Home Жаңалықтар МАРХАБАТ БАЙҒҰТТЫҢ ТУҒАНЫНА 80 ЖЫЛ: «МАРХАБАТ» ЖУРНАЛЫ МЕН «MARKHABAT.KZ» АҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫ ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

МАРХАБАТ БАЙҒҰТТЫҢ ТУҒАНЫНА 80 ЖЫЛ: «МАРХАБАТ» ЖУРНАЛЫ МЕН «MARKHABAT.KZ» АҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫ ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

Daismedia.kz

Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында танымал жазушы Мархабат Байғұттың туғанына 80 жыл толу құрметіне «Мархабат» журналы мен «Markhabat.kz» ақпараттық порталының таныстырылымы өтті. Әдеби басқосу халықаралық «Алаш», «Түркі әлеміне қызметі үшін» сыйлықтарының, «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мархабат Байғұттың шығармашылығын дәріптейтін көрмені тамашалаудан басталды.

Келелі жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Шымкент қаласы әкімнің орынбасары Сәрсен Құранбек, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, әйгілі ақын Нармахан Бегалыұлы, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ректоры міндетін атқарушы Гүлжан Сүгірбаева, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, қаламгердің асыл жары Қыздаркүл Пернебайқызы, перзенті Ақлима, інісі Нышан Байғұт, сондай-ақ оқырман қауым қатысты.

Басқосуды «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, белгілі журналист, облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібай жүргізіп отырды. Ал журналдың бас редакторы Оралхан Дәуіт журнал мен ақпараттық порталды таныстырды.

Мархабат Байғұттың жанашырлығын көріп, ақыл-кеңес, бағыт-бағдар алған шәкірттері, жас қаламгерлер атынан ақындар Мұқағали Кенжетайұлы мен Сезім Мергенбай өлеңдерін оқып, әдемі әсерге бөледі. Классиктің өзі орындаған әні мен сұқбаттарын бейнетаспадан тамашалаған көпшіліктің көңілі толқыды. Жамбыл облысынан келген бір топ қаламгер Мархабат Байғұтпен ерекше байланыста болған Шерхан Мұртазаның көптомдық жинақтарымен бірге облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтауын қоса тапсырды.

«Мархабат» журналы екі мың дана таралыммен шығады. Жазылу индексі – 76104.

Біз еліне ардақты болған жазушының өмірі мен шығармашылығын таныстырып кетуді жөн көрдік.

Мархабат Байғұт — жазушы, журналист, аудармашы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2004). «Алаш» Халықаралық сыйлығының лауреаты (1996). Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы (2007). Қазақстанның Құрметті журналисті (2009).

Қазақ әдебиетінің төрінен орын алған Мархабат Байғұттың есімі көпшілік ортаға жақсы таныс. Қоғам шындығын айғақтайтын әңгімелері мен байыпты көзқарасы – қаламгердің ең бір ерекше тұсы. Мархабат Байғұт шығармашылығы өзгелерге ұқсамайды, кейіпкерлерінің бейнесі де өз кезеңінің тағдырын еш бүкпесіз баяндайды.

Қаламгердің алғашқы әңгімелері жетпісінші жылдардың басында дүниеге келген. «Шілде» деген атауға ие болған бұл әңгімелер жинағы Мархабат ағамызды жазушы ретінде дүйім жұртқа таныта түсті. Бұл жайында белгілі жазушы Тәкен Әлімқұлов: «Мархабат тұңғыш әңгімелер жинағымен-ақ танылып үлгерген жазушы. «Оңтүстік Қазақстанда» істей жүріп, неғұрлым нақтылыққа, қысқалыққа машықтанған. Көркем туындылары өз табиғатынан бастау алады. Тәржімашылдығы да тәнті етеді», – деп Мархабат ағамыздың жазушылық әлеміне бағасын берген. Шығармашылығы хақында ары қарай ой қозғар болсақ, қаламгер туындыларының замана келбетін танытатын, шынайы өмірді әрқалай жанрмен сипаттайтын артықшылығы бар. Бертін келе жарық көре бастаған «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәурізек», «Қорғансыз жүрек» сынды шығармалары әдебиетімізде ойып тұрып орын ала білді. «Интернаттың баласы» повесін мысал етіп алып көрейік. Жасөспірім балалардың өмірде қалыптасып дамуы, жолдағы қиындықтарға төтеп бере білуі шығарманың басты өзектілігі деп баға беруге болады. Бүгінгі қоғаммен салыстырып қарасақ, баланың өзін-өзі тануында, дамуында үлкен кедергілерге жол бергенімізді байқаймыз. Кейінірек баланың құрдымға кетуі, өміріндегі сәтсіздіктері мен қақтығыстарға бой ұрындыруы осының салдары екені анық.
Жазушы шығармашылығының тағы бір ерекше тұсы – туған өлкеге деген сүйіспеншілігі, бауырмалдығы. Осы жайында сыр шерткен мақалаларын оқып отырып, ерекше әсерге бөленесің. Еліне деген перзенттік махаббаты мен кеңпейілдігі айқын сезілетін шығармалары жазушының қаламгерлігін танытқан ерекше бір қасиеттер десек, әсте қателеспеспіз.

Мархабат Байғұт шығармашылығының тағы бір ерекшелігі – әскер қатарында жүріп әдебиетке араласа бастауы. Бір-бірімен әдемі үйлесім тапқан әңгімелері мен хикаяттары, публицистикалық жанрда жазылған еңбектері – қазақ әдебиетінің үлкен жетістігі. Алғашқы туындыларының бірі «Күн астындағы күнекей қызды» небәрі жиырма бір жасында жазған екен.

Ұлттық танымы мықты орныққан жазушы шығармашылығына Шерхан Мұртазадан бастап, бүгінгі күнгі жазушылардың біразы жылы көзқарас танытқан. Қаламгердің шығармалары түрік, өзбек, саха, украин, қарақалпақ тілдеріне аударылған.

Мархабат Байғұт – жазушылығымен қатар, аударма саласында да жемісті еңбек еткен тұлға. Қырғыздың белгілі жазушысы Шыңғыс Айтматов пен орыстың бірқатар жазушысының шығармаларын қазақ тіліне аударған. Мархабат ағамыздың еселі еңбегін әр шаңыраққа танытсақ да артық болмайды. Жазушының шығармаларын ағылшын және орыс тілдеріне аударып, таралымын көбейтсек, нұр үстіне нұр болары анық. Мархабат ағамыздың шығармаларында көп көрініс табатын дүние – ауыл өмірі.

Шығармаларын бір оқығанның өзінде-ақ ауылдағы қызған тұрмыс-тіршілік пен қазақылық-тың иісі аңқып тұрғанын сезесің. Халқымызға ғана тән ұлттық кодымызды да жазушы шығармаларынан анық кездестіре аламыз. Шынайылық деген де осы болар. Ауыл тақырыбын шығармасына арқау еткен қаламгердің жазу өнері де, стилі мен прозалық қабілеті де өзгеден ерек һәм ешкімге ұқсамайды да. Кез келген оқиғаны ерекше етіп жеткізуге тырысады. Меңзеу, юмор, ишара, теңеу, риторикалық сұрақтар… Бәрі де бір шығарма аясында ұштасып, ғажап үйлесім тауып тұрады.

Республикалық «Жас Алаш» газетінде ақын Темірхан Медетбек ағамыздың Мархабат Байғұт жайында жазған мақаласы жарық көрді. «Мархабат Байғұт – стилі де, мәнері мен мақамы да ешкімге ұқсамайтын жазушы. Тілдік аясы да, оны қолдана білуі де бөлек. Бізде қасаң түсінік бар ғой: жергілікті жерлерге ғана тән жаргон мен диалектілерді тек кейіпкерлер диалогында ғана қолдану керек дейтін. Мархабат мұндай жөнсіз санитарлық түсініктің быт-шытын шығарады. Ол кейіпкерлерін бір мақаммен сөйлетіп, өзі бір мақаммен сөйлеп жатпайды. Кейіпкер қалай сөйлесе, өзі де солай сөйлейді. Тұтас! Тағы да олар оңтүстіктік мақамдар! Мархабат мақамдары!» – деген екен. Оқи отырып сүйсінесің, Мархабат әлеміне қызыға түсесің. Осыдан-ақ Мархабат Байғұт тек жазушы, аудармашы ғана емес, ауыл өмірін қоғаммен етене жақындастыра баяндаған көрнекті суреткер деп атасақ, артық болмағаны.

Публицистикалық дүниелерінің қазіргі таңда жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызы зор. Жазушы туындыларының бүгінгі ортадағы маңызы жайлы баяндасақ, қоғамдық резонанс тудырарлық мақалалары бірден ел назарын аудартады. Мен де Мархабат ағамыздың көп оқырманының бірімін. Жазушының кейбір кітаптарын іздеп таппай жатамыз. Сол сәтте ғаламтордың көмегіне жүгініп, жазушының өмірін жақынырақ танып білдім. Ал шығармаларынан еш жалықпайсың, әр туындысы-ақ қиядан қияға, ұшқыр ойдың шарықтау шегіне дейін жеткізіп жатады. Кейіпкерлердің бір-бірімен қақтығысы, шыншыл диалогтары мен жазушының қайталанбас қаламгерлік қасиетін бағамдай аламыз. Қоғамның шынайы ақиқаты мен ұлт болмысы Мархабат шығармашылығының үзілмеген арқауы екенін аңғарамыз.

Мархабат Байғұттың болмысы – бүкіл қазақ халқының ұлттық болмысы. Шығармашылығын зерделей отырып, Мархабат Байғұт жайында ғылыми зерттеу жасасам ба деген бір ұшқын ой пайда болды. Әрине, уақыттың еншісінде… Бірақ бір нәрсені анық түсіндім: Мархабат мақамдары – қазақ прозасының жетістігі.

Мархабат Байғұт – 1945 жылғы 25 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының Пістелі ауылында туған. Жазушы 2022 жылдың 26 қарашасында Шымкент қаласында дүниеден озды. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Сібір және Забайкалье әскери округтерінде әскерде болған.
Әскери борышын өтеген соң Түлкібас ауданының «Шамшырақ» газетінде, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде көп жылдар бойы әдеби қызметкер, мәдениет, әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болды, облыстық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарды.

1985 – 2001 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының облыстық бөлімшесінің жетекшісі, облыс әкімшілігі аппаратында ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, облыстың тіл басқармасының бастығы (1993 – 97). Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің, облыстық басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін атқарды.
1968-1974 жылдар аралығында Түлкібас аудандық газетінде корректор, аудармашы, бөлім меңгерушісі, 1974-1984 жылдарда облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде аудармашы, тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, 1984-85 жылдары облыстық партия комитеті насихат және үгіт бөлімінің нұсқаушысы, 1985-92 жж. Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент облысаралық бөлімшесінің жетекшісі, 1992-93 жж. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты ішкі  саясат бөлімінің меңгерушісі, 1993-98 жж. облыстық тіл басқармасының бастығы, 1998-2001 жж. облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасы бастығының орынбасары, 2001-03 жж. осы басқарманың бастығы, 2003-04 жж. облыстық ақпарат басқармасының бастығы, 2005-08 жж. облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бастығы, 2008 жылғы мамыр айынан 2012 жылғы мамыр айына дейін «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік өңір бойынша (Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл) арнауылы тілшісі, 2012-16 жж. «Қазығұрт KZ» альманахының, кейіннен журналының бас редакторы болды.«Шілде», «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәуірзек», «Дауыстың түсі», «Қорғансыз жүрек», «Машаттағы махаббат», «Әдебиет пәнінің періштесі», «Ақпандағы мысықтар», «Алмағайып», «Аңсар», «Қозапая», «Ауыл әңгімелері», «Салқын масақ», «Оқу залы», «Ақтолғай», «Сағыныш саздары», «Бұла бұлақ»,  «Күнгей   көңіл», «Іштарлық  пен  құштарлық», «Аршакие», т.б. прозалық және публицистикалық кітаптары жарық көрген. Олардың бәрі дерлік негізінен Алматыдағы «Жазушы», «Жалын», «Қайнар», «Қазақпарат», «Қазақстан» баспаларынан шыққан.
2005 жылы «Қазығұрт» баспасынан шығармаларының төрт томдығы жарық көрді. 2016 жылы таңдамалы шығармаларының үш томдығы шықты. «Бозторғайдың ұясы», «Жоғалған Жұрнақ», «Көксу комедиясы» драмалары театр   сахнасында   қойылған.«Асқаровтың аққайыңдары» драмасы республикалық байқауда бірінші орын алған. Жазушының туындылары орыс, украин, өзбек, түрік, саха, қарақалпақ тілдеріне аударылған.  Өзі В.Шукшиннің, У.Ирвингтің, Ш.Айтматовтың,   А.Кимнің, В.Покальчуктің, Е.Андрееваның шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған. 2015 жылы Түркияда «Дауыстың түсі» атты әңгімелер кітабы түрік тілінде шықты.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің «Бауырмал» сыйлығының, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері. 1996 жылы «Құрмет» орденімен, 2014 жылы «Парасат» орденімен, көптеген мерекелік медальдармен марапатталған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2004). 2007 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, 2009 жылы Қазақстанның Құрметті журналисі атақтары берілді. Түлкібас және Бәйдібек аудандарының Құрметті азаматы. 2016 жылы халықаралық «Түркі әлеміне қызмет» сыйлығын алды. Қазақстан  Жазушылар одағы басқармасының, көптеген комиссиялар мен көркемдік  кеңестердің, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі болды.

Қазақ әдебиеті қара жамылды. 2022 жылдың 26 қарашасында белгілі жазушы, журналист, аудармашы Мархабат Байғұт жетпіс жеті жасында дүниеден озды. Шығармаларында адам өмірінің тылсым құпияларын, адамгершіліктің асыл құндылықтарын, ауыл өмірінің тыныс-тіршілігін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, табиғат сырын, адам психологиясын, жасөспірімдердің өмірдегі болмысын жан-жақты бере білген жазушылардың бірі – Мархабат Байғұт 

2024 жылы 27 мамырда Түркістан облыстық «Фараби» әмбебап ғылыми кітапханасында белгілі жазушы, журналист, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Түркістан облысының құрметті азаматы, «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері Мархабат Байғұт атындағы залдың ашылу салтанаты өтті.
Мархабат Байғұт көп әңгіме жазған жазушы. Шығармаларынан бөлек, артында қалдырған афоризмдері де оқырманның көңілінен шықты. Ол Түркістан облысының рухани саласының дамуына ерекше үлес қосты. Оның еңбегі ел есінде мәңгі сақталады.

You may also like

Leave a Comment