Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. Абай Құнанбаев 10 тамыз 1845 жылы Семейдің Шыңғыстауында Құнанбайдың төрт әйелінің бірі, екінші әйелі Ұлжаннан туады.
Орта жүздің Арғын тайпасының Тобықты руынан шыққан билер әулетінен. Әкесі Өскенбайұлы Құнанбай өз заманындағы атақ даңқы алысқа кеткен адамдардың бірі болған. Патша өкіметі XIX ғасырдың ортасындағы бір сайлауда оны Қарқаралы ауданының аға сұлтандығына бекіткен. Шешесі Ұлжан Орта жүздің Арғын тайпасынан Қаракесек руының шешендікпен, тапқырлық, әзіл әжуамен аты шыққан шаншарлардың қызы «Абай» деп жас Ибраһимді анасы Ұлжан еркелетіп атаған. Содан бері бұл есіммен Абай тарихқа енді.
Ақынның арғы тегі Орта жүз Тобықты Арғын ішіндегі Олжай батырдан басталады. Олжайдан Айдос, Қайдос, Жігітек есімді 3 ұрпақ тарайды. Бұлардың әрқайсысы кейін бір-бір рулы ел болып кеткен. Айдостың Айпара деген әйелінен: Ыргызбай, Көтыбақ, Топай, Торғай, деген 4 ұл туады.Бұлардың әкесі момын, шаруа адамы, ал шешесі өткір тілді, өр мінезді әйел болған. Сол Айпара балаларына:
«Шынжыр балақ, шұбар төс Ызгызбайым,
Тоқоақ жалды торайғыр Көтібағым,
Әрі де кетпес, бері де кетпес Топайым,
Сірә да оңбас торғайым…»
Ана айтқанындай, шынында, бұлардың ішінде Ырғызбай ортасынан оза шауып, ел басқарған. Ырғызбайдан Үркер, Мырзатай, Жортар, Өскенбай тарайды. Өскенбай шаруаға жайлы, билікке әділ кісі болғандықтан, “Ісің адал болса Өскенбайга бар,арам болса Ералыға бар” деген мәтел сөз қалған. Өскенбайдың әйелі Зереден Құнанбай туады.
Құнанбай 4 әйел алған адам. Оның бәйбішесі Күңкеден – Кұдайберді, інісі Құттымұхамбетке айттырылып, қалыңдық кезінде жесір қалған соң өзі алған екінші әйелі: Ұлжаннан – Тәңірберді (Тәкежан), Ибраһим (Абай), Ысқақ, Оспан, үшінші әйелі Айғыздан – Халиулла, Ысмағұл туады. Қартайған шағында үйленген ең кіші әйелі Нұрғанымнан ұрпақ жоқ. Абайдің “ Атадан алтау, анадан төртеу едім дейтіні осыдан.
Осындай текті ортадан шыққан Құнанбай мен Ұлжаннан туған төрт ұлдың бірі Абай жастайынан ақ ерекше қабілетімен, ақылдылығымен көзге түседі.
Болашақ ақын сабырлы мінезімен, кең пейілімен ел анасы атанған әжесі Зеренің таусылмайтын мол қазынадай аңыз- ертегілерін тыңдап, өз анасы Ұлжанның тәрбиесінде өседі. Балаға сыншы әкесі осы баласынан қатты үміт етеді. Әкесі оның зеректігін байқағаннан кейін, 10 жасқа толған соң Семейдегі Ахмет Риза медресесіне береді. Абай әуелі ауылдағы Ғабитхан молдадан сауатын ашады да, 10 жасқа толған соң, үш жыл Семейдегі Ахмет Риза медресесінде білім алады. Бұл медреседе араб, парсы тілдерінде, негізінен дін сабағы жүргізілетін еді. Қатарларынан анағұрлым зейінді бала оқуға бар ықыласымен беріліп, үздік шәкірт атанады. Ол бала жасынан кітапқа құмар болды, араб-парсы және көне түркі әдебиетінің үлгілерімен танысты. Абай қазақтардың дәстүрлі әдет-ғұрып заңы мен ислам дінінің қағидаларын терең меңгерді. Онымен білім жарыстырудан молдалардың өздері қауіптенетін. Абай халық ауыз әдебиетінің үлгілерін өте жақсы білді. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінде-ақ өзінің алғашқы өлеңдерін жаза бастады. Ол енді дін оқуын ғана місе тұтпай, білімін өз бетінше жетілдіруге ұмтылады. Сөйтіп көптеген шығыс ақындарының шығармаларымен, араб, иран, шағатай тілінде жазылған шығармалармен таныса бастайды, “Приходская школаға” да қосымша түсіп, орысша сауаттанады. Бірақ бұл оқуын әрі жалғастыра алмай, небәрі үш жылдан соң оның мұсылманша да, орысша да оқуы аяқталады. Абайдың алымдылығын байқап жүрген әкесі Құнанбай оны елге қайтарып алып, өз жанына ертеді. Сөйтіп, 13 жастағы Абай ел ісіне араласқан еді…
Әкесінің төңірегінде ел жақсыларымен араласып, өз халқының рухани мәдениет жүйелерімен жете танысады. Өзі билер үлгісінде шешен сөйлеуге төселеді. Ұтымды сөзімен, әділ билігімен елге танылып, аты шығады.
Патша үкіметінің отаршылық саясаты мен парақор орыс әкімдерінің жергілікті би-болыстардың арамза әрекеттерін айнытпай танып, көкірегінде жиркеніш сезімі оянып, соларға қарсы күресуге бел буды, “ елге пайдалы, адамгершілігі бар, әділ басшы болсам ғана жақсы адам боламын” деген тұжырымға бекіді. Осы мақсатпен болыс сайлауына түседі.
1875 жылы Қоңыркөкше елінде өткен сайлауда жеңіп шығып, 1878 жылға дейін болыс болады. Бұл жылдары Абай өз қолындағы билікті пайдаланып, әділдік таразасын тең ұстауға күш салды. Әлсізге зорлық көрсеткендерді, ұрлық жасағандарды қатты жазаға тартып, халық қамқорына айналды. Сол аралықтарда «Төбе би» лауазымын иемденген. Осы кезеңдерде қазақ халқының дәстүрлі ел билеу жосындарын, әдет-ғұрып заңдарын жетік білетін Абай ел ішіндегі әр алуан әкімшілік-құқықтық реформаларға белсене араласады.
Оның ел басқарудағы бұл бағыты халықты қалауынша езіп-жаншып жүрген шонжарлар тарапынан қатты қарсылыққа ұшырады, үстінен оязға жалган арыз айтушылар көбейді. Соның бірі Үзікбай Бөрібаевтың “Таймақкөл деген жерімді тартып алды ” деген жалған арызы бойынша көтерілген іс 10 жыл сүргінге созылып, ақыры Е. П. Михаэлистің көмегімен аяқсыз қалды. П. В. Маковецкий бұл істі 1884 ж. 27 тамызда жалған жала деп тауып, қысқартып тастады. Ақын үстінен жазылған “Абай барымта алды, ауыл шайып әйел қорлады” деген бір топ шонжар дұшпандарының арызы да нәтіжесіз қалды.
Абай дінге мән берді. «Алланың өзі де рас,сөзі де рас»,-деп өлең жазды. Бес уақыт намазын оқып,ораза ұстады.
Айта кету керек, Абай өмір сүрген ғасыр қазақтың би-шонжарларының бірінен-бірі асып, бірінің етегінен бірі тартып, барымта, жер мен жесір дауы өршіген, арызқой кертартпа заман болған.. Абайға да қамшы үйірген есерсоқтық оқиға орын алған тұс еді.
Содан да болар ақын:
Жүрегімнің түбіне терең бойла
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла
Соқтықпалы, соқпақты жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма,-деп мойындайды.
Аудармашыға екі қасиет қажет. Бірі талғампаздық, екіншісі ой тереңдігі. Талғампаздық деп отырғанымыз Абайдың хакімдігінің бір қыры. Абай бас салып кім көрінгенді аудармағаң ол аудармақшы болған автормен өзі бәсекеге түскен. Абайдың аудармалары, шын мәнінде, ой жарыстыру. Сондықтан Абай жасаған аудармаларын оның ой кеңістігінің өрісі деп қабылдаған жөн.
Абай орыс халқынан таңдап, талғап, әсіресе екі ақынды аударған. Абай орыс тілін тамаша меңгерді. Мұның өзі оның орыс ақыны М. Лермонтовтың біркатар өлеңін қазақ тіліне аударуына мүмкіндік берді. Абайдың талғампаздығына таң-тамаша қаласың. Орыс елімен, оның мәдениетімен мәңгілік қалатын, ешқандай өзге құндылық өлшемдеріне түспейтін екі генийді Абай бұлжытпай таныған және қазақ халқына таныстыру мақсатында, олардың шығармаларын қазақтіліне аударған.
Абай орыс ақыны Александр Пушкиннің өлеңмен жазылған «Евгений Онегин» деген романын толық аудармағаң одан үзінділер тәржімалаған Абай: «Онегиннің сипаты,» «Татьянаның Онегинге жазған хаты,» «Онегиннің Татъянаға жауабы,» «Онегин сөзі,» «Онегиннің Татьянаға жазған хаты,» «Татьянаның сөзі,» «Ленскийдің сөзінен» және «Онегиннің өлердегі сөзі» — деп жеке-жеке сегіз шығарма етіп аударған. Неге Абай романды қазақ тіліне толық аудармаған, әрине оның себебін дөп басып айту қиың, егер «Евгений Онегинді» толық аударса, оны қазақ оқырмандары қабылдамас еді, сірә, Абай соны түсінген. Қазақ оқырмандары махаббат, ғашықтық тақырыбына «Ләйлі Мәжнүннен» бастап өңкей классикалық ғажап туындылармен сусындап келе жатқан қауым, сондықтан болар Онегиннің Татьянаға шалажансар сезімін қалайша қабылдамақ. Әрине, қабылдай алмайды. Шығыстық дәстүрде ғашықтар құрбандыққа дейін барулары керек, айталық Қозы Көрпеш-Баян сұлу сияқты. Осыны түсінген Абай «Евгений Онегиннен» үзінділерді таңдап алып аударып, олардың өзін қазақы ұғымдармен сөйлетіп қойғаң ол «Татьяна сөзін» «Тәңірі қосқан жар едің сен», деп бастайды. Абайдың Татьяна хатының сөзіне шығарған «Татьянаның қырдағы әні» қалың елдің сүйікті әніне айналды.
Абай М.Ю. Лермонтовтың «Шайтан» («Демон»), «Дұға» («Молитва»), «Қанжар», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Жалау» («Жалғыз жалау жалтылдап»), «Теректің сыйы» («Асау Терек долданып, буырқанып») сияқты өлендерін аударды. Абай А.С. Пушкиннің «Евгений Онегин» дастанының үзінділерін қазақы ұғымда жатық етіп еркін аударды.
Абай И.А. Крыловтың мысалдарын қазақ тіліне аударумен де айналысты. Қазақтар ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті жетекшісі Ә. Бөкейханов өзінің қырғыз даласындағы әртүрлі уездерде болған кезінде ондағы ақындардың Пушкин мен Лермонтовтың Абай аударған өлеңдерін жақсы білетініне, оларды домбырада әнге қосып айтатынына көз жеткізіп қайтқанын жазады.Орыс тілінен Абай аударған шығармалар қазақ әдебиетін байыта түсті. Абай орыстың ұлы акындарының 50-ден астам өлеңін қазақ тіліне аударды.
Абай халқына пайдалы деп тапқан істерін көркем сөзбен, әсіресе, өлеңмен насихаттамақ болады. Абай бір жағынан шығыс классиктері Низами, Сағди, Қожа Хафиз, Науаи, Физули, Жәми тағы басқаларды оқыды. Болашақ ақынның дүниеге көзқарасының қалыптасуына оның озық ойлы орыс зиялы қауымының өкілдерімен араласуы орасан зор ықпал етті. Ол кезде өз Отанының тәуелсіздігі жолындағы ұлт-азаттық қозғалыстарға белсене қатысушылар Қазақстан аумағына жер аударылып келіп жатты. Олар, атап айтқанда, Украина мен Польшадағы зиялы қауымның неғұрлым білімді өкілдері болатын. Жер аударылып келгендердің арасында патша үкіметінің саясатына қарсы шыққан орыс зиялы қауымының өкілдері де аз емес еді. Олар Абайдың саяси көзқарасының қалыптасуына ықпал етті. Атап айтқанда, Е. Михаэлис, А. Леонтьев, С. Гросс, А. Блек, П. Лобановский, Н. Коншин, Н. Долгополов және басқалары еді. Абай А. С. Пушкин, А.И. Герцен, М.Е. Салтыков-Щедрин, Н.А. Некрасов, М.Ю. , Л.Н. Толстой, И.А. Крылов, Ф.М. Достоевский, И.С. Тургенев, Н.Г. Чернышевский мұраларын да оқып, терең таныс болған. Батыс әдебиетінен Гете, Дж. Байрон сияқты ақындарды оқып, Дрепер, Спиноза, Спенсер, Льюис, Дарвин сынды ғалымдардың еңбектерін зерттейді. Бұл Абайдың саяси-әлеуметтік көзқарасына игі ықпалы тигізгені сөзсіз. Бірақ Абай Құнанбаев орыс мәдениеті мен, әдебиетіменен, демократтық көзқарастарымен озық ойлы азамат болып өсуі осы кісілер арқылы деу ағат айтқандық болар еді. Бұл тұста М. О. Әузовтың “Ал, кейін орыс тілін біліп, орыстың ұлы мадениетін мол, терең тани бастаған Абай озгын ойды бұлардан үйренбейді. Пушкиннің өзінен, Белинский, Герцен, Чернышевский, Салтыков-Щедрин, Некрасовтардың өз мұраларын оқып, кең, терең тарбие алды. Абайдың классик ақын болған маңызын, әлеументтік көзқарасын тек Михаэлис әсерінен деп қойсақ, әрі Абайға, әрі орыс халқының ұлы мұрасына жане ұлы даналарына қиянат сөз айтқан болар едік ” деген тұжырымын келтірсек те жеткілікті. Сөйтіп Әуезовтың сөзімен айтқанда “1884 жылдары, жасы қырыққа таман ілінгенде, ол дүниеден көп мағлұматы бар кісі болды.”
1885 жылы мамыр айында Шар өзенінің бойындағы Қарамола деген жерде Семейдің ген.-губернаторы Цеклинцкийдің басқаруымен Семей губернасиясына қарайтын 5 уездің 100-ден астам би-болыстары бас қосқан төтенше съезі өткізілді. Абай осы тұста, 1886 ж. досы Михаэлистің ұсынысымен, Семей облысы Статистика комитетінің толық мүшесі болып сайланды. Осы съезде төбе би болып сайланған Абайға “Семей қазақтары үшін қылмысты істерге қарсы заң ережесін” әзірлеу тапсырылды. Абай бастаған комиссия барлығы 93 баптан тұратын ережені 3 күн, 3 түнде әзір етті. Бұл қазақ қауымында ежелден қалыптасқан кертартпа әдет-ғұрып заңдарына да, патша өкіметінің халықты қанаушылыққа ,зорлық-зомбылыққа негізделген заңына да ұқсамайтын, өзгеше құжат еді. Оның әсіресе ұрлық, қылмыс пен әйел мәселелеріне арналған баптары ерекше құнды. Бірақ Абайдің атақ-даңқын осынша көкке көтерген Қарамола съезінен кейін оның дұшпандары тіпті еліріп кетті. 1890 ж. Байғұлақ, Кұнту деген жуандардан бастаған 16 атқамінер Жиренше қыстауының шетіндегі Ши деген жерде Абайға қарсы дұшпандық әрекетке сөз байласады.
1891 жылы Оразбай бастаған дау 1897 жылға дейін созылады. Бұл шиеленістің аяғы 1898 жылғы Мұқыр сайлауындагы жанжалға, Абай өміріне қастандыққа әкеп соқтырады. Ақын бұл жанжалдың барша жиренішті сырын , өзінің ақ екендігін Сенатқа жолдаған хатында барынша айғақты деректермен дәлелдеп береді.
1891 жылдан бастап Абай басына ауыртпалық түсіп, бір-біріне ұласқан қайғы бұлты ашылмай қояды. Осы жылы ақынның сүйікті інісі Оспан жарық дүниеден өтеді. Одан кейін орысша әскери білімі бар, үлкен үміт күткен баласы Әбдірахманнан айырылады. Бұлардың қазасының ақын жанына қандай батқаны оның осы тақырыпқа арнаған топтама өлеңдерінен айқын көрінеді. Сөйтіп жүргенде соңғы тіренішіндей болған дарынды ақын баласы Мағауия да қайтыс болды. Осындай қабаттасқан қайғы қасіреттен күрт сынған Абай Мағауияның қазасынан кейін қырық күннен соң, өзі де дүние салады. Ақынның сүйегі Шыңғыстаудың ығындағы Жидебай мекенінде, інісі Оспанның жанына жерленеді. Бұл күнде ол арада қазақтың ұлы екі перзенті — Абай мен Шәкәрімге деген ұрпақтың өшпес махаббатының, ізгі құрметінің белгісіндей болып, сәулет өнерінің соңғы үлгісімен салынған қос мұнаралы кешенді алып мазар тұр.
Абай үш әйел алған. Бәйбішесі Ділдадан- Ақылбай, Әбдірахман, Кұлбадан, Әкімбай, Мағауия, Райхан; екінші әйелі Әйгерімнен- Тұрағұл, Мекаил, Зікаил, Кенже деген 7 ұл, 3 қыз сүйген. Келіндей алған әйелі Еркежаннан ұрпақ көрген жоқ.
Абай өлең жазуды 10 жасында («Кім екен деп келіп ем түйе қуған…») бастапты. Алайда жасы қырыққа келгеннен кейін ғана көркем әдебиетке шындап ықыласы ауады. Шығармалары үш жүйемен өрбиді: біріншісі — өлеңдері, екіншісі-ғақлия (немесе Абайдың қара сөздері) деп аталатын прозасы, үшіншісі-аудармалары.
Абай өлең жазуды 10 жасында («Кім екен деп келіп ем түйе қуған…») бастаған. Одан басқа ертеректе жазылған өлеңдері — «Йузи-рәушән», екіншісі — «Физули, Шәмси». «Сап, сап, көңілім», «Шәріпке», «Абралыға», «Жақсылыққа», «Кең жайлау» өлеңдері 1870 — 80 жылдар аралығында жазылған. Ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы — «Қансонарда» 1882 ж. жазылған. Алайда жасы қырыққа келгеннен кейін ғана көркем әдебиетке шындап ықылас қойып, көзқарасы қалыптасып, сөз өнерінің халық санасына тигізер ықпалын түсінеді. Шығармалары үш жүйемен өрбиді: бірі — өз жанынан шығарған төл өлеңдері; екіншісі — ғақлия (немесе Абайдың қара сөздері) деп аталатын прозасы; үшіншісі — өзге тілдерден, әсіресе орысшадан аударған өлеңдері.
Абай Өлеңдерін әркімдердің атымен таратып, Көкбай атынан бастырған ақын жазған өлеңдерін “жинауды ” шәкірттеріне 1896 жылы ескерткен. Ал қара сөзбен жазылған ғақлия-өсиеттерін 1890-1898 жылдар аралығында қолға алған.
Абай өлеңдері түгел дерлік лирикадан құралады, поэма жанрына көп бой ұрмағаны байқалады. Қысқа өлеңдерінде табиғат бейнесін, адамдар портретін жасауға, ішкі-сыртқы қылық-қасиеттерін, мінез-бітімдерін айқын суреттермен көрсетуге өте шебер. Қай өлеңінен де қазақ жерінің, қазақтың ұлттық сипатының ерекшеліктері көрініп тұрады. Ислам діні тараған Шығыс елдерінің әдебиетімен жақсы танысу арқылы өзінің шеберлік — шалымын одан әрі шыңдайды. Шығыстың екі хикаясын «Масғұт» және «Ескендір» деген атпен өлеңге айналдырады. Ислам дініне өзінше сенген діни таным жайындағы философиялық көзқарастарын да өлеңмен жеткізеді. Абайдың дүниетанудағы көзқарасы XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақ халқының экономикасы мен ой-пікірінің алға ұмтылу бағытта даму ықпалымен қалыптасты. Дүниетану жолында сары-орыстың төңкерісшіл демократтарының шығармаларын оқып, өз дәуірінің алдыңғы қатарлы ой-пікірін қорытып, басқаларға қазақ өміріндегі аса маңызды мәселелерді түсіндіруге қолданады. Дүниетану өңірінде екі қасиеттің — сезім мен қыйсынның , түйсік пен ақылдың қатынасын таразылайды. Сондықтан да: «Ақыл сенбей сенбеңіз, Бір іске кез келсеңіз» деп жазады.
Кез келген халықтың тарих сахнасына шығуы — жүйеге бейімделген біртектес өмір салттың ғана нәтижесі емес, сонымен бірге қасиеттік деп саналатын- арман-аңсардың (идеал) да біртұтастығына айғақ. Олай болса Абай сынының тәлкегіне түскен еріншектік, дарақылық, жалқаулық, күншілдік, өтірікшілік, өсекшілдік, мақтаншақтық, жағымпаздық, жікшілдік сияқты қасиеттер қазақ баласының кейбірінің бойындағы туа біткен кемшілік емес, сол Абай өмір сүрген қоғамдағы саяси әлеуметтік қатынастардың нәтижесі екеніне ден қою қажет. Сонда, Абай бұрынғы бабаларымыздың бойынан көрген «кемшіліктерді» себеп ретінде емес, сол замандағы саяси-әлеуметтік қатынастардың салдары ретінде қарастыруға жол ашқан.
Абай Шығыс пен Батыс мәдениеті мен өркениетін жетік білген. Бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған. Философиялық трактаттар стилінде жазылған «Қара сөздері» — тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды.
Абайдың көркемдік, әлеуметтік гуманистік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегі — қара сөздері. Абайдың қара сөздері (Ғақлия) — ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Жалпы саны қырық бес бөлек шығармадан тұратын Абайдың қара сөздері тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әр алуан. Оның алты-жеті үлгісі қысқа болса, қайсыбіреуі мазмұн, тақырып жағынан өзгешелеу, ауқымды болып келеді. Абай өзінің қара сөздерінде шығарманың ажарына ғана назар аударып қоймай, оның тереңдігіне, логикалық мәніне зор салған.
Сөйтіп көркемдік шеберлік пен ғылыми зерделік арқылы көркемдік сана мен философиялық сананы ұштастырады.Абайдың қара сөздеріндегі гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік ойлары дін туралы пікірлерімен бірігіп, тұтас бір қазақ халқының философиялық концепциясын құрайды десе болады. Абайдың кара сөздері білгенге асыл қазына. Абайдың кара сөздері сондай-ақ жалпы адамзат баласына ортақ асыл сөзге айналды.
Оның қара сөздерінің бірнешеуі ең алғаш 1918 ж. Семейде шыққан «Абай» журналында жарық көрді. Кейіннен, Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз, т.б. көптеген әлем тілдеріне аударылды.
Қара сөзде айтылған ой
Абайдың «Жетінші сөзінде» ұшырасатын «жанның тамағы» деген күрделі философиялық ұғым бар. Оны Абай біздің санамыздан тыс өмір сүретін объективті дүниенің санада сәулеленуі нәтижесіңде пайда болатын ғылым, білімнің жинақталған қоры ретінде қарайды. Осы себептен де Абай:
«… құмарланып, жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді,»
— деп қайыра түсінік беріп отыр… Абайдай ұстаз ақынның бұл «Жетінші сөзде» көздеген мақсаты адамның бойыңда туа пайда болатын жан құмары арқылы өз ұрпағының санасына тек қана жанның пайдалы тамақтарын сіңдіру еді. Міне, Абайдың ағартушылық көзқарасының тамыр алған бір саласының қайнар көзі осы жақта жатыр.
Абай бұл бағыттағы ойларын өзге сөзбен «Ғылым таппай мақтанба» т.б. өлеңдерінде айтқан. Мұнда ол «жанның тамағы туралы» ұғымды өз заманынын тұрғысынан келіп, «адам болу» үшін қажет көп керектермен ауыстырады. Ақын толық адам болу туралы өзінің жүйелі де қалыптасқан көзқарасының тезисін ұсынады. Онысы:
«Адам болам десеңіз…
Бес нәрседен қашық бол…,
Бес нәрсеге асық бол,»
— деген жолдарда жатыр. Ақынның бүкіл шығармаларындағы негізгі бір тұтас тақырыпта өзекті идея болған. Абайдың пікірінше, ішкі рухани казынамыздың молығуы тікелей өзіміздің қолымыздағы іс. Осы реуішті пікір Абайдың «Он тоғызыншы сөзінде» де қайталанады. Абайдың дүние танымы бойынша сананың, ақылдың пайда болуы күнделікті өмір тәжірибесінің нәтижесінен ғана туындайтын табиғи құбылыс. Соңдықтан да Абай «Он тоғызыншы сөзінде»:
«Адам ата-анадан туғаңда есті болмайды: есітіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады… Сол естілерден есітіп білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, соңда іске жарайды, сонда адам десе болады,»
— деп жоғарыдағы өлең үзіндісендегі ойын осы сөзіңде одан ары кеңіте отырып дамытатынын көруге болады.
Ақынды қатты алаңдатқан жағдайлар қазақтардың жаппай кедейленіп, қайыршылық халге түсе бастауы, патша үкіметі шенеуніктерінің шектен шыққан озбырлығы, жергілікті болыстардың парақорлығы мен қанағатсыз пайдакүнемдігі болды. Ол өзінің өлеңдерінде жақын туыстарына көмек қолын созбайтын сараң байларды өлтіре сынады.
Абай қазақ қоғамын ерінбей еңбек етуге шақырды. Өзінің кейбір замандастарының бойындағы жаманшылық мінездерді — жалқаулықты, еңбексіздікті, көрсеқызарлықты, алтыбақан алауыздықты, надандықты жеріне жеткізе әшкереледі. Кедейшіліктен құтылудың бір тәсілі егіншілікпен айналысу, қолөнер кәсібін және сауда-саттық жасауды үйрену екенін айтты. Ол былай деп жазды:
«Егіннің ебін,
Сауданың тегін
Үйреніп, ойлап, мал ізде».
Оның басқаша ойлауы мүмкін де емес еді. Қазақ даласында жиі болып тұратын жұт қарапайым халықты ауыр қайғы-қасіретке душар ететін. Ондай кезде жылдар бойы жинаған малдан бір-ақ күнде айырылып, жұтап қалуға болатын еді. Абай 1880 жылғы алапат ауыр жұтты өз көзімен көрді. Сол жылы оның сан мыңдаған жерлестері қайыршылық халге душар болған еді. Семей облысында кедей жатақтардың саны бұрын-соңды болып көрмеген жоғары көрсеткішке жетті. Олар казак станицалары мен орыс шаруаларының деревняларына жаппай ағылып, болар-болмас тиын-тебенге жалданды, үй қызметшілері, қолбала, бақташылар болды. Қайыр сұрап, ел кезіп кеткендер де көп еді.
Абай қазақтарды мал өсірумен қоса сауда жасауды, белгілі бір кәсіп түрімен шұғылдануды үйрену қажеттігіне баса назар аударды. Орта Азия тұрғындарының кәсіп түрлеріне үлкен ілтипатпен қызыға қарады. Ол былай деп жазды: «Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, саудагердің жүрмеген жері жоқ, қылмаган шеберлігі жоқ. Өзіменен өзі әуре болып, біріменен бірі ешбір шаһари (яғни қала адамдары болып. — авт.) жауласпайды. Орысқа қарамай тұрганда қазақтың өлісінің ахыреттігін (кебінін. авт.), тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды».
Абай халыққа жаны ашымайтындарды жек көрді, байлардың қарапайым халыққа менсінбей қарауы оның ашу-ызасын келтірді. Қоғамды прогресшіл түрде дамыту жолдарын үнемі іздестіріп отырды. Абай ел басқаруға халық үшін қызмет ететін, адал адамдар сайлануы тиіс деп есептеді. Ол өз төңірегіндегі адамдардың, жақындары мен шәкірттерінің бойындағы өз халқына риясыз берілгендікті, оның мүдделерін қорғау қасиеттерін қолдап отырды.
Ұлы ақын, ағартушы Абай музыкалық саласында да айта қалғандай мұра қалдырды. Өзінің асыл өлеңдерін, қара сөздерін қағазға түсіріп, кейінгі ұрпаққа жазып қалдырса, музыкалық жөнінде оның мұндай мүмкіншілігі болмады. Өйткені, Абай өмір сүрген көзеңде қазақта музыканың жазба мәдениеті жоқ еді, халықтық музыка ауыз дәстүрлік қалыпта еді. Сондықтан Абай әндері де қазақтың басқа халықтық ән-күйлері сияқты, ауыздан-ауызға, заманнан заманға ауыса отырып жетті. Музыка саласында жазба мәдениеттің болмауына қарамастан, Абай әндерінің бізге толық жеткен себебі — олардың халықтың жүрегінде сақталуға сапасы сай келетін шығармалар болғандығында, халық санасынан өшпес орын алғандығында. Абай әндерінің өзгешелігі — мелодиялық, ырғақтық жақтарындағы жаңалықтарында, идеялық мазмұнының ашықтығында.
Мәдениеттің дамуына кедергі болатын феодалдық жағдайда кейбіреулер үшін ол әндердің жаңа тілдері қазақтың халықтық ән дәстүрінен шығып кеткендік болып көрінуі де мүмкін еді. Бірақ жаңа, прогресшіл мәдениет күрескері болған Абай өз бетінен қайтқан жоқ. Сейтіп, Абай әндері алғашқыда оның өз айналасына — ауыл- аймағына, кейін жалпы қазақарасына тарай бастады. Абай әндері халықтық негізден нәр алғандықтан, халық әндерімен тамырласып жатқандықтан, нотаның жоқ кезінде-ақ, ауыздан ауызға көше отырып, қалың бұқараның игілігіне айналды. Бұған бұрын-соңды халықтың музыкалық салтында болмаған жаңа өткір тілмен өлең тексіне құрылуы да себеп болды.
Енді бір айтарымыз Абай өлеңдеріндегі лирика туралы. Тарқатып тоқталар болсақ,басым бөлігі-табиғат, махаббат, әлеуметтік бағыттағы өлеңдері. Мысалы:
Жазғытұрым қалмайды қыстың сызы
Масатыдай құлпырар жердің жүзі… немесе
Ақ киімді денелі ақ сақалды
Соқыр, мылқау танымас тірі жанды
Үсті-басы үскүрік аяз бен қар,
Басқан жері сықырлап келіп қалды… тағы бір өлеңінде: Сұр бұлт, түсі суық қаптайды аспан
Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан.
Білмеймін тойғаны ма,тоңғаныма,
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан…-деп жыл мезгіліндегі табиғат пен жан-жануарлар құбылысын көркемдейді. Мына бір өлең шумаақтарына көңіл бөлейікші:
Қақтаған ақ күмістей, кең маңдайлы
Аласы аз, қара көзі нұр жайнайды
Жіңішке қара қасы сызып қойған,
Бір жаңа ұқсатамын туған айды.
Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын,
Ақша жүз, қырлы мұрын, тіл байлайды… немесе
Ғашықтың тілі –тілсіз тіл, көбен көр де, ішпен біл…Махаббат лирикасы дегеніңіз осы емес пе?!
Әлеуметтік лирикасына да сәл тоқтайық: Күштілерім сөз айтса,
бас изеймін шыбындап.
Әлсіздің сөзін салғыртсып,
Шала ұғамын қырындап,
Сыяз бар десе жүрегім
Орнықпайды суылдап
Сыртқыларға сыр бермей
Құр күлемін жымыңдап…
Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеу шын мәнінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы , Міржақып Дулатұлы мақалаларынан басталды деуге болады.
Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетінде басылған «Абай – қазақтың бас ақыны» атты мақаласында «Одан асқан бұрыңғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» – деп Абайды аса жоғары бағалады. Абай шығармаларын жинап, қағазға түсіріп, реттеп баспаға дайындау ісі ақын қайтыс болған соң ұзамай-ақ қолға алынғанын дәлелдейтін нақтылы деректер жетерлік. Жарық көруінен бірнеше жыл бұрын құрастырылып, 1909 жылы Санкт-Петербургте басылған Абай өлеңдерінің жинағында ақынның жүз қырықтай өлеңі (аударма өлеңдерін қосып санағанда) мен «Ескендір», «Масғұт» поэмалары басылған, яғни осы күнгі белгілі поэзиялық шығармаларының көрнектілері түгелге жуық қамтылады.
Абай қазақ қоғамын ерінбей еңбек етуін қалады.. Өзінің кейбір замандастарының бойындағы жаманшылық мінездерді — жалқаулықты, еңбексіздікті, көрсеқызарлықты, алтыбақан алауыздықты, надандықты жеріне жеткізе әшкереледі. Кедейшіліктен құтылудың бір тәсілі- егіншілікпен айналысу, қолөнер кәсібін және сауда-саттық жасауды үйрену екенін айтты. Ол былай деп жазды: «Егіннің ебін,сауданың тегін,үйреніп, ойлап, мал ізде».
Оның басқаша ойлауы мүмкін де емес еді. Қазақ даласында жиі болып тұратын жұт қарапайым халықты ауыр қайғы-қасіретке душар ететін. Ондай кезде жылдар бойы жинаған малдан бір-ақ күнде айырылып, жұтап қалуға болатын еді…
Ұлы ақын жас ұрпақты имандылыққа, адамгершілікке, ғылым-білім үйренуге шақырды.
… Жастарды бес нәрседен -өсектен, өтіріктен, мақтаншақтықтан, еріншектіктен, бекер мал шашпақтықтан қашық болуға, бес асыл іске-талап етуге, еңбекті суюге, терең ойлай білуге, қанағатшыл болуға, қайырымды рақымшылық жасауга шақырды.
Абай жастардың бойындағы кеселді кемістіктерді, арсыздық пен ұятсыздықты, дөрекі надандықты тәрбие және білім беру арқылы жоюға үндеді. Ақын, ол үшін қазақ балаларын оқытатын мектептерді көптеп салуды жақтады.
Абай отандық тарихымыз бен әдебиетімізде аса көрнекті орын алады. Абай қазақтың ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалады. Абай есімі дүниежүзі халықтары әдебиетінде Шекспир, Пушкин, Гётелермен қатар тұрады. Ақынның мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы саналады. Қазақстанда ұлы Абайдың есімі көптеген елді мекендер мен көшелерге, Алматы Ұлттық университетіне, Алматы қаласындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрына берілген. Ұлы ақынның құрметіне Қазақстан мен Ресейде ескерткіштер орнатылған. Қазақстанның жоғары оқу орындарында Абай шығармашылығына арналған халықаралық және республикалық ғылыми конференциялар жыл сайын өткізіліп тұрады.
Биыл Ұлы қазақ ойшылыжәне ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына 180 жыл толады.