Тұманбай Молдағалиев – қазіргі таңдағы қазақ поэзиясының дамуына зор үлес қосқан көрнекті ақын. Ақын 1935 жылы Алматы облысының Жарсу ауылында дүниге келген. Т.Молдағалиев — жас ұрпақтың тамаша тәрбиешісі, ұлағатты ұстазы. Оған “Жалында”, “Балдырғанда” атқарған қызметтері дәлел. Студент кезінің өзінде-ақ “Студент дәптері ” деп аталатын жыр жинағымен халқын қуантып, дарынды ақын атанған. Т.Молдағалиев әр алуан тақырыпта қалам тартқан. Табиғат лирикасына, туған жеріне т.б тақырыпта жазылған өлеңдері сезімге толы.
20 наурыз — ақын Тұманбай Молдағалиевтің туған күні.
2011жылы 77 жасқа қараған шағында аса көрнекті ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Тұманбай Молдағалиев дүние салды. Ол 1935 жылы 20 наурызда Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Жарсу ауылында туған. 1956 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас Алаш”) газетінде әдеби қызметкер болудан бастап, 1956-1959 жж. “Пионер” журналында әдеби қызметкер, 1959-1971 жж. “Жазушы” баспасында редактор, аға редактор болған. 1971-1973 жж. “Балдырған” журналында жауапты хатшы, 1973-1984 жж. “Жалын” альманахында бас редактор, 1984-1986 жж. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасында хатшы болып қызмет жасаған. Өмірінің соңына дейін “Балдырған” журналының бас редакторы болып жемісті еңбек етті. Тұңғыш өлеңдер жинағы 1957 жылы “Студент дәптері” деген атпен жарық көрген. Содан бергі уақыт ішінде ақынның қырықтан астам кітабы оқырман қолына тиді. Орыс және батыс классиктерінің, сондай-ақ туысқан республикалар ақындарының өлеңдерін ана тілімізге сәтті аударды. 1968 жылы “Жаңа дәптер” жинағы үшін Республика комсомолы сыйлығының, 1982 жылы “Жүректегі жазулар” кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған. 1957 жылы “Тың жерді игергені үшін”, 1970 жылы “Еңбектегі ерлігі үшін” медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен марапатталған. 1992 жылы Бүкіл Түркі дүниесі ақындарының Физули атындағы сыйлығына ие болды. Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты. Қазақстанның халық жазушысы. «Парасат», «Достық» ордендерінің иегері. Нұрғиса Тілендиевтің, Шәмші Қалдаяқовтың, Әсет Бейсеуовтің, басқа да танымал композиторлардың “Құстар әні”, “Құстар қайтып келеді”, “Бақыт құшағында”, “Әнім сен едің”, “Шақырады көктем”, т.б. жүздеген әндерге өлең жазған. 2007 жылы «Құстар қайтып барады» атты ән текстерінің жинағы жарық көрді. Ақынның қаламынан туған «Студент дәптері», «Кәмила», «Құралай», «Алатау қызы», «Зулайды күндер», «Жаңа дәптер», «Шақырады жаз мені», «Қош, көктем», «Жүрек ояу қашанда», «Хаттар, хаттар», «Махаббат оты сөнбейді», «Мен де жиырма жаста едім», «Құстар қайтып келеді», «Таудан түскен сәуле», «Жиырма бесінші көктем», «Жүректегі жазулар», «Тынық мұхит дәптері», «Сарыала күз келгенде», «Туған елім — тірегім», «Сағындырған көктемдер», «Шыңдағы гүлдер», «Қар жауып тұр», «Ұмытпа мені» сияқты жыр жинақтары – ондаған ғасырлық тарихы бар қазақ жырына олжа салған, оқырман қауымның жүрегіне жол тапқан, әдебиетіміздің алтын қазынасына айналған өлмес шығармалар.
Тұма жырдың бастауындай мөлдір поэзиясымен әдебиетіміздің көкжиегін кеңейткен ақынның жауһар жырлары халқымен бірге жасасып келеді. Тұманбай ақынның лирикалық өлеңдері әлі талай жанның жүрек қылын шертіп, көңіліне қонақтары хақ.
Өн бойынан өлең құйылып тұратын, қазақ поэзиясындағы шоқтығы биік тұлға – Тұманбай Молдағалиев артына өшпес мұра қалдырды. Оның мұрасы 20 томдық кітапқа жетіп артылады. Өзінің айтуынша, өлең жазуды Ақши мектебінде оқып жүріп бастаған. Ол 5-сыныпта оқып жүргенде сыныпқа жаңа келген бір бала өлең шығаратынын айтқан екен. Ал бала Тұмаш өлеңді тек Абай мен Жамбыл ғана жаза алады деп ойласа керек. Әлгі оқушыға еліктеп, қолына қалам алып, ойына келген жыр шумақтарын қағазға түсіруді бастап кетіпті. Міне, содан өмірінің соңына дейін күндіз-түні тоқтамай қара сөзден алтын теріп, өлең жазумен айналысты.
Ақын туған ата-анасынан ерте айырылыпты. Алайда өгей шешесі туу туралы куәлігіне «анасы» ретінде түскен. Сол себепті де, ақын ол кісіні «өгей» екенін де білмеген. Қамқа анасы о дүниеге аттанарда, баласын шақырып, өзінен емес, абысынынан туғанын айтып кетіпті. Бұл жайтқа ақын сенгісі келмеген. Себебі, анасы тек мұны емес, ауылдағы барлық балаларды бауырына басып, асқан мейірімділікпен өсірген. «Мені мейірімді жан тәрбиелеп өсірді. Бұл күнде мейірімді болуым соның арқасы шығар», – дейді ақын бір сөзінде.
Тұманбай Молдағалиевтың дүниесіне, оның жыр әлеміне ентелеген кез келген адам досы Едіге Сапаев есімімен таныс болады. Бұл екеуі өмір бойы достықтың туын биік ұстап, қызғаныш, өзімшілдік, өктемдіктен ада болып, кейде туған бауырларда кездеспейтін бауырмалдықпен ғұмыр кешіпті. Тұманбай Молдағалиев қанша атақ-абырой жинап, ел алдында еңселі болса да, досының қасында қарапайым, ақкөңіл жанға айналып шыға келетін. Бүгінде бәріміз білетін «Жан досым» әні дәл осы досы Едігеге арналыпты. Ақын бертінірек баспасөзге берген сұхбатында: «Өмірде біздің кінәмізден ешкім жылап көрмеді. Біз тек қиянатсыз әлемді аңсадық. Екеуміздің бір-бірімізге сенгенімізге, малымызды қоса бірге айдағанымызға, жанымызды қосып жібергенімізге, міне жарты ғасыр болыпты» дейді. Олардың бірден дос болып кетуіне жетімдіктің де әсері болса керек. Алғашында мектеп-интернатта бірге оқып, артынан оқу орнында бір факультетті аяқтайды. Досының бір естелігінде мектеп бітіріп жатқан уақытта ұстазы Тұманбайдан «Енді қайда оқуға бармақсың?» деп сұрайды, сонда ақын жігіт «Өзімді әдебиет маңынан көремін» деп жауап қатыпты, сосын апайы Едігеге бұрылып, «ал сенің қандай жоспарың бар?» деп сұрағанда, ол жұлып алғандай, «Мен Тұманбайдан қалмаймын» депті.
Араларынан қыл өтпестей дос, бауыр болған Едігеге ақын 104 өлең арнаған екен. Ақынның жары Күлтай Қасымқызы екі дос арасындағы мынандай бір әңгімені баяндап береді. Едіге бойы орталау болса да, өте мығым, денелі жігіт болыпты. Студент шағында Ақмола облысы маңына науқанға барғанда, бір топ жігіт Тұманбай ақынға қыр көрсеткен көрінеді. Мұны естіген досы «оларға көресінді көрсетемін!» деп ашуға булығып, түні бойы көз ілмей жоспар құрады. Алайда, ертеңінде әлгі жігіттер өз қатесін түсініп, ақынның алдына кешірім сұрауға келіпті. Сондықтан ба, ақын «Едіге мені үнемі қорғап жүретін» дейді екен.
Ақынның таңертең серуенге шығатын жақсы әдеті болыпты. Кей күндері сағат алтылар шамасында тауға кетіп, үйіне екі сағаттан соң оралып, жұмысына жиналады екен. Оған қоса, футболды жан-тәнімен жақсы көріпті. Өмірінің соңына дейін ала доптың нағыз жанкүйері болған. Телеарнадан көрсетілетін әрбір ойынды өткізбей қарауға тырысыпты. Жары Күлтай Қасымқызының айтуынша, футбол ойындары басылған көптеген дисктерді жинаған. Ақын жұмыс пен жазудан шаршаған сәттері, сол дискілерді қосып, шын беріле қарап алатын дейді. Төрткүл дүниенің түкпір-түкпіріндегі аяқдопшылардың есімін жатқа біліпті. Әсіресе, футбол королі Пеленің ойынын сүйіспеншілікпен қараған. Алматылық «Қайрат» клубына да шын жанкүйерлік танытқан. Балалары мен жан жарын да футбол матчтарына жиі ертіп барыпты. Тіпті, 2006 жылы Германия елінде жалауы желбіреген әлемдік доданы да арнайы барып көрген екен.
Ақынның өмірлік серігі Күлтай Қасымқызының сөзінше, балаларының ешқайсысы қаламгерлікке жолы түспеген. Бір жағынан ақынның «менің жолымды қумаса» деген тілегі де болған сыңайлы. Тек Жазира атты қызы филология мамандығына түсіп, бұл күндері ҚазҰУ-да оқытушы болып жүр. Әр жаз сайын Жазушылар одағынан ақынның отбасына Қара теңізге демалуға жолдама келеді екен. Онымен қоса, ақын ұл-қыздарын ертіп, демалыс орындарына жиі барған. Сонда балаларының суда еркін жүзуіне аса мән беріп, өзі үйреткен екен.
Өзі жетімдікте өскен қаламгердің балаларына деген махаббаты ерекше болған. Олардың әрбір жетістігі өлең боп өрілген екен. Әсіресе, тұла бойы тұңғышы Құралайға арнап бір емес, екі жинаққа жетер жыр жазылған. «Құралайым», одан келіп «Құралай және оның бауырлары» деген кітаптары жарық көрген. Әкесінің ақ үмітіне лайық Құралай да өте дарынды болыпты. Алыс Мәскеудегі физикалық инженерия институтына өзі барып, қабылданған. Бес емтихан тапсырып, сүрінбей өткен. Күлтай Қасымқызы тұңғыштарының әрбір сәтті тапсырған емтиханына қуаныштан үйде дастархан жайылғанын айтады. Қызының жетістігі ақын жүрегін қуанышқа толтыратын. Алайда, Құралайының ғұмыры қапыда шорт үзілген. Қайғыдан көкірегі қарс айырылған ақын, бір сөзінде «бес жапырағым бар еді, оның бірі желге ұшты» дейді. Ақынның алғашқы кітабы 1957 жылы, дәл қызының туған жылында жарыққа шыққан. Соған орай, Молдағалиев ол жинақты «Құралайдың құрдасы» дейді екен.
«Тұңғыш арнау жырымды бір жыр кешінде оқығанмын. Оны тыңдаған атақты жазушы Тахауи Ахтанов: «Тұманбай, сен осы арнау өлеңдеріңді дамыта берші. Бұл – ода емес. Адамның шығармашылық келбетін жасайтын жақсы дүние екен» дегені бар», – дейді ақын. Осы сөзден демеу алған Молдағалиев тұрақты түрде арнау өлеңдер жазып жүрген. Ақынның айтуынша, өлең арнап жатқан тұлғаңды жақсы білуің, жақсы көруің керек. Егер олай болмаса, тұщымды өлең шықпайды. Сол себепті, ақын кімге жыр шығарса да, оны жақсы танып, сүйіп, құлай беріле арнаған. Кей кездері жас жұбайларға жазған арнауы тек ақ тілектен құралған. «Оның кейбірі сәтті шықса, кейбірі орталау болатын» – дейді өзі. Адамдарды шын жақсы көрген ақын, тағы бірде «осы ғаламда мен ұнатпайтын адам жоқ сияқты» депті.
Молдағалиевтың арнау өлеңдері жайында ақын Мұзафар Әлімбаев: «Тұманбай арнау өлеңдерді жиі жазады деп жақтырмайтын кісілер жетіп артылады. Арнау өлең – сол заманның, адамның қадірін білу. Оның қадір-қасиетін жұртшылыққа жеткізуші деп білемін. Арнау жырларды өз деңгейінде жазған Сырбай Мәуленовтен кейінгі ақын осы – Тұманбай», – дейді. Әлімбаев Тұмағаңның бұл тағы бір артықшылығы деп бағалаған.
Тұманбай- ойшыл ақын. Біздің қазақ халқының маңдайына біткен ойшылдық, толғампаздық, сонау ұлы жыраулардан басталады ғой. Сол дәстүрді жалғастырушылардың біреуі – Тұманбай. Мысалы, «Сен, – дейді, – ұлыңа ұнамасаң, халқыңа да ұнамайсың». Ал енді осында ата баланы тәрбиелейтін, қалай тәрбиелесе ұлдары ата-аналарын тәрбиелеп жатыр дейтін екінші бір қырынан алғандағы философиялық ойды Тұманбай екі-ақ жолға сыйғызған. Енді мынау сыртында айтатын нәрсе – арнау өлеңдер. Тұманбайды «жұртқа арнау өлеңдерді көп жазады» деп кішкене былай қабақ шытып тыжырынып жүретіндер бар. Ал арнау өлең деген – сөз ол замандастың қадірін білу деген сөз. Ол өзіңменен қатар жүрген адамның қадірін біліп, халыққа қадірлету деген сөз. Ал осы тұрғыдан алғанда Тұманбай жырлап отырған адамының қадір-қасиетін керемет табады. Тек сол адамға ғана тән. Мысалы, Бауыржан жөнінде жазды ма, Бауыржанның қаһармандығын, бірбеткейлігін, өткірлігін, азаматтығын дәл, дөп түсірді. Бұл тұрғыдан алғанда арнау өлеңдерді көп жазғандардың бірі – сәруар, салауатты ақын Сырбай Мәуленовтен кейін портреттер галереясын жасаған ақынымыздың маңдай алдысы осы Тұманбай дер едім. Бұл да Тұманбайдың артықшылығына жатқызатын дүние. Енді Тұманбайды әсіресе жастар өте жақсы көреді. Жаңа да айтып кеттім оны, тағы бір қайталап айтайын махаббат лирикасының, махаббат жыршысы, есіркеушісі, жастардың сүйіспеншіліктің жыршысы, келісті жыршысы, сүйікті жыршысы. Осы тұрғыдан алғанда Тұманбайдың қадірі бүкіл жастардың алдында. Енді Тұманбайдың бір артықшылығы, әлгі жыбырауыздардың осы күні құлақ ассаң «Тұманбай үй-іші босағасынан аттаған жоқ, өз үй үшін ғана жырлап жүр, баласын жырлайды, жарын жырлайды, нағашысын жырлайды, әлгі қайын-жұртын жырлайды» деген секілді. Бірақ 40 жыл бойы бір тақырыпты осыншама түптеп, түбегейлеп, жан-жағынан қопарып жырлау, қайталамай жырлау – ол құдіреттілік.
Өмірінің соңына қарай ақын өзінің әзілкештігін өлеңге өріп, басқа қырынан таныла бастаған. Мұны уақытында байқаған ақын Мұзафар Әлімбаев былай дейді: «Тұманбай өз болмысында әлгі Қадыр секілді сайқымазақ емес қой. Қадыр дегенің жай отырғанның өзінде жырларына юморды қаптатып жібереді. Тұманбайдың соңғы уақыттары юморға ден қойып, қазаққа тән ақ жарқындылықпенен жанының ашықтығын өлеңге сыйдырып, әшекейлеп, парасатты көрсетіп жүргеніне өз басым дән риза болып жүрмін».
«Тұманбайдың аса қадірлі көрінетін тағы бір ерекше қыры – ән өлеңдерінің нағыз шебері болуы. Оның сөзіне жазылған көп әндері халық сүйіп тыңдайтын дүниелеріне айналды. Бұған мен аса қызыға қараймын. Бір тақырыпта, мысалы махаббат тақырыбында Тұманбайдай ән жазып көрші. Ол ешқашан өзін-өзі қайталаған емес. Әр өлеңінде жаңа бір тәсіл, жаңа ой бар. Жаңа асыл сезім сыйлайды», – дейді Мұзафар Әлімбаев.
Тұманбай Молдағалиев саналы ғұмырын еңбектенумен өткізген. Бір сұхбатында демалуға арналған екі күннің тек жексенбісінде ғана тыныққанын айтады. Ал сенбі күнінің кестесі былай болған: таңғы 7:00-ден 9:00-ге дейін монша қабылдап, одан кейін 16:00-ге дейін өлең жазуға кететін уақыт. Бұл кейінірек 14:00-ге дейін қысқартылған көрінеді. 4-5 сағатын міндетті түрде өлеңге арнаған ақын шын мәнінде өндіріп жазды. «Бір жетіде жиналған ойдың барлығын қағазға түсіре беремін. Түнде бола ма, күндіз бола ма шала-шарпы өлеңдер жазамын. Кәдімгі отырып алып жаза беремін, жаза беремін. Қаншама жылым осылай өтті», – дейді ақын.
Мен өмір бойы ақындықты қуалаған адаммын. Бір адамға лайықты қазақтағы ақын жұмысын мен істедім десем де болатындай. Өзімді токқа тығылған шәйнектей сезіндім. Жүріп бара жатқан көлікте де өлең кіреді, тоқтатып ойыма келген жыр шумақтарын қағазға түсірген кездерім де болды. Сосын самолеттің ішіндегі уақытым өлең жазумен өтті» – дейді. Ұшақта бос отырғанды ұнатпайтын ақын әрдайым жазу жазып отырған. Себебі, ол биіктікті сондай қатты жақсы көрген. Молдағалиев ақындық өнерін биіктік деп бағалапты. Өлең жазып болған соң, оның патша көңілі сондай биіктікке шығып, қалықтайтын. «Мен өзімді құстардың ар жағында, жоғарыда ұшып жүргендей сезінетін едім», – дейді.
Ақын өмірінде бірде-бір рет сазгерге барып, өлеңіне ән жазуын өтінбегенін айтады. «Бақыт құшағында», «Әнім сен едің» секілді әндер Шәмші Қалдаяқовтың тапсырысымен өмірге келген. Молдағалиевтің сөзінше, Шәмші әнін өзі дайындап алып келеді де, екеуі бірнеше рет орындап, көңілге сіңірген соң ғана мәтін жазуға кіріседі. Атақты сазгер Нұрғиса Тілендиевтің өзі ақынды шақырып алып, жаңа әннің сөзін жаздырып алады екен. Көптеген сазгерлер әнге лайықты деп таныған өлеңдерін кітаптан өздері таңдапты.
«Қателеспесем, 500-ден аса өлеңіме ән жазылған. Оның көбін әуесқой сазгерлер шығарыпты», – дейді ақын.
Жазушы, Ресей Әдебиет академиясының академигі, «Парасат» орденінің иегері Сәбит Досанов «Құйылып түскен құйма алтын. Тұманбай Молдағалиев жайлы ой-толғаныс» атты мақаласында:
«Табиғат-Ана қуатты талант сыйлаған Тұманбай Молдағалиевтің шуақты жырларының бір парасы әнге айналып кеткелі қашан?! Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов сынды талғамы биік, талабы зор сазгерлердің Тұманбай Молдағалиевтің өлеңін таңдауы тегін емес. Оның терең сыры тегеурінді таланттың адам жанының нәзік пернелерін шерте білетін сыршылдығында болса керек. Сырбаз мінезді сыршыл жырлардың авторы Тұмағаң теңіздей терең ойлы жақұт жырларды да өмірге әкелген талассыз талант. Ақын шығармашылығының ол ерекшелігі оның ән мәтіндерінен де айқын аңғарылып тұрады. Соның мықты бір мысалы: Құстар, құстар сызылтып ән салады, Сол әнімен тербетеді даланы. Ал адамдар күліп бастап өмірін, Кетерінде жылай да алмай қалады, – деп халық жиі айтатын «Құстар әні» десек, қателеспейміз. Тұманбай Молдағалиевтің ән мәтіндерінің өзі қалың – бір том. Тұмағаңмен жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдарында басталған достық қарым-қатынасымызға оның өмірінің соңғы сәтіне дейін сызат түскен жоқ.
Тұманбай Молдағалиевтің тамаша бір қасиеті – адамның бойынан тек жақсылық іздейтін. Ол үшін мына жарық дүниеде жаман адам жоқ. Әйтсе де, ол кейбіреулердің бойында кездесетін қызғаншақтық пен күншілдікті, жер мен жүзге бөлуді ұнатпайтын. Сатқындықты өлердей жек көруші еді. Иықтасып қатар жүрген достары мен соңынан ерген шәкіртерінен қамқорлығы мен жылы сөзін аяп қалмайтын. Қабағыңнан кірбің көрсе, көңіл күйіңді көтергісі келіп тұратын.
Шығар күндей бір шындық Тұмағаңның жазуы да өзіндей сұлу еді. Автограф дейтін қаламгер қашып құтыла алмайтын жазуды бәріміз болмасақ та біразымыз асығыс-үсігіс сүйкей саламыз. Тұмағаң бұл жағынан ұқыпты еді. Оның жазуынан өзі қолтаңба берген адамға деген ықыласы мен бағасы да айқын аңғарылып тұрушы еді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Тұманбай Молдағалиевтің «Ферюза туралы жыр» деп аталатын пышақтың қырындай ғана жұп-жұқа жыр кітабы шықты. Көлемі шағын болғанымен, мазмұнға бай кітап еді ол. Сол жыр жинағына Тұмағаң «Талантты Сәбит бауыр! Болашақ күндеріңе әрі қызығып, әрі қуана қарайтын дос көңілдің сыйы деп қабылдарсың. Тұманбай 19. III. 1964» деп қолтаңба жазып, сыйлап еді маған. Одан кейін де сан кітабын сыйлады саңлақ ақын. Оның бәрін термелей бермей, 2002 жылы «Қазығұрт» баспасынан шыққан таңдамалы туындыларының он томдығының бірінші томына жазылған қолтаңбасын келтіре кетейін: «Ерте күннен ұғысқан Сәбит інім, саған бақыт, ұлы жол тілеймін. Тұманбай. 22.XI. 2006». Арада қырық жылдан астам уақыт кеңістігі жатқан осы екі қолтаңбада ақынның өзіне тән жазу мәнері, ойлау жүйесі ғана емес, көрегендігі де жатыр. Тұмағаң таңдамалы туындыларының көп томдығының бірінші томына жазылған алғы сөзінде: «Адамдарды жақсы көруден жалыққан емеспін. Айналамды туған бауырымдай сүйдім. Адал жарымдай аяладым. Ешкімнің бағына қызыққам да жоқ және біреудің бағын қызғану маған жат мінез» деп жазыпты. Жалтаңы жоқ жан сырын жалтақтамай жайып салған ақын ағамыз кезінде: Төтелеп мен тартып келем, кедір-бұдыр жолменен, Тауда жатыр бұлт бүркеліп, тас та жатыр көлденең. Жолаушымын ешқашан ұйқы, күлкі көрмеген, Келешектің күндеріне, түндеріне шөлдеген. Бүкіл барлық арманымды алып ұшып мен келем Қуансам да, жыласам да, ағып барып құлайын, Жүрегімнің соңғы нұрын жағып барып құлайын, Жұлдыз болып жанып барып, жанып барып құлайын, Не де болса барып, барып құлайын, – деп те жырлап еді. Талантты, қанатты ақын өзі айтқандай, өз биігінде жанып кетті. 2011 жылғы қазан айының 11-жұлдызында қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Тұманбай Молдағалиевпен бірге қазыналы қазақ өлеңінің тұтас бір дәуірі кетті. Өлеңді жазған кезінде, Өзгені мүлде ұмытып, Жанады бір от көзінде, Бөлменің ішін жылытып, – деп жырлаған ақыннан айрылу жалғыз маған ғана емес, өлең сүйер өзгелер үшін де өте ауыр болды. Бұл қазақ поэзиясы үшін орны толмас ауыр қаза еді. Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында өткен ақынмен қоштасуға келген халықтың қарасы өте көп еді. Халық кернеп кеткен аумағы ат шаптырым алаңда сөзін Тұмағаң, әуенін Нұрғиса Тілендиев жазған «Құстар қайтып барады» әнінің әуені ақырын естіліп тұрды. Ақынның өзі жырлаған құстар тәрізді оның «күзде халқымен қоштасқанымен, көктемде қайта оралып келеді» деген бір нәзік сезім жүрек қылын шертіп еді сол сәт. Сезім солай дегенмен, ақыл-ойымыз өлгендер қайтып келмейтінін еске салды. Бір нәрсе анық, ақиық ақынның өзі өлгенімен, сөзі өлмейді. Тұманбай Молдағалиевтың азаматтық қасиетіне қайырылсақ, ол жарық дүниеге қара көзілдірікпен емес, махаббат көзімен қараған, сымбаты бөлек сұлулықтың сырын ұққан жаны жайсаң жан! Ақындығын айтса – құйылып түскен құйма талант. Содан да Тұманбай Молдағалиев: «Қазақ дейтін халықтың баласымын» деп өзі жырлағандай, сол ана халық, дана халық қазақпен бірге жасай береді»-деп ой толғайды.
Ақын неғұрлым халық өмірімен тығыз байланыста болса, оның өнері де өмірлі болмақ. Ал халықпен үні үндес, ұраны бір өнер жанашыры жұртшылық жүлдесіне ие, әрдайым ел ардағы, қауым құрметтісі саналмақ. Поэзияны, өнерді таптырмайтын тәрбие құралы деп ұққан, саналы өмірінде туған еліне өлең сөзімен қалтқысыз қызмет еткен ақын Тұманбай Молдағалиев есімі ерекше аталады.
Тұманбай Молдағалиев — сыршыл лиризмді дамытқан ақын, Қазақстанның халық жазушысы.
Ақын өлеңдерінің негізгі тақырыбы – адамның рухани дүниесімен астасқан гуманистік, адамгершілік мұраттар. Шығармалары халықтың ең ізгі ойымен, арманымен астасып жатқан Тұманбай Молдағалиев үміт, күйіну, сүйіну, өкініш т.б. сезім күйлерін ерекше тебіреніспен өлеңге айналдыра біледі. Туған елінің өнер дариясынан еркін сусындап, бойындағы бар асылын жұртына қалтқысыз жұмсаған ақын тағдыры – бақытты тағдыр. Ақынның ақындық сыры шынайы адамдық қылықтарға, жас адамға лайық сезім шыншылдығына, терең астарлы ойға құрылған.
Тұманбайдың сыршыл ақын екендігі оның табиғат туралы жырларынан да байқауға болады. Өлең жолында игілікті еңбек еткен ақынның жырларында табиғат шаттанып, күйзеліп, мұңайып, ойланып тұрғандай күйде болады.
«Алма ағаштар жырлады
Ақшыл көйлек киіп ап», — дейді ақын. Көктемде гүлдеген алма ағаштарының ақ бүршіктерінің көйлекке теңестірілуі ерекше әсер етеді. Адам табиғаттың бір бөлшегі екені сезілетін «Алматыда қар жауды түніменен», «Көктемдей бейне айрылған ерте көріктен», «Шақырды дала, шақырды кел деп Алатау» т.б. өлеңдерінен астарлы мағыналар аңдалып қалып отырады. Кейде жыл мезгілдерінің әрқайсысынан белгілі бір мағына тауып алып отырады.
Тұманбай ақын өлеңдерін оқып отырып, ақын бойындағы сүйіспеншілік сезімі туған табиғат арқылы келгендей күй кешесің. Сонымен қатар халықтың ғасырлар бойына аңсап күткен асыл арман, үмітін, бар талап-тілегін айтуды да ұмытпайды. Ақын ылғи оқырманын толғанысқа бөлеп отырады.
«…Өмір деген – алысқа аттаныс,
Қайда ұшсаң да, қасиетіңді сақтап ұш.
Бүгін дырдай көрінгенмен, күні ертең,
Мен сендерге бола алам ба мақтаныш?» … Бұл тамаша өмір – қол жетпес қиял, арман емес, қазіргі біздің шын, күнделікті бақытты өміріміз деген өзінің қуанышын білдіреді. Қазақ ақыны Тұманбай үшін Отаны, елі, жерінің тағдырын жырлау – негізгі мақсат, биік мұрат іспетті.
«Қайда жүрсем, ойлап сені жүремін,
Сүйікті елім, момын елім, ұлы елім.
Саған ғана арқамды мен сүйедім,
Саған ғана аяғымды тіредім», — деп ақын үлкен тебіреніспен сыр шертеді. Тұманбай Молдағалиевте өмірден, тұрмыстан алшақ алынған тақырып жоқ. Ол үнемі күнделікті өмір құбылысын, адам тіршілігін жырлады.
Ақын өлеңдерінің бір тобы – арнау өлеңдер. Олардың әрқайсысы белгілі бір адамға, көрнекті тұлғаға арналып жазылғанымен, әр өлең философиялық ойға бейім. Атап айтқанда, ол үшін Абай, Мағжан, Қасым, Әбділдалар көркем ойдың келісті үлгісі сынды.
Өлеңмен арнау, халықпен сырласу – Тұманбай Молдағалиевтің творчестволық әдісіне, сүйікті жанрына айналады. Ақын жүрегінен жалын боп атқан жыр оты жыр сүйер қауымға мұқалмас қайрат қосты.
Ақынның 1990 жылы 13 томдық шығармалар жинағы, 2004 жылы 14 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. 1992 жылы Физули атындағы Халықаралық түркі дүниесі ақындары сыйлығы тапсырылды. Тұманбай Молдағалиев шығармашылығының ең басты ерекшелігі — оның өлеңдері сезімге толы болды.
Қазақ поэзиясына 50-жылдардың ортасында нәзік сырлы, ойлы да отты жырларымен келген ақынның елуден астам жыр жинақтары жарық көрді. Шетел классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударды. Елімізге әйгілі композиторлар жазған және халық сүйіп тыңдайтын 500-ден астам әндер мәтінінің авторы болды. Тұманбай Молдағалиев балалар әдебиетіне де сүбелі үлес қосты. Өмірінің соңына дейін қазақ балаларының сүйікті журналы «Балдырғанның» бас редакторы қызметін атқарды.
Қазақ жырының ары мен абыройын арқалап, ұлттық поэзиямызды әлемдік биікке көтерген, санаулы саңлақтарымыздың біріне айналған көркемсөз шеберінің өзгеше бітімі мен өрісті поэзиялық әлемі туған халқымен бірге жасары даусыз. Ақынның тұмадай тұнық жыр жаратқан ұлтжанды болмысы мен ақжарқын бейнесі, қазақ поэзиясына өлшеусіз үлес қосқан қарымды қаламгер, көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиевтің жарқын бейнесі ел жүрегінде мәңгі сақталады. Қазақ әдебиетінің көрікті бір дәуіріндей болған Тұманбай Молдағалиевтің шынайы классикалық үлгідегі поэзиясы халқымен бірге жасай береді.