Сәбит Мұқанұлы Мұқанов (1900-1973) — қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Ғылым академиясының академигі.
Сәбит Мұқанов 1900 жылы 26 сәуірде қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жаманшұбар ауылында кедей отбасында дүниеге келген. Жеті жасқа толғанда әкесі Мұқан қайтыс болып, сегізге аяқ басқанда анасынан айырылады. Сөйтіп жастайынан жетім қалған бала Сәбит ағасы Мұстафаның қолында қалады.
Жетімдіктің тауқыметін тартқан Сәбит еңбекке ерте араласады. Он жасынан бастап байлардың есігінде жүріп күн кешті. Қойын бақты, отыны мен суын тасыды, жылқышы болды. Жоқшылықтан көзін аша алмай, мұқтаждық қолын байлап оқи да алмады. Алайда білімге деген құштарлығы бір сәт те басылған емес. Өз бетінше оқу-білімге ұмтылып, ауыл молдасынан хат таныды. 14-15 жасында ел аузындағы жыр-толғауларды, қисса-дастандарды жаттап, мақамдап айтып үйренді. Өлең шығаруға талаптанды, ел аузына ілігіп, ауыл ішінде өлеңші бала атанды. Абай Құнанбайұлының 1909 жылы басылған өлеңдер жинағымен танысып, Абайдай ақын болуды армандады. Абайдың поэзиясы Сәбит Мұқановтың ақындық талантына зор қозғау салады.
Сәбит Мұқанов 1918 – 1919 жылдары Омбыдағы оқытушылар курсында білім алды. Оқып жүріп Мағжан Жұмабаевқа хатшылық етті. Оның педагогика курсы тарихынан оқыған дәрістерін қағаз бетіне түсірді. Өзі шығарған алғашқы өлеңдерін Мағжанға оқып беріп‚ ақындық өнерін шыңдады. Оқуын тәмамдағаннан кейін Сәбит Мұқанов біраз уақыт мұғалім болып қызмет етті. 1920 жылы жазда Мағжан Жұмабаевтың жетекшілігімен оқытушылар курсы қайта ашылып‚ күзге дейін сонда оқуын жалғастырды. Оқуды бітіргеннен кейін біраз уақыт мұғалім болды.
1921 жылы Сәбит Мұқанов коммунистік төтенше әскери бөлімнің жауынгері болды. 1921-1922 жылдары әр түрлі қызметтер атқарып, ел арасында астық жинау жұмысын жүргізген. 1922 жылы Орынбордағы жұмысшылар факультетіне түсіп, 1926 жылы бітіріп шықты.
«Сәбит Мұқанов 1922 жылы Орынбордағы рабфакқа оқуға түскеннен бастап, орыс тілін игеріп, орыс мәдениетін егжей-тегжей зерттеген, көп оқып зердесіне тоқыған. Орыстан алған тәуір үлгісінің бірі хатқа сақ қарау еді. Біреуге өзің жазасың, біреу саған жазады. Асыра айтқандық емес, қазақ жазушыларының ішінде Сәбиттен көп хат жинаған адам жоқ десе артық айтпаған болар едік. Мұхтар Әуезовтың өзі бұрынғы хаттарды жинамағанына кейін қатты өкініпті.
«Есік алдында төбе болса, ерттеулі атпен тең, ауылыңда қарт болса жазып қойған хатпен тең» дегендей, хаттардың рөлі ерекше болса керек.
Абайдың бір өлеңінде:«Шөлдеген жан су көрсе, бас қоймай ма бастауға» дегендей, орыс мәдениетіне қаныққан Сәбең Пушкин, Лермонтов, Толстойлардың шығармалар жинағындағы хаттардың өзі бірнеше том болып кеткенін аңғарып, өмір бойы өз жазғанын да, өзгенің жазғанын да мұқият жинай беріпті.
Тургеневтың тек хаттар мен оған жауабы, яғни перепискасы 15 том болған екен. Сәбит ағамыз осы хаттарды әркез қызығып оқыпты. Өйткені, көркем шығармаға жан дүниеңді толғандырып жүрген ойларыңды жаза алмасаң, кейбір жақын досыңа ешкімге айтпаған сырыңды жазып жібересің. Генерал болуды армандамайтын әскер болмайтындай, қаламгер көрген-білгенін көкейге түйіп, хат жинауға дағдыланады. Ондағысы «біз де бір кезде жазушы болармыз» деген арманды ой еді.
Сәбеңді халық танып, сөз зергері болған кезде жинаған хаттары тау болып үйіліп қалады. Оның шет жағасын білетін елден Мемлекеттік мұрағат қызметкерлері естиді. Бірде Жетібаев деген мұрағат қызметкері келіп, қолжазбаларды қорға өткізуін өтінеді. Сәбит аға қолжазбалардың тәртіпке келмегенін айтады. Сәбең «сен одан да осы хаттарды алшы, әр жылдың хаттары реттеліп, сөрелеріме сыймай жатыр, осыны бір тәртіпке келтір, басқасын кейін сөйлесейік» деген екен. Мұрағат қызметкерінің үлкен қағаз жәшіктері болады екен, сонымен бес-алты жәшікпен хаттарды алып кетіпті. Арада екі-үш жыл өткен соң мұрағаттан Эмма Сегізбаева деген жас қыз телефон соғып: «Сіздің хаттарыңызды жүйеге түсіріп қойдық, келіп көріп кетесіз бе?», дейді. Сәбит аға мұрағатқа барған соң қыз қағаздарды көрсетеді. Сөйтсе, хаттары 141 том болыпты.
Кейін Ташкентке Орта Азия және Кавказ жазушыларының конференциясы өтеді. Сонда Мемлекеттік мұрағаттың директоры Мұхтар Жанғалин «жазушы Сәбит Мұқановтың хаттарының 141 том болғанын, бұндай тірлік тарихта болмаған, бұл жоғары мәдениеттің белгісі» екенін айтып, ерекше баға берген екен.
Академик Сәбит Мұқановтың жинаған хаттарының ішінде орыс классиктері Алексей Толстой, Всеволод Иванов, Александр Фадеев, Борис Лавренев сынды үлкен жазушылардың хаттары сақталған. Сонымен қатар, қатардағы адамдар: сауыншы, қойшы, малшы, механизаторлардың да хаты жинақталған
Жазушы Сәбит Мұқанов қарапайым адамдардың тыныс-тіршілігі жайлы да көптеген хаттар алып, қолынан келгенше көмек қолын бере білген адам еді.
Академик-жазушы Сәбит Мұқановтың әкем жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың хаттарына жазған жауаптары біздің мұрағатымызда сақтаулы. Әкеміздің жазушы болып қалыптасуына Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқанов, әсіресе Ілияс Омаров ағаларымыздың қамқорлығы телегей-теңіз еді. Туғанындай қамқор болып, аса кішіпейілдік танытқан, қолынан келген көмегін аямаған заты асыл туған ағаларымыздың жақсылығы ешқашан ұмытыла қоймас»
-дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ҚР Мәдениет қайраткері Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Алтын Иманбаева
бір мақаласында.
Сәбит Мұқанов 1926-1928 жылдары баспасөз орындарында қызмет атқарып, республикалық «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Мемлекеттік баспасының бас редакторы қызметтерін атқарған. 1928 жылы Петропавл қаласының «Кеңес ауылы» газетінің редакторы және Жазушылар бөлімінің жетекшісі болған. 1930 жылы жергілікті ақын-жазушылар шығармалары негізінде «Жарыс» альманағын шығарған.
1932-1935 жылдары Мәскеудегі Қызыл профессорлар институтының әдебиет бөлімінде оқыған. 1935 жылы республикалық «Кеңес ауылы», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің редакторы болып, 1936-1937 жылдары Қазақстан Жазушылар одағын басқарған. 1937-1941 жылдары Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институттың профессоры болып, қазақ әдебиетінен сабақ берген. 1943-1951 жылдары екінші рет Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы қызметін атқарған. 1958-1969 жылдары Дүниежүзілік Бейбітшілікті қорғау комитетінің мүшелігіне, 1965-1969 жылдары Араб елдерімен достық жөне мәдени байланыстар қоғамы қазақ бөлімшесінің төрағалығына сайланған.
Сәбит жастайынан халық арасында жиі айтылатын жыр-дастандарды жаттап, өзі де ауызша, жазбаша өлең шығарып талаптанады. Ол туралы әйгілі жазушы Ғабит Мүсірепов «Автобиографиялық әңгіме» атты мақаласында («Аңыз адам: Қазақ совет жазушысы Сәбит Мұқанов» журналы, №17 (149), қыркүйек 2016 жыл, 20-бет) былайша толғанады: «Сәбит өлеңді іркілмей де қиналмай жазушы еді, жағдай да талғамайтын. Бір столдың үстінде, ол өлең жазып, мен есеппен басым қатып, бірге отырамыз. Кейде оның өлеңге еріп, бұл бөлмеден шет дүниеде, алыстағы бір оқиғалар арасында, шытырман суреттердің ортасында отырғанын сезінемін де, қызығып қоямын. Қазір оның ойында оқу да жоқ, басқа түрлі күнделік қуаныш-қайғысы да жоқ, тек қана өлеңге ауысатын суреттер, өзі ғана айқын көріп, үнсіз тілдесіп отыратын адамдары бар.
«Адамның кейбір кездері
Көңілде алаң басылса;
Тәңірінің берген өнері
Көк бұлттан ашылса;
Сылдырап өңкей келісім
Тас бұлақтың суындай,
Кірлеген жүрек өз ішін
Тұра алмас әсте жуынбай» —
дегендей, бұл ақынның бір қымбат шағы. Өлең үстінде Сәбитті мен осы халде талай көрдім.Сонысына қызуғышы едім.»
Сәбит Мұқанов әдебиетке араласқаннан бастап-ақ дәуір, заман алға қойған тақырыптарға қалам тербеді. Ол қазақ әдебиетінің барлық жанрында өндіре еңбек етті. Жазушы қаламынан туған әдеби мұра сан жанрлы, мол көлемді, идеялық-эстетикалық мәні жоғары да бағалы. Ол 80 мың жолға жуық лирикалық өлең, жиырмаға тарта поэма, бірнеше повесть пен роман, көптеген әңгіме, очерктер, оннан астам пьеса, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын талдайтын монографиялар, қазақ мәдениетінің тарихы және этнографиясы туралы зерттеу еңбектер, тағы басқа сан-салалы кітаптар жазды.
Сәбит Мұқановтың алғашқы өлеңдері мен поэмалары, мақалалары мен әңгімелері («Көңілім», 1917; «Бостандық», 1919, т.б.) 1917 жылдан жариялана бастады. Ол 1924 жылы өлеңдер мен мақалалардан және аударма шығармалардан тұратын «Совет өкіметі һәм қазақ әйелі» атты тұңғыш кітапшасын шығарған.
20 жасынан поэма жаза бастады: «Балбөпе», «Жетім қыз», «Батырақ», «Қанды көл», «Жүйткі, қара айғырым», 1926-1927 жылдары «Кешегі жалшы мен бүгінгі жалшы», «Октябрьдің еткелдері» поэмалары, «Ақбөпенің сыры» повесі жарық көрген.
1928 жылы «Сұлушаш» дастаны, 1931 жылы «Адасқандар» романы және тағы басқа туындылары жарық көрді. «Сұлушаш» дастанында ғашықтық, махаббат мәселесін көтере отырып, әлеуметтік мәні зор түйіндерді толғаған. Ал «Адасқандар» романы қазақ әдебиетіндегі тұңғыш романдардың бірі саналды. Ол бұл романды едәуір өзгерістер енгізіп, 1959 жылы «Мөлдір махаббат» деген атпен қайта бастырып шығарды.
30-жылдары «Майға сәлем» (1933), «Сөз — Советтік армия» (1934) атты өлеңдері, «Ақ аю» поэмасы (1935), «Жұмбақ жалау» романы (1938), тағы басқа туындыларынан замандас бейнесі, қоғам кескіні аңғарылады. Одан соң «Теміртас» (1935), «Есіл» (1937) романдары, «Достар» (1937) повесі, тағы басқа шығармалары жарыққа шыққан. «Жұмбақ жалау» (1938, «Ботагөз», 1948, орыс тілінде «Ботагоз») романында Қазақстандағы 1910-1920 жылдардағы күрделі оқиғаларды бейнелеген. 1-дүниежүзілік соғыс, 1916 жылғы көтеріліс, Ақпан революциясы, Қазан төңкерісі, Азамат соғысы, Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы, тағы басқа ірі тарихи оқиғалар роман сюжетіне аркау болған. Романдағы басты тақырып — қазақ халқының, Қазақстанның тарихи тағдыры.
«Жұмбақ жалау» (кейіннен «Ботагөз» аталған) романында Қазақстандағы 1910-1920 жылдардағы күрделі оқиғаларды бейнелеген. Бірінші дүниежүзілік соғыс, 1916 жылғы көтеріліс, Ақпан революциясы, Қазан төңкерісі, Азамат соғысы, Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы, тағы басқа ірі тарихи оқиғалар роман сюжетіне арқау болды. Романдағы басты тақырып – қазақ халқының, Қазақстанның тарихи тағдыры. «Ботагөз» романы – қазақ халқы өміріндегі төңкерістік ірі кезеңді шебер бейнелеген келелі шығарма. Роман КСРО халықтары тілдерінде және бірқатар шет ел тілдерінде аударылып басылды. «Ботагөз» романына негізделіп пьеса жазылып, Казақстан театрлары сахнасына шықты, кинофильм түсірілді.
Сәбит Мұқанов 40-жылдары «Менің мектептерім» романын, «Балуан Шолақ» повесін, «Сырдария» романын, «Поэзия маршалы», «Майданға хат», «Жеңімпаз Қызыл Армия», «Фашизмнің ажалы», тағы басқа прозалық жөне поэзиялық шығармаларын жазды.
Прозада ол роман мен мемуарлық әдебиеттің дамуына үлес қосты. 50 жылдары «Шоқан Уәлиханов» драмасын, «Тындағы толқындар» романын жазды. «Саяхаттар», «Туған жердің тыңында», «Тыңда тұнған байлық», «Алыптың адымдары», «Адам-Атаның шоқысында» кітаптарын шығарған. Өлеңмен жазылған «Замандас туралы аңыз» атты шығармасын 1961 жылы жариялады. Сәбит Мұқанов қазақтың 19 ғасырдағы ойшыл-ғалымы Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармаларын ұзақ жылдар бойы терең зерттеді. Омбының, Ленинградтың (Санкт-Петербор) мұрағаттары мен кітапханаларында болып, Шоқан өміріне қатысты материалдар жинаған. Соның нәтижесінде оның қаламынан «Шоқан Уәлиханов» пьесасы мен «Жарқын жұлдыздар» атгы зерттеу еңбегі туды. Сәбит Мұқанов өмірінің соңғы жылдарында Шоқан өмірінен «Аққан жұлдыз» романын жазып, оның екі кітабын шығарған. Жазушы 4 том ретінде жоспарлаған бүл роман аяқталмай қалған.
Сәбит Мұқанов драматургия саласында да көп еңбектенді, сын, әдебиеттану саласына да көп еңбек сіңірді. Сәбит Мұқановтың шығармалары әлемнің 46 тіліне аударылған.
Кезінде театр сахнасынан тұрақты орын алған «Шоқан Уәлиханов», «Қашқар қызы», «Сәкен Сейфуллин» пьесалары — көрермендер тарапынан жоғары бағасын алған шығармалар.
Ол өз ұлтының көркем мұрасын терең игерумен бірге, поэзия теориясының қағиадалары мен ережелеріне, өлең құрылысына жіті көңіл бөлді. Ол сонымен қатар қазақ ауыз әдебиетін зерттеді, фольклор және көне жазба мұраларды жинап бастырды. Қазақтың батырлық және ғашықтық жырларының жанрлық ерекшеліктері мен композициялары, сюжеттік ұқсастықтарын салыстыра отырып, олардың халық шығармындағы орнын анықтады. Эпикалық жырлардың жанрлық тарихи сипаттары мен әдебиеттегі орнын белгілеуде фольклорлық мұраны жариялау, зерттеу ғылымына өзіндік үлес қосты.
1918-1919 және 20 ғасырлардағы әдебиет тарихы және ақын-жыраулар шығармалары туралы зерттеу еңбектер жазды. Сәбит Мұқановтың қазақ әдебиеті туралы зерттеу нысандарын, негізінен, 18-19 ғасырлардағы қазақ әдебиеті, Шоқан Уәлиханов пен Абай Құнанбайұлы, 20 ғасыр басындағы қазақ әдебиеті деп бөлуге болады. Оның «20 ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1932) атты кітабы сол кезеңдегі қазақ әдебиетінің шындығы мен дамуы жайында жарияланған бірден-бір дұрыс еңбек болды. Еңбекте Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Ғұмар Қараш, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, тағы басқа ақын-жазушылар шығармаларына кезеңнің саяси талабына сай сыншылдық көзқарас тұрғысынан келгенімен, көркемдік тұрғыдағы озық үлгілерін шынайы бағалады. Оның «Өсу жолдарымыз» (1960), «Жарқын жүлдыздар» (1964), «Халық мұрасы» (1974, Қазақ қауымы, 1995) атты монография, зерттеулері қазақ халқының мәдениеті, тілі, өнері, материалдық тұрмысы, тағы басқа туралы жазылған сүбелі еңбек болып саналды.
Сәбит Мұқанов – қазақ ұлтының ағасына айналып өмір сүріп, қазақтың қариясы болып қартая біліп, өмірден кештеу өткен кісі. Қазақ елінің бар қасіретінің басы-қасында болған, бар қуанышты сәттерінің жалаугері болған адам – Сәбит Мұқанов! Қазақ ұлтының ұраншысына айналып, «Жол таптым бар қазақтың жүрегіне…» деп шүкіршілік еткен жалаугер қаламгер өзін қазақтың қоғамдық өмірінен тыс ұстай алмады.
Қазақ жазушысы Сәбит Мұқанов туралы таласты пікірлер көп. Алаш қайраткерлерін жаппай ақтау кезінде кейбір тұлғаларға күйе жағылды. Олардың арасында Мұқанов та бар еді. Ел арасында Сәбит Мұқанов «Алаш зиялыларына қиянат жасады» деген қаңқу сөз тарады.
1932 жылы Сәбит Мұқановтың «20 ғасырдағы қазақ әдебиеті» атты кітабы жарық көрді. Бұл кітаптың төңірегіндегі дау көпке дейін басылмады. Бірі бұл кітапты Мұқановтың ғылыми еңбегі деп тапса, екіншілері бұл кітапта Мұқанов Алаш зиялыларына қиянат жасады деп есептеді.
Сәбит Мұханов еңбекте Ахмет Байтұрсынов‚ Міржақып Дулатов‚ Жүсіпбек Аймауытов, Ғұмар Қараш‚ Сұлтанмахмұт Торайғыров‚ Мағжан Жұмабаев‚ Мұхтар Әуезов және тағы басқа ақын-жазушылардың шығармаларына сол кезеңнің саяси талабына сай сыншылдық көзқарас тұрғысынан келгенімен‚ көркемдік тұрғыдағы озық үлгілерін шынайы бағалады. Жұмабаев туралы «Ақындық жағынан келгенде Мағжан‚ әрине‚ қазақтың күшті ақындарынан саналады. Қазақтың тілін байыту ретінде‚ әдебиетке жаңа түрлер енгізу ретінде Мағжанның еңбегі көп‚ Абайдан кейін тіл өнегесінде Мағжаннан асқан ақын жоқ» деп пікірін ашық жазды.
Сәбит Мұқанов кеңестік идеологияға шын жүрегімен сенген, Алашорданы қабылдамаған. Сол себепті де Алаш зиялыларын таптық тұрғыдан аяусыз сынаған. Олардың бағытының дұрыс еместігіне сеніп, жаны ашып, тура жолға салғысы келген. Алайда ешкімге қастық ойламаған, сатқындық жасамаған.
«Мұқановты ақтайтын да, қаралайтын да еңбегі 1923 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған – «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер» мақаласы. Бұл мақаласында жазушы Абайдан бастап, Шоқан, Ыбырай, Кенесары, Ахмет Байтұрсыновтың шыққан ортасын, тегін, бай орта екенін айтып сынайды, ал шығармашылығына тиісе қоймайды. Бірақ осы мақаласы Сәбит Мұқановты күні бүгінге дейін сөзге қалдырып келе жатыр. Шын мәнісінде Мұқанов сол мақаласына қайтып оралды. Соның ішінде өзі сынаған Ахмет Байтұрсыновқа ғана орала алмады. Ал қалғанына оралды. Шоқан туралы, Абай жайлы зерттеу еңбегін жазды, Ыбырай, Кенесары туралы да айтты. Сол мақаланы қайта қарап, мен сол кезде саяси сауатсыз едім, әдеби білімім кемшін еді, сондықтан сауатсыздығымды мойындай отырып, саяси сауатын жетілдіріп, өзінің қатесін мойындады», — деген еді филология ғылымдарының докторы, профессор Күләш Ахметова.
2020 жылы бір мақаласында:
«Алаш азаматтарының ақталғанына биыл отыз екі жыл! Сәбит Мұқанов кінәлі болса, отыз екі жылдың ішінде «жеті қабат жер астындағы құпияны» алып шығар уақыт болды. Сәбеңді «ұрлық» үстінде ұстап алуға екі білегін сыбанып кім кіріспеді? Бірақ солардың бірде-біреуі «олжалы» қайтқан жоқ. Ондай олжа, ондай құжат қайдан табылсын, шын мәнінде Сәбит Мұқанов ешкімді сатпаса, «сені ұстатқан Сәбит» деп, ешкімді атпаса.
1957 жылы Сәкендер ақталғанда, халық арасына «Сәкенді ұстатқан – Сәбит» деген де сыбыр сөз шығарған. Ол – қасақана пенделікпен айтылған сөз еді. Бөтен емес, қолында қаламы: жазам десе жаза алатын, айтам десе бетіне басып айта алатын шығармашылықта «ауылы аралас, қойы қоралас» қаламгер. Бірақ Сәбеңе бетпе-бет айта да алмады, жаза да алмады. Себебі «жаптым жала, жақтым күйе» азаматтық арына сын еді. Оның үстіне Сәбеңнің тазалығын білетін Сәкеннің жары Гүлбарам тәтейден бастап, «әй» деп қағып тастайтындардың төрт көзі түгел болатын. Ал Алаш азаматтары ақталған тұста алдымен Сәкенге, сосын Сәбит Мұқановқа қайта соқтыға бастады. Қашанда архив ақтармай, тергеу ісінің протоколын өз көзімен көрмей, жан-жақты зерттемей пікір айтпайтын Тұрсекең-Тұрсынбек Кәкішев Сәкеннің де, Сәбит Мұқановтың да Алаш қайраткерлерінің алдында азаматтық арының тазалығын жан-жақты дәлелдеді.
Ал соңғы кездері желіге желімдей жабысқандар арасында бір зиянды әдет пайда болды. Ол – кітап оқымау, газет, журнал қарамау, жүйелі сөзге құлақ аспау. Бұның ғалым мен залымның ара- жігін ажырата алмайтын мәңгүрттікке соқтыратынын өмір өзі көрсетіп отыр. Осындай келеңсіз құбылысқа алаңдаған Елбасы: кітап оқығанның озатынын, темірге телміргеннің тозатынын ескертті. Аталы сөзге құлақ асқандар да бар, жүре тыңдағандар да бар. Соның нәтижесі ғаламтор желісіндегі желдей ескен жел сөздер. Орынсыз айтылған оңды-солды пікірлер. Ал Сәбит Мұқановтың атына айтылып жүрген қате пікірлердің белең алғаны сондай, жауапсыз жасамыс та, атақ қуған «ғалым» да, аузынан шыққан әр сөзі сатулы бизнесмен де, тіпті классик жазушы да ойланбастан Сәбеңнің шалғайына «жармасуда». Осылардың біреуінің қолында дәлелдейтін құжат болса кәні?!
Сәкен мен Сәбеңе қатысты мәселеде кім болса да Тұрсынбек Кәкішевтің қазылығына жүгінері хақ. Себебі Тұрсекең – КГБ архивіне түскен санаулы ғана ғалымның бірі. Сәкен мен Сәбеңді зерттегенде екеуінің де Алаш азаматтары алдында ар тазалығына көзі әбден жеткен. Сондықтан екеуінің де сөзін сөйледі. Даусы жететін жерге жар салып айтты, қаламы қолынан түскенше: «Сәкен, Сәбит – Алаш қайраткерлерінің сотына араласып, куәлік берген жандар емес. Сондықтан жазықсызды жазғырып, обалдарын көтермеңдер, даңғаза, даурықпа көсемсіген білгірлер, маңғазданған «марқасқалар!» деп жазып кетті.
Сондықтан Сәбит Мұқанов – еріккеннің ермегі де емес, кім көрінгеннің қолжаулығы да емес. Сәбеңе «мін» таққысы келген адам ең алдымен, ұлтқа әдеби, мәдени, ғылыми мұра жасап, Сәбит Мұқановпен терезесін теңестіріп алсын»-деп жазды филология ғылымдарының докторы Күләш Ахметова.
Мұқанов пен Мүсірепов құда болған. Жазушы Ғабит Мүсіреповтің үлкен қызы Энгелина Сәбит Мұқановтың Арыстан есімді ұлына күйеуге шыққан. Екеуі де бір жерден, бір рудан. Ғабит Мүсіреповтің анасы Дина Оңғарбайқызы Сәбит Мұқановтың кіндік шешесі болған. Ғабит Мүсіреповті алғаш оқуға алып келген де Сәбит Мұқанов екен. Мүсіреповтің туған ағасы Хамит Махмұтов Сәбит Мұқановтың алғашқы ұстазы болған.
Сәбит Мұқанов екі рет үйленген. Бірінші жары көп тұрмай қайтыс болған соң, екінші рет шаңырақ көтереді. Жұбайы – Мәриям Қожахметқызы Мұқанова. Мәриям апаймен жазушы 47 жыл отасқан.
Мәриям Мұқанова «Менің Сәбитім», «Сағынышым Сәбитім» естеліктерінде былай дейді:
«Мен он алты жасымда Сәбитке тұрмысқа шықтым. Сәбит екеуміз 47 жыл бірге өмір сүрдік… Сәбиттің жиі айтар сөзі «шашыңнан айналайын Мәриям» болушы еді. Расында да шашым ұзын болатын. Екі шешем (туған анам мен әжем) шашымды қымызбен жуып мәпелейтінін білетін Сәбит: «Бір үйдің еркетотайы едің, қайдан білейін күте алып жүрсің бе, жоқ па шашыңды» — дейді. Бақсам мені жассынады, жайы болмай жүр ме деп ойлайды екен ғой. …Содан бір күні Мәриям деп шақырып алып, түюлі шашымды тарқаттырды. Өргізді. Жаңа көргендей үңіліп, әр қырынан қарайды. Жас кезім, қатты қысыламын. Бірақ ештеңе демеймін».
Сол кезде Мәриям апайдың шашына қарап отырып, жазушы Сұлушаш бейнесін суреттеген екен.
Сәбит Мұқановтың қызы Баян Мұқанова отбасының ғылыми дәстүрін жалғастырып, саналы ғұмырын ғылым мен білімге арнады. Ол химия ғылымдарының кандидаты, ауыл шаруашылығы институтында сабақ берді. 2024 жылы өмірден өтті.
Сәбит Мұқанов 1973 жылы 18 сәуірде Алматы қаласында қайтыс болды.
Сәбит Мұқанов сонымен қатар қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көркеюі, өсіп-өнуі жолында көптеген қазақ қаламгерлерінің қадамдарына қолдау көрсетіп, қарапайым халықпен тығыз байланыс орнатты. Сәбит Мұқанов есімі қазақ әдебиетінің «алыптар шоғыры» қатарында аталады. Оның шығармалары әлемнің 46 тіліне аударылған. 1956-1966 жылдары Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің мүшесі болды. 2 — 8 сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КСРО Жазушылар одағының басқарма мүшесі болып сайланып, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының 1-лауреаты атанған. 2 рет «Ленин» орденімен, 2 рет «Еңбек», «Қызыл Ту» орденімен, «Құрмет белгісі» орденімен, көптеген медальдармен марапатталған.
100 жылдық мерейтойы қарсаңында қаламгердің есімі Алматы қаласындағы көшеге, туған ауылына, ондағы мектепке, облыстық кітапханаға, облыстық драма театрына берілген. Алматы қаласында Сәбит Мұқанов атындағы көшеде ескерткіш мүсіні орнатылып, әдеби мемориалдық мұражай-үйі жұмыс істейді.
Заман қалай құбылып, қалай өзгерсе де қазақ әдебиетінің ғана емес, қазақ ғылымының, қазақ мәдениетінің тарихынан ұрпаққа мол мұра қалдырған Сәбит Мұқановтың жұлдызы әрқашанда жоғары! Шоқтығы биік! Олай болмаса сөйлер сөзін, айтар ойын, берер бағасын жүз ойланып, мың толғанып барып беретін Ғабит Мүсірепов «Сәбеңнің білімін – энциклопедияға, жазған еңбегін – кітапханаға» теңер ме еді?!