Home Жаңалықтар БИЫЛ АЛАШ ҚАЙРАТКЕРІ, ПЕДАГОГ БИАХМЕТ СӘРСЕНОВТЫҢ ТУҒАНЫНА 140 ЖЫЛ

БИЫЛ АЛАШ ҚАЙРАТКЕРІ, ПЕДАГОГ БИАХМЕТ СӘРСЕНОВТЫҢ ТУҒАНЫНА 140 ЖЫЛ

Daismedia.kz

Алаш қозғалысы тарихында Әлихан Бөкейханның басшылығымен ұлт мүддесi жолында қалтқысыз қызмет еткен қазақ зиялыларының бiрi – Биахмет Сәрсенов.

Биахмет Сәрсенов – қазақтың ХХ ғасыр басындағы аса көрнекті қоғам қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі, кейін совет үкіметінің алғашқы жылдарында халық ағарту комиссарының бірінші орынбасары.
Сәрсенов Биахмет 1885 жылы бұрынғы Семей облысының Зайсан уезіне қарасты Нарын болысында, қазіргі Ақсуат елді мекеніңде, дәулетті отбасында дүниеге келген. Жастайынан өнер-білімге бейім өскен Биахмет 1905-1909 жылдары Семей қаласындағы мұғалімдер семинариясында оқып, оны үздік бағамен бітіріп шығады. Оқуын бітірген соң ол ауыл мектебінде 5 жылдай уақыт мұғалімдік қызмет атқарады. Одан кейінгі үш жыл Сәрсенов болыс болып ел басқарып, бастауыш мектептер ашқан.

1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін ақ патша тақтан түсіп, Уақытша үкімет орнаған кезде қазақ сахарасының шығысында Семей қаласы ұлт-азаттық қозғалыстың аса қуатты орталығына айналған еді. Бұл өзі Уақытша үкімет органдарымен қатар бір мезгілде жер-жерде жұмысшы, шаруа және солдат депутаттары кеңестері, қазақ комитеттері, Земстволық басқармалар тәрізді тағы басқадай жаңа билік тармақтары енді-енді өмірге келе бастаған кез болатын. Осы жылдың көктемiнде елiмiзде жаппай облыстық, уездiк және болыстық деңгейде қазақ комитеттерiнiң құрылуына байланысты Алаш қайраткерлерiнiң шақыруымен Биахмет Сәрсенов Семейге келедi.Ол алғашқы күннен бастап осы облыстық комитеттің мүшесі ретінде қызмет етеді.

1917 жылдың 7 наурызында Семей облыстық қазақ комитеті ел өмірінде қалыптасқан саяси жағдайға байланысты шұғыл түрде құрылып, Орынборда Бірінші және Екінші жалпықазақ съездерiнiң өтуiне, «Алаш» партиясының құрылуына, облыста Земстволық басқару жүйесiнiң енгiзiлуiне, қысқасы ұлттық саяси қозғалыстың өрлеуiне ерекше ықпалын тигiздi. Жергілікті билік ісіне араласу мүмкіндігінен құр қалмас үшін өзінің ұйымдық-шаруашылық шараларын өткізгені, сондай-ақ облыстық комитеттің төрағалығына Р.Мәрсеков, төрағаның орынбасары болып Х.Ғаббасов пен И.Тарабаев, хатшылыққа Ә.Ермеков және қазынашылыққа Ә.Молдабаев бекігені, комитет басқармасына мүшелікке С.Сабатаев, Н. Құлжанов, А.Қозыбағаров, Б.Сәрсенов, С.Дүйсенбин, М.Малдыбаев, Д.Қияқов, С.Молдабаев, С.Торайғыров, Ш.Керейбаев енгені туралы деректер бар.
Сол жылы шілде айында Орынборда өткен Жалпықазақ съезінде Ресей Құрылтай Жиналысына депутаттыққа ұсынылғандар тізімінде Семей облысы атынан Ә.Бөкейханов, Ә.Ермеков, Х.Ғаббасовтармен бірге Биахмет Сарсенов те болған. Міне, осы съезде алғаш болашақ «Алаш» партиясын құру туралы мәселе көтерілді.

1917 жылы қазан айында Томск қаласында өткен Сібір республикасы съезіне қатысып қайтқан Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов жергілікті қазақ комитеттері, мұсылман мұғалімдер одағы, «Бірлік», «Жанар», «Талап» жастар ұйымы секілді бірнеше саяси-қоғамдық ұйымдардың көмегімен Семейде «Алаш» партиясының облыстық комитетін құрды. Тағы да осы «Алаш» партиясының облыстық комитетi атынан Ресей құрылтай жиынына депутаттыққа ұсынылғандар арасынан Биахмет Сәрсеновтің де есiмiн көремiз. Бұл жолы Әлихан Бөкейхан аталған жиынға депутаттыққа Орынбордағы «Алаш» партиясы облыстық комитетінің тiзiмi бойынша ұсынылды.

Семей облыстық қазақ комитетi (төр­ағасы Р.Мәрсеков, кейiн Ә.Ермеков), «Алаш» партиясы (құрметтi төрағасы Ә.Бөкейхан, төрағасы Х.Ғаббасов), Мұсылман мұғалiмдер одағы (төрағасы М.Тұрғанбаев) тәрiздi саяси-қоғамдық ұйымдардың ел өмiрiндегi оқиғаларға белсене араласып, ерекше табандылық танытуының нәтижесiнде 1917 жылдын қараша айында уездік Земстволық жиынға депутат сайлау науқаны өте сәтті өтті. Семей уездік Земстволық жиынына депутаттыққа ұлт зиялылары Ш.Құдайбердиев, Ә.Ермеков, Х.Ғаббасов, Б.Сәрсенов, Ә.Молдабаев, А.Қозыбағаров, Р.Мәрсеков, Н.Құлжанова, К.Жанатаев, И.Қазанғапов, М.Малдыбаев және тағы басқалары болды. Сол кезеңдегі Семей облыстық комиссариатының органы «Дело» газетінде жарияланған С.Возмительдің «О выборах гласных в Семипалатинское уездное Земство» атты мақаладасында «…Киргизское население совершенно отнеслось иначе. Они отложили всякая домашняя обстоятельства, даже организовали транспорты для перевозки лиц, имеющих право участвовать в выборах. И в проведении Земства оказались у них самые лучшее результаты. Прошли все образованные работники и даже на славу провели одну женщину» деп жазды.(«Дело».- №145 от 30 ноября 1917 года).Мұның өзі Әлихан Бөкейханов бастаған қазақ зиялыларының елдігіміз танылар сын кезеңде Семейде билік тізгінін басқаларға беріп қоймай, ұлттық мемлекет құру жолында осындай қыруар істер атқарғаның көрсетеді.

Биахмет Сәрсенов Семей уездiк Земствосы атынан К.Ляш­кевич, Ә.Мол­да­баев, И.Әлiмбеков, Т.Ибра­ги­мов, М.Про­се­ковпен бірге облыстық Зем­ствоның депутаттығына да сай­лан­ған. Дәл осы мезгiлде Семейдiң Алаш бөлiгiндегі қалалық Думаға депу­тат­тар сайлауы өткiзiледi. Алаш қала­лық Думасының мәжiлiсiнде төр­аға­лыққа – Б.Сәрсенов, орын­басарлы­ғына М.Малдыбаев, қала бас­шылығына П.Шев­ченко, оның орын­басарлығына А.Ерыкалов, хатшылығына К.Грязев, ал басқарма мүшелерi болып А.Бейсекеев, Н.Үйсiмбаев сайланады.

Семей өңiрiнде ұлттық бiлiм беру жүйесiн қалыптастыру iсiнде, сондай-ақ 1917 жылы желтоқсанда Орын­борда өткен Екiншi жалпықазақ съезiнде қа­был­­данған бағдарламаны жүзеге асыру кезiнде де Биахмет Сәрсенов Алаш зия­лыларымен бiрге елдік шаралардың бел ортасында жүрдi. Мәселен, осы съездiң қаулысына сай Ахмет Байтұрсынұлы басқарған арнайы оқу комиссиясына М.Жұмабаев, Е.Омаров, Б.Сәрсенов, Т.Шонанов мүше болып ендi. Ал енді 1920 жылдың тамызында Қазақ АКСР-і құрылғанда ол Халық ағарту комиссары Ахмет Байтұрсынұлының орынбасары қызметіне кіріседі.

Осы жылдары Семей Алашорда үкіметі құрамында қызмет етіп, облыстық Земство басқармасында халық ағарту бөлімінің қазақ бөлімшесін басқарған Биахмет Сәрсенов ұлттық мектептерді ашу және оларды қаржыландыру, қазақ балаларын оқуға орналастыру, қажетті оқулықтармен қамтамасыз ету тәрізді тағы басқа жұмыстармен айналысты. Әрі осы кезде Сәрсенов Семейде жаңадан ашылған мұғалімдер курсында, өзі оқыған мұғалімдер семинариясында әр түрлі пәннен сабақ берген.
Сонымен қатар Биахмет қаладағы мәдени ұйымдардың жұмысына атсалысады. «Қазақ», «Сарыарқа» газеттеріне мақала жазып түрады. Б.Сәрсеновтың «Автономия кеңесі», «Біріккен елде береке бар», «Азық-түлік», «Русияда осы күнде зор мәселе – азық-түлік» жарияланымдары сол шақта қазақ қоғамына үлгілі істерді нұсқады.

1920 жылы Биахмет Орынборда Қазақ автономиялық республикасы құрылған соң астанаға қызметке шақырылып, алғашқы кезде Соғыс комиссариатының саяси білім бөлімін басқарды. Сонан кейін Сәрсенов Халық ағарту комиссары А.Байтұрсынұлының шақыруымен білім саласына ауысып, комиссариат алқасының мүшесі, әлеуметтік тәрбие бөлімінің басшысы, мектеп істері бөлімінің меңгерушісі секілді сол уақыттың жауапты қызметтерін абыроймен атқарды. Осы уақытта Биахмет Орынбордағы мұғалімдер курсында, Қазақ халыққа білім беру институтында (КИНО) ұстаздық еткен. Мұрағат деректерінде Б.Сәрсеновке физика, математика пәндерінен мектеп оқулығын жазуға ұсыныс жасалғаны көрсетілген.

1921 жылдың 31 қаңтарында Орын­бор­да Ахмет Байтұрсынұлының төраға, Биахмет Сәрсеновтің хатшы ретінде, Әлихан Бөкейхан, Елдес Омарұлы, Хай­ритдин Болғанбайұлы, Смағұл Сәдуа­қасұлы, Файзолла Ғалімжанұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Сәдуақас Сейфоллаұлы, Сабыр Айтқожаұлы, т.б. қатысқан 1-ші және 2-ші буын мектептер үшін оқу құралдарын даярлауға байланысты арнайы мәжіліс өтеді. Мәжілістің қаулысы бойынша қазақ тілі мен әдебиеті пәнін жазу Ахмет Байтұрсынұлына, арифметика Мәннан Тұрғанбаевқа, геомет­рия Биахмет Сәрсеновке, жара­тылыс­тану Елдес Омаровқа, физика Файзолла Ғалімжанұлына, география Әлихан Бөкей­ханға, қазақ-қырғыз тарихы Мағ­жан Жұмабаевқа, жалпы тарих Хайретдин Болғанбайұлына, мектеп гигиенасы Жұмағали Тілеулинге, алгебра Елдес Омаровқа, педагогика Мағжан Жұма­баевқа, дидактика Жүсіпбек Аймауытұлына, хрестоматия Сәкен Сейфуллин мен Жүсіп­бек Аймауытұлына, көркемсөз теориясы Мағжан Жұмабаевқа жүктеледі. Аталған оқу кітаптары дер кезінде жазылып, басылып шығып, 1928-1929 жылдарға шейін қазақ мектептерінде оқу құралы ретінде пайдаланылып келді.

Азаматтық қарсыласу жылдары Алаш­­­орда үкiметi құрамында қызмет етiп, облыстық Земство басқармасында ха­лық ағарту бөлiмiнiң қазақ бөлiмшесiн басқарған, одан кейінгі уақытта Халық ағарту қомиссарының орынбасары қыз­метін атқарған Биахмет Сәрсенов ұлт­тық мектептердi ашу және оларды қар­жыландыру, қазақ балаларын оқуға орналастыру, қажеттi оқулықтармен қам­тамасыз ету сияқты қыруар маңыз­ды істермен айналысты. Сол жылдары ол мемлекеттік қызметпен айналыса жү­ріп, Семейдегi мұғалiмдер семина­рия­сында, Алаш қаласындағы қысқа мерзiмдi педагогикалық курстарда сабақ бердi. Сондай-ақ «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерiне үзбей мақала жазып тұр­ды. Мысалы, Биахмет Сәрсеновтің «Автономия кеңесi», «Бiрiккен елде – береке», «Азық-түлiк», «Россияда осы күнде зор мәселе азық-түлiк» атты т.б. мақалалары сол уақыттың өлшемімен алып қарағанда ұлт мүддесiмен үндес әрi дер кезiнде жазылуымен құнды болып есептелдi.

Алаштың ақиық ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров Әлихан, Халел, Әлiмхан сынды бiр топ Алашорда үкiметi басшыларын халыққа таныстыру өлеңiнде Биахмет Сәрсенов туралы:

Бiреуi Биахмет Сәрсенұлы,
Ыңғайлы, қырғиға ұқсар көрсең түрi.
Түрiнен де, сөзiнен, жүрiсiнен,
Екенiн бiле алмайсың қандай қыры.
Ақылы да оның көп, айласы да,
Көңiлiнiң жылдам сезгiш айнасы да.
Бар дейдi бұрынырақ ұмтылатын,
Түлкiдей жалт ететiн таймасы да.
Iсi де, таланты да қалыспайды,
Жұмсаса тегiс халық пайдасына.
Жастардың бiреуiнен кейiн емес,
Қазақ деп жүрегiнiң қайнасы да.
Халел мен Әлiмханды ай деп айтсақ,
Шолпандыққа жарайды ай қасында.
Әуелден қатарынан туысы артық,
Сондықтан күн-күн сайын
барады артып.
Iлiмнiң аймағында жоқты дағы,
Ерiксiз тумысымен алар тартып, – деген өлең шумақтарын арнаған екен. Амал не, осындай турашыл, өткір, ақылды, жiбектей мiнезiне қарап бүкiл қазақ Бияш деп еркелеткен Биахмет Сәрсенов өмiр­ден ерте кеттi. Ол 1921 жылы Орынборда небәрi 36 жасында науқастан қыршын кетті.

Семейдегi губерниялық «Қазақ тiлi» (қазiргi «Семей таңы») газетiне жария­ланған Алаш қайраткері Жүсiп­бек Аймауытұлының «Бияш» атты қазана­масында, шын мәнiнде Биахметтiң ұлт мүддесi жолындағы еңбегiне үлкен баға берілді. Бұл қазанаманы алғаш бел­гiлi ғалым-филолог Арап Еспенбетов төтешеден аударып, жұртшылыққа та­ныс еттi. Онда:

«Өткен июльдiң 17-ін­де Орынбор қаласында Қазақстан оқу комис­сариатының басқарма мүшесi Биахмет Шегедекұлы Сәрсенов оба ­ауруынан қаза болды.
Ол Семейде учительская семинарияны бiтiрiп, алғашқы кезде ел iшiнде, ауылдағы школада бала оқытып, соңынан әкiмшiлiк iсiне кiрiскен. 17-шi жылы революциядан кейiн қазақ азаматтары әлеумет жұмысына араласып кеттi. Бияш та солардың iшiнде областной қазақ комитетiне мүше болып, Павлодар уезiнде комитеттер сайлады. Алашорда, Земство болған замандарда Бияш көрнектi орында қызмет еттi. Семейге 1920-шы жылы совет үкiметi орнаған соң, Бияш Орынборға кеттi. Онда алғашқы уақытта соғыс ко­миссариаты­ның саяси бiлiм беретiн жұмысын басқа­рып жүрiп, артынан оқу комиссариатына шығып едi. Ол басқа қызметтермен қатар, Семейде ашылған мұғалiмдер курсында, қазақ семинариясында, Орынбор курстарында оқытушы болып жүрдi.
Әлеумет iсiне қатысқандықтан айыпталып Колчак тұсында, соңғы кеңес өкi­метi тұсында абақтыға да жатып шықты.
Бияш қазақша айтқанда сегiз қырлы, өнерлi жiгiт едi. Алған орысша бiлiмiне қарағанда, шын мағынасымен педагог (тәрбиешi) едi…
Төңкерiс заманға душар боп, әлеумет iсiне оқығаны аздықтан қазақтың ана жұмысы да, мына жұмысы да Бияшты керек қылды, сүйредi. Оның араласпа­ған қыз­метi болмады. Қандай жұмысқа кiрiссе де, тере­ңiнен бiлiп, тез бiтiретiн Бияш болатын.
Ол әкiмшiлiк iске өте жетiк, тағатты, құн­тақты болатын… Ол орны толмайтын дипломат (елшi) едi… Ол ақылды едi…, сөзге шешен болатын. Оның тағы бiр қасиетi: нашарға, мұқтаж шәкiртке, жолдас арасында жүрегi қайырымды, қолы ашық болатын… Ол досшыл, жолдасшыл, еркөңiлдi, жолдасы үшiн, елi үшiн қатерлi жерде жалғыз қалуға жарайтын, жанын қиюға шыдайтын ер едi.
Ешнәрседен тауы шағылып тез қайт­пайтын, қажымайтын, қунақы, пысық едi. Бияш – алмас қылыштай, қыран, қаршығадай жiгiт едi.
Бияштың қызметі, Бияштың адам­шылық мінезі, қалжыңы жолдастары ара­сында көпке шейін ұмытылмас, жоқ­тар. Оны іздемеске болмайды. Оқу комиссариатының қандай iсi болсын, бiр өзi басқарып бара жатыр едi. Әкiмшiлiк жұмыста арқасы босағандай болып, Ақаң (Ахмет Байтұрсынұлы) Бияшқа сенiп отырушы едi. Ендi…
Төңкерiс заманында талай жiгiт­тер шығын болды, тағы талайлар шы­ғын­далар. Бiрақ Бияш сықылды жiгiттен айыры­ла беру – аса шымбайға батарлық қай­ғы, өкiнiштi қаза. Марқұмның артта­ғы­­ларына сабы­рлық берсiн», деп жазылды.

Ал сол жылдары Ташкентте шы­ғып тұрған «Ақ­жол» газетi редакциясының басқармасы Биахмет­тің мезгілсіз қазасы туралы: «Қа­­зақ елiнiң көгiндегі үркердей азғана жұлдыздарының бiрi сөндi. Биахмет сол санаулы жұлдыздар­дың арасындағы ең жарық, нұрлы көрiнгендердiң бiреуi едi. Оның өлiмi қазақ жұрты үшiн орны толмайтын қаза, қаруы қайтпайтын шығын», деп көңiл айту бiлдiредi.

Өкiнiшке қарай, 1937-1938 жыл­дардағы саяси қуғын-сүргiннiң зоба­лаңы оның әкесi Шегедек байдың әулетiнен тарайтын ұл-қыздарды да сырт айналып өтпедi. Жалпы, Шеге­дектiң екi әйелiнен жетi ұл, жетi қыз тарайды. Осы жетi ұлдың iшiнде Биахмет, Жанахмет, Қалел және Дәлел, Салық орысша-қазақша оқыған, саяси сауатты азаматтар болды. Мәселен, солардың бірі Дәлел Сәрсенов те Алаш қозғалысына белсене қатысқан қайраткер болды. Айталық, «Список организаторов Алашского конного партизанского полка, участников организации против Советской власти в 1918 г. правительства Алаш-Орды» атты ресми құжатта Биахмет Сәрсеновке қоса «Д.Сәрсенов (брат Биахмета)» деп оның iнiсi Дәлелдiң де есiмi қатар аталады.

Дәлел Сәрсенов те алдыңғы жасы үлкен ағалары Биахмет пен Жанахмет секілді Семей мұғалімдер семинария­сын үздік бітіріп, Алашорда үкіметі тұсында оқу-ағарту мәселелерімен айналысты. 1920 жылдары Ташкент қаласындағы Орта Азия университетін тәмамдап, сонда Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Тынышбаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов және тағы басқалармен бірге сабақ берді. 1925 жылы Қазақ ағарту инс­титуты, одан соң мал шаруашылығын зерттеу институтының директоры қыз­меттерін атқарды. Ол туралы педаго­гика ғылымдарының докторы, профес­сор Бақтияр Сманов «Egemen Qazaqstan» газетіндегі «Ұрпаққа – аманат, бұр­ма­лау – қиянат» атты мақаласында: «Таш­кентте алдымен Өлкелік курс, одан пед­училище, соңынан Казинпрос болып ашылған бұл институтта 1922 жылдың 1 қарашасынан бастап Қызылорда қаза­­ғы Сегізбай Айзұнов, 1925 жылдың 23 ­мамырынан 1926 жылдың шілдесіне дейін еліміздің шығысындағы Зайсан жерінің перзенті Дәлел Сәрсенов ди­рек­тор болып басшылық етеді. 1926 жылдың 2 мау­сымында Қазақ Авто­номиялық Кеңестік Социалистік Рес­публикасы Халық Комис­сарлары Кеңе­сінің «Қазақ АКСР-інде жоғары оқу орнын ұйымдастырудың қажеттігі туралы» қаулысы қабылданады. Соның негізінде Ташкенттегі ағарту институты «Қазақ педагогикалық институты» мәртебесіне ие болады. Дәлел Сәрсеновтен кейін 1926 жылы 13 шіл­деден бастап жаңа мәртебеге ие болған оқу орнының директоры болып Темірбек Жүргенов таға­йындалады», дейді.

Осы жылы Ташкентте ашылған тұң­­ғыш қазақтың жоғары оқу орны негі­зінде 1928 жылы Алматыда Қазақ педа­гогикалық ­институты құрылды, 1935 жылы бұл жоғары оқу орнына Абай есімі беріліп, қазіргі уақытта Абай атын­дағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­верситеті деп аталады. Демек Дәлел Сәр­сенов Қазақстандағы тұңғыш жоғарғы педа­гогикалық оқу орны­ның алғашқы рек­торларының бірі болған.

Алаш қайраткері Дәлел Сәр­сенов мал шаруашылығы зерт­теу инс­титу­тының директоры қызме­тінде жүріп, 1932 жылы тура ағасы Биахмет секілді кенеттен науқасқа шалды­ғып, қайтыс болады.

Ал енді Биахметтiң кіндігінен та­рай­тын жалғыз ұлы Ғалиханға келсек, ол да кешегi кеңес өкiметi кезiнде «алашорда­шыл, халық жауының баласы» деген та­лай түртпектi, қысымды көрдi. Бияш аға­мыз 1918 жылы дүниеге келген жалғыз перзен­тiнiң есiмiн Алаш­тың ардақтысы Әле­кең­нiң, Әлихан Бөкей­ханның құр­метi­не Ғалихан (бірақ кейінде төлқұжатқа Қали­хан болып жазылып кеткен) деп қойыпты.

– Әкеден ерте айырылып, қиын­дық көрiп өскен Ғалихан Биахметұлы Екінші дүниежүзілік соғыс алдында Тамбовтағы ұшқыштар даярлайтын училищенi бiтiрiп шығады, – дейдi семейлiк ғалым-тарихшы Мұхтарбек Кәрiмов. – Алайда әкесi кешегi Алаш­орда үкiметi басшыларының бiрi болған соң, оған сенiмсiздiк блдiрiп, ұшуға рұқсат берiлмейдi. Сол себептi, ол кейiн Мәскеудегi шет тiлдер институтына оқуға түсiп, жаңа мамандық алады. Өзi ағылшын, француз және немiс тiлдерiнде еркiн сөйлейді. Соғыс кезiнде әскер қата­рына алынып, жаяу әскер құрамында талай қанды шайқастарды бастан өткередi.

1945 жылы соғыс бiткен соң Батыс Еуропадағы бiр мемлекетте тұтқын­дар­ды елдерiне қайтаратын халықаралық комиссиялардың бiрiнiң құрамында тiл­маштық қызмет атқарады. Сол кезде бұл кiсi Гол­ландия мемлекетiнiң аумағында көбi­рек болса керек. Кездейсоқ бiр жағ­дайда ол әлгi Нидерланд мемлекетінің бұ­рынғы королiнiң ортаншы қызы Иоке Мульдерспен танысады. Олардың осы таныстығы үлкен махаббатқа айналады. Ғалихан аға өзiнiң 1980-жылдары толтырған анкеталық өмiрбаянында (КГБ органдарының талап етуiмен жазылса керек) «Бiз үйленген едiк. 1947 жылы Херат деген ұлымыз дүниеге келдi» деп жазады.

Сондай-ақ Ғалихан Сәрсеновтің жеке отбасылық өміріне байланысты бұл оқиға Ақсуат елінің ардагер азаматы Төлеуғазы Нұрға­лиевтің «Ақсуат – атамекенім» атты кіта­бында жан-жақты жазылып көрсетілген.

Әрине, ол уақытта бұл үлкен жүрек­жұтқан батырлық болды. Мысалы, Ғали­хан ағамыз кеңес өкiметiне қарсы байдың тұқымы, Алашорда қайраткерiнiң баласы болса әрi ол өзi Голландия королiнiң қызы Иокеге үйленiп, «социалистiк салт-санаға» жат қылық iстесе, шынында да, бұл кеңес өкіметі үшін кешірілмейтін ауыр қылмыс еді. 1948 жылы Ғалихан Биахметұлы елге әйелi мен баласын алып келе жатқан кезде, оларды Польшамен арадағы шекарада ұзақ тексерiп ұстайды. Ақыры жас нәрестелi Иоке шетел азаматы болғандықтан шекарадан өте алмай жылап керi қайтады. Ал ағамыз болса, шекараның бергi бетінде іші қан жылап, өзегi өртеніп қала бередi.

Туған отбасымен арадағы осы үзi­лiске тура он жылдай уақыт өтеді. Ендi қайта табысудан әбден күдерiн үзген Ғалихан Биахметұлы Шымкентте Анна Дубова деген орыс қызымен танысып, үйленедi. Одан екi ұл өмiрге келедi.

1950 жылдары Ғалихан ағамыз­дың атына Мәскеудегi бiр шетелдiк елшiлiктен арнайы шақырту қағазы келеді. Сөйтсе, оны шақыртушылар – Мәскеуге халық­аралық делегация құрамында келген Нидерландта қалған отбасы мүшелері Иоке мен Херат екен. Бірақ та өкіметтен ресми рұқсат болмаған соң олардың жүзiн көре алмайды. Ғалым-тарихшы Мұхтарбек Кәрі­мовтен естуімізше, осыдан соң көп ұзамай Ғалихан ағамызға Нидерланд королдiгiнен бiр жапырақ хат жазылып келген екен…

Алаш қайраткері Биахмет Сәрсеновтің туған iнiсi Салық ақсақалдың баласы Бағлан Салықұлы Шегедековтің айтуын­ша, шетелдегi Иокесi мен Хератын бiр көрудi арман еткен Қалихан ағамыз 2000 жылдары қайтыс болды.

Осылайша, Биахмет Сәрсеновтің тек қана жалғыз фотосуретi Салық ақсақал мен оның зайыбы Бижамал әжейдiң ұзақ жылдар бойы жасырып сақтауымен бүгiнге аман-есен жетсе, ал оның жалғыз ұлы Ғали­ханның артында сталиндік қуғын-сүргіннің белгiсiндей болып шетелдік отбасының сарғайған бiр жапырақ хаты ғана қалған…

Ғалым-ұйымдастырушы ретінде ол Қазақ ғылым комиссиясының, Академиялық орталықтың негізін қалауға атсалысты. Сол кездегі мерзімді басылымдардан қайраткер Биахмет Сәрсеновтың отандық мектеп жүйесін калыптастыруға аянбай күш-жігер жұмсағанын, өлкеде алғашқы әскери және кәсіптік оқу орындарын ашуға бастамашы болғаны туралы деректер бар. Биахмет қазақша айтқанда сегіз қырлы, бір сырлы, өнерлі жігіт болған. Алған орысша біліміне қарағанда ол шын мағынасымен педагог-тәрбиеші еді.
Өкінішке орай, жібектей мінезіне қарап бүкіл қазақ Бияш деп еркелеткен Биахмет Сәрсенов өмірден ерте кетті. Ол 1921 жылдың 22 тамызында Орынборда Ахмет Байтұрсыновпен бірге Оқу комиссариатында қызмет етіп жүргенде кенеттен небәрі 36 жасында оба ауруынан қайтыс болды. Бұл туралы өлкетанушы Қарпық Егiзбаевтың «Тағылым» атты кiтабында кеңірек жазылған.

You may also like

Leave a Comment