Home Жаңалықтар ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ЖАЗУШЫСЫ МҰХТАР МАҒАУИН 85 ЖАСҚА ҚАРАҒАН ШАҒЫНДА ӨМІРДЕН ОЗДЫ

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ЖАЗУШЫСЫ МҰХТАР МАҒАУИН 85 ЖАСҚА ҚАРАҒАН ШАҒЫНДА ӨМІРДЕН ОЗДЫ

Daismedia.kz

Мұхтар Мағауин — аса көрнекті жазушы, белгілі әдебиет зерттеушісі, ғалым, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың, Түркияның Халықаралық «Түркі дүниесіне қызмет» халықаралық сыйлығының лауреаты, Улан-батордағы Халықаралық Шыңғыс хан Академиясының құрметті академигі, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақ әдебиетінің көшбасшыларының бірі.

Мұх­тар Мағауин – қаламгерлік қуаты, қаламгерлік қарымы, қаламгерлік құшағы өзара құп қосылған, іштей әдемі үйлесім тапқан, өзге әріптестерінің ешқайсына ұқсай бермейтін дара тұлға.

Мұхтар Мұқанұлы Мағауин — 1940 жылы 2 ақпанда Семей облысының Шұбартау ауданында туған. Шұбартауда Бақанас өзені бар. Бақанас Шыңғыстаудан басталып, Баршатасқа дейін толысып ағады. Мұхтардың балалық шағы сол өзеннің бойында өткен. Мұхтардың әкесі Мұқан соғыста жау қолына тұтқынға түсіп, ұсталып кеткен. Мұхтар атадан жалғыз. Қазақы дәстүр бойынша тұңғыш немере шал-кемпірдің баласы болады емес пе?! Мұхтар да атасының баласы болды. Мағауия ескіше сауаты бар, әңгімешіл, көкірегі ояу кісі еді. Мұхтар атасының аузымен ескі қисса-дастандарды, батырлар жырын жаттап өсті. Қазақтың қай жырын сұрасаң да, мүдірмей айтып беретін. Мұхтар тарихты ерте таныды. Шыңғыс хан туралы Янның романын он жасында оқып шыққан.

Мұхтардың әкесі айдаудан 10 жылдан соң ғана оралды. Кейіннен мектепте ұзақ жыл мұғалім болып істеді. Анасы Рахия — қарапайым ғана, ақкөңіл адам болатын. Мұхтар екеуін де кейін Алматыға, өз қолына көшіріп әкелген. Мұхтардың үйі «Әдебиет және Искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналын жаздырып алады екен. Мұхтар 7-сыныптың өзінде-ақ «Әдебиет және Искусство» журналын оқып жүрген екен.

Тумысынан қабілетті, талапты бала жасынан кітапқұмар, білімге құштар болып өседі. Барлық пәнді өте жақсы оқумен қатар әдебиетке деген ынтасы ерте оянған Мұхтар мектеп қабырғасында жүргенде-ақ қазақ әдебиетінің мол қырынан сусындап, әлем әдебиетінің үздік үлгілерімен танысып үлгереді. Кіндік қаны тамып, ержеткен жері Ұлы Абай туып, өмір кешкен өлке болғандықтан, қалыптасқан дәстүр бойынша Абай өлеңдерін ерте бастан жаттап өскені өз алдына, күні кешеге дейін атын айтуға, шығармаларын шығаруға, оқуға тыйым салынған Шәкәрім туралы ескі көз қариялар айтқан әңгімелерден біліп, оның өлеңдеріне қанық болады. Мектепті алтын медальмен аяқтайды.

Жазушы, әдебиет зерттеушісі, әрі тарихшы Мұхтар Мағауин – алғашқы шығармаларымен-ақ әдеби қауым мен оқырман жұршылықтың назарын өзіне аудара білген қаламгер. Алғаш рет баспасөз бетінде 19 жасында көрінген жас таланттың туындылары араға жылдар емес, айлар сала отырып оқырман жұртшылықтың көзайымына айналады. Алғашқы әңгімелерінен-ақ үлкен көркемдік биікке жетеді. Жас жазушының «Жаңылысу», «Ақша қар», «Көкмұнар» сияқты көркем шығрмалары – айналдырған үш-төрт жылдың ішінде-ақ жазылып, ізі суымастан жарық көріп үлгерген дүниелер. Мысалы, әдебиет тарихы ғылымындағы тұңғыш еңбегі «Қобыз сарыны» кітабы бірден-ақ ғалымдар назарына іліксе, «Ақша қар» атты алғашқы әңгімелер жинағы да сөз қадірін түсініп, көркемдікке сұқтана білетін оқырманды еріксіз өзіне қаратты. Жазушы ұсақ жанрларды игеру барысында да өзіндік көркемдік стилін, жазу машығын жан-жақты ашып көрсете білді. Оған дәлел – қаламгердің шығармашылық жолының бастапқы он жылдығында туған бірнеше әңгімесі. Олардың ішінен әсіресе «Тіленші», «Кешқұрым», «Ватерлоо көпірі», «Алтыбақаннан соң», «Тарпаң», «Қияндағы қыстау», «Күтпеген кездесу», «Тұлымханның баласы», «Қияндағы қыстау», «Алтын тіс», кейінірек жазылған «Шеше», «Өткінші», «Тәртіпті азамат», «Коммунистік реализм» және т.б. әңгімелерінің көркемдік сапасын ерекше атауға болады.

Жиырма бес жасында әдебиет тарихшысы ретінде атағы шығады. Мұхтар Мағауин Қазақ Ордасы – ХV-ХVІІІ ғасырларда жасаған, бұл кезде мүлде дерлік ұмытылған ескілікті қазақ поэзиясын қайыра ашып, ресми әдебиет тарихына енгізген еді. Мұхтар Мағауин небәрі 26 жасында орта ғасырдағы жыраулар поэзиясынан диссертация қорғады. Сөйтіп осындай ғылыми еңбектерінің арқасында қазақ әдебиетінің тарихын бірнеше ғасырға жылжытты. Мұхтар Мағауинді өткен дәуірдегі ақын, жырауларының жырларын зерттеген, қазақ халқының әдебиетімен қоса тарихын тереңдеткен тұлға.
Бұдан соңғы кезеңде ғылымнан қол үзбесе де, көркем прозаға біржола бет қойыпты. Көптеген әңгіме, хикаяттар, тың тақырып, өзгеше құрылымды романдар жазады. Бұл шығармаларда қазақ халқының өткеннен бүгінге дейінгі өмірі мен тарихындағы елеулі кезеңдер қамтылған.

Мұхтар Мағауин – сирек кездесетін білімдар, ғұлама ғалым, әмбебап қаламгер. Оның әдебиет зерттеушілігі, тарихшылдығы, көсемсөзшілдігі бірімен бірі ажыратуға келмейтін тұтастықтағы көрініс. Не туралы жазса да, қандай тақырыпқа қалам тартса да негізгі түйіні қазақ тағдыры, ұлттық болмысы, бабалар өнегесі, ұрпақ болашағы, тіл жайындағы ойларға барып тіреледі.

Жазушының көркем шығармалары жазылу мәнерімен, айтар ойының тосын да тиянақты болуымен назар аударады. Жазушы қазақи өмір салтын, тарихи дәстүр мен этнографиялық ұстанымдарын мейлінше терең білетінін және оның бұл бағыттағы барлық шығармаларынан дерлік көрініс табатынын атап айту қажет. Ұлттық нақыштардың молдығы әсіресе «Аласапыран», «Шақан Шері», «Сары қазақ» романдары мен «Көкбалақ», «Жармақ», «Жыланды жаз» повестерінде басымырақ көрінеді.

Үлкен прозашы болуымен қатар М.Мағауин – әдебиет тарихын зерттеуші көрнекті ғалым да. 1960 жылдардың аяғына дейінгі кезеңде зерттеушілеріміз қазақ әдебиетінің тарихын XVIII ғасырда өмір сүрген Бұқар жырау Қалқаманұлынан бастап келсе, М.Мағауиннің 1969 жылы жарық көрген «Қобыз сарыны» атты зерттеу еңбегі осынау межені кемінде үш ғасыр жылжытты. Сөйтіп ол жан-жақты зерттеушілігі мен жанкешті еңбегінің арқасында әдебиет тарихына Қазтуған жырау, Асан қайғы, Шалкиіз, Жиембет, Марқасқа сияқты жырауларды да дәлелді түрде әдебиет тарихына енгізуге белсене атсалысты. Мұнан кейін осы бағыттағы зерттеулерін тереңдете түсу нәтижесінде ол құрастырып, түсініктемелерін жазған «Алдаспан», «Бес ғасыр жырлайды», «Поэты Казахстана» сияқты кітаптар жарық көріп, халқымыздың рухани игілігіне айналды.

Жазушының өз кезінде назар аударған шығармаларының бірі – екі кітаптан тұратын «Мен» деп аталатын өмірбаяндық шығармасы. Мұндағы жазушының шығармашылық жолындағы ізденістері, азаматтық есеюі, мақсат-мүдделері өршіл рухқа баулиды. М.Мағауин шығармашылығы жайлы шағын ойды қорыта келіп, жазушының қазіргі қазақ әдебиет тарихында белгілі бір орынға ие екендігі туралы тұжырымды пікір түюге болады.

Соңғы жылдарда Мұхтар Мағауин ежелгі тарихқа таза ғылыми тұрғыда қайтып оралып, төрт томдық «Шыңғыс хан және оның заманы» атты түбегейлі зерттеу еңбек жазып, жарияға жеткізді. Мұхтар Мағауиннің алпыс жылдық шығармашылық қызметі – жазушылық, ғылыми зерттеу, тарих және әдеби сын, көсемсөз тарабында жазған еңбектері бүгінде толық жиырма жеті том болып тұр.

Қазақ прозасында көркемдік құбылыс болып табылған шығармалары – «Тазының өлімі», «Қара қыз», «Көкбалақ», «Бір атаның балалары» повестері және т.б.
«Тазының өлімі» Кеңес дәуірінде жеке адамның табиғатын ашу үшін өзі өскен ортасы мен жан-жануарлардың тіршілігін байланыстыру тәсіліне сүйенеді. Бас кейіпкер Қазы – аңшылықты ғана емес, өзінің туған жерін, адам бойындағы игі қасиеттердің баршасын сүйетін қарапайым жан. Бұл шығармада күнәсіз хайуанат арқылы адам қауымының ортасындағы күрделі шындықты ашуға деген талпыныс бар. Осынау көркемдік әрекет жолындағы жазушының таңдап алған тәсілі де ұтымды. Бас кейіпкері тазы болғанымен, шығармадағы айтылатын негізгі мәселе – адам тағдыры, ұлттық құндылығымыз салт-дәстүрге деген кейінгі көзқарас.

М.Мағауин жануарлар өмірін негіз ете отырып, «Көк кептер» әңгімесін, «Жыланды жаз» повесі мен «Шахан Шері» романын жазып шықты. Бұлардың қай-қайсысы да қазақтың ұлттық салт-дәстүрін әр қырынан көрсете білумен бірге адамның жан дүниесіндегі ерекшеліктерді хайуанаттармен қарым-қатынас арқылы ашуды көздейді. Көзқарастың жітілігі, ойдың сергектігі мен шымырлығы, қиялдың ұшқырлығы жазушының аталған шығармаларын толымды етіп көрсетеді.

ХХ ғасырдың 60-жылдары қазақ прозасына М.Мағауин, Ә.Кекілбаев, О.Бөкей, Д.Исабеков, Т.Әбдіков сынды аса дарынды жастар легі келді. Заңғар жазушы Ғ.Мүсірепов: «Мұхтар Мағауин ана тіліміздің байлығын, оралымды, астарлы, әрі от-жалынды, әрі нәзік те биязы бояу-сырларын алғашқы адымдарынан бастап-ақ көрсетеді. Тіліміздің оралымдығын тереңдетуге қосқан үлесі аз емес», — деп, М.Мағауинге шынайы анықтама берген де болатын. Ал онымен қатарлас, қаламдас жазушы Ә.Кекілбаев: «Мұхтар Мағауин — дағдарыс тығырығына қамалған әдебиетіміздің одан әрі дамуына жаңа қарқын бітіруге тырысқан алпысыншы жылдардағы серпілісте айрықша көзге түсіп, сол қарқынын әлі күнге үдетпесе, бәсеңдетпей, жанқиярлық танытып келе жатқан кесек тұлғамыз. Оның бүгінгі де, ертеңгі де оқырмандар алдында сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Қадым замандар тақырыбына алғаш қадам тартқан ғалым ретінде ұлттық көркем ойдың ең кемел күштерінің төл тарихымыздың кенде зерделеніп келе жатқан кезендерін көрсетуге жаппай жұмылуына түрткі болды. Өзі де ­сол бәйгеде озып шыға алған жүлделі жүйрік», — деп бағалады.

М.Мағауин әр жылдары «Қазақ әдебиетінде», «Жазушы» баспасында, «Жалын» журналында қызмет етті. «Кешқұрым» атты алғашқы әңгімесі 1964 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланды. Кейінгі жылдары ол «Ақша қар», «Бір атаның балалары», «Қияндағы қыстау», «Көк кептер» повестер мен әңгіме жинақтарын, «Көк мұнар», «Шақан шері» романдарын, «Аласапыран» роман-дилогиясын, «Қобыз сарыны» атты монографияны, «Ғасырлар бедері», «Қазақ тарихының әліппесі» ғылыми-зерттеу еңбектерін, «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» оқулықтарын, хрестоматия және басқа да оқу құралдарын жазды.

 «Алдаспан», «Бес ғасыр жырлайды», «Ай заман-ай, заман-ай» ақын-жырау шығармалары жинақталған антологияны да М.Мағауин құрастырған. Оның шығармалары әлемнің бірнеше тілдеріне аударылған. 1984 жылы Мемлекет сыйлығының лауреаты және 1996 жылы Қазақстанның халық жазушысы атанды.

1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы аспирантурасын бітірген. Еңбек жолы 1965 жылдан басталады. «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, 1967-1971 жылдары «Жазушы» баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болды. 1984-1986 жылдары «Жазушы» баспасының бас редакторы, 1987 жылы еркін шығармашылық жұмыста, ал 1988-2006 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болды.

Мұхтар Мағауин ұлттың рухани шежіресін түгендеп, жаңғырта білген қайраткер. Өзі ескі замандағы жыраулардан көп нәрсе үйренгенін, тарихи тақырыпқа баруына жыраулар поэзиясы әсер еткенін айтқан. Сондай сұхбатының бірі арнамыздың алтын қорында сақталған. Ең бір ғажап нәрсе, ол әуел бастан-ақ қазақ жазу­шысы, туған жұртының тұлғасы болуды ар­тық бақыт санады, әдебиетті – киелі іс, қалам­герді – ұлттың ұлы мұратын жүзеге асырушы, ықылымнан бергі ата-бабалар арманын алға апарушы және аруақтар аманатын арқалаушы деп білді. Қасиетті қалам ұшында айнымас серт ұстанды. Әде­биетте ұстанар алтын қазығын дұрыс айқын­дап алды. Ол – Алаш мұраты еді. Әдебиетке тәңір бұйрығымен, тағдырдың пешенелі жазуымен осылайша саналы түрде келген екі жазушы болса бірі, біреу болса дәл өзі Мұхтар Мағауин деп айтуға оның жарты ғасырлық қат-қабат қаламгерлік жолы, Абылай аспастай әдеби асулары кәміл сенімділік беретіндей. Заманының тірі классигі саналған Ғабит Мүсірепов ақсақал М.Мағауинді кезінде “Әйел махаббаты” және басқа да алғашқы әңгімелерінің өзімен қазақ әдебиетінің алдыңғы қатарына шығыпты деп бағалауы тегін емес. “Әйел махаббаты” деген осы бір жұмбақ сипатты әңгіме. Оқыған кезде адамды магниттей баурап тартады. Әдемі мұңға бөлейді. 1961 жылы бір-ақ күнде жазылған, сегіз жыл бойы ешбір баспа орны қабылдамай қойған осы әңгімесінде автор шын мәнісінде еуропалық биік әдеби мәдениет өресіне жеткен дер едік.

Мағауин – қазақтың рухани тарихындағы реңкті қалыптастырған ірі суреткер. Өйткені Мағауин – тек әдебиетшілер үшін ғана емес, мәдениеттанушы, ғалымдар мен тарихшылар үшін де мол мағлұмат, терең тақырып, шүйгін ой ұсынған, дәлелін дәлдеп, өзіндік тұжырыммен кестелеген олжасы мол ойшыл еді. Әсіресе жыраулардың алдаспан рухын ешкім Мағауинсіз атай алмасы анық. Ол жыраулар мұрасын жаңғырта отырып, тілге жаңа леп, ойға орамды мазмұн әкелді. Оның шығармашылығы арқылы ұлт рухтанып, жастардың жігеріне жалын бітті.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары әдебиет зерттеушісі ретінде танылды. Көркем прозаға көбірек ден қойды. «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді. Қазақстанның Халық жазушысы (1984). Түркияның халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері (1997). «Тарлан» сыйлығының лауреаты (2002). Қазақстанның Құрметті жазушысы (2019) атанды.

Мұхтар Мағауин 2007 жылы Чехияға көшті. Астанасы Прагада алты жылдай тұрды. Кейін АҚШ-қа қоныс аударды. Түркияда да уақытша тұрды. 2008 жылы “Шыңғыс хан” романын жазуға кірісті. Жазушы Шыңғыс хан түрік тайпасының қият руынан шыққан деп есептейтін.

Жазушының билікті өткір сынаған кездері бар. 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасы кезінде “Қан төгілді” деген атаумен мақала жазып, “менің балаларым мен немерелерім – кеудесінде намысы бар ұлдарым мен қыздарым қызыл қанға боялып жатыр” деп, Назарбаев жүйесіне наразылығын жеткізді. Бертін “Халық үні” басылымына берген сұхбатында «Елін жерімен қосып сатып жіберген патша бізге ғана бұйырды» деп бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевты өткір сынға алды.

Мұхтар Мағауин жары Бақытжамалмен төрт ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан жиырма шақты немере, бес-алты шөбере сүйді
Мұхтар Мағауин – қазақ әдебиетінің көркем де озық үлгілерін жасап, халқымыздың терең де тылсым тарихына бойлай енген жазушы. Ол – қазақ прозасындағы қалыптасқан қасаң қағидаларды бұзып, сюжетті тосын оқиғамен, түйінмен аяқтаудың шебері. Халқымыздың өмір салтын, тарихи дәстүр мен этнографиясын терең білетін жазушының барлық шығармаларында осы ерекшелігі көрініс тауып жатады.
Қаламгердің «Көк мұнар», «Жармақ» романдары, «Тазының өлімі», «Қара қыз», «Көкбалақ», «Бір атаның балалары» повестері – қазақ прозасына көркемдік құбылыс ретінде енген шығармалар. Оның әңгімелері де тұрмыстың қарапайым иірімдерінен бастап жалпы адам тағдыры мәселесін қозғап, ұлтжандылық, өжеттік, батылдық сынды қасиеттерді дәріптейді.

2025 жылдың 10 қаңтарда 85-ке қараған шағында жазушы, әдебиет тарихын зерттеуші ғалым, тарихи романдардың авторы Мұхтар Мағауин қайтыс болды. Жазушының дүниеден өткенін оның ұлы Едіге Мағауин Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

«Арыстан әкем фәниден бақиға аттанып кетті, АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бала-шағасының ортасында, 2025 жылғы қаңтардың 9-ы, жергілікті уақыт бойынша сағат 19:55-те (Қазақстан уақыты бойынша қаңтардың 10-ы, сағат таңғы 5:55)» деп жазды Едіге Мағауин.
Ол жазушының толық шығармалар жинағының 26-томынан үзінді де жазып қойған.
“Мына Мен – айбынды Ғұн, ержүрек Түрік, кемеңгер Шыңғыс хан, Асқақ Алтын Орда, оған жалғас нұр шұғылалы Алаш әулеті – бар ғұмыры жарыққа ұмтылған арпалыс үстінде өткен Мұхтар Мағауин – көзім жұмылған мезетте, бұрнағы Алапат Бабаларым сияқты, өлмес, өшпес, Мәңгілік Аруаққа айналам! Иә!”.

Биыл жазушы, ғалым, Мемлекеттік сыйлық иегері, Қазақстан халық жазушысы Мұхтар Мағауин 85 жасқа толар еді…

You may also like

Leave a Comment