қалған ол интернатта, балалар үйінде тәрбиеленіп, білім алған. Жазушы 1993 жылы өмірден өтті.
1949 жылы Лепсі педагогика училищесін, 1954 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөлімін бітірген. Жазушы өзінің журналистік қызметін облыстық «АлмаАтинская правда» газетінен бастаған.
1955 жылы наурыз айынан бастап «Литературная газетаның» Қазақстан бойынша меншікті тілшісі, кейінірек «Ленинская смена» газеті редакторының орынбасары, Қазақстан және Қырғызстан республикалары бойынша «Правда» газетінің тілшісі, «Қазақфильм» студиясының Бас редакторы, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы, республикалық тарихи ескерткіштер мен мәдениетті қорғау жөніндегі Қазақ қоғамы Орталық кеңесі президиумының төрағасы, КСРО Жоғарғы Кеңесі Ұлттар Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды.
Шығармаларын орыс тілінде жазады. Оның алғашқы әңгімелері, очерктері, публицистикалық мақалалары 1952 жылы жариялана бастады. Әнуар Әлімжановтың тақырыбы алуан салалы: қазақ халқының өткен дәуірдегі мүшкіл халі, бүгінгі гүлденген Қазақстан, социализмнің белсенді құрылысшылары, жаңа совет адамдары, халықтар достығы, Азия, Африка елдерінің ұлт азаттығы жолындағы жан қиярлық күресі т.б. Әнуар Әлімжановтың тарихи тақырыпқа жазған шығармаларының идеялық мазмұны бүгінгі күннің талап-тілегімен үндес. Оның романдары, повестері, әңгімелері, очерктері әртүрлі тақырыпта және әлем халықтарының көптеген тілдеріне аударылған. Жазушы өткенге де, бүгінге де тоқталады.
Жазушы Азия және Африка елдері жазушыларымен байланыс жөніндегі комитеттің, Африка халықтарымен достықтың Қазақ Ассоциациясы Президиумының, Африка халықтарымен достықтың Ассоциациясы Басқармасының мүшесі, Қазақ КСР және КСРО Жоғарғы Кеңестерінің депутаты болды.
Қаламгер Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының, Халықаралық Дж. Неру атындағы сыйлықтың лауреаты. Халықаралық Дж. Неру атындағы сыйлықтың лауреаты, «Құрмет Белгісі», Қазақстанның Халық жазушысы, «Халықтар Достығы» ордендерімен марапатталған.
Шығармалары: Белый друг, желтый друг, черный друг. Очерк. А., ҚМКӘБ, 1958; Когда встречаются друзья. Очерк и рассказы, А., ҚМКӘБ, 1959; Вечные корни. Очерки и рассказы, А., ҚМКӘБ, 1960; Пятьдесят тысяч миль по воде и суши. Очерки и рассказы. А., ҚМКӘБ, 1962; Пылающее копье. Очерки и рассказы. А., «Жазушы», 1976; Караван идет к солнцу. Повесть, А., ҚМКӘБ, 1963; Синие горы. Повесть. А., ҚМКӘБ, 1964; Сувенир из Отырара. Повесть А., «Жазушы», 1966; «Мость Карасункара». Повесть. А., «Жазушы», 1969; Стрела Махамбета. Роман. А., «Жазушы», 1969; Гонец. Роман. А., «Жазушы», 1974; Возвращение учителя. Роман. А., «Жазушы», 1978; Избранные в 2х томах. А., «Жазушы», 1979; Көгілдір таулар. Повестер. А., «Жалын», 1982; Дороги людей. Роман. М., «Советский писатель», 1984. Бұл кітаптардың басым көпшілігі Алматыда қазақ тілінде, Мәскеу баспаларында орыс тілінде басылды.
Қазақ баласының санасында ұлттық еркіндік, ұлттық бостандық, ұлттық өркендеу мақсаты қай кезде де болған. Бұрын Кеңес Одағының дәуірінде жеке ұлттық мемлекет болу мүмкіндігі шектелгеннің өзінде, кеудесінде жаны, оты бар қазақ ұлттық ар-намыс ұғымдарын өмірінің биік мұраты етті. Әрине, ол кезде біздің «өреміз» бен «шеңберіміз» негізінен Одақ көлемімен өлшенетін. Одақта белгілі болсаң ғана халықаралық дәрежеге, кеңістікке шыға аласың. Сол Одақ дәрежесінде көріне алған қазақ балаларын еліміз, халқымыз ерекше мақтаныш ететін. Мәскеуде оқып, басқа ұлттар өкілдерімен қатар, не озып жүрсе де, немесе өнер, ғылым, спорт, саясат, тағы басқа тірлік салаларында Одақ дәрежесінде аты аталып, жетістігі мойындалып жүрген азаматтарын халық «ұлттың бетке ұстарлары» деп арқа тұтатын.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов Әнуар Әлімжановқа арнап жазған «Ұлттың бетке ұстар тұлғасы» атты мақаласында:
«Қазақ қоғамының өткен ғасырдың отызыншы жылдарында, одан – Екінші дүниежүзілік соғыс, соғыстан кейінгі елуінші жылдарда «қазақ ұлтшылдығымен күрес» тұсында аяусыз жаншылған рухани еңсесі тек алпысыншы жылдардың жылымығында көтеріле бастады. Рух көтерілуінің негізгі де басты көрсеткіштері өмірге жаңа, жас толқынның келуімен байланысты болды. Олар өздеріне тән тың қимыл-әрекеттерімен, еркін ойлауымен, ізденгіштігімен танылды. Билеуші партияның қазақ тарихын 1917 жылдың Қазан төңкерісінен бастаған саясатын түбегейлі өзгерту ниетін аңғартты. Дәл осындай пиғыл, көзқарасы үшін өздерінің алдындағы аға буынның қыршынынан қиылғанын да олар негізінен біліп келді. Ендігі заман, саясат, билік олардың пікір, ұстанымдарымен тікелей есептесе қоймағанымен, бұрынғыдай ойы озық сұңғылаларын ашықтан ашық жаппай қудалауға бара алмады. Жаңа леп ең алдымен қазақ әдебиетінің жаңа буынының аяқ алысынан сезіле бастады. Қазақ жұртшылығы сол тұста әдебиетте жалт етіп көрінген жаңалықты қалт жібермей оқып, сараптап отыратын. Жаңа буын – жасауы жарасқан керуендей жақсы көрініс-бейне танытты. Қазақстанда қалыптасып, жергілікті биліктен рухани қолдау көрген қазақ әдебиетінің білімді, сауатты жаңа буынының өкілдері Одақ көлемінде де көптеп көріне бастады.
Сол керуеннің көш бастаушы легінде Әнуар Әлімжановтың есімі көп аталып, аты озып жүретін.
Әнуар Әлімжанов – жазғандары, сиясы кебер-кеппесте дегендей, Одақ деңгейінде жарияланып, жолы болған қаламгер. Сол кездегі ең жоғарғы саяси мінбер саналатын «Правданың», ең беделді әдеби басылым – «Литературная газетаның» әуелде Орталық Азияда, кейіннен шетелдердегі белсенді тілшісі болып, рухани салада бұрын-соңды қозғалмаған өзекті мәселелерді көтеріп, қоғамдық пікірге қозғау сала алды. Жазғандары, әсіресе тарихи тақырыпты арқау еткен хикаялары мен романдары қоғамның рухани құндылықтарына жаңа көзқарас қалыптасуына айрықша әсер етті.
Танымал қаламгер тек ой, пікір айтумен шектелмейтін, өзі айтқан ұсыныс, пікірдің жүзеге асып, өміршең болуына қайраткерлік жасайтын. Сондай қайраткерлігінің арқасында Қазақстан Жазушылар одағы оған үлкен сенім көрсетіп, өзінің жетекшісі етіп сайлады. Ол қазақ жазушылары атынан сол кездегі қоғамның ең лауазымды әрі ықпалды құзырлы орындарына мүше болды.
Бірнеше мәрте Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Алайда, ол сол лауазымды орындардың «құрметті» мүшесі болып отырмады, қатардағы қызметкерлеріндей белсене еңбек етті. Соның нәтижесінде ол көрнекті қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілді.
Саяси құрылымның мүшелігінде де, депутаттық мандатын да еліміздің рухани, мәдени өмірінің мүддесін ардақ тұтуға, шығармашылық одақтардың мүддесін қорғауға, бейбітшілік ісін күнделікті сұранысқа айналдырып, оны қамтамасыз етуге, жазушылардың тұрмыс тіршілігіне көмек көрсетуге жұмсады. Қоғамда да, ресми орындарда да беделді болды. Қазақстан Орталық партия комитетінде Әнуар Әлімжановпен әрқашан санасатын. Кезінде Қазақстанның басшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев оның публицистік, журналистік, жазушылық, қайраткерлік еңбегін жоғары бағалады, оның қызметіне үлкен қолдау көрсетті.
Әнуар Әлімжановтың халықаралық деңгейдегі аса маңызды еңбегі Азия мен Африка елдері жазушыларының 1973 жылы Алматыда өткізілген V конференциясымен тығыз байланысты. Екі құрлықтың жазушылары бас қосқан, басқа елдерден меймандар көп қатысқан конференцияның сол кездегі тарихи рухани маңызы ерекше болып еді. Өйткені, бұрын-соңды ондай дәрежеде Алматыда халықаралық басқосу өткізілмеген. Сондықтан да әлемдегі аты әйгілі жазушылардың Алматыға, Қазақстанға келуінің, елді, жерді танып, қазақ жазушыларымен дидарласуының, өзара адами қарым-қатынас, шығармашылық ынтымақ, достық орнатуының қаншалықты рухани байлық болғанын бағалап айту қиын дей аламын. Азия, Африка жазушылары конференциясының Алматыда өткізілуіне республика басшысы Д.А.Қонаев үлкен қамқорлық жасады. Конференция әлемнің рухани өркениетін дамытуға, біздің қоғамдарымызда гуманизмнің тұрақтануына мол үлес қосты. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі басқа елдер Қазақстанды осы Азия, Африка елдерінің сол конференциясы арқылы жаңа, ізгілікті қырынан танитын болды.
Әнуар Әлімжанов қазақ қоғамында Фарабитану ісіне де мол арна ашты. Сол кезде Ағжан Машанов, Ауданбек Көбесов сияқты шығысты зерттеуші қазақ ғалымдарының ұлы жерлесіміз әл-Фарабидің өмірі мен ғылыми еңбектері туралы зерттеулерінің жарыққа шығып қана қоймай, ел арасында, әсіресе көршілес елдерде, бүкіл Кеңес Одағында насихатталып, тарихи деректердің «кіндігі» қазақ топырағына «байлаулы» екендігін дәлелдеуге ықпал етті. Халықаралық ғылыми тарихи тақырыпта жазушылардың басқосуларында әл-Фарабидің қазақ топырағында туғанын, араб елдерінде білім алып, ғылыми еңбектерін сол жақта жариялағанын, зираты сол жерде екенін дәлелдеген мәдени қайраткерлеріміздің алдыңғы легінде де Әнекең жүрді. Ғұламамыздың өмірін суреттеген «Ұстаздың оралуы» атты романы қай-қайсысымызды болсын тебіренткені сөзсіз.
«Әл-Фарабидің қайтып оралуына еңбек сіңірген екі қазақ болса, біреуі – Машанов Ақжан ақсақал, екіншісі біздің Әнуар Әлімжанов. Бүкіл әлем әдебиет қауымының көзін Қазақстанға бұрып келген адам – Әнуәр Әлімжанов. Сол себепті бұл кісінің бүкіл еңбектері ұрпақтарының жадында болуы керек. Ұрпақтар ол кісіні білуі керек және шығармаларын оқып өсуі керек деп айтар едім», – дейді ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.
Ізденімпаз, танымпаз ағамыздың шығармалары ұлттық тарихымызбен, ұлттық мәдени, рухани өсуімізбен астасып жатыр. Олардың көпшілігі нақты тарихи дереккөздерге сүйенген, сондықтан да қоғамдық маңыздылығы басым.
Ә дегеннен орыс тілінде жазатын журналист, жазушы болып танылған Әнуар Әлімжановты орыс әдебиетінің, мәдениетінің көрнекті өкілдері бірден жоғары бағалады, публицистігін, қаламгерлігін мойындады, құрметтеді. Олар оның шығармашылық көшбасшылығын атап айтатын.
Әнуар Әлімжанов Жазушылар одағының бірінші хатшылығы қызметінен кейін едәуір уақыт бос, еркін шығармашылық кеңістігінде жүрді. Сол кезде орыс журналистерінің көбінің оны «Казахстанская правда» газетінің бас редакторлығында көргісі келетіндіктерін айтқаны есімде. Кейбіреулер орыс тіліндегі әдеби журнал «Просторға» бас редактор болса деген пікірлерін де білдірді, бірақ Әнекеңе олай қарай да жол түспеді.
1990 жылы мен Орталық Комитеттің идеология бөліміне меңгеруші болып бекітілдім. Сол жылдың аяғында «Казахстанская правда» газетінің бас редакторының орны босады. Мен ол орынға Әнуар Әлімжановтың кандидатурасын ұсындым. Оның өмірбаяндық анықтамасын Орталық Комитеттің екінші хатшысы В.Ануфриев дегеннің қолына беріп, ұсыныс, пікір, дәлелімді айтып шықтым. Ол үндемей қалған. Әлден уақытта шұғыл шақырады. Кіргенім-ақ сол екен: «Сен түзелмейтін ұлтшыл екенсің! 86-ның желтоқсанынан кейін сені жазалау керек еді! Сен ешнәрсе түсінбепсің! Сен жалғыз орыс газетіне қазақты әрі өз жерлесіңді қалайша ұсындың?!» – деп тарпа бассалды. Ол кезде мен де ашынып жүргем, «іздегенге – сұраған», аянып қалмадым. «Мен сізге жай, кез келген қазақты ұсынбадым. Сізден әлдеқайда жоғары тұрған, білімі мен журналистігін бүкіл орыс журналистері, орыс зиялылары, орыс оқырмандары сыйлайтын, орыс тілін сіз екеумізден жақсы білетін Әнуар Әлімжановты ұсындым. «Жерлес» дегеніңіз не? Ол әлдеқашан бүкіл қазақтың адамы болған», – деп бетінен ала түстім. Сол бойы екеуміз партия тарағанша егесіп, текетіресіп өттік. (Партия тарап, жанымыз қалғаны да рас). Бірақ, ол ақырында билігіне басып, Әлімжановтың кандидатурасын «Казахстанская правдаға» өткізбеді. Әрине, одан Әлімжановтың тәжі де түскен жоқ, абыройы да төмендемеді. Болған әңгімені бірде өзіне айтқанымда: «Оған қобалжыма, мен осылай болатынын білгем», – деп әдетінше сыпайы жымиды да, әңгімені басқа арнаға бұрып жіберді.
Кейінгі уақытта ондай мәселелерге Әнекеңнің өзінің де көзқарасы өзгерді. Дәуірдің жаңа кезеңі басталды. Өмір күн сайын алапат өзгерістерге ұшырап жатты.
Қарапайым, кішіпейіл Әнекең өзінің біреуге жасаған жақсылығын айтпайтын, саудаламайтын. Тіпті есіне де алмайтын. Бәз біреулер сияқты өзінің біреуге қамқорлығына мән де, салмақ та бермейтін, оны өзінің азаматтық парызы деп білетін. Тіпті, өзінің үйреншікті қарым-қатынас іс-әрекеті санайтын.
80-ші жылдардың екінші жартысында қоғамды демократияландыру, жариялылықты өрістету, партияның қасаң қалыптарына жаңа әлеуметтік мазмұн беру тұсында Әнуар Тұрлыбекұлының да жаңа саяси-қоғамдық қайраткерлік белесі басталды. Ол қоғамымызда кенже қалған ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртуға, жандандыруға білек сыбана кірісіп, білімділігін, біліктілігін көрсете атсалысты. Қазақ тілінің мәртебесін көтеруге мемлекеттік мән беру қажеттігін уағыздауға арымай, талмай қатынасты. Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің құзырына Қазақстан депутаттарының делегациясын басқарып барып, ұлтының мүддесін қорғауға басшылық етті.
Одақтың Жоғарғы Кеңесінің соңғы мәжілісін Республика кеңесінің төрағасы болып сайланған Әнуар Әлімжанов бастан-аяқ жүргізді. Көп ұзамай Кеңес Одағының ыдырағаны туралы қаулыға қол қойды.
Тәуелсіз мемлекет болып жарияланып, жас мемлекетімізде жаңа азаматтық қоғам құру ісіне Әнекең жаңа шабыт, жаңа жігермен араласып еді. Ол сол алғашқы жылдары тынымсыз еңбек етті. Тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарын қалыптастыруда біліктілік көрсетіп, «Таң» теледидарын ұйымдастыруға себепші болды. Азаматтық, демократиялық қозғалыстарды қоғамның белсенді күшіне айналдыруға айтарлықтай еңбек сіңірді. БАҚ-та, әртүрлі қоғамдық мінбелерден сөйлеген сөздері көпшіліктің жүрегіне жетіп жатты.
Амал нешік… Тағдырдың Әнекеңе берген уақыты тым қысқа болды. Алайда, Әнуар Тұрлыбекұлы – азаматтық міндет-парызын толық орындап кеткен елдік тұлға. Ол ұрпаққа отаншылдық намыс, жігерін, ұлтының мүддесіне шексіз берілген мінезін, аталы сөзін, том-том шығармаларын мұра етіп қалдырды. Оның бүкіл өмірі – ұлтын сүюдің, елінің рухани санасына қалтықсыз қызмет көрсетудің үлгісі»-деп ой толғайды.
«…Ол ешкімге бас ұрмай өтті, тек әділдікке, ақиқатқа табынып өтті. Оның жазушылық, азаматтық позициясы да осы принциптерден өріліп шықты».
«…Ол қарымды қаламгер еді. «Көгілдір таулар», «Отырар ескерткіші», «Махамбеттің жебесі» сынды қадау-қадау шығармаларын айтпағанда, бір ғана Әбу Насыр әл-Фарабиге арналған «Ұстаздың оралуы» бүкіл қазақ қауымына Фарабиді таныстырып, ұлт мақтанышына айналдырды».
Бұл – жазушы, қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әнуар Әлімжанов турасындағы замандастарының лебізі.
«Әнуар сырттай жұмсақ, кішіпейіл көрінгенімен, жұрттың бәрін бірдей жүрегіне жақындата бермейтін. Көп сыр айтпай, бір-екі ауыз сөзбен шектеліп, сырғақтай беретін. Керісінше, өзіне сан рет қастық жасаған адамдармен артынан дос бола кететін әдеті тағы да болатын. Сол сырқаттанған кезінде оның бұрынғыдай тартпақтамай, маған да ағыл-тегіл сыр ақтарған сәттері болған.
Әнуар ойын қазақша мүдірмей-кідірмей айта алатын. Бірақ қазақ тілінде баяндама жасағанын немесе жиналыс-жиындардың бірінде қазақша көсіле сөйлегенін көрген емеспін. Қазақша жазған мақалаларын да оқығаным жоқ. Оның тұстасы Шыңғыс Айтматов шығармаларын әуелі ана тілінде жазып, артынан орысшаға аударса, немесе, кейбір туындыларын орысшаға өзі аударса, Әлімжанов еңбектері бірден орыс тілінде туатын. Оны қазақшаға өзгелер аударатын.
Тірі кезінде кісінің бағасы білінбейді. Өлгенде ғана оның орны үңірейіп қалады. Қадір қасиеті артынан білінеді. Білінеді де, өкініш өзегіңді өртейді. Онымен тірі кезінде кездескен сәттеріңе мән бермегеніңе өкінесің.
Әнуар өмірден өткенде де осылай болды. Газеттерде жарияланған қазанамаларда оның алпыс төрт жасқа дейін жазған кітаптары, атқарған қызметтері аталды. Сегіз роман мен повесть шығарып, бес әңгімелер мен очерктер жинағын жариялапты».
Әзілхан Нұршайықов
Белгілі жазушы Ғаббас Қабышұлы Әнуар Әлімжановтың 80-ге толған мерейтойына арнап 2018 жылы «Біздің Әнуар» деген атпен жинақ шығарған. Көлемі шағын болғанымен, көтерері ауыр кітап Әнуар Әлімжанов туралы көзқарастардың көкжиегін ашқандай әсер қалдырады:
«Әнуар Әлімжанов – «ақ мылтық» журналист. Ол «Литературная газетаның» белді тілшісі болды, «Қазақ әдебиетінің» редакторы қызметін атқарды. Қазақтан шыққан тұңғыш «халықаралық шолушы» атанды. Жазушы Ахат Жақсыбаевтың сөзімен айтсақ, қысылтаяң кезде Әнекеңнің азаматтық үні естілетін. Қатпары қалың күрделі мәселелерге араласып, елді елең еткізіп, «Әлімжанов жазды» дегізетін. Осы сөзіміздің бір дәлелі ретінде мына әңгімені айта кетуге болады. Қазақтың арда туған азаматы Болатхан Тайжан бірде Әнуар Әлімжановқа Қазақстанға тың игеруге баратын Кеңес Одағының азаматтарына жасалынатын көмек туралы қаулыда қазақ халқының әдейі шеттетілгенін айтады. Мұны естіген Әнекең Бүкілодақтық әдебиет институты өткізген кездесуде арнайы сөйлеп, одан кейін газетке мақала шығарып, жаңағы қаулының нағыз өктемдіктің бір фактісі болғанын, одан қазақ халқы материалдық та, моральдық та орасан зиян шеккенін өткір жазады. Осындай «ұлтшылдығының» кесірінен Әнуар Лениндік сыйлықтан қағылды.
Ол қарымды қаламгер еді. «Көгілдір таулар», «Отырар ескерткіші», «Махамбеттің жебесі» сынды қадау-қадау шығармаларын айтпағанда, бір ғана Әбу Насыр әл-Фараби бабамызға арналған «Ұстаздың оралуы» бүкіл қазақ қауымына Фарабиді таныстырып, ұлт мақтанышына айналдырды. Өзі сапарда болған барлық елдерде ұлы бабамыз туралы лекция оқыды. Мұның өзі қазақты дүниеге таныстырған алғашқы қадамдардың бастауында тұрды.
Ол қарапайым басшы болды. Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшылығынан КСРО Жоғарғы Кеңесі республика кеңесінің төрағалығына дейінгі аралықта талай лауазымды қызметтің тұтқасын ұстады. Бұл туралы Әнекеңнің қаламгер інісі Қалихан Ысқақ: «Әнекең саясатқа да сыя білген, саясатты алдай да білген. Желдің соғуына қарай ескегін әзірлеп отыратын еді. Оның араласпаған ісі жоқ. Керекті де, керексіз де науқандардан тыс қалмай, соның бәрінен де ұлтына қажет бір нәрсені қарпып қалуға тырысты, солардың бәрінен де әлеуметтік мән іздеді» деп салмақты ой айтады. Әнуар Әлімжановтың басшылық қызметте жүргенінде халықаралық деңгейдегі атқарған аса маңызды еңбектерінің бірі – Азия мен Африка елдері жазушыларының 1973 жылы Алматыда өткізілген V конференциясы. Екі құрлықтың қаламгерлерін қасиетті қазақ жерінде жүздестіру кез келген адамның қолынан келе бермесі анық. Дегенмен бұл конференцияны Әнуар абыроймен ұйымдастырды. Қазақ жазушыларын әлемге таныстыруға мұрындық болды.
Әнуар Әлімжановтың ұлттық қайраткер болғаны да бүгінгі ұрпаққа үлгі болуға тиіс. Биыл Қазақ елінің ұйытқы болуымен 30 тамыз – Халықаралық «Ядролық қарудан бас тарту күні» болып жарияланды. Мұндай адамзаттық игілікке қол жеткізуіміздің тарихы әріде жатқанын ұмытпағанымыз абзал. Семей полигонын жабуға Әнуар Тұрлыбекұлы да орасан зор үлес қосты. Бұған оның 1989 жылы, шілденің 17-19-ы күндері, Семей қаласында өткізілген ғылыми-практикалық конференцияда сөйлеген сөзі куә. «Сынау басталған кезде бәрі де бұлыңғыр болды. Не екенін түсіну мүмкін емес-ті. Академик Сайым Балмұханов жаңа айтып өткендей, бұл жерде мыңдаған, миллиондаған тажал жасырын жатыр. Олар жер бетіне шыққанда не күй кешеміз? Біздің бала-немерелеріміз, арғы ұрпақтарымыз ол тажалдан аман қала ала ма? Біз оларға не қалдырмақпыз? Уланған ауа, уланған топырақ, уланған су. Таза қайнарларымызды ластадық, олардың маңын залалды батпақ пен шілікке айналдырдық. Төңірегіміз тажалға толы. Қазақстанның халі, міне, осылайша қатерлі». …«Қалай болғанда да, қаншама қымбатқа түссе де, полигонды жабу керек, әкету керек!»
1990 жылы Ұлыбританияның қауымдар палатасында сөйлеген сөзінде де Әнуар Әлімжанов: «Мен қазақ, қазақтың ұлы ретінде сіздерге мынаны айтуға тиіспін: бұл жарылыстардың бәрі біздің жеріміздің қасиетті өңірінде, біздің бүкіл көркем өнеріміз бен әдебиетіміз әспеттеп келе жатқан Қозы мен Баян махаббаты жайындағы көне дастан туған жерде жасалды. Ол өңір – біздің халқымыз, мәдениетіміз үшін ең қасиетті, киелі жер».
Мұндай батыл пікірлер тек еліне шын берілген егей ерлердің ғана аузынан шығады. Осындай адамзаттық проблеманы қазақтың баласы Әнуар Әлімжанов әлемге әйгіледі. Бірақ сол еңбегі үшін ол ешқашан мақтанған емес. «Бізден бұрын ядролық қауіп туралы Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезов айтты. Біз басталған әңгімені жалғастырушы ғанамыз» деп кішілігін танытты. Өкініштісі, Әнуар Әлімжановтың бұл еңбегі қазірге назардан тыс қалуда. Өйткені елімізде ядролық қаруға қарсы ұйымдастырылған көптеген іс-шараларда оның еңбегі еленбек түгілі, есімі ауызға да алынбады».
Өзбекстан және Тәжікстан Жазушылар одақтарының мүшесі Мухаммад Шодий 2023 жылы Әнуар Әлімжанов туралы жазған «Әнуар Әлімжан тәжік оқырмандары назарында» атты мақаласында:
«Қазақ жазушысы Әнуар Әлімжанов өзбек және тәжік халықтары үшін де белгілі дәрежеде қадірлі еді — Қазақстанмен қатар оның шығармалары басқа елдерде, атап айтқанда, Өзбекстан мен Тәжікстанда үлкен қызығушылықпен оқылатын еді.
Хикаяттарда айтылуынша, тәжікстандық достары: “Аға, неге аты-жөніңіз тәжікше?” деп сұрағанда ол жымиып жауап беретін. Ол: “Өзбек достарымның ойынша аты-фамилиям — өзбекше. Қазақша атым — Әнуарбек. Біз бәріміз бір атаның ұрпақтарымыз” дейтін.
Әнуар Әлімжановтың ең үздік шығармалары өзбек тіліне аударылғанын білеміз. Жақсы шығарма замандар өткенімен қадір-құрметін ешқашан жоғалтпайды. Әнуар Әлімжановтың мәңгілік туындылары да бұған дәлел. Мысалы, 1975 жылы Ғафур Ғұлам атындағы әдебиет және өнер баспасысынан шығарылған жазушының “Махамбеттің найзасы” романы (аудармашылар А.Ваххобов, И.Қучқортоев). 312 беттен тұратын бұл қызықты кітап, бүгін де өз оқырмандарына ие деп айтуымызға болады. Романда қазақ халқының өткені, ерлігі мен жігер-қайраты — азаттық жолындағы күресі мен бастан кешкендері көркем түрде суреттелген. Сондай-ақ жазушы оқырманды қазақ ұлтының дарынды өнерпазы және ержүрек тұлғасы Құрбанғазымен таныстырады. Әсіресе, ақын Махамбеттің жарқын образы оқырман жүрегін өзіне баурайды. Оның қаруы, яғни найзасы — өткір сөз. Өзбек оқырмандары Әнуар Әлімжановтың публицистикалық шығармаларын қазіргі күнде өз ана тілінде сүйіп оқыған.
Қазақ әдебиетінің көрнектісі Әнуар Әлімжановтың “Отырардан жеткен сый”, “Көгілдір таулар”, “Қарасұңқар көпірі”, “Құрманғазының балалық шағы”, сияқты хикаяттары, әсіресе, миллиондаған кітап оқырманының жүрегін иелеген. Кезең әдебиетінің ең жақсы шығармалары қатарында тұрған Әнуар ағаның дерлік барлық шығармасы өз кезінде тәжік тіліне де аударылған. Алматы және Мәскеу қалаларымен қатар ең көп шығармаларым Душанбеде шыққан десем жаңылыспаймын, дейтін ол тәжік достары арасында және қосымша ретінде: “Парсы-тәжік әдебиеті бала кезімнен көңіліме жақын. Бұл әдебиетке болған мейірім кейін ала үлкен махаббатқа айналды. Әр ретте шығармаларым тәжік тілінде шығады екен, болмысымды ерекше сезім билеп алады, дүние көзіме тағы да сұлу әрі көркем көрінеді — бұл менің қасарманым ұлы Рудакидің лирикалық кейіпкері, Фирдаусидің Рүстем және Сиявушындай әлем алыптарымен пара-пар деймін өзіме-өзім. Шынында да, Талдықорған облысы, Қарлығаш ауылында дүниеге келген, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген және “Ақ дос, қара дос, сары дос” шығармаларымен әдебиет әлеміне батыл қадам қойған, өз кезеңінің беделді басылымы болған “Литературная газета” және “Правда” сияқты газеттерде жұмыс жүргізген, “Қазақфильм” киностудиясының бас редакторы ретінде жұмыс істеген, жетпісінші жылдары Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы болған Әнуар Әлімжанов, жоғарыда тілге тиек етілгеніндей, сан алуан шығармаларымен тәжік халқының да сүйікті жазушысына айналған еді.
Әнуар ағаның 1960 жылы Алматыда басылған “Мәңгілік тамырлар” 1963 жылы “Решахои жовид” атымен Душанбеде басылды. 1963 жылы оның ең ірі шығармаларының бірі “Күнге бет алған керуені” жарыққа шықты. 1964 жылы Душанбенің “Ирфон” баспасы бұл қиссаны да тәжік оқырмандарының назарына ұсынды. Аталған шығарма автордың Қазақстан жастары марапатын алуға себеп болды. “Көгілдір таулар” әңгімесі Әнуар ағаның тағы да биікке самғауы еді — аталған еңбегі үшін ол Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы лауреаты болды.
“Отырардан жеткен сый” шығармасын жазып, атақты жазушы әлем кезді, десек жаңылыспаған боламыз. Ол бұл шығарма үшін Халықаралық Неру сыйлығына лайықты деп табылды. Соңын ала “Лотос” Халықаралық марапаты да қазақтың дарынды жазушысына несіп еткен.
1970 жылы басылған тәжік тіліндегі “Утрар армуғони” Әнуар ағаның тәжік оқырманына тағы бір тамаша сыйы болды. Сол жылы Алматыда атақты жазушының “Жамшид айнасы” деген шығармасы баспадан шықты. Ол тәжік қаламгерлеріне былай деді: “Жәмшид айнасы” шығармасын жазар екен, парсы-тәжік әдебиеті ғұламаларынан медет тіледім. Олардың рухы қолдап-қуаттаған сияқты, шығармам ойымдағыдай жарыққа шықты, менің ойымша”.
“Махамбеттің найзасы” — тарихи туынды. Романды оқыған оқырман қазақ тарихымен қатар аймақта, сондай-ақ Азия мен Африкада өмір сүріп жатқан түрлі халықтардың тарихымен, бастан өткен ауыр сәттерімен, бостандық жолындағы күресімен де белгілі дәрежеде танысады. Тәжік оқырманы бұл ғажайып романды да өз уақытында әрі өз ана тілінде оқып, қазақ жазушысының шеберлігін мойындады, олардың қайғы-дертіне серік болды.
Әнуар Әлімжанов тәжік елінде өтетін рухани-ағарту шараларына белсене қатысып, Тәжікстан Жазушылар одағы пленумдарының, тәжік жазушылары мерейтойларының құрметті қонағы болып, мазмұнды баяндамалар жасады. Өзі негізінен орыс тілінде жазатын, тәжік жазушыларының еңбектерін орыс тіліне аудару мен орталық басылымдарда жариялау жұмыстарының басы-қасында болатын. Садриддин Айни, Мырза Тұрсынзада, Фазлиддин Мухаммадиев сияқты тәжік жазушылар туралы орталық газеттерде мақалалар жариялап, тәжік әдебиетін насихаттауда белсенділік танытатын еді.
Әнуар аға мен тәжік ақыны Мумин Қаноат арасындағы бауырластық екі ел арасындағы байланыстардың алтын көпірі болған, деп жазған екі заңғар жазушының замандастары. Әнуар ағаға арнап жазған М.Қаноаттың әйгілі бір өлеңінде де бауырластардың шынайы қарым-қатынасы айқындалып тұрады.
Атақты жазушы, публицист және қоғам қайраткері, қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы Әнуар Әлімжанов 63 жасында қайтыс болған. Ол тәжік әдебиетінің жанашыр нағыз досы ретінде де жүрегімізде, жадымызда мәңгі жасайды»-деп бар құрметін білдіреді.
Жалпы, Әнуар әлемі бүгінгі ұрпаққа еңбекқорлығымен, батылдығымен, қайсарлығымен қымбат. Оның азаматтық ұстанымдары кезінде тек Одақ көлемінде ғана емес, Халықаралық деңгейде әйгіленді. Талай тартысты жиындарда қазақтың даңқын аспандатты. Қарапайымдылығымен, кішіпейілділігімен еліне сыйлы болды. Ендігі біздің міндет Әнуар мұрасын танып-таразылап, ұрпақ кәдесіне жарату.