Home Жаңалықтар КӨРНЕКТІ ҚАЛАМГЕР, МҰҚАҒАЛИТАНУШЫ, АҚЫН ОРАЗАҚЫН АСҚАРОВТЫҢ ТУҒАНЫНА 90 ЖЫЛ

КӨРНЕКТІ ҚАЛАМГЕР, МҰҚАҒАЛИТАНУШЫ, АҚЫН ОРАЗАҚЫН АСҚАРОВТЫҢ ТУҒАНЫНА 90 ЖЫЛ

Daismedia.kz

Оразақын Асқаров 1935 жылы 16 мамырда Шығыс Түркістан өлкесінің Іле аймағына қарасты Мүкей-Қаратас деген жерде туған. Бастауыш білімді Сарыбұлақ мектебінде алып, 1950 жылы Құлжа қаласындағы А.Қасыми атындағы «Білім жұрты» гимназиясында оқыған. 1951 жылы Үрімші қаласында ашылған Ұлттар институтының тіл және әдебиет факультетіне түсіп, оның екінші курсын аяқтағаннан кейін «Шыңжаң газеті» редакциясына қызметке тұрды.  Осы газетке, «Алға» және «Шұғыла» журналдарына, сол өлкедегі қазақ ақындарының екі томдық өлеңдер жинағына бір топ өлеңдері жарияланады. Әдеби бәйгеде «Ақ көгершін» атты өлеңі жүлделі орынға ие болады.

1955 жылы атамекені Қазақстанға қоныс аударып, 1961 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіреді. 1955 жылы «Қос жүрек» атты жас ақындардың ұжымдық жинағына өлеңдері енеді. Жолдамамен Қазақ КСР Ғылым академиясының Тарих, этнография және археология институтында 1964 жылға дейін ғылыми қызметкер, одан 1970 жылға дейін Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетті насихаттау бюросында нұсқаушы, поэзия бөлімінде орынбасар болады.

1984 жылға дейін Кітап палатасында бөлім меңгеруші, 1995 жылға дейін «Жалын» баспасында аға редактор болып қызмет атқарады. «Әдеби мұра» бағдарламасына сәйкес «Балауса» баспасында бас редактор ретінде «Әлем балалар әдебиетінің» қазақ тіліндегі 50 томдығын шығару жұмысына атсалысады.Алғашқы жеке жинағы 1964 жылы «Қазмемкөркемәдебиет» баспасынан «Тұңғыш» деген атпен жарық көреді. Одан бері 40-тан аса кітаптары баспадан шықты. Оның тең жартысы балаларға арналған.

Оразақын Асқаров 1996 жылдан Жазушылар одағы Басқармасының мүшесі   болған. «Туған жердің картасы» атты поэмасы 1974 жылы жабық байқауда жүлдеге ие болады. «Қорықтар әлеміне саяхат» деп аталатын топтама өлеңдері 1983 жылы Қазақстан табиғат қорғау қоғамының бірінші бәйгесін алды.

Ең алғашқы жинағы «Тұңғыш» деген атпен 1964 жылы жарық көрген. Ақын ұзақ жылдар бойы ел ішінен қазақтың қара өлең түрлерін жинап, жиырма мың жолдық екі кітабын жариялады.
Балаларға арналған «Таудай бол», «Қос қоңырау» «Жарапазан», «Суретті өлең әліппе», «Әріптер әлеміне саяхат» еңбектерінің авторы.

Ақын ұзақ жылдар бойы ел ішінен қазақтың қара өлең түрлерін жинап, жиырма мың жолдық екі кітабын жариялады.

1996 жылдан бастап, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Панфилов ауданының Құрметті азаматы. Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері. «Ерен еңбегі үшін», «Тәуелсіздіктің 10 жылы» медальдарымен марапатталған.

Ақынның он томдық етіп дайындалған шығармаларының алдыңғы бес томы 2004-13 жж. «Жалын» баспасынан жарық көрді. Қазақтың «Қара өлеңін» жинап, жүйелеп құрастырып, толықтыруларымен екі рет шығарады (1989, 1997). Қара өлеңнің «Ғашықтық-сүйіспеншілік жырлары» деп аталатын тарауы 1994 жылы Мәдениет министрлігі мен Ғылым академиясының Әдебиет институты бірігіп жариялаған ауыз әдебиетін жинаушыларға арналған бәйгеде бірінші орын алды. Ақын дүниежүзі  халықтарының ауыз әдебиетіндегі қара өлең тектес өлең-жырларын қазақ тіліне аударған. Әлем елдерінің жырлары «Інжу-маржан» деген атаумен шықса, Қазақстанда тұратын ұлт өкілдерінің халықтық өлең-жырлары Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналып «Досы көп ел — мәңгілік» деген атаумен кітап болып жарияланды.Халықаралық «Алаш», Мұқағали атындағы және Түркі әлемі «Ақбозат» әдеби сыйлықтарының лауреаты, «Тәуелсіздіктің 10, 20 жылдығы», «Ерен еңбегі үшін» медальдарының, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, Панфилов ауданының Құрметті азаматы.Шығармалары: «Тұңғыш». Өлеңдер, Алматы, «Қазмем-көркемәдебиет», 1964; «Мейірім». Өлеңдер, Алматы, «Жазушы», 1969; «Күнгей». Өлеңдер мен поэмалар, Алматы, «Жазушы» 1975; «Көкорай». Өлеңдер. Алматы, «Жалын», 1979; «Балцаразай». Өлеңдер мен поэмалар, Алматы, «Жазушы», 1981; «Сәулет». Өлеңдермен поэмалар. Алматы, «Жазушы», 1984; «Белжайлау». Өлеңдер  мен поэмалар,  Алматы,«Жалын», 1985; «Өркеш». Таңдамалы Өлеңдер мен дастандар. Алматы, «Жазушы», 1987; «Қара өлец». Халық Өлеңдері. Жинаған О.Асқар. Алматы, «Жазушы» 1989; «Керімсал». Өлеңдер мен поэмалар. Алматы, «Жазушы», 1991; «Баркөрнеу». Таңдамалы. Өлеңдер мен  поэма. Алматы, «Жалын», 1992; «Орбұлақ». Өлеңдер. Алматы, «Әнуар», 2000; «Тәуелсіздік тартулары». Өлеңдер мен поэмалар. Алматы, «Өнер», 2001; «Отан деп оянғанда». Көптомдық. Алматы, «Жалын», 2004; «Ләйла». Өлеңдер. Алматы, «Жалын». 1977; «Таудай бол». Өлеңдер» Алматы, «Жалын», 1984; «Қос қоңырау». Өлеңдер. Өлеңдер, Алматы, «Рауан» 1985; «Расти большим». Орыс тіліндегі Өлеңдер. Аударған Бақыт Ғафуұлы. Алматы, «Жалын» 1989; «Таудай бол». Өзі сөйлейтін кітап. Өлеңдер. Алматы, «ТОО Тәлім-таным», 2012; «Қос қоцырау». Өлеңдер, ацыз-ертегілер, поэмалар, жұмбақтар, жаңылтпаштар. Алматы: Атамұра, 2014 ж., т.б.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. «Ерен еңбегі үшін», «Тәуелсіздіктің 10 жылы» медальдарының иегері. Мұқағали атындағы сыйлықтың иегері.

Біраз жыл Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, этнография және археология институтында кіші ғылыми қызметкер, одан кейін Қазақстан Жазушылар одағының көркем әдебиетті насихаттау бюросында нұсқаушы, республикалық Кітап палатасында бөлім меңгерушісі, «Жалын» баспасында аға редактор болған. Жылдар бойы қазақтың қара өлеңін ел ішінен жинап, екі томын бастырды. «Әдеби мұра» бағдарламасына орай, «Әлем балалар әдебиетінің» қазақ тіліндегі елу томдығын шығару жұмысына атсалысты.

Аса көрнекті ақын, балалар әдебиетінің дүлдүлі, Мұқағали шығармашылығының жыршысы Оразақын Асқар 2019 жылы, 84 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Ақын Оразақын Асқаров бір сұхбатында:

«Менiң әкелерiм отызыншы жылдары коллективтендiру кезiнде Қытайға барған екен. Мен 1935 жылы сонда туылғанмын. Елге жиырма жасымда, 1955 жылы оралдым. Санасақ, жарты ғасырдан асып кетiптi. Менiң туған өлкем – Шыңжаң. Шыңжаңды қазақшаласақ, Жаңа жер жеген мағына бередi. Кеңес үкiметi мен Қытай империясы қазақтың жерiн бөлiске салған жоқ па? Сонда Шыңжаңды Қытай өзiне қосып алған, негiзi ол қазақ жерi. Сондықтан да ол жердi қытайлар Шыңжаң (Жаңа жер) деп атады. Шыңжаңмен бiрге бiраз халық та Қытайға өтiп кеткен. Мысалы, Қызай, Қаракерей, Сарыкерей деген елдер сол Шыңжаң өлкесiнiң тұрғылықты халқы. Мен осы жаққа өткенге дейiн Шыңжаңда қытайлар өте аз болды. Қалада ғана сауда-саттықпен айналысатын қытайлар кездесетiн. Ауылды жерде тек қазақтар мен ұйғырлар ғана тұратын. Сосын ол жақта әр жақтан ауып барған орыстар, татарлар, өзбектер, қырғыздар да кезiгетiн. 1949 жылы Қытайдың коммунистiк партиясы жеңiске жеткеннен соң, қытайлар Шыңжаң өлкесiнде көбейе бастады. Негiзiнде Қытайда қазақтар мен ұйғырлар тұратын үш облыс бiрiгiп, 1944 жылы елдегi аз қытайды iшкi қытайға қуып тастап, Түркiстан автономиялы мемлекетiн құрған. Ол мемлекет 1949 жылға дейiн өмiр сүрген. Ол мемлекеттi құрып жүрген 21 азаматты арнайы ұшақ апатын жасап, қырып тастаған. Басшысы ұйғыр Мұхамеджан Қасыми, қырғыз Ысқақбек, қазақ Дәлелхан деген азаматтар саяси жүйенiң құрбаны болып кеткен. Осыдан кейiн-ақ, қытайлар Шыңжаң өлкесiнде қаптап кеттi. Бiз ол жерден кеткенге дейiн қазақтар Мұхтар Әуезовтың «Абай жолындағыдай» өмiр сүрдi. Қыста қыстауға, жазда жайлауға көшiп отыратынбыз. Бесiк жырын тыңдап өстiк. Айтыс деген қазiргiдей сiздер көрiп жүргендегiдей емес едi. Онда екi-екi жұптан, төрт адам бiрден айтысатын. Олар бiр-бiр шумақпен қайым айтыс жасайтын. Бүкiл ел, халық болып, бәрi айтысатын. Бұдан артық симфония, оркестр жоқ шығар… Менiң әке-шешем де осындай айтыстардан қалмайтын кiсiлер болған. Әкем домбырамен «Алпамыс», «Қобыланды» жырларын жатқа айтатын. Уызымыздан қазақ ауыз әдебиетiне, салт-дәстүрiне жарып өскен ұрпақпыз бiз.

Мектепте қабырға газетiн шығаратын суретшiсi болғанмын. Суретке қарап өлең жазып жүрiп, ақын болып кеттiм. Қазiр көптеген сыншылар менi «өлеңiне қарап, сурет салуға болады» дейдi. Мүмкiн, мен суретке қарап өлең жазатын шығармын. Екеуi де менiң шығармашылығымда бiр-бiрiне ұштасып, бiрiн-бiрi толықтырып тұрады.

Мен бала күнiмнен сұлулыққа ғашық болдым, әдемiлiктi жақсы көремiн. Мысалы, кiшкентайымда үйге әдемi қыздар келсе, шашын өрiп бередi екенмiн. Ал реңсiз болса, маңына жуымайтын болыппын, шешемнiң айтуынша. Сонда, бәрi айтады екен: «Балаң қыздың қылықтарын жасайды» деп. Ертеректе «Жалын» баспасынан кiтабым шығатын болды. Редакторы – Күләш Ахметова. Сол кiтабымның iшiнде гүлге байланысты 3-4 өлең бар екен. Маған Күләш: «Немене, қызға ұқсап гүлге өлең арнай бергенсiз?» дейдi. Мен бiрiншiден, екi қызым гүл сияқты нәзiк болсын деп, гүлдiң суреттерiн жинадым. Екiншiден, қазақтың тiлiне байланысты гүл атауларын қазақшаладым. Немесе бiзде гүлдiң аты жоқ, әйтеуiр, сары гүл, қызыл гүл, ақ гүл, көк гүл дейтiн ғана гүлдер бар. Ал қазақтың қыздарының есiмiне қарап отырсаңыз көбiсi гүлге байланысты. Қазақтың даласының бәрi гүлге оранған. Олай болса, «неге қазақ гүлге ат қоймаған?» деп ойладым. Шын мәнiнде, бұрын әр гүлдiң атауы болған, кейiннен ғой ұмытылып кеткенi. Батырлар жырындағы қыздардың есiмдерi гүлдiң аты. Мысалы, «Алпамыстағы» Гүлбаршын гүлдiң атауы, яғни, ел айтып жүрген гладиос. «Алпамысты» VII ғасырда Қорқыт жазған екен «Әл-памыс» деп. Жетiншi ғасыр осыдан үш мың жыл бұрын. Үш мың жыл бұрын қазақ қызының атын гүлдiң атауымен атаған. Демек, бiзде әрбiр гүлдiң аты бар деген сөз бұл. Шыңғысханның әйелiнiң аты – Бөрте. Бөрте де гүл. Ол бәрiмiзге таныс, ерте көктемде тал боп өсетiн – сирень. Көбiне түсi ақшыл сия көк келедi. Қазақта «бөрте лақ» деген де сөз бар. Бөрте лақтың да түсi сондай. Қазақтың гүл атауларын бiзден алып пайдаланып жүргендер де бар. Мәселен, жапырағы екiге айрылып тұратын қанат гүлiн, орыстар «канатик» деп айтып жүр. Қарап отырсақ, орыста «канатик» деген сөздiң мағынасы жоқ. «Бархытцы» деген түктi гүл бар. Ол қазақтың барқыт гүлi, матаның атауынан шыққан. Сондай-ақ, Абай өлеңдерiнен көптеген гүл атауларын кезiктiруге болады.

Он бес жасымда «Жаңа жол» дейтiн Құлжа қаласынан шығатын газетке жарияланды. Одан кейiн үстiн-үстiне газет-журналдарға шыға бастадым. 1955 жылы ғана «Жұлдыз» журналына өлеңдерiм басылды. Ол кезде «Жұлдызға» екiнiң бiрi шыға бермейтiн. 1956 жылы оқуға түстiм. Оқуға түспей тұрғанда, он өлеңiм жастардың «Қос жүрек» топтамасына ендi. Осылай әдебиетке аяқ басқан мен Мұқағали (Мақатаев), Еркiн (Iбiтанов), Тұманбай (Молдағалиев), Қадыр (Мырзалиев) секiлдi достарыммен де жақын араласып кеттiм. Кiлең мықты ақындардың ортасына топ ете түстiм ғой. Хамит Ерғалиевтi мен жақсы көрдiм, ол да менi құрметтей бiлдi.

Бiзге Мұхтар Әуезов сабақ бердi. Ол кiсi күнделiктi сабағымен қоса, бiзге мынадай тапсырма бердi: «Осы бес жыл оқыған кездерiңiзде ең аз дегенде, бес жүз кiтап оқыңдар. Сосын түрiк тектес халықтардың әдебиетiн өз тiлiнде оқыңдар. Оқи берсеңдер, үйренiп кетесiңдер» дедi. Мен осылайша, Ұлы Мұқаңның арқасында тiл үйрендiм және оқыған әдебиеттерiмнiң iшiнен ұнағандарын қазақшаладым. «Балауса» баспасынан сiз айтқан серия бойынша, «Әлем елдерiнiң халықтық» жырларына ден қойып, аудармалар жасадым. Оның себебi, мен қазақтың қара өлеңдерiн жинастырғанмын. Сондықтан, «бауырлас елдердiң қара өлеңдерi қандай болады екен?» деген сұрақ менi қызықтырды. Нәтижесiнде, қазақ балалары елу елдiң халықтық жырларымен таныс болды.

Менiң шешем 13 құрсақ көтерген. Соның үшiншiсi мен. Бiрақ, мен жалғызбын, ал қалғандары шешек ауруынан қайтыс болған. Өзiмнiң бiр ұл, екi қызым бар. Кештеу үйлендiм, отыз жасымда. Өйткенi, бiр аяулы ағам: «Қазақстанға барып, ерте үйленiп қойып жүрме. Ақын бол, өз-өзiңдi қалыптастырып ал. Сосын көре жатарсың» деген. Менiң санама сол сөз әбден сiңiп, сүр бойдақ болғанда Ажар апаңа қолымыз жеттi.

Қазір ең бiрiншiден, бейбiт елде өмiр сүремiз, қазақша ойлайтын, сөйлейтiн жастарымыз бар. Әлеуметтiк жағынан келер болсақ, қаладағыларда бар жиһаз, техника ауылдағыларда да бар. Мұндай жақсы өмiр қазақта қашан болып едi? «Қой үстiне бозторғай жұмыртқалаған заман» деген осы емес пе?! Шетте қаңғып жүрген қазақ жоқ, керiсiнше, бiздiң елден нәпақасын тауып жүргендер қаншама? Осы күнге ынсаппен тәубе деу керек,»-деп өз өмірінен сыр шерткен екен.

Оразақын Асқар, ақын, мұқағалитанушы.

«Оразақын аға, ел сiздi «Мұқағалитанушы» дейдi. Сiз Мұқағали ағамыздың жанында жүрдiңiз. Ол кiсi туралы айтарыңыз көп болғандықтан, естелiктердi жер-жерде жиi айтып жүресiз. Жалпы Мақатаевпен қалай танысып едiңiз?»-деген журналист сауалына:

«Мен Мұқағалидан бұрын оның өлеңiн танығанмын. Үрiмжi қаласындағы «Ұлттар институтының» тiл-әдебиет факультетiнде оқып жүргенiмде, барлық мемлекетке тарайтын әдеби басылымға Мұқағалидың бiр топ өлеңдерi шықты. Бейтаныс ақын, бұрын-соңды әдебиеттен атын оқыған емеспiн. Өлеңдерiнiң қатты ұнағаны соншалық, жаттап та алдым. Бiрi махаббат, бiрi ата-ана, бiрi табиғат туралы екен. Алғаш рет Мұхаметқали Мақатаев деген атпен шыққан. Мұхаметқали – Мұқағалидың азан шақырып қойған аты. Кейiннен атамекенге оралдық. Мен Қазақ мемлекеттiк университетiнiң филология факультетiне оқуға түстiм. Нарынқол жақта шешемнiң туыстары бар болатын. Шешем сол нағашыларымның қолында едi. Атамекенге оралысымен оқуға түсiп кеткендiктен, нағашыларымның ауылына баруға да қол тимедi. Бiрде Мұқағалидың ауылы нағашыларымның ауыл жағына жақын екенiн естiдiм. Содан, Алматыдан бара жатқанда бiрiншi Мұқағалидың, ары қарай нағашыларымның ауылына баруды жоспарлап жолға шықтым. Не керек, Мұқаң тұратын ауылға да келiп жеттiм. Елден: «Мұқағали деген ақынның үйi қайсы?» деп сұраймын. «Мұғалiм Мұқағалидың үйi – әне» деп жол сiлтегендер болды. Ол кезде Мұқағали ауылда мектепте сабақ беретiн мұғалiм. Әлгi жол көрсетушiлердiң айтуы бойынша, бiр үйдiң есiгiнiң алдына келдiм. Аулада қапсағай денелi iрi жiгiт ағаш жарып жатыр екен. Амандасып: «Мұқағалидың үйi осы ма?» дедiм. «Иә, келiңiз, төрлетiңiз» деп, әлгi жiгiт үйге кiргiздi. Жайғасқан соң, «Мұқағалидың өзi қайда екен?» деп сұрадым. Менi үйге кiргiзген жiгiт: «Иә, не болды? Мұқағали мен боламын» дедi. Қайтадан орнымнан тұрып, құшақтасып сәлемдестiм. Барлық жағдайымды айтып түсiндiрдiм: нағашылар жағымнан шешемдi iздеп бара жатқанымды, өзiмнiң атамекенге ендi ғана келгендiгiмдi, студент екендiгiмдi, бәрiн қалдырмай, түгел баяндап бердiм. Жақсы әңгiмелестiк. Сөз арасында өзiнiң өлеңдерiн жатқа оқып бердiм. Риза болып: «Әй, Лашын, қайдасың? Мына жiгiт Қытайдан келген екен. Менiң өлеңдерiмдi жатқа бiледi өзi» деп мәре-сәре болды. Iшкi бөлмеден, аққұбаша, ұзын бойлы, Мұқағалиға бойы жетеқабыл келiншек шықты. Менi олар қонақасы берiп, ерекше күттi. Мұқағали екеумiз кезектесiп өлең оқыдық. Сөйтiп отырғанда, қас қарайып, түн болып кеттi. Мен: «Рұқсат болса, қайтайын. Атамекенге келгелi берi анамды әлi көргенiм жоқ» деп айттым. «Қонып кет. Жетi қараңғыда қайда бармақсың? Екi ауылдың арасына автобус бiр-ақ мезгiл қатынайды» деп бiраз үгiттедi. Бiрақ, бәрiбiр мен кететiн болып шештiм. Сонда Мұқаң тысқа шығып кеттi. Сәлден соң артынан шықсам, шанаға ат жегiп қойыпты. Шана мен атқа ауылдың бiр баласын қосып жiберетiн шығар деп ойласам, атты өзi айдады. Түнделетiп нағашымның ауылына бардық. Келсек, шешем аздап сырқаттанып, ыстығы көтерiлiп жатыр екен. Мұқағалимен менiң шешем бiр рудан. Менен бұрын Мұқағали: «Ой, тәте, ауырып қалыпсыз ғой» деп бәйек болды. Маған: «Мен тәтемдi өзiммен бiрге алып кетемiн. Бұл ауылда дәрiгер жоқ» дедi. Шешем: «Қарағым, менiң дәрiм келдi. Баламды көрiп, иiскеп, құшақтағасын жазылып кетемiн» деп, рахметiн айтып, бармады. Сонымен, Мұқағали үйiне қайтып кеткен. Бiр кезде сатыр-сұтыр, ит үрген дыбыстар шықты. Есiктi ашып қарасақ, Мұқағали тұр. Жанында ақ халат киген дәрiгерi бар. Мен Мұқағалидың адамгершiлiгiне риза боламын. Танымайтын, өзге жұрттан келген менi бауырына тартып, әлгiндей жақсылық жасау кез келгеннiң қолынан келмейдi ғой. Мiне, бұл нағыз ақынға тән адамдық. Мен бiлетiн Мұқағали осындай едi…»- деп ой толғаған екен ақын Оразақын Асқаров.

Оразақын Асқаров- қазақтың маңдайына біткен дара тұлға, көрнекті қаламгер, ұлт жанашыры, ұлттық әдебиетімізде өзінің қайталанбас қолтаңбасын қалдырған талантты суреткер, қазақтың біртуар азаматы. Биыл Оразалы Асқаровтың туғанына 90 жыл толуда.

You may also like

Leave a Comment