Home Жаңалықтар БИЫЛ АҚЫН ЖҰМАТАЙ ЖАҚЫПБАЕВТЫҢ ТУҒАНЫНА 80 ЖЫЛ

БИЫЛ АҚЫН ЖҰМАТАЙ ЖАҚЫПБАЕВТЫҢ ТУҒАНЫНА 80 ЖЫЛ

Daismedia.kz

Жұматай Жақыпбаев (1945—1990) — Алматы облысы, Талдықорған ауданындағы Ешкіөлмес ауылында туған. Еңбек жолын кітапхана меңгерушісі болып бастаған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

Талдықорған облыстық «Октябрь туы» газетінде, облыстық радиода және «Жалын» альманахында поэзия бөлімінің редакторы, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болды. Алматы қаласы көшелерінің біріне есімі берілген.

Жұматай Жақыпбаев көзі тірісінде-ақ замандастарының, ағаларының құрметіне ие болған бақытты ақын.
Жас кезінде оған Тұманбай Молдағалиев: «Жұматай! Сен қазақтың болашақ ұлы ақындарының бірісің!» – десе, Олжас Сүлейменов: «Жуматай – истинный и даже редкий поэт!» – деп үлкен баға берген. Өзара сырлас досы болған Асқар Сүлейменов: «Оның өлеңдері табиғи бітімі, концепциялық айшықты ойы жағынан да ұлттық поэзиямыздың айтулы олжасы, оқшау құбылысы. Әр шығармасы шыңыраудан су шығарғандай көрінеді», – деп таңданған екен.

Ал бүгінгі ұрпақ поэзия патшалығының лайықты тұрғыны бола білген Жұматай Сағадиұлының «Саратан», «Ләйлә», «Шұғынық гүл төркіні» және қайтыс болғаннан кейін жарық көрген «Көктемгі хаттар» сынды өлең жинақтарын сүйсініп оқиды.
Жұматай ақын көзі тірісінде-ақ замандастарының, аға буынның ерекше құрметіне ие болған. Ол итальян ақыны Ф.Петрарканың Лаурасы сынды қазақ өлеңіне музасы «Ләйләні» ескерткіш қып қалдырды. Ғұмыр бойы Ләйләні жырға қосқан ақынның туғанына биыл 80 жыл толып отыр.

Поэзия – өмірдің әрі мен нәрі. Ол – сәбидің күнәсіз ажары, жарқын жанары, күміс күлкісі, жанды қуанышы секілді құндылық. Қатқылдау суреттеуге барсақ қайраты қайнардай балғын жігіттің отты көзі, ерен ерлігі, тентек тегеуріні, аспан мен жерді жалынды құшағына сыйдырмақ болған, өмірдің уы мен балын бір-ақ рет сарқа сімірмек болған тойымсыз талабы.

Тіптен поэзия жайында нақты бір тұжырымды ой айту қиын. Өйткені ол бір емес, мыңдаған болмыстың жиынтығы. Олай дейтініміз, оның бойында әуен де, сыр да, мұң да, қуаныш та, жалпы адам баласына тән барлық қасиет атаулысы бар.

Табиғаты бөлек, жаратылысынан сұңғыла, туабітті тектілігі бар, жүріс-тұрыс, бітім-болмысымен баяғының сал-серілеріне ұқсап туған Жұматай Жақыпбаев ерекше ақын еді.

Ақын – Алланың ең нәзік жаратылысы. Өзгелер ұқпағанды түйсініп, басқалар сезбегенді терең қабылдай білетін, жүрек қылын тек ізгілікке шерткізетін де солар. Сондықтан бәзбіреулерден артық қайғырып-мұңаятын, көңілсіздік аралына жиі соқтығып, «жан қайығын жарға ұрғандай» күй кешетін кездері де бар. Бұл – кемшілік емес, артықшылық. Бірақ ақын мұңы өзгерек:
Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде,
Көп кещеге қай бетіммен кектенем?
Бізге бақтың қолы бүгін жетер ме
Мұқағали, Төлегенге жетпеген, – деп жырлап өткен.
Қай ақын болмасын өз елін шексіз сүю үшін ең алдымен туған жеріне деген сүйіспеншілігі шексіз болуы шарт. Жалқыдан жалпыға көшкенде ғана сезімдер өміршең келмек. Отанға сүйіспеншілік те туған жердің жасыл шалғынын жырлаудан бастау алмақ.

Жұматай поэзиясы -тіршіліктің ұдайғы сұлу қозғалысы іспетті серпінді, ықшам, әсерлі, нәрлі, қызу, қымбат. Ақын Ибрагим Исаев Жұматай шайырдың поэзиясына: “Сырқат жүректі сауықтыратын жырлар” деп орынды баға берген. Қазақ өнерінің көгінде аққан жұлдыздай жарқырап өте шыққан дара дарын иесі, ақын, Жұматай Жақыпбаевтың шығармашылығы ұрпаққа өнеге. Ақын қаламының қасиетімен, сөзінің құдіретімен, нәзік, терең лирикалық өлеңдерімен, қазақ әдебиетінде өшпес өнегелі із қалдырды.

Саналы ғұмырын поэзия көгінде қалықтауға арнаған ақын тірісінде лайықты бағасын ала алмаса да, бүгінде өз биігінен орын тепті. Қазақ поэзиясының тарихындағы көрнекті ақын Жұматай Жақыпбаев – жаратылысы тұнық, таза бұлақтай мөлдір жан, адам баласына деген мейір тұнған болмысы пендешілік, бықсық мінезден ада. Ақын өз шығармаларында қазақ азаматтарының арлылығын, адалдығын аңсады.

Жұматай Жақыпбаев сомдаған лирикалық қаһарманның ой-толғамы, мақсат-мұраттары көп мәселеде қоршаған ортадан өзгеше және озық. Ақын өлеңдерінде ерекше орын алған тақырыптың бірі –туған жер. Көркемдігімен көз тартар сұлу Сарноқай тауының етегіндегі ауыл қаламгердің эстетикалық идеялына айналған. Ол кіндік қаны тамған туған жерге деген шексіз махаббатын Сарноқай бейнесі арқылы жеткізеді. Жұматай жырларының нақты оқырманы Сарноқай тауын сауық ордасы, әсіресе, ат бәйгесі өтетін кеңістік ретінде қабылдайды. Олай болатыны ақын өлеңдерінде бұл тұрақты сарынға айналған көрініс.

Сауыққой жұрттың тұрағы,
Сарноқай деген тауыңда.
Ай сайын той боп тұрады,
Аспандап кеткен ауылда.
Сақтасын еске естіген,
Сақалсыз қазір даңқы бар.
Сарноқай таудың ескіден,
Сақталған қызық салты бар – дейді ақын «Арман» өлеңінде. Ж.Жақыпбаев бұл мекенге арнаған Сарноқайға сәлемдеме атты үш өлеңінен тұратын жыр шоғыры да бар.

Автор өзінің бозбала шағындағы қымбат қасиеттерін Сарноқайдан ажырағандықтан жоғалтып алғандай, оның бәрі сол жұртта қалғандай етіп жырға қосады. Ақын дәріптеген осынау қасиетті мекен жоғарыда айтылғандай, бәйге дүбіріне толы кейіпте көрсетіліп, бейне бір думанға, шаттыққа толы жастық шақ базарының символындай биікке көтеріле жырланады. Ол халқымыздың өткен өміріндегі тұрмыс суреттерін, сал-серілер өміріне қатысты шындықпен байланыстырып отырады және сол арқылы өткен шаққа деген сағынышы, туған жерге деген махаббаты танылады.

Ж.Жақыпбаев шығармаларында көп кездесетін пейзаждық лирика түрлерінің дені туған жер тақырыбына арналған. Оның өлеңдеріндегі лирикалық кейіпкер санасы мен табиғат суреттерінің астасып кететін тұстары көп. Ж.Жақыпбаетың шығарма мазмұнын көркем пішінге көшіру барысында көріктеу құралдарына негіз боларлық өмірлік материалдарды табиғаттан қапысыз екшеп ала білетіндігінің ең үлкен айғағы оның – пейзаждық лирикасы деп білеміз.

Жұматай Жақыпбаев ғұмыр бойы жырлап өткен музасы Ләйласын өмірінде 3 рет қана көрген. Ол алғаш рет Ләйләні би кешінде көрген. Екінші рет оны КазМУ қалашығанын сырттай көріп қалған. Ләйләнің жанында бөтен жігіт тұрғанын көріп, жақындауға бата алмаған. Ал, үшінші рет ауылда көрген. Мәскеуге оқуға кеткен Ләйлә елге оралғанда сыртынан ғана көріп, көз тартар сұлулығына тәнті болған деседі.

Жұматайдың шын азан шақырып қойылған есімі – Жұмағұл-Шора. Бұл туралы өзі бір жырында айтады:
«Жұмағұл – Шора – азан сап қойылғаны,
Мейірімін шешем қосып ойындағы.
Жұматай деп атады. Кейін қыздар,
Осы атты керемет деп мойындады».

Ақынның көзі тірісінде «Саратан», «Ләйлә», «Шұғынық гүл төркіні» деген үш жинағы жарық көрді. Кейін ол дүниеден өткен соң «Көктемгі хаттар», «Ләйлә», «Кенежирен» деген жыр жинақтары әртүрлі баспалардан шықты.

Ақын өзінен кейінгілерге аға болып, бір топ жас ақындардың басын қосып «Жұматайдың қағанатын» құрады. Қағанатта Әбубәкір Қайран, Есенқұл Жақыпбек, Светқали Нұржан, Гүлнәр Салықбай, Темірғали Көпбаев, т.б. ақындар болған. Ақын Мейірхан Ақдәулет «илхан» шеніне, мәдениеттанушы Әуесхан Қодан «гоан» шеніне тағайындалған.

Жұматайдың өмірдегі жары – ақын Зайда Елғондинова. Ол да – ақын. Зайда ақынның «Қырдың қызыл реңі», «Қандай сұлу таң еді», «Менің ғасырым», «Сәуір шуағы», «Мұнар мен гүл» жыр жинақтары, «Зайдағұмыр» өлеңдер жинағы (2002), «Махаббат пен мұң» поэтикалық новеллалар жинағы (2003) жарық көрген. Жұматай Жақыпбаев туралы «Менің ертегім» және «Мың екінші түн» атты кітаптар жазған.

Ол 1967 жылы ҚазМУ-ді бітірген соң Талдықорған облысының «Октябрь туы» газетінде жұмыс істейді. Кейін Талдықорған облыстық радиосы мен «Жалын» баспасында журналист болады. Қазақстан Жазушылар одағында да қызмет атқарған.

Ақын Жұматай Жақыпбаев «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, бір бойына бірнеше өнер қонған дарынды азмат болған. Оны замандастары мықты боксшы, күйші, атбегі, көкбаршы ретінде біледі.

Негізінен Жұматай – оқымысты ақын. Сол себепті, оның өлеңдерін қаймана қазақ түсіне бермеуі мүмкін. Тек тарих пен философиядан сусындап даралар мағынасына тереңдер өлеңдері бір елдің мұрасындай құнды келетіні де сондықтан.
«Ақын боламын, сенің атағыңды әлемге шығарамын, Ләйлә!» Сүйген жүректің сертіндей болған бұл сөздерді Жұматай айнаға қарап тұрып айтқан екен.
Жұматайдың Ләйләсін естімеген адам елде жоқ шығар. Алайда, осы бір аңызға айналған махаббат иелерінің өмірде, бар болғаны, үш-ақ мәрте кездескенін біреу біліп, біреу білмес.

Неміс қаламгері И.Бехер лирик ақынды “өзін-өзі бейнелеуші адам. Оның өзі – өз лирикасының кейіпкері” [1.388б.] – дейді. Жұматай ақын да өзінің лирикасында ішкі жан дүниесін бейнелеп, өзі лирикалық кейіпкер ретінде танылады. Ж.Жақыпбаевтың өміріне қатысты деректерді көбіне ақынның жұбайы З.Елғодинованың естеліктерінен аламыз. Солардың бірінде:»Тағдыр оларды қоспайды, сөйтіп ақынның мұңы қалыңдай береді. Ақыры Жұматайдың лирикалық кейіпкері оның әлеуметтік астарлы өлеңдеріне көшеді. Енді ақын, заман, қоғам туралы жырларында да сүйген қызы Ләйләнің образын алады. Өмірдегі барлық қуанышына да, қайғы-қасіретіне де Ләйләні ойша ортақтастырып отырады» [2.38б.] – дейді ақын жары, белгілі қаламгер З.Елғондинова өзінің естелігінде.
Демек ақын өміріне қатысты деректер, оның шығармашылық әрекетінің іздерін, бірінші кезекте, Ләйләға арналған, немесе Ләйлә бейнесі сомдалған өлеңдерден іздеген дұрыс. Жұматай Ләйләні жырлауымен, әдебиет тарихында Лаура бейнесін қалдырған итальян ақыны Ф.Петраркаға ұқсайды. Бір бейнені мұнша беріле, үздіксіз, өле-өлгенше жырлау әлем әдебиетінде сирек кездесетін құбылыс болғандықтан да, Жұматайдың Ләйләсі бірден Лаура бейнесін көзге елестетеді. Бұл сырттай ғана ұқсастық емес, ақын және оның сүйіктісінің бір-біріне қатысты тағдыры және оларды бейнелеуі жағынан да ол екеуі туыстасып отырады. 
Петрарка мен Лаураның өмірлік байланысы жөнінде оның өмірін зерттеушілер мынадай пікір айтады: “1327 жылы 6 сәуірде әулие Клара шіркеуінде Петрарка әлем мәдениеті тарихына Лаура деген атпен кірген әйелді кездестіреді. Шамасы, біз оның кім болғанын ешқашан анықтай алмасақ керек. Бірақ Лаураның өмірде болғанына және шындығында Петрарканың оны сүйгендігене күмәнданудың қажеті жоқ. Бұл махаббат оның бүкіл өміріне серік болды [3.49б.]. Енді Жұматай мен Ләйләнің өмірлік байланысы жөнінде ақын жары З.Елғондинованың естелігіне үңілейік: “Жұматай Ләйләмен 1961-62 жылдары Талдықорған қаласында би кешінде ең бірінші рет кездеседі.
Талдықорған қаласындағы мал дәрігерлік техникумның жатақханасында би кеші өтіп жатады. Жұматай екі қолын қалтасына салып билеп жатқан жастарға қарап тұрады. Кенет есік ашылып бір топ қыздар мен жігіттер сау етіп кіреді. Ортасындағы жүзі аса нұрлы қыз Жұматайға көз тоқтатып биге шақырады. Ол кезде бокспен айналысып, “жергілікті чемпион” атанып жүрген Жұматай биге шығуды ерсі көреді. Жігіттің өзіне көз тоқтатып қарамай, ілтипатына ілтипатпен жауап бермегеніне намыстанған қыз мойнындағы алқызыл шарфын жұлып алып, Жұматайдың аяғына лақтырып жібереді. – Егер ол менікі болмаса, мен өмір сүрмеймін, – деп орысша сөйлеп, есіктен шыға жөнеледі.
Сонда барып есін жиған Жұматай селк ете қалады. Бұл ерте көктем кезі болса керек. Сол күннен бастап Ләйлә Жұматайдың сыртынан бағып, оқ бойы жерден ғана бас изеп амандасып жүреді. Кейін Жұматай Алматыға келіп, КазГУ-дің филфагына оқуға түседі. Жұматай өте сұлу болған. Оған өте көп қыздар ғашық болады. Ләйлә Жұматайды Алматыға да іздеп келеді. Ол келгенде Жұматай бір топ қыздардың жанында тұрады. Ләйлә бата алмайды, алыстан көзімен амандасып өте шығады. Үшінші рет жазда, жазғы демалыс кезінде Жұматайды ауылына іздеп келеді. Онда Жұматайдың шашын алдырып тастап, ат жаратып жүрген кезі екен. Ләйлә Мәскеуде оқып жүрсе керек. Жұматайдың немере інісінен сәлем айтып, келе жатқанын білдіріп, күтіп алсын дейді. Бірақ Жұматай шашын алдырып тастаған кейпінен ұялып, Ләйләны өтіп бара жатқанда тек терезеден ғана көреді. Бар-жоғы үш рет көрген қызға ақын өмір бойы ғашық болады. Петрарка шығармашылығын зерттеген Н.И.Девятайкина мынадай ой айтады: “Ақын Лаураны табиғат аясында көрген сәттерін бақытты кез ретінде жиі бейнелейді. Лаура табиғатпен келісімді байланыста болғаны, оның ең көркем бөлігіне айналғаны сонша-лықты, шөптер, төбелер, шыңдар, жұлдыздар онымен мақтанады және онымен бақытты, донна олардың орта-сында болғанда, оның демі “төбешіктерге, талдарға, шалғынға жан бітіреді” масайраған, шат-шадыман шөптер” оның жүрер жолына төселеді, басқан ізін махаббатпен сақтайды [4.93б.]. Жұматайдағы төмендегі шумақтар да Ләйләні табиғатпен астастырып жіберіп тұр: Ешкімге сенен бұрылмай,Мен сенің нәзік өңіңнен.Алтынның құйттай нұрындайҒажайып бір нәр көріп ем [5.248б.] немесе Жұтқызбаған жұпарын жалбыз едіңЖалбыз едің, жанымның жалғызы едің,Кербез күшпен келдің де билеп алдың,Келбетіңмен кеудемнің жанды жерін [5.250б.]. немесе Алдымнан менің жасыл тау, қызыл таң күлген,Өспірім күнім, тәуелсіз, тентек шағымда.Қаратал жақта бетпе-бет келіп қалдым менБиқасап киген бетінде мең бар сағымға [5.251б.] немесе Көк сиқырын бүгін бір сәт аймағымКөрсеткен соң, ұмыттым да қайғы әнінКемпірқосақ тұрған тұсты нұсқадым: “Анау тұрған әпкесі, деп Ләйләнің” [5. 252б.] Италияның ұлы ақыны Петрарка Лаураны өмір бойы сүйген, өмір бойы жырлаған екен. Лаура оған күндіз көшеде келе жатқан кезінде үш рет көзіне елестеген. Ең соңғы рет ол Лаураның табытта жатқанын көрген. Кейін Лаураның дүниеден өткенін естіген соң, көзі ашық көшеде келе жатып, Лаураның табытын көрген күні – Лаураның өлген күні екенін анықтаған. Сол сияқты Жұматай да өмір бойы өзінің идеясына адал болды. Өмір бойы Ләйләні сүйді, Ләйләны жырлады” [6.58б.]. Жұматай өмірінде Ләйләға қатысты таңғажайып оқиғалар аз болмаған сияқты. Мәселен, “Айтамын жанның басқа әнін…” деп басталатын өлеңіндегі Ләйләға арнап жазылған өлеңнің отқа тасталған сәтінде “Ләйлә” деген сөздің жанбай қалуының өмірде болған оқиға екенін ақын жары растайды [7.58б.]. Жүректен өшпей қалғандай,Отқа да жанбай қойды атың [5. 259б.], – деп ой түйеді ақын бұл оқиғадан.
 Ақын мен сүйіктісінің өмірлік байланысы осыншалықты ұқсас болғандықтан оның шығармадағы көрінісі де солай болуы тиіс. “Петрарка өзінің махаббатының өмірде болғандығын баса көрсетті, өйткені Лаура шындығында өмірде болған”, – дейді Р.И.Хлодовский [3.157б.]. Ал Жұматайдың Ләйләға арнаған өлеңдерінде жоғарыдағы З.Елғондинованың естелігінде айтылған өмір шындығының іздері сайрап жатыр және ақын оның өмірде болғандығын айқын көрсеткісі келген ниеті сезіліп отырады.

Тек бір айырмашылығы – Петрарканың Лаураға арнаған “Өлең кітабында” (“Книга песен”) “ешқандай оқиға, ешқандай фабула” [3.157б.] болмаса, Жұматай өлеңдері түрлі өмірлік оқиғалардың көрінісі, соның нәтижесі ретінде жазылған. Барлығын саралай келе Ж.Жақыпбаевтың махаббат лирикасынан қазақ поэзиясына тән басты мынандай белгілерді табуға болады:- Ақын өлеңдерін қабылдау кезіндегі әсерлілік факторлары автордың жеке басына тән психологиялық-дүниетанымдық көзқарасынан, эстетикалық талғамынан туындаған; — Ж.Жақыпбаев өлеңдерінің эстетикалық қуатын арттырушы негізгі факторлардың бірі – оның өлеңдеріндегі философиялық бастаулар; — Белгілі бір өмірлік тұлғаны махаббат лирикасының объектісі етіп алып, оны идеал дәрежесінде жырлау тұрғысынан Ж.Жақыпбаев өлеңдері әрі батыстық, әрі шығыстық поэзиямен туыстасады; — Ж.Жақыпбаев лирикасындағы көркемдік тәсілдер батыстық поэзия өрнектерімен сабақтасса, әуезділік, өлең өлшемі, ырғақ тұрғысынан шығыстық поэзиямен көбірек байланысады; — Ақын туындыларындағы тақырыптық және эмоциялық көпқырлылық – оның суреткерлік шеберлігінің көрінісі; — Ақын өмірбаянына тән аңыздық сипат оның лирикасына деген оқырман ынтасын туғызушы басты фактордың бірі; Белгілі ақын, аудармашы Әуезхан Қодардың тілімен қорытындыласақ: «…мен ол кісінің өлеңдерін алғашқы оқығанымда французша жазылған ба деп қалдым. Өйткені Бодлер, Верлен, Ремболардың декаденттік исі аңқып тұрды. Енді бір оқысам, өмір ләззаты мен махаббат ізетін дәріптейтін шығыс шайыры жазғандай болды. Енді бір қарасам, тегеурінді жыраулық рухы костюмін жарып жіберердей, психогенетикада зерттеле қоймаған тұңғиықтарға жетеледі. Ал егер де әзілсіз айтатын болсақ, мен Жұматайды қазақ поэзиясына тың да соны формалық жетістіктер енгізген, ойнақы интеллектуалдық әкелген советтік дәуірдің провинциализмінен, кең құлаш эпостық дүниетанымын биік мәдениетімен жеңе білген, идиллиядан трагедиялық деңгейге дейін көтерілген лирик – ақын деп түсінемін. Ең ғажабы, ол лирик болғанда, жырау – лирик. Оның ең нәзік сезімдері – жыраулық дәстүрдің айнымас қасиеті елсүйгіштік сезімінен туындайды. [8.65б.]» Жұматай – осы қасиетімен дара.

Жұматай Жақыпбаевты өлеңінен бөліп алып қарай алмаймыз. Өзі қандай мінезге бай, мейірімді, әдемі болса, жырлары да сондай. Мен өз басым Жұматай жырларының мынадай қасиеттерін бөле-жара атар едім: Оның өлеңдерінің ә дегеннен көзге түсетіні – айрықша көркемдігі. Мәселен, басқамыздың өлеңімізді ақ-қара түсті теледидарға теңесек, Жұматай Жақыпбаевтың жырлары түрлі түсті теледидар тәрізді болып келеді», – деген еді қазақтың ғажайып ақыны Қайрат Әлімбек Жұматай хақында. Біз де туған жерінің тасы болып қаланып, түп жусаны болып жұпар аңқытқанды қалайтын жыр қағаны тұрғысында осыған ұқсас ой қорытқымыз келеді. Қазақ әдебиетіндегі кейбір ақын жырлары ақ-қарасы басым шөлдің не қыс мезгіліндегі табиғаттай болса, Жұматай жырлары жазғы таудың табиғатына ұқсас. Өзені тасып, манаты мен мәуіті мүлгіп, шұғасы шылқып жататын. Жазғы таудың шыңында да мәңгілік мұздақ бар ғой, жырында аппақ, суық леп те байқалады. Сондықтан да ақын жыры табиғатпен үндесіп, қабысып кеткен…

You may also like

Leave a Comment