Home Жаңалықтар МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРІ, АҚЫН ЖҰБАН МОЛДАҒАЛИЕВТІҢ ТУҒАНЫНА БИЫЛ 105 ЖЫЛ ТОЛАДЫ

МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРІ, АҚЫН ЖҰБАН МОЛДАҒАЛИЕВТІҢ ТУҒАНЫНА БИЫЛ 105 ЖЫЛ ТОЛАДЫ

Daismedia.kz

Жұбан Молдағалиев — ХХ ғасырдың екінші жартсындағы қазақ совет әдебиетінің, қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі, қазақ әдебиетінің дамуына қомақты үлесін қосқан әдебиет ісінің ұйымдастырушысы, мемлекеттік қайраткер. Биыл ақынның туғанына — 105 жыл.

Қаламгер 1920 жылдың 5-қыркүйегінде қазіргі Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданы Жыланды ауылында жарық дүние есігін ашты. Әкесі жастайынан қайтыс болып, анасы Зәріптің тәрбиесінде өседі. Өз ауылындағы мектепте білім алады.

«Мен 1920 жылы Орал облысы қазіргі Тайпақ ауданындағы Жыланды деген жерде дүниеге келдім. Көктемде көз-жасындай сығып шығарып, жыланып, жысырап ағатын, жазда кеуіп қалатын «Жылан» деген өзен сымақты көз алдыңызға келтіріңіз. Осыған қарап менің руластырымның қалай тіршілік еткенін шамалауға болады. Бір жұтым су үшін жасағанға жалбарынып, сол үшін шын мағынасында алысып өтіпті. Мұң-мұқтаждық жағынан менің әкем Молдағали да кемде қалмаса керек. Ол жарлы, жуас, момын, кісі болыпты», — дейді ақын өз естелігінде.

Анасының жастайынан берген тәрбиесі болашақ ақынның әдебиетке әуестенуіне әсер етеді.
«Өлең-жырға ерте әуестендім. Жас кезімде ақын атанып, айтыстарға түскен аяулы анам кейін жесір қалып, сәл қолы босай қалса, мені алдына алып отыратын. Ол өз-өзінен күңіреніп, өлеңмен сыр шертетін, шер тарқататын. Қазақ эпосының көптеген шығармасын жатқа білетін анам мені шын мәнінде өлеңмен ауыздандырды. Кейін мен мұны талай-талай еске алғаным бар», — дейді ол.

Ол Оралдағы ауыл шаруашылық техникумында оқи жүріп, қаладағы әдебиет үйірмелерінің жұмысына белсенді қатысты. 1939 жылы «Комсомол ұрпағы» атты облыстық жастар газетінде оның «Ленин тірі» деген тұңғыш өлеңі де жарық көрді.

1940 жылы Жұбан міндетті әскери қызметке шақырылады. Бір жылдан соң сұрапыл соғысқа араласады. Осылайша, ақынның шығармашылық өмірі майдан жағдайында өтеді.

«1940 жылы армия қатарына алынғанда екі-үш дәптер өлеңімді жәшік түбіне салып, ала кеттім. Олар Отан соғысының алғашқы күндерінің бірінде өртке оранды. Әрине, олар бір әдеби мұра болғандай дүниелер еді демек емеспін. Тек өлеңге қашан, қалай келгенімді сипаттайтын нәрселер болатын. Сөйтсе де, олар маған соғыста «қаза тапқан» өлеңдер боп көрінеді. 1941 жылы 22 маусымда таңғы төртте советтер елінің батыс шекарасында соғыспен бетпе бет жүздестім. Әрине, ол күндері өлең емес, бас қайғы болды», — дейді Жұбан Молдағалиев ағынан жарылып.

Жұбан Молдағалиев 1941 жылы 22 маусымда таңғы төртте советтер елінің батыс шекарасында 28 танк дивизиясының 28 гаубицалық артилерия полкінің батарея комисарының орынбасары қызметінде соғыспен бетпе бет жүздесті, содан әскерден 1947 жылы ғана босайды.

Зеңбірекші, артиллерия батареясының комиссары, 2 –інші Беларус майданында қазақ тілінде шыққан «Майдан шындығы» газетінің тілшісі. Майдан жылдары белгілі орыс ақын — жазушылары: Александр Исбах, Михаил Матусовский, Борис Бялик және майдандық редакцияларды басқарған: Сергей Михалков, Михаил Светлов, Степан Щипачевтермен, бертін келе ақын Римма Казакова, башқұрт ақыны Мұстай Кәрім, атақты Расұл Ғамзатовпен танысады, олардың ортасында көп жылдарға созылған қарым –қатынастар орнайды.

Ақын өз естелігінде шығармашылық жолына қалай оралғынан былайша есіне алады:
«Батарея комиссары болып қызмет істеп жүргенімде ойда-жоқта майдандық «За родину» газетінің жанынан ашылып жатқан «Отан үшін» қазақ газетіне жіберілдім. Сөйтіп, сөніп бара жатқан ақындық үміт қайта тұтанды».

Қаламгер жауға қарсы сұрапыл соғыстың ауыртпалығын бастан кеше жүріп, «Отан үшін», «Майдан ақиқаты», «Жеңіс туы» атты майдан газеттерінде қызмет істейді, өлеңдерін жариялайды.

Молдағалиев майдан газетінде жұмыс істеп жүргенде орыстың белгілі ақын-жазушыларымен әрі журналистерімен танысады. Олардың ішінде Александр Исбах, Михаил Матусовский, Борис Бялик, Михаил Светлов, Сергей Михалков, Степан Щипачев бар. Бұған қоса, ол «Отан үшін» (кейін «Майдан ақиқаты») газетінің редакциясында қаламгер ақын Сағынғали Сейітов, журналист Ахмет Елшібековпен қызметтес болады.

«Соғыс соңында қазақтың қуатты ақындарының бірі Қалижан Бекхожинмен кездесіп, бірнеше қуанышты күнді бірге өткіздік», — дейді Молдағалиев өз естелігінде.

1943 жылдың қарашасында Жұбан Молдағалиев арнаулы тапсырмамен Алматыға келеді. «Отан үшін» атты майдандық газетте басылған «Қазақ» деген өлеңін өзімен бірге ала келеді. Өзі сияқты соғыстан уақытша келген жазушы, ақын Әбу Сәрсенбаевпен кездеседі. Ол өлеңмен танысып, ақынды Жазушылар одағына апарады, әрі туындыны Сәбит Мұқанов алдында оқиды.
Өлең ақырында радиодан беріліп, «Социалистік Қазақстан» газетінде басылады. Алайда өлең коммунистік идеология талабына сай келмей, 35 жыл бойы еш жерде басылмай, ақын жинағына да кірмейді. Бұл туынды тек 1979 жылы шыққан үш томдыққа енеді. 1949 жылы оның «Жеңіс жырлары» атты тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрді.

Бұл кезде Жұбан 29 жаста еді. Алғашқы өлеңдер жинағы оның өз ауқымынан алыстап, өскенін көрсетті. Оның үстіне оқ пен оттың жырларын бастан кешті. Бұл жай ақынды бірден есейтіп, әлеуметтік, саяси құлашы кең поэзияға бағыттады.

Қалам үшкірлігі әлі де жастықты аңғартса, айтып отырған пікірі – өлім мен өмір арпалысындағы жанның ойын, көңілін сездіреді. 1942-45 жылдары жазылған «Отан», «Бір бассаң да алға бас», «Туған елге», «Қазақ», «Шығыста туған елім бар», «Жеңімпаздар сәлемі» атты өлеңдерден осы жағдайды аңғарамыз.

Кейін Жұбан Молдағалиев «Қызыл галстук» (1949), «Нұрлы жол» (1951), «Бастаушымыз партия» (1954), «Жыр туралы жыр» (1957), «Заман тынысы» (1960), «Жесір тағдыры» (1962), «Ғашық көзбен» (1964), «Мен қазақпын» (1965) тағы басқа кітаптарын жариялады.

Соғыстан кейінгі жылдары Жұбан Молдағалиевтің қаламгер ретіндегі әдеби ұйымдастырушылық қабылеті кеңінен ашылады: 1948-1952 жылдары «Лениншіл жас» газетінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы, бас редактордың орынбасары болды. 1952 -1954 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының кеңесшісі, 1957-1963 жылдары – «Жұлдыз» журналының бас редакторы, 1963- 1971 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ал 1973 жылдан -1984 жылға дейін Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы қазметтерін, осы кезде (1973 -1984 ж.ж ) СССР Жазушылар одағының хатшысы қызметін де қоса атқарады.

Сонымен қатар, Жұбан Молдағалиев Қазақ КСР жоғарғы кеңесінің депутаты, Қазақ КСР жоғарғы кеңесі төралақасының, Қазақстан компартиясы орталық комитетінің мүшесі (XII—ХӀӀӀ-съездерде) болып сайланды.

Ол екі рет «Еңбек Қызыл ту» және 2-дәрежелі «Отан соғысы», «Құрмет Белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

Жұбан Молдағалиевтың ақындық даңқын көтеріп, оның есімін әдебиет әлеміне енгізген шығарма – «Мен қазақпын» поэмасы (1964). Ақын бұл шығармасында қазақ халқының өткен өмірі мен тағдырын лирикалық-публицистикалық стильде терең толғана жырлады. Қазақ халқының ұлттық ерекшеліктері, ерлік дәстүрі, туған жер мен елі, байлығы, адамдары жайлы асқақтата көркемдеп жырлай білді.

Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасы сарқылмайтын өміршең туынды, Жұбан Молдағалиевтің сөзіне және Ілия Жақановтың әніне жазылған, бүгінде дарынды дәстүрлі әнші Айгүл Қосанованың орындауындағы «Еділ мен Жайық» әні халықтың сүйікті әніне айналды, әсем ән сазының астарында ақынның туған еліне, жеріне шексіз махаббаты сезіледі. Ақынның азаматтық ұстанымдары публицистикалық сипатта келіп, адамға қажет ой толғаныстарға, қасиет құндылықтарға толы.
Ақын өмірі мен шығармашылығы лайықты тарихи бағасын алды, Орал қаласында ақын ескерткіші тұр, жерлестерінің, халықтың ақынға деген махаббаты мен сүйіспеншілігінің белгісі.

Жұбан Молдағалиевтың орыс тілінде және тағы басқа халықтар тілінде басылған шығармаларын қоса есептегенде 70-ке тарта кітабы шыққан.

«Мен кемеңгерлер мен ұстаздарға бас иемін. Кітаптарым орыс және басқа халықтардың тілдерінде талай рет шықты. Сол үшін менің жан жүрегім аудармашыларға, қаламдас достарыма деген алғыс сезімге толы және оларға көп қарыздармын деп білемін», — дейді ол өз естелігінде.
Қазақ сөз өнерінің майталман шебері, сирек талант иесі, көркем сөз зергері, халық жазушысы Ғабит Мүсірепов ақынның талантын мойындайды.
«Ақын Жұбан бүгінгі күннің ең өзекті мәселелеріне жедел үн қосып отыратын, соның өзінде де шығармаларынан асығыстық ақауы кездеспейтін алымды талант», — дейді Мүсірепов.

Ал Қазақстан халық жазушысы Сафуан Шаймерденов қаламгердің еңбекқорлығын жоғары бағалады.
«Жұбан — поэзияда оңай жол іздемейтін, өз шығармашылығына барынша қатал, жалпы қазақ әдебиеті алдындағы жауапкершілікті айнытпай ту етіп көтерген қайраткер», — дейді драматург.

1985 жылдың көкек айында Михаил Горбачев бастаған қайта құру, жариялылық, бетбұрыс Жұбан ақынның өмірлік сенімін, көзғарастары мен түсініктерін түбегейлі шайқалтып жібереді, «Біз — совет ақындарымыз, біз буржуазиялық идеологияға қарсы бітіспес күрес майданындағы ақындармыз» деп ақынның өзі зор дауыспен, зор мақтанышпен айтып келген социализм идеяларының көкке ұшқанын, социалистік қоғамның тұйыққа тірелгенін түсінеді. Жұбан Молдағалиев «Ерікті тақырыптарға толғаныс» деген соңғы мақаласында: «Біз жұмсаған күш –жігердің, ынта ықыластың бәрі бірдей салтанат, бәрі бірдей самғау бола берген жоқ. Ірі – ірі сәтсіздіктерге ұшырадық, қателіктерге ұрындық. Айтайын дегеніңді айта алмай, көлеңкеңнен үркіп, қателесуден қорыққан жерде – демократия да жоқ. Кешегі күндердің қатал сабақтары осыны сипаттайды» деп жазды.

1986 жылы 17-18 желтоқсан аралығында Алматыда КСРО үкіметінің әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы қазақ жастары көтеріліске шықты. Қазақстан тарихына бұл оқиға «Желтоқсан көтерілісі» болып енді.
Көтерілістің басталуына Ресейдің Ульянов облысы партия коммитетінің бірінші хатшысы Геннадий Колбин Қазақстан коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалуы түрткі болды.
Осы қиын кезеңде Жұбан Молдағалиев Колбиннің алдында қыршыннан қиылған жастарды қорғап, өз ойын ашық айтты.
«Мен сондай ұят оқиғаға және артынша не болғанын естігенде, жасырып қайтейін, осы күнге дейін өмір сүргеніме өкіндім. Иә, мен кез келген қоғамға қарсы бой көтерулерді түбірінен қиып отыруды толық жақтаймын. Өйткені демократия – анархия емес. Солай болғанмен де, кінәлілерді де оған деген сенімнен айырмау керек. Біз олардың жасағанына емес, олардың азаматтық болашағы үшін жауаптымыз. Сіз бен біз балаларымызды төбелестіріп, ұрпағың қыздарымыздың шашынан сүйреуі үшін соғысқа бардық па? Осы Отанды сол үшін қорғадық па? Бұл жағынан сізді қолдай алмаймыз. Жақтас бола алмаймын», — деді Молдағалиев Колбиннің алдында.

Қазақстан халық жазушысы Қадыр Мырза Әлі «Иірім» атты естелік кітабында бұл жағдайды былайша есіне алады.
«Колбиннің алдында қыршынынан қиылғандарды қорғап сөз айтқан бір ғана ақын болды. Ол – Жұбан Молдағалиев. Ол Жазушылар одағында өткен жиналыста Колбиннің алдында өз ойын ашық айтты. Осының бәрін немен тынарын сезіп тұрып, біліп тұрып, солай істеді. Батыр болуға тиісті азамат еді. Батырлық істеді. Жылдар бойы жүрегін қысып келген запыранын құсып тынды. Ондай батылдықтан кейін оның тірі жүруі ақылға сыймас еді», — деп жазды Қадыр Мырза Әлі өз кітабында.

Жетпіс жыл салтанат құрып, әлемде ұлы империяға айналып үлгерген Советтер одағы күйреп, қазақ елінің мемлекеттік тәуелсіздігін көру Жұбан ақынның тағдырына жазылмады, ақын 1988 жылғы 6 қазанда Алматы қаласы ауруханасында өмірден өтеді.

Ақынның сүйікті жары – София Мәлікқызы. Екеуі төрт баланы тәрбиелеп өсірген. София Мәлікқызы өз естелігінде отбасылық өмірі жайлы айтады.

«Мен ол кісінің маған қойған талаптарының бәрін орындадым. Себебі менің жас кезімде жалғыз ұлдың, жалғыз баланың анасының сезімін, мінезін түсінуге сабыр, ақыл берген Құдайға мың тәубә деймін. Біз Жұбан екеуіміз көзбен, көңілмен ұғыстық. Әлдебір жағдайларда ол менің сөзімді сөйлей қалса, мамам кәдімгідей ашуланып қалатын. Сондықтан Жұбан сыртқы елге шығып, сыйлық әкелетін болса, екеуімізге бірдей етіп алатын», — дейді София өз естелігінде.

Жұбан Молдағалиев ғасыр қасыретін: ашаршылық, жоқшылық пен жетімдік көрген, дүниежүзілік сұрапыл соғысты басынан кешірген майдангер – қаламгер, советтік тоталитарлық жүйенің езгісінде өмір сүріп адамшылық қасиетін, кісілік тұлғасын сақтап қалған азамат ақын.

Поэзия ұлттық әдебиетімізде көшбасшы жанр, сонау ауыз әдебиетінен, Асанқайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Бұқар жыраулардан,
зарлы Дулат, Шортанбай, Мұрат, Нарманбеттерден, асыл дана Абай мен дана ойшыл Шәкәрімнен бері қазақ поэзиясының басты дәстүрі саналатын, ар –ұяты, ожданы десе де болатын — елді, туған жерді, қазақты, халық тарихы мен оның өмірін, тағдырын жырлау болып табылады.
Жұбан Молдағалиевте елін, жерін, қазақты жырлап өткен жырау ақын: «Мен қазақпын», «Жесір тағдыры», «Кісен ашқан», «Қиял қанаты» «Жыр туралы жыр», «Қыран дала», «Сел», «Байқоңыр баспалдақтары» және тағы басқа поэмалары ақынның эпикалық – поэтикалық деңгейінің, философиялық тереңдігінің көрінісі.

Жұбан Молдағалиев: «Нағыз ақынды, тірі ақынды бетпе бет көргенім де сол жылы (1939 жыл). Мен онда Оралдың ауылшаруашылық техникумы студенті едім. Орал мен Гурьев жас әдебиетшілерінің біріккен слетін өткізуге Алматыдан Қасым Аманжолов келді. Сол сәтте Гурьевтен келген Хамит Ерғалиев пен Жәрдем Тілековті де көрдім. Бұлар мендей емес, сол кездің өзінде қабырғасы қатып бұғанасы бекіп қалған дарындар еді. Тұңғыш рет мінбеге шығып оқыған «Кел жолдастар, жырлайық» деген өлеңім солардың өр дауыстарының екпіні астында қалып қойған сияқты болды» — еске алады.
Жұбан Молдағалиев іштей де, сыртынан да Қасым поэзиясы үлгі дәстүріндегі ақын, Қасым ізбасары, айналасына от жалын, жарқын шашқан Қасым поэзиясы ықпалының болмауы мүмкін емес, өйткені Жұбанның ақындық шығармашылығындағы «Өзім туралы, Өлең туралы» өмірлік толғаныстары немесе «Анкетама қосымша» өлеңі, Жұбан ақынның солдат өлеңдері, табиғат пен сағыныш туралы толғаныстары Қасым ақынмен үндес, өмір түсініктері мен толғаныстары, шындықтары, олардың баяндалуы да ұқсас, екеуі де зұлмат ғасырдың түлектері, үндес, ұқсас болмауы мүмкін емес, мысалы, өлең туралы Жұбан ақын ойы да аумайды:
Бір шумақтың ұйқасын мың құраймын,
Тұрғызам деп бір жырды мың құлаймын.
Ақын сорлы болса егер, мен сорлымын,
Ақын құдай болса, тек мен құдаймын.
Жұбан Молдағалиевтің өлең туралы түсінігі де ұқсас, «Салт пен мода» өлеңінде Жұбан: «Поэзия ол — асыл ойдың биігі, Жан -жүректің қуанышы, күйігі», — деп өзіне анықтайды.

ХХ ғасырдың екінші жартсындағы 60 жылдардан бергі 90 жылдарға дейінгі қазақ әдебиеті, жалпы қазақ рухани — мәдени тарихындағы «алтын ғасыр» еді, «тірі классиктер» мен «ұлы ақындар» заманы еді. Әдебиеттің барлық жанрлары: оның ұлттық поэзиясы, прозасы, драматургиясы, әдеби көркем сыны мен аударма өнері, әдебиеттану ғылымы кәсіби деңгейге жеткен, әдебиеттің көркемдік және сөз шеберлігі биік шыңға көтерілген уақыт еді. Бірінен соң бірі тарихи деректерге толы кең ауқымды тарихи романдар, адам жаны мен тағдырына, адамшылыққа сюжеті құрылған повестер мен поэмалар, ақындық ерекше стилдермен, көркем шынайылықпен, әсем ырғақ, ұшқыр теңеулермен жазылған сансыз лирикалық өлеңдер туды, әлем әдебиеті классикалық туындылары молынан аударылды, қазақ әдебиеті де әлемнің отызға жуық тілдеріне тәржімаланып, қазақ әдеби сыны мен әдебиеттану ғылымы да кәсіби дәрежеге көтерілген жылдар еді. Жұбан Молдағалиевте бұл жылдары бұрқыраған әдеби ортада әдеби майдан жауынгеріндей шығармаларымен үлес қосты, әдеби процестерге басшылық етті, жазушы әріптестеріне қол ұшын созып, қорғап, сақтап жүрді.

Ақын Қайрат Жұмағалиев «Үш ерлік» мақаласында: «Бір қарағанда Жұбағаң сұсты, салқын адам сияқты көрінетіні рас. Алайда сөйлесе келе, сырласа келе оның жаны жарқырап, ашыла түсетін. Және достыққа адал, берік адам еді. Әлі есімде, сол кезде Жоғарғы Кеңестегі жұмысынан босап қалған, қазақ детективінің атасы Кемел Тоқаевты, сондай-ақ көрнекті прозаик Бердібек Соқпақбаевты Жазушылар одағына қызметке тартып, қамқорлық жасаған ақын ағаның асыл қасиеті деп білемін» деп жазады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Баққожа Мұқай былай еске алады: «Жұбақаң сырт қарағанда өте қатал адам болып көрінеді. Бірақ, жаны жұмсақ. қиналған адамдарға қамқорлық жасауға дайын тұратын еді. Кейде біреуге жасаған жақсылығы өзіне таяқ болып тиіп жататын.
Біздің міндетіміз — жазушыларға қамқорлық жасау. Үйді жазушылардың балаларына берсек, бұл — олардың әкелерінің жағдайын ойлағанымыз. Арыз жазылар, сыртымыздан кінәлар, сөгер. Уақыт біздің ісіміздің әділдігін сан рет дәлелдейді, — деді бір жиында ол кісі.

Жұбан Молдағалиев туралы жақсы көп айтылды, әлі де айтылады, оның нар тұлғасы, қазақы кеңдігі, адамшылығы мен кісілік келбеті және адал, асыл қасиеттері туралы ғылыми зерттеулерде, оның өмірі мен өлеңдері туралы еңбектерде талай әлі жазылады, біреулер күйе жағам десе де адалға қара жұқпайды, ол маңызды да емес. Маңыздысы Жұбан ақын қазір биіктен ескертіп, қуатты жалын шашып тұрғандай…

You may also like

Leave a Comment