Исабаев Қалмұқан – қазақтың белгілі қаламгері, майдангер. Павлодар облысындағы Баянауылда туған. Екінші Жаһандық соғысқа қатысқан. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Республикалық газет-журналдарда қызмет атқарған.
Биыл соғыста қарумен, бейбіт күнде қаламмен қызмет еткен ардагер-жазушы Қалмұқан Исабаевтың туғанына 100 жыл толады.
Қалмұқан Исабаев 1925 жылы 25 тамызда Павлодар облысының Баянауыл өңірінде туған. 1943 жылдың қаңтарында 10-шы сыныпта оқып жүргенде Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, сұрапыл соғысты бастан кешеді. 1954 жылдың күзінде әскерден босап, елге оралады. 1954–1955 оқу жылында Алматы қаласының кешкі жастар мектебінде 10 сыныпты бітірісімен, Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетіне сырттай түсіп, оны 1961 жылы бітіріп шығады және осы уақытта «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкер болып істеген.
«Баян» атты әңгімесі 1954 жылы «Әдебиет және искусство» («Жұлдыз») журналына жарияланған. Ертіс – Қарағанды каналының жобасымен танысып, . 1961 жылы болашақ су жолы жүретін жерлермен 500 километр жаяу сапар шегіп, нәтижесінде «Арман арнасымен» атты күнделік кітабы жарық көрді. Он екі жыл бойы құрылыстың басы-қасында болып, «По руслу мечты», «Подвиг в степи», «На стыке судеб», «Сұңқар самғауы» атты кітаптар, жүзден астам проблемалық очерктер мен мақалалар жазды. 1992 жылы Павлодар облысындағы Ермак қаласына қойылған басқыншы атаманның ескерткішін алуға, қала атын Ақсу деп өзгертуге атсалысты..
Жазушының «Өтелген парыз» атты кітабы жарық көрді. «Азаттық үшін күрес — бізге тиген үлес. Ендігі ұрпақ осы азаттықты қорғау жолында күрессін», — дейді Қалмұқан Исабаев.
Қырыққа жуық кітап жазған қаламгер ескі дүниеге қарсы күрескен қарапайым қазақ әйелі Айқыз Көшімбаева, Екібастұз көмірін ашқан халық геологы Қосым Пішенбаев, әділдігімен аты шыққан Шоң би Едігеұлы есімдерін тарихта қалдырған.
Қазақтың белгілі жазушысы, соғыс ардагер Қалмұқан Исабаевтың «Айқыз» романы жайлы айтар болсақ, қарапайым қазақ әйелін тағы бір қырынан танытатын роман. Ескі дүниеге қарсы ашық айқасқа шыққан Айқыздың ел бостандығы жолындағы сүбелі істері сөз болады. Ержүрек революционер әйелдің бойынан табылған өжеттілік, қарапайымдылық, бауырмалдыққа, турашылдыққа бас иесің. Ажал аузында тұрып, әділет жолындағы күрестің жеңетіндігіне де кәміл сенеді. Романды оқи отырып сужүрек, ез еркекті, батыл да батыр, қиындыққа мойымаған әйелдер, бауырмал ағайындылар өмірімен танысасыз.
«Бақытты сәттер» кітабы- Біреу бақытын еңбектен табады, біреу махабаттан, Ежовшыл мансапқоллар партияның адал мүшелеріне жалған жала жапты. Серікқали Жақыпов теріс бағытта берілген бұйрықты орындамады. Коммунист-чекист бақытын әділдік үшін күрестен тапты. Кітап осы адал азаматтың тағдыры туралы, халқымыздың есімі ұмытыла бастаған ұлқыздарының өмірі жайлы әңгімелейді. Кітап тарихи деректерге бай.
«Арман арнасымен»- очерк-күнделік Жазушы Қ. Исабаев болашақ Ертіс-Қарағанды каналы салынатын жерлермен жаяу жүріп, ел аралап, каналдың ел шаруашылығына пайдасы жайлы жұрт пікірін, ойын жинақтап қайтқан. Бұл игі іс туралы ол өз ойлары мен топшылауларын да ортаға салады. Бүкіл Қазақстан жеріндегі қолдан салатын ең ірі су жүйесі болайын деп отырған Ертіс-Қарағанды каналының келешектегі зор пайдасына ол ел атынан ризалық сезімін айтады. Бұл кітапша жазушының сапарындағы күнделігі болып табылады.
Жазушы Қалмұқан Исабаев Қазақстанды суландыру жұмыстарын, республикамыздың гидрогеологтары мен су мамандарының қажырлы істерін түбегейлі зерттеп, құнарлы шығармалар жазып келеді. Оқырман қауымға ұсынылып отырған оның «Арна» романы автордың осы жолда жемісті ізденіп келе жатқанын танытады. Мұнда Ертіс – Қарағанды каналының құрылысын салуға қатысқан партия қызметкерлерінің, инженерлер мен су мамандарының ерлікке толы еңбегі, олардың адамгершілік қасиеттері мен достық қарым-қатынастары шынайы суреттелген.
«Серт» трилогиясының үшінші кітабы «Шоң би» романында өткен ғасырдағы қазақ рулары арасындағы тартыс, Ресей билеушілерімен арадағы қарым-қатынас, алғашқы орыс бекіністерінің салынуы, аға сұлтандыққа талас, т. т. кеңінен суреттелген. Шоң би қарт тарлан, көреген саясатшы ретінде қара халықтың мұңын көздеп, жоғын жоқтайды, елдің тұтастығы үшін күреседі. Әрбір оқиға, әрбір дау-дамай сайын Шоң бидің шоқтығы биік, біртуар жан екеніне шүбәсіз иланасыз.
Жазушы Қалмұқан Исабаевтың бұл кітабына әскери тақырыпқа жазылған романы мен әңгімелері енді. «Жолдас комендант» романы – шетел өмірін суреттейтін қазақ әдебиетіндегі санаулы туындылардың бірі болуымен қатар, қазақ офицерінің неміс қаласында коменданттық жұмыс атқаруымен де ерекшелінеді. Отан сүйгіштік, патриотизм, халықтар арасындағы достықты дәріптеу – кітапқа негізгі идеялық желі болып тартылған.
Жазушы Қ. Исабаев болашақ Ертіс-Қарағанды каналы салынатын жерлермен жаяу жүріп, ел аралап, каналдың ел шаруашылығына пайдасы жайлы жұрт пікірін, ойын жинақтап қайтқан. Бұл игі іс туралы ол өз ойлары мен топшылауларын да ортаға салады. Бүкіл Қазақстан жеріндегі қолдан салатын ең ірі су жүйесі болайын деп отырған Ертіс-Қарағанды каналының келешектегі зор пайдасына ол ел атынан ризалық сезімін айтады. Бұл кітапша жазушының сапарындағы күнделігі болып табылады.
Жазушы Қалмұқан Исабайдың “Комендант” атты кітабы жанрлық сипаты жағынан шытырман оқиғалы роман түріне жатады. Бір қызығы, осы шырғалаң оқиғалы романның өзі талай шырғалаңға түсті…Кітап алғаш рет “Бетпе-бет” деген атпен, 9000 дана таралыммен 1963 жылдың аяғында шықты. Арада бір ай өтер өтпесте баспа директорына шақырылып, роман тақырыбының социалистік қоғам талабына сай еместігі себепті қатты айыпталды. Сөйтіп, “Орган қызметін дұрыс бейнелемегені үшін сауда жүйесінен алынып, тиражы жойылсын және қайтып шығарылмасын” деген актіге қол қоюға мәжбүр болады.Атап айтқанымыз жөн, Қалмұқан Исабайдың “Комендант” атты романы кешегі Отан соғысы және одан кейінгі бүлінген шаруашылықты қалпына келтіру кезеңдерінің үлкен бір шындығын суреттейді. Шындығы дегенде, жазушы біреу-міреулердің естігендерін, әлдебір құжаттарды жиып-тергенін не қиялмен ойлап тапқанын емес, өзі қазанында қайнап, жүрегінен өткізгенін, көзі көріп, қолымен ұстағанын жазды. Роман оқиғасы екінші дүние жүзілік соғыс кезіндегі Алманияда өтсе, бұл қаламгер онда жастық дәуренін өткізді. Роман қаһарманы Шмальштадт қаласының коменданты болса, роман авторы Ильменау қаласының коменданты болды. Не қиямет қиындықтарды бастан өткерді. Соның бәрі қордалана келе Төлеген деген роман кейіпкерінің бейнесінде жинақталды. Төлеген тұлғасында сонымен бірге концлагерь тамұғынан азат етілген қайсыбір қазақ жауынгерлерінің тағдырынан да қалған белгі бар.
Шырғалаң оқиғалы роман жанры – қазақ әдебиетінде әзірге сирек кездесетін түр. “Комендант” романының ерекшелігі – шығарма тартысының айырықша сипатында, халықаралық деңгейге көтерілетіндігінде
“Комендант” романын ізденімпаз жазушының айтарлықтай табысы деуіміз керек. Біз Еуропа сахнасында қайрат көрсетіп жүрген қазақ жігітіне бір қол соқсақ, соның бейнесін қалауын тауып сомдай білген Қалмұқан Исабайға екі қол соғамыз. Қазақ өзін ешқандай ұлттан жоғары тұрмын деп есептемейді, бірақ ешкімнен кеммін, төменмін деп те санамайды. Шытырман оқиғалы роман үшін бұл үлкен қорытынды. Ұлы Вольтерден қалған бір сөз бар: “Зеріктірмейтіннен өзге жанрдың бәрі жақсы” деген (“Все жанры хороши, кроме скучного”). Қалмұқан Исабай Қазақ әдебиеті үшін сирек жанр есепті шытырман оқиғалы роман жазып, шығармагерлік жолында тағы да бір белеске көтерілді.
Драматургия саласында «Десант» атты комедиясы Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің 1984 жылғы байқауында жүлдеге ие болған.
Қалмұқан Исабай Түрікменстанның Карке қаласында 1195-атқыштар полкінің взвод командирі қызметінде жүрген уақытында, 1948 жылдың қазанында Германиядағы 20-механикаландырылған полктің взвод командирін ауыстыруға бұйрық келіп, «Бұл қызметке бір қазақ керек болған екен, ол таңдауға мен іліккен болсам, шегінерге не бар» деген оймен сол жаққа аттанады.
Гететанушылардың айғақтауынша, Абай тәржімалаған «Қараңғы түнде тау қалғып…» өлеңінің неміс тіліндегі түпнұсқасын, яғни «Түнгі кезбенің әнін» ұлы ақын сол күні кеште мұнартқан Тюрингия қыраттарына қарап тұрып, есікке жазыпты. Музейдегі Гете «Түнгі кезбенің әнін» алғаш жазған есік тарихи мүлік саналады.
Ильменау жерінде алғаш Гете музейіне барғанда Абай аудармасын тасқа жазып, салтанатты есік жанына қағуды армандап кеткен жазушы Қалмұқан Исабаевтың белсенді қызметінің арқасында, Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңі қашалған мәрмәр тақта 1979 жылы 22 шілдеде Қазақстаннан Габельбах музейіне жеткізіліп, салтанатты жағдайда аталмыш есіктің жанына орнатылды. Сол уақыттан бастап музейге келген шетелдік қонақтарды Абай әнімен қарсы алу дәстүрге айналған. 1980 жылы Қ.Исабаев Гете музейіне өзі салған Абайдың бейнесін, «Қараңғы түнде тау қалғып» әнінің ноталық жазбасын, арнайы әзірленген домбыраны сыйға тартады. Домбыраның сынбайтын шынымен қапталған бөлігі астында неміс және орыс тілдерінде: «Гетенің Азиядағы тұңғыш аудармашысы – ақын, әрі композитор Абай осы аспапта ойнап, «Түнгі кезбенің әніне» ән шығарған» деген жазу бар. Өз кезегінде Гете музейі мен немістің классикалық әдеби мұрасын жинап, зерттейтін Ұлт институты қызметкерлері Семейдегі Абайдың әдеби-мемориалдық музейіне Гетенің портретін сыйға тартқан.
Сонымен қатар Абай музейіне натуралист, геологияға қызығушылық танытып, минералдар жинаған Гетенің коллекциясынан Қалмұқан Исабаев ақынның жеке заты ретінде сақталған жапырақ бедері түскен тас әкелген. Ильменау қаласының құрылғанына 700 жыл толуына орай ақ керамикадан жасалған таңбасын сыйға тартқан. Сонымен қатар, Гете суретін, қолжазбаларының көшірмесін, буклеттерді, неміс тілінде «Қараңғы түнде тау қалғып» әні жазылған магнитофон жазбасын және мерейтойлық медальдарын да тапсырған. Қалмұқан Исабаев Қызыл Жұлдыз (1945), Еңбек Қызыл Ту (1975), «Құрмет» ордендерімен, ГДР — дің Герман–Совет достығы қоғамының алтын белгісімен (1983) және көптеген медальдармен марапатталған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2005).
1981 жылы Қазақстан Жазушыларының Қарағандыдағы күні өтеді.
Қарағандыға келген жазушылар екі топқа бөлінеді. Бір топты Шерхан Мұртазаев бастап Абай, Шахтинск қалаларын аралайтын болады да, екінші топты Қалтай Мұхаметжанов бастап Қарқаралыға жүрмек болады.
Қалтай мен Қалмұқан Исабай құрдас, батырып ойнай береді.
Шерхан тобына Қалмұқан Исабай, Оралхан Бөкей, Темірхан Медетбек сияқты ақын-жазушылар іліксе керек. Сонда Қалмұқан: «Шерхан, Оралхан, Темірхан, Қалмұхан сияқты өңкей хандар Абай қаласына барамыз, ал Қалтай, балтай-шалтайлар Қарқаралыға бара жатыр» дейтін көрінеді.
Сонда Қалтай: «Өй, қу таз, өй, қу таз!» дегеннен басқа сөз айта алмапты дейді.
1982 жылы Қазақстан әдебиеті мен өнерінің РСФСР-дағы күндері өтіп жатады. Москвада Қазақстан жазушыларымен кездесу болады. Сахнаға Олжас Сүлейменов пен Қалмұқан Исабаев қатар шығады. Сірә, Олжас сөз сөйлеуге, Қалмұқан сый-сияпат тапсыруға шықса керек.
Олжас әдеттегідей тапқыр сөздердің тиегін ағытып тұрып «Қалмұқан екеуміздің бітіміміз бүгінгі қазақ совет әдебиетінің диаграммасы сияқты» десе керек /Олжас сорайған ұзын да, Қалмұқан оның белінен ғана келеді ғой/. Сонда Қалмұқан ойланбастан: «Онысы рас, тек бір анықтай келетін жағдай, Олжасты әдебиетіміздің – саны, мені – сапасы деп қабылдасаңыздар қателеспейсіздер!» депті.
Ұтқыр әзілге москвалықтар ризалқпен қол соғады.
Қалмұқан Исабаев сөзге шешен, тапқыр болған деседі. Ел ішінде «Қалмұқан Исабаев деген екен» деп айтылып жүрген ангімелерге кезек берейік:
Жазушы Қалмұқан Исабаев Ертіс туралы романын бітіріп, «Жазушы» баспасының директоры Әбілмәжін Жұмабаевқа алып келіпті.
Әбілмәжін қомақты қолжазбаны қарап отырып:
– Көлемі біраз бар екен, суы көп емес пе? – депті.
Сонда Қалмұқан:
– Бәрекелді, Әбеке-ау, романның өзі су туралы болған соң сусыз болмайды ғой! – деген екен.
Жазушы Әнуар Әлімжанов көп жылдар бойы Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының төрағасы болып істеген. Содан бұл қызметінен ауысқанда орнына бұрын сауда саласында жұмыстар атқарған бір азамат келеді.
Арада бірер ай өткенде Әнуар қоғамда істеп жүрген Қалмұқан Исабаевқа жолығып:
– Хал қалай? – депті.
Сонда Қалмұқан:
– Түркістан мазарын өзбектерге сатып жібере ме деп қорғап отырмыз ғой! – деген екен.
Бір жерде топтасып тұрған кісілерге Қалмұқан жақындап келіп сәлем берсе, ішіндегі біреуі:
-Сіздің қолыңызды алу үлкен бақыт қой! – деп құшырлана амандасыпты.
Сонда Қалмұқан:
– Сені бақытыңнан айырып қайтейін, ұстай тұруыңа болады, – деп, қолын тартып алуға асықпапты дейді.
Майдангер жазушы, драматург, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қалмұқан Исабаевты 2015 жылы 5 желтоқсанда ақтық сапарға шығарып салды.
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде Ертіс-Баян өңірінде дүниеге келіп, есімі елге мәшһүр болған тұлғалардың жәдігерлері топтасқан. Соның бірі – жазушы Қалмұқан Исабаевтың Германияда жасалған жазу мәшіңкесі. Қалмұқан Исабаевқа жарты ғасырға жуық серік болған жазу құралы. Қазір қаз-қалпында сақталып тұр. Машинканы 2001 жылы Қалмұқан Исабаев Керекуге келгенде өз қолымен музейге сыйға тартып кетіпті.
«Қаламгер өмірінің 12 жылын әскерде, соның ішінде екі жылын соғыста өткергені мәлім. Майданнан кейін Германияның Ильменау қаласында комендант болып қызмет етті. Герман жеріндегі «Groma Gromina» компаниясы ол тұста тек латын қарпіндегі жазу мәшінкелерін шығарыпты. Мынау баспа мәшіңкесі 1952 жылы Арнштад деген елді мекенде кириллица әріптерімен арнайы жасалған. Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, жазушы Қалмұқан Исабаев коменданттықтан босап, туған елге оралуға дайындалып жатқанда сондағы германиялық әріптестері сыйлаған», – деп мәлімет берген екен музейдің қор сақтаушысы Әлия Саматова.
Біздің кітапханамызда жазушының жазған романдары мен жазба – новеллаларынан тұратын көптеген кітаптары бар. Көп шығармалары Ұлы Отан соғысында болған оқиғаларды қамтиды, сондай – ақ көп оқылатын «Шоң би» трилогиясында әрбір оқиға, әрбір дау-дамай сайын Шоң бидің шоқтығы биік, біртуар жан екеніне шүбәсіз иланасың. Жазушы шығармалары оқырмандар сұранысына ие.
Оның шығармалары әдебиетіміздің алтын қорына қосылған қазыналар санатында.
Қазақ халқының аяулы перзенттерінің бірі Қалмұқан Исабайдың жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады.